Ежелгі Қараөткел, қазіргі Нұр-Сұлтан қаласы қазақ жерінен өз бастауын алатын үлкен өзендердің бірі Есілдің жоғарғы ағысында орналасқан. Есіл қазақ жерінен басталып Ертіс арқылы Солтүстік мұзды мұхитқа дейін жетеді. Сарыарқаны бір көрген адам оның қасиеті ұзындығы екі мың шақырымнан астам Есілде екенін біледі. Ерте кезде Есілдің суы арнасынан асып-тасып жатқанын, жағасы тоғай, көк шалғын болғанын қазақтың ауыз әдебиетінен білеміз. Кенесары ханның жанында болған Досқожа жырау көтерілісшілер Сарыарқадан Жетісуға қарай ауғанда:
– Бұл қоныстан кеткен соң,
Көреміз бе, дүние-ай,
Мына жатқан Есілдің,
Көк орай тартқан өзенін?! – деп жылап қоштасатын өзені осы Есіл. Өзен атауының түпкі мағынасы көне түркілік кезеңнен шығады, сонымен бірге Есілдің қосалқы және байырғы атауы Ешім (Ишим) әлі де қолданылатынын ескерген жөн. Есілдің ұзын-ырғасындағы әрбір жары мен саласы, тоғайы мен шілігі, ежелден қазақтың қоныс салған қыстаулары мен өткелдері халықтың жадында жақсы сақталған. Мысалды алыстан іздемей-ақ қазір Петропавл атанып жүрген Қазақстанның солтүстік аймағындағы қаланың орналасқан жері ертеде қазақ заманында Қызылжар болғанын айтсақ та жетеді. Қызылжар – Есілдің орта ағысындағы ерекше тарихи топонимдердің бірі. Жалпы, қазақ жерге ат бергенде ең алдымен оның табиғи ортасын ашып көрсетуге қабілеттілігін ескереді. Себебі қазақ жеріндегі топонимдердің бәрі де мәңгілік қозғалыстағы ел үшін географиялық карта мен компас қызметін атқарады. Қараөткел атауының әлі күнге дейін елдің аузында болуы да осындай себептерге байланысты. Қараөткел атауы бізге дейінгі орыс тілді жазушылар жазып жүрген қорқынышты, қауіпті өткел емес, қазақтың жыл құсындай оңтүстік пен солтүстік арасында әрлі-берлі көшкен заманында қалыптасқан үлкен өткел дегенді білдіреді. Қазақ тілі «қара» сөзіне теріс анықтама бермейді, қайта ол мол, жойқын, нығыз дегенге көбірек келеді (қара шаңырақ, қара қазан, қара орман, т.б.).
Ю.Шмидт өзінің «Очерки киргизской степи к югу от Арало-Иртышского водораздела в Акмолинской области» кітабында Қараөткел туралы «Карауткульский брод. Шириною 35 сажен (1 сажын-2,1336 м-Ж.А.), глубиною по спаде воды 1 аршин (1 аршын-71,12 см), дно твердое» деп сипаттама жасайды (Шмидт, 1894, 128-б). Кейбір жазушылар «Қараөткел» атауы Қанжығалы қарт Бөгенбайдың сүйегін Әзіреті Сұлтанға алып бара жатқан қаралы көш осы жерден өткен себепті пайда болды дейді. Бұл дұрыс емес, Бөгенбай түгілі оның арғы бабалары Ақша мен Әлдеуін батырлардың заманында бұл жер Қараөткел атымен танымал. Оған бір себеп Қараөткел маңындағы ерте түрік көшпелі және отырықшы елдерінің толып жатқан қорған обалары мен қалалық қоныстары. Сонымен қатар Қараөткел – ертеде қазақ қазақ болмай тұрған заманында Ұлы даланың ірі сауда орталықтарының бірі болған жер. Әрине, бұл жерде егер салмақты зерттеу жұмыстары жүргізілсе, керуенсарайлар мен егінші, қолөнерші, саудагер қауымдардың отырықшы қоныстары табылатыны сөзсіз. Біз тым әріге бармай-ақ ХІХ ғасырдың басындағы жазба деректерді қарастырып көрейік.
Подполковник Шубиннің Омбы облысының бастығы генерал-лейтенант де Сент-Лоранға Ақмола сыртқы округін ашу туралы 1830 жылғы рапортынан: «Место сие состоит над самой рекою Ишима, и оно безопасно от наводнения во время весны, где весьма можно свободно расположить построение казенных зданий и подле онаго пролегает караванная дорога, по которой из всех мест как то – Бухарии, Ташкении, Кокании, с Семи рек и прочих азиатских владений проходят торговцы с караванами на Петропавловск и из оного в те владения. Караваны сии имеют стечение всегда при урочище Карауткуль, которое отстоит от предпологаемого места только в 4 верстах. Они находятся тут по одному месяцу, а иногда и с половиною, разменивают один другому свои товары и напоследок так случается, что некоторые сбыв избыток свой или товар возвращаются в свои отечества» (ЦГА РК.: ф.338, оп.1, д.693, л.28-30).
Шығыс пен Батыстан келген сауда керуендері өзеннен өткен соң әр жерге қостарын тігіп, саудасын жүргізе бастайды. Осылайша, Үлкен Базар, қазіргі Кенесары көшесі пайда болды. Қазір біз Сине Темпоре атап жүрген үлкен дүкеннің ірге тасында Керуен сарай, ХІХ ғасырдың барлаушы Ресей офицерлері Гостинный двор деп атаған құрылыс қалғанын ұмыттық.
Қазақтың ауыз әдебиетінде Қараөткел аты жиі кездеседі, ал әндері мен күйлеріне келсек, қазақ түгілі өзін шалақазақпын дейтін Ғазиз ақынның: «Атандым Ғазиз ақын бала жастан, Ақын жоқ Қараөткелде менен асқан» дейтінін еске түсірсек болар. Сонымен қатар Қараөткел – саналы өмірі қазаққа жақтас болған Г.Потанин сияқты әулие ғалымдардың дуалы аузына іліккен қала. Ә.Бөкейхан Г.Потанин мерейтойына арналған жазбасында ғалым туралы жаза келіп: «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұлын, қызын оқытсақ, «Қозы Көрпеш – Баянды» шығарған, Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау» дейтін Григории Николаевич», – деп әулиеге нағыз азаматтық бағасын береді.
Қазақтың бағына Г.Потаниннің әулиелігі қабыл болып, Қараөткел қазақтың Ақ Ордасына айналды. Қазақ баласы бірнеше ұрпақ бойы армандаған қазақтың тәуелсіз астанасы. Қала сәулетінен дүниенің төрт торабының үлгілерін көреміз, осы төрт тораптың басын қосып тұратын қаланың өзіндік тарихы, қазақ аталатын бәйтеректің өзегіне жалғасатын тамыры болуы керек деп ойлайсың.
Әз Тәуке ордасын тіккен жер
Елорданың маңындағы тағы бір тарихи мұра – Әз Тәуке ханның Күйгенжардағы ордасы. Жалпы, хан ордасы Күйгенжар маңында болды деген әңгіме ел арасында ертеден бар. Бірақ ел аузында жүрген мәлімет газет бетінде алғаш рет 1994 жылы жарияланды. Авторы Р.Нуртазина «Близ озера Есил, в частности, где он умер в народе называют Куйгенжар, которое находится в 5 километрах от центра совхоза п.Мичурино, это ныне Акмолинская область» дейді. Бұл мәлімет Ақмола өңіріне белгілі өлкентанушы Клара Әмірқызының назарына ілігіп, ол кісі 1997 жылы Ақмолада шыққан «Қиылған ғұмырлар» кітабында «Жаугершілік күшейіп кеткен заманда Тәуке ханның Күйгенжарда жерленуі күмән туғызбайтын тәрізді» деген пікір білдірді.
Есіл бойында Әз Тәуке ханның ордасының орнын анықтауды мақсат етіп, біз Күйгенжар маңында этноархеологиялық іздестіру жұмыстарын жүргіздік. Есілдің осы Күйгенжар тұсында қазақтың бірнеше мыңжылдық тарихына қатысты толып жатқан ескерткіштер кездеседі. Оның ішінде тас дәуірінің қоныстары мен қару-жарақтары, ерте көшпелілердің жан-жағын орлаған үлкен обалары, қазақтың ірілі-ұсақты қыстаулары мен қорымдары. Әсіресе, қазақтың қазіргі күнге дейін жалғасып келе жатқан қорымдары ашық аспан астындағы бірнеше мыңжылдықтың мұражайы сияқты. Қазақ даласының қай жерінде болса да өзіне дейінгі мәдениеттің ескерткіштерін жатсынбай өзінің қорымы есебінде сақтаған елден айналсаң болмай ма? Ақыр түбінде, Әз Тәуке ханның ордасы Күйгенжардың қорымының ішінен шықты.
Деректерге қарағанда, Әз Тәуке ханның билік құрған уақыты 1680-1715 жылдар. Қазақ халқына Әз Тәуке атымен мәшһүр болған билеушінің туған жылы шамамен 1620 жылдар болса керек. Енді Салқам Жәңгір қайтыс болған 1652 жыл мен Әз Тәуке хан есебінде таныла бастаған 1680 жылдар арасында кім билік етті деген мәселе ашық қалады. Мырза Мұхаммед Әминнiң жазуы бойынша, ХVІІ ғасырдың соңғы ширегінде Тәуке хан Ташкент қаласы мен маңайындағы қалашықтарға иелік жасады және осы қалада 1687 жылы Бұхар ханы Нәдiр Мұхамедтің ұлы Сұбхан Құл ханның елшiлiгiн қабылдаған. Ол елшiлiктi Қошыке би аталық басқарған, оның мақсаты қазақ ханы Тәукемен кездесiп, шекара мәселесін талқылау болды.
Кейбір деректерге қарағанда, сол жылдары Тәукенiң басшылығындағы қазақтар Ташкенттiң батыс алқабында, Зерафшан бойында мекендеген қытай-қыпшақ аталатын жауынгер тайпамен соғыс жағдайында. Деректерде Тәукенiң қытай-қыпшақтарға қарсы екi соғысы туралы айтылады. «Тәуке хан 1694 жылы 20 мың адаммен қытай-қыпшақтардың екi қаласын басып алып, 3 мың адамын қырып салып, бiрталайын тұтқанға алды. Кейiннен ол тұтқындарды қайтарды, ал келесi жылы ол 15 мың адаммен шабуыл жасап, құр, олжасыз оралды» делінеді деректерде. Бұл соғыстар Сырдария бойындағы көне дәуірлерден бері қазақ саудасының көзі болған қалалар үшін Бұхар хандығына қарсы жүргізілгені сөзсіз.
Әрине, қазақ хандарының Түркістан өңірінен алысқа ұзамай қалатын кездері де болса керек. Ол не жаугершілікке, не жұтқа, не қысылтаяң елшілік істеріне байланысты бола ма дейміз. Ондай жағдайда хан ордасы Түркістаннан теріскеге қарай бет алып, Қаратауды жағалай көшіп жүреді. Егер жаз уақытында сырттан келген елшіліктерді, не ірі сауда керуендерін қарсы алу керек болса Кәрізге ақ шаңқан үй тігіп, Бақ жаһанда қарсы алады. Бұл – сонау ерте заманда басталып, ХІХ ғасырдың басына дейін жалғасын тапқан дәстүр.
Әз Тәуке ханның жазғы ордасы Есілдің Күйгенжар ауылынан аса беріп оңға қарай шұғыл бұрылатын жерінде, өзеннің оң жағалауына орналасқан. Қазіргі оқырманға түсінікті болуы үшін орда Күйгенжар ауылы мен Астана-Қарағанды тас жолының арасында десек те болады. Әз Тәукенің жазғы ордасын жағалай орын тепкен қорым соңғы кезде жақсылап, биік қоршалды, енді ескерткішке бәлендей қауіп төнеді деп қорықпасақ та болады.
Әз Тәуке ханның жазғы ордасын жағалай төрт бұрышты биік қорған соғылған. Қорғанның оңтүстік жағы 60 метрдей, солтүстік жағы 40 метр, яғни қорған тік төртбұрыш емес, бір жағының ені аздау. Қорғанның ұзындығы – 100 метр. Бекініс қорғанның сыртынан да, ішінен де терең ор қазылған және ол ор Есілмен арық арқылы жалғасады. Ендеше, Есілден не шығыр арқылы, не атпамен жоғарыға қарай су жіберіліп тұрды деп есептеуге болады. Себебі бекініс-қорған орналасқан жердің деңгейі өзеннен жоғарырақ. Өзен мен бекіністің оңтүстік-батыс мұртының арасы – 50 метрдей.
Әз Тәуке ханның жазғы ордасына кіретін қақпа екеу болған сияқты, оның бірі шығыс жақтан, яғни негізгі дарбаза және екіншісі батыс жақтан қосалқы қақпаның орны көрінеді. Қорғанның ішінде ескілікті саман мен шымнан салынған құрылыстардың орны аңғарылады, бірақ олардың не зират, не қоныс-жай екенін арнайы қазба жұмыстарын жүргізбей тұрып анықтау қиын. Біз Әз Тәуке бекініс-қорғанның ішінде он екі қанат киіз үй тігіп отырды деген жормал ұсынамыз. Бүгінде қорғанның бүкіл периметрі бойынша ХХ ғасырдың басынан бастап салынған зираттар қоршап тұр. Бірнеше құрылыс, соның ішінде христиан бейіттері, қорғанның ішіне де еніп кеткен.
Әз Тәуке ханның жазғы ордасы қауіпсіздік мәселесін жақсы ескеріп салынғаны анық көрінеді. Біріншіден, бекініс-қорғанның іргесі биік көтерілген, бұрыштары қарауыл мұнара сияқты жасалған. Екіншіден, бекініс-қорғанның ішіне де, сыртынан да терең ор қазылған және құрылысшылар оған су жіберуді қамтамасыз еткен. Үшіншіден, жазғы орданы батысынан және оңтүстігінен Есілдің өзені қорғап тұр десек те болады. Жазғы орданың негізгі қақпасы Есілден өтетін қазақтың байырғы өткеліне бағытталған, яғни өзге елмен байланыс осы өткел арқылы жасалғаны сөзсіз. Бұл өткелді жергілікті ел Күйгенжардың өткелі деп атайды. Жазғы орданың шығыс және солтүстік жақтарынан алыстан орағытқан ор кездесе ме, оны анықтау қазіргі уақытта қиын. Бекініс-қорғанның екі жағынан да тас жол өтеді және соған байланысты жер бедері қатты өзгерген.
Күйгенжарда Әз Тәуке хан ордасының болуына қандай дәлелдер бар?
Біріншіден, жазғы жайлауда көшпелі жауынгер елмен бірге болу – Еуразия кеңістігін билеген басшылардың ерте замандардан бергі дәстүрі. Қазақта «хан жайлауы» деген ұғым бекер өмір сүрмесе керек.
Екіншіден, Күйгенжар, Сарыоба, Ақмола арасын Әз Тәукенің ұлы, 1729-1737 жылдар қазақтың үлкен ханы болған Сәмеке ханның тұқымдары мекендеді. Ақмола дуаны 1832 жылы ашылғанда алғашқы аға сұлтан болған да Сәмеке немересі Қоңырқұлжа сұлтан.
Үшіншіден, Күйгенжар – Әз Тәукеге аталық болған Барқы батырдың қонысы. Шежіре деректерінде Күйгенжар өткелін «Алтай-Қарпық» өткелі деп те атайды. Аталық Барқы батыр Алтай руының Сайдалы тармағынан шыққан белгілі ел басыларының бірі, оның тұқым-жұрағаттары әлі де Күйгенжар маңында қоныстанған.
Өкініштісі, біз Тәуке хан заманына қатысты деректермен жақында ғана танысып, ғылыми тәпсірге жаңа кірістік. Бір анығы, ханның Есіл бойындағы Күйгенжар сияқты шүйгін жерде алтай руының шыққан аталықтармен бірге жаз жайлайтыны. Қазақтың үлкен тағына Қайып Әз Тәуке қайтыс болған соң 1715 жылдан 1718 жылға дейiн иелік жасады. Үлкен орданың ханы ретiнде мемлекет басқарып, халықаралық қатынастарға белсене қатысты. Қайып ханның Уфаға, Қазанға, Тобылға жiберген елшiлiктерi оның Тәуке ханнан кейiнгi өкiлеттiгiн мақұлдатуға бағытталған. Қайып бiрнеше рет батысқа қарай екпінді жылжи бастаған Жоңғарияға қарсылық жасауға тырысты, бiрақ барлық қимылы кері нәтижемен аяқталды. Қайып ханның ең ауыр жеңілісі – Аягөз өңiрiндегi 1717 жылғы оқиға. Қайыптың беделін түсірген, елдің берекесін кетірген екінші соққы Арыс, Бөген, Шаян өзендерiндегi 1718 жылдардағы ұрыстарда берілді. Қазан губернаторы Салтыковқа жазған хатында Қайып хан: «Қалмақтар екi рет ұлысымызды талқандады», – деп жазады. Осы ұтылыстардан соң ол ру басшыларының арасында өз беделiнен айырылды, ел бытырап жан-жаққа қарай көше бастады. Қазақтың жауынгер тайпаларының бір бөлігі бұрынғы жаз жайлауы Сарыарқа жеріне келіп қыстай бастағаны осы уақыт.
Жаугершілік заман «Ақтабан шұбырынды-Алқакөл сұламамен» жалғасты. Қазақтың үш жүзінің бір тудың астында атой салған, жаугершілік арасында бейбіт күн кешкен, Түркістанды қыстап, Есілді жайлаған Әз Тәуке заманы ертегі-аңызға айнала бастады, ол заманның ескерткіштері де көңілден өшіп, көзден таса болды.
Жамбыл АРТЫҚБАЕВ,
тарих ғылымдарының докторы,
профессор