Демонополизация – ықпал ету аясын бөлісу ме?
Демонополизация – ықпал ету аясын бөлісу ме?
464
оқылды
Елімізде демонополизация қарқын ала түсті. Бұған дейін тұтас бір топтың қолына өтіп кеткен салалар ыдырап, баға құрау жүйесіне тұмсығын тыққан делдалдардың қатары сиреп жатыр. Мәселен, «Алматы қала жарық» мемлекетке қайтарылса, «Қазақтелеком» тексеруге іліккен, ал мұнай өңдеу зауыттары делдалсыз жұмыс істейтін болды. Энергетика саласы да осындай күйді бастан кешуде. Әйтсе де, кейбір сарапшылар демонополизацияның соңы ықпал ету аясын бөлісудегі бақталастыққа айналып кете ме деп қауіптенеді. Комиссияға жұмыс көп Бүгінде негізінен мұнай және мұнай өнімдері, табиғи газ, электр энергиясы, теміржол көлігі, аза­маттық авиация қызметі, қоғамдық көлік, телекоммуникация, қаржы нарығындағы заңсыз жекешелен­дірілген компаниялар мемлекет мен­шігіне қайтарылып жатыр. Осы мақсатта биыл наурыз айында елі­мізде Экономиканы демоно­по­ли­за­циялау жөнінде комиссия құ­рыл­ған болатын. Оған корруп­цияға қар­сы күрес, қаржылық мо­нито­ринг, бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттіктерінің бас­шылары, Үкімет мүшелері, Бас про­кура­ту­раның және «Самұрық-Қазына» АҚ өкілдері енді. Олар мо­нопо­лиялы нарыққа кешенді тал­дау жүр­гізді. Осы уақытқа дейін жүргі­зілген жұмыстар нәтижесінде оң­түстік астананың көше жарық­та­рын орталықтандырылған және авто­маттандырылған басқару жү­йесіне ие «Алматы қала жарық» кәсіпорыны әкімдікке қайтарылса, одан өзге халықтың тыныс-тірші­лігін қамтамасыз ететін 205 ны­санға әзірге тиіспей тұра тұру ту­ралы шешім қабылданды. Елі­міз­дегі ең ірі интернет операторы, ЖЖМ, газ саласы және аймақтық электр желісі компаниялары бәсе­келес нарыққа шығарылмақ. Мә­селен, бірқатар кәсіпорын мен ме­кеменің акциялары мен қатысу үлестері республикалық меншікке қабылданды. Мәселен, «Центр транс­­портного сервиса» компа­ния­сының меншігінде жалпы ұзын­дығы 250 шақырымды құ­райтын 400 теміржол кіреберіс тармақтары болған. Осы сияқты тағы да 25 компанияның жалпы ұзындығы 178 шақырым болатын 138 кірмежолы мемлекетке өтпек. Бұл жұмыстар теміржол инфрақұрылымы сала­сын­дағы делдалдарды жойып, атал­ған қызметке бизнестің шығынын азайтатын болады. Одан бөлек, комиссияның қырына Eurotransit Nur Zholy ЖШС, «Қазфосфат» ЖШС, «Қазақмыс» корпорациясы, «Каскор-Транссервис» АҚ, «ҚТЖ» ҰК» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «Қаз­ТрансГаз-Аймақ» АҚ, «Транс­те­ле­ком» АҚ және азық-түлік тауарла­рын сату мақсатында сауда алаң­дарын жалға беретін қызметтер көрсететін базарлар ілікті. Бұл ретте соңғы жаңалықтарға келер болсақ, 1 шілдеден бастап Кә­сіпкерлік кодексінде арнайы құ­қық институтының түсініктері мен принциптерін реттейтін нор­малар күшіне енді. Бұл нормалар мемлекеттік монополия механизмін толықтырып және жетілдіре түсуді көздейді. Бүгінде оның субъектісі ретінде 18 оператор алынып отыр. Олардың қызметі баға белгілеу бо­йынша реттелетін болады. Сондай-ақ өзге заңды тұлғаларға қатысуына, өзге қызметтермен айналысуына тыйым салынбақ. Басты тауар на­рықтарын демонополизациялауға және бизнес үшін қолайлы бәсеке­лес ортаны қалыптастыруға бағыт­талған «2022-2026 жылдарға арнал­ған Бәсекелестікті дамыту концеп­циясының» жобасы әзірленуде. Бір сөзбен айтқанда, атқарылған жұ­мыс аз емес, алда атқарылар шаруа одан да көп. Үлкен нарықтағы кішігірім бетбұрыс Бұл тұста ең бір бетбұрысты бастама мұнай өңдеу зауыттарының делдалсыз жұмыс істейтіні болып отыр. Олар енді мұнайды тікелей кен пайдаланушылардан сатып алуы мүмкін. Бұл туралы Үкімет бас­шысы Әлихан Смайылов төр­ағалық еткен Экономиканы де­мо­но­полизациялау жөніндегі комис­сия­ның кезекті отырысында айтыл­ды. Атап айтқанда, мұнай нары­ғын­дағы қатысушылар санын арттыру, сон­дай-ақ жалпы мұнай және мұ­най өнімдері нарығындағы жағ­дайды жақсарту үшін МӨЗ мұнайды жер қойнауын пайдаланушылардан тікелей сатып алу, мұнайдың бир­жалық сауда-саттығын енгізу, мұ­най өнімдерін сату көлемін ұлғайту және тағы да басқа ұсыныстар бе­рілді. Бұл өзгеріс сарапшылар қа­уымын дүр сілкіндіріп отыр. Олар оны үлкен нарықтағы кішігірім бетбұрыс ретінде қабылдады. Егер осы ұсыныс жүзеге асар болса, онда ортадағы керексіз делдал фирмалар жойылмақ. Бұл өз кезегінде мұнай өнімдерінің түпкі бағасына әсер етуі мүмкін. Кейбір ашық дерек­көз­дердегі мәліметтер бойынша, кә­сіби тілде «давальцы» деп ата­ла­тын мұнай жеткізушілері айтар­лықтай шығын шығармастан осы уақытқа дейін айына 130 млн АҚШ доллары жобасында табыс тауып келген екен. Ал бұл дегеніміз – олардың кірісі жылына миллиард доллардан асып жығылады деген сөз. Осындай майлы жіліктің басын ұстау екінің бірінің бағына бұйыра бермейтін көрінеді. Оған тек ық­палды топтардың ғана қолы жетпек. Сондықтан да мұндағы делдал­дар­дың саны бірен-саран ғана. Ма­ман­дар демонополизацияның салдары ықпал ету аясын бөлісу емес, оның салдарын жоюға бағытталуы керек екенін айтады. Сондықтан бұл жа­ңашылдық ұсыныс күйінде қалып қоймай, жүзеге асуы тиіс. энергия Тұтастығын ыдырату көзделіп отырған тағы бір сала – азаматтық авиация. Комиссияның осы айдың басында өткен кезекті отырысында аталған мәселе сөз болды. Үкімет басшысы авиаотынмен биржалық сауда-саттық үлесін 10-нан 20%-ға дейін арттыру, әуежайларда Ашық аспан режимін қолдану мерзімін 3-тен 5 жылға дейін ұлғайту, ел ішін­дегі банктер арасында клиент­тердің ағымдағы шоттарын аудару жүйесін және ашық банктік бағдар­ламалық интерфейстер стандарт­тарын (Open Banking и Open API) енгізу жөніндегі ұсыныстарды қолдады. Бәсекелес орта ма, бақталас орта ма? Мамандардың демонополи­за­ция ықпал ету аясын бөлісуге ай­налып кетпеуі керек деген қаупінің жаны бар. Өйткені бүгінде жүргі­зіліп жатқан көптеген ақпараттық науқандардың сыңайы белгілі бір мүдделес топтардың еліміздегі саяси-экономикалық өзгерістерді пайдаланып, қоғамдық пікір туды­рып, өздерінің ықпал аясын сақтап қалу. Мұндай ойды саясаттанушы Данияр Әшімбаев айтып отыр. «Ұлттық-популистік және либе­ралдық топтар мен БАҚ-тың интер­нетте қоздатып отырған, түпкі ауаны басқарушы элитаның ықпал ету аясын бөлісуді көздейтін бө­лігімен және популист саясат­кер­лермен тізе қосуға ұмтылатын ұсақ олигархаттың «буржуазиялық ре­волюциясына» бағытталған ақпа­раттық науқан күннен-күнге ай­қындалып келе жатыр» деп ес­кер­теді ол. Мұндағы бір мақсат – демонополизация тетігін пайдала­нып қалуда жатыр екен. Сондықтан да мемлекет өз меншігіне алып, содан соң ғана реттеушілік функ­циясымен монополиялық саланы бөліп бермесе, монополист компа­нияларды сол күйінде бәсекелес ортаға беру бақталастық тудыруы мүмкін. Бірақ бұл өз кезегінде мемлекеттің экономикадағы үлесін арттыра түсуі мүмкін. Әйтсе де, бұл демонополизацияны кідіртудің себебі болмауы тиіс.
«Біз демонополизация қандай жолмен жүзеге асар болса да қол­дауымыз керек. Өйткені белгілі бір монополист топтардың қолына өтіп кеткен экономика секторла­рының кесірінен баға қымбатшы­лығы болып отыр. Әйтсе де, бөлуге келмейтін табиғи монополия субъектілері де бар. Сондықтан да менің ұсынысым, мемлекет ком­панияларды қадағалау жұмысына азаматтық қоғамды да араластыруы керек. Белгілі бір тетіктерін ойлап тауып, қатардағы өзіміз сияқты азаматтардың ірі кәсіпорындар мен мекемелердің, ең азы үйдің жанын­дағы дүкендер мен шаштараздардың жұмысын тексеруге мүмкіндік беруі қажет. Сонда ғана мемлекеттік ша­ралар қоғам тарапынан сабақтастық табатын болады», – дейді эконо­мист Бауыржан Ысқақов.
Бұл тұста сөз болып отырған тағы бір мәселе – демонополи­за­циядан акционерлік қоғамдардың миноритарлық инвесторлардың құқының бұзылмағаны. Қазақстан миноритарлық акционерлерінің ассоциациясы (QAMS) айтып отыр.
«Қазақтелекомның» жылдар бойынша дивидендтер кестесінде 2021 жылғы дивиденд көлемі жоба бойынша 1 акцияға 3 590.39 теңге көлемінде көрсетіліп отыр. Бірақ Директорлар кеңесі ұсынған бұл сома 30 мамыр күні өткен акцио­нерлер жиынында мажоритарлық акционер «Самұрық-Қазына» қар­­сы болғандықтан, қабылданбай қал­ды. Басты себептердің бірі – де­моно­полизациялық шаралар. Сон­дықтан да біз соңғы шешім қа­был­данған жағдайда біздің құқымыздың бұзыл­мағанын талап етеміз», – деп жазды өзінің әлеу­меттік желілердегі па­рақшасында QAMS тобының әкім­шісі Данияр Темірбаев.
Оның жазуынша, «ҚазТранс­Ойл» бойынша да осыны айтуға болады. Қаңтар айынан бері КТО-ның акциялары KASE биржасында 40%-дан көп құлдырап кеткен. Энергетикада пісіп-жетілген шешім керек Электр энергетикасы саласына келсек, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі демонополизация бойынша 11 пункт ұсынып отыр. Мұндағы ұсыныстар энергетикалық қоғам сарапшыларын алаңдатып отыр. Олар бәсекелестікті дамыту қажет дегенмен де, бұл салада ең бірінші кезекте тұтынушыға элек­тер жеткізудің үзілмеуіне кепілдік керек екенін айтады. Сондықтан да келтіріліп отырған 11 пункттегі уәждер шет мемлекеттерде сәтті жүзеге асқан тәжірибелердің жиын­тығынан алынып, қаншалықты сенімді болғанымен, елімізде сәтті жүзеге асып кетеді деп айта қоюға болмайды.
«БҚДА ұсынып отырған нұс­қа­ларды әлі де болса талқылап, жетіл­діру қажет. Егер уақыт тығыз болса, тараптардың аса қатты келіспеу­шілігін тудырмайтын тұстарын жү­зеге асыра отырып, кейбір тұста­рын 2022-2023 жылдардағы қысқы жылыту маусымынан кейінге қал­дыру қажет. Олар – Энергетикалық менеджмент жүйесі (СЭМ) мен Электрмен жабдықтау ұйымдарын (ЭСО) біріктіру мәселесі, тариф­терді дифференциациялау жайы және Бірыңғай сатып алушыны нақты шешіп алу қажеттілігі. Осы тұрғыда әзірге тек екі-үш өңірде сынақ түрінде өтіп жатқандықтан, бұл мәселелерді кейінге қалдырған жөн», – дейді ҚР Еңбек сіңірген энергетигі Жақып Хайрушев.
Одан бөлек, ол әуелі бұл сала­ның ішкі мәселелерін толықтай шешіп алу қажеттігін айтады. Мо­нополиялық кейіпте әрең сіресіп тұрған бұл құрылымдық пробле­малар сәл өзгеріс енгізілсе, опыры­ла құлауы мүмкін. Мәселен, 2035 жыл­ға дейінгі энергобаланс бойын­ша газбен генерациялауды іске қо­сып, 17 ГВт жаңа генерацияға қол жеткізу қажет. Мемлекеттік энергоқадағалаудың бақылау-қада­ғалау функциясын күшейте түсуі қажет. Өйткені қадағалау қазіргідей алдын ала кесте бойынша мезгіл-мезгіл емес, ұдайы үздіксіз жүргі­зі­луі керек. Энергика саласын бас­қа­ру бір орталықтан жүргізілуі қажет. Бізде оны бірнеше ведомство жү­зеге асырады. Бұл тұста «бір терезе» қағидатын жүзеге асырған ләзім.