Кенесарының кім екенін тоймен түсіндіргенбіз – Оразгүл Асанғазы
Кенесарының кім екенін тоймен түсіндіргенбіз – Оразгүл Асанғазы
2,849
оқылды
Астана көшелерін, балабақшаларын, білім ордаларын, қала берді мейрамхана-дүкендеріне дейін қазақшаландыруда білек сыбана еңбек еткен қажырлы қай­раткерлердің бірі Оразгүл Асанғазы бол­ғанын білеміз. Елорда күніне орай тіл жа­нашырымен әңгімелесіп, бас шаһар­дың өткеніне, бүгінге кей құбылыстарға қатысты пікірін білдік. – Елорданың мектептерін, көшелерін қазақша­лауға қосқан үлесіңіз орасан. Осы үрдіс қалай басталып еді? Кезінде қандай кедергілерге кез болдыңыз? – Елордаға келгенімізде ең алғаш мән берген дүниеміз қаланы қазақыландыру, ұлттық құнды­лықтарға сай ету болды. 1998 жылы Астанадағы Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары болып қызмет істеп жүргенімде бұл ауданда бірде-бір таза қазақ мектебі болған жоқ. Шаһардағы жалғыз қазақ мектебі – Алматы ауданында қоныс тепкен №4 мектеп еді. Біздің ең үлкен жұмысымыз – таза орыс мектептерін алдымен аралас мектептерге айнал­дыру, жаңадан салынған мектептерді қазақ мектебі етіп ашу, сосын сол аралас мектептерден қазақ мек­тебін жасау болатын. Күнара мектеп аралап, олардың тыныс-тіршілігімен танысып, дирек­торлармен тілдесетінбіз. Жұмысқа барғанға дейін үш-төрт мектеп пен балабақшаға бас сұғып, содан соң ғана кабинетіме кіретінмін. Әкімдіктің ғи­маратына жақын маңда №2 мектеп орналасқан еді. Оның директоры Петр Кондрашев деген кісі болатын, мектепті 1977 жылдан 2000 жылға дейін басқарды. Күн сайын осы мектепке келіп, ішінен қазақ сыныптарын ашайық деймін. Әлгі директор көнбейді. Бір барам, екі барам, үш барам. Каби­нетіме шақырып алып та сөйлесем. Ұйымдастырған іс-шараларынан да қалмаймын. Айтқанынан ай­ны­майтын адам екен, міз бақпай қойды. Сол кез­дері қаладағы бір мектептің директоры Анатолий Гаркалов деген кісі 50 жасқа толған мерейтойын жасайтын болды. Жақсы араласатынбыз. Мені де шақырды. Сол тойда отырсам, бағанағы Петр Григорьевичің Абайдың өлеңін нәшіне келтіріп жатқа айтып отыр. Өз құлағыма өзім сенбеймін. Бірде-бір сөзінде қате жоқ. Мынаны көріп, қалайша шыдап отырамын, ертеңіне салып-ұрып қайтадан мектебіне жетіп бардым. «Мен сізді білмей жүріппін, сөйтсем Абайды таныған адам екенсіз ғой» деп ризашылығымды білдіріп, мақтап отырып, әйтеуір мектеп ішінен қазақ сыныбын ашуға келісімін алғаным бар. Кейін сол мектепке Ғафу Қайырбековтің есімін бердік, сөйтіп бұл білім ордасы беделді, ұлттық ұстын сезілетін шаңыраққа айналды. Целиноград атауын Ақмолаға ауыстырғанымен, қалада қазақша атауы бар көше жоқ болатын. Астанаға көшіп келерде сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Светлана Жалмағамбетова бастаған ономастикалық комиссия 27 көшенің атын қазақ­шалаған. 1998 жылы келгенімізде, «Вечерняя Ас­тана» газетінен «Кто такой Кенесары, чтобы заме­нить Карла Маркса?» деген мақаланы көзім шалды. Мен оны дұрыс түсіндім. Өйткені Кенесарының кім екенін орыстілділер түгілі қазақтілді азаматтар толық білмейтін. Ойлана келе, Кенесары көшесінің мерекесін өткізейін деп шештім. Бұрынғы жұмыс тәжірибемде көше мерекесін өткізу бар болатын. Кенесарыны зерттеген ғалымдарды, журналистерді, жазушыларды, Кенесары көшесінің тұрғындарын Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сара­йына жинадым. Онда зиялы қауым өкілдері Кенесарының қандай тұлға болғаны жайында сөз сөйлегенде халықта үлкен бір серпіліс, рух пайда болғандай көрінді. Содан кейін көше мерекесін өткізуді дәстүрге айналдырдық. Осы ретте біздің барлық бастамамызды қолдап, насихатымызды жұрттың құлағына жеткізуге көп көмектескен Жұмагүл Саухат бастаған «Астана ақшамының» Бекен Қайратұлы, Талғат Батырхан, Ғалым Қо­жабеков секілді журналистері, Владимир Коченов бастаған «Вечерняя Астана» газетінің тілшілері еді. Бірде Жеңіс даңғылымен қайталанып кетпес үшін Тоғызыншы мамыр көшесінің атын ауыстыратын болдық. Мұнымызға сол көшеде тұратын бір ақсақал қарсы шығып, оны көндіруге Бекен Қайратұлын жіберіп, әзер дегенде келісімін алған болатынбыз. Сол сияқты әр көшенің атын өзгертерде талай тұрғынмен әңгімелесіп, қажет болса бірнеше рет кездесіп, тыңғылықты жұмыс істейтінбіз. – Сол жағалаудағы көшелерге Сарайшық, Сауран, Ақмешіт, Түркістан секілді тарихи атаулар беру кімнің идеясы болды? – Ермек Аманшаев Астана әкімінің орынбасары қызметіне келгеннен кейін ономастикалық комиссияның құрамын толығымен өзгерту керек екенін айтты. Бұрын бұл комиссияның мүшелері мемлекеттік қызметкерлерден, аудан әкімдерінің орынбасарларынан, басқарма басшыларынан тұратын. Сөйтіп, ол кісі комиссияны зиялы қауымнан, атап айтсақ, Әбіш Кекілбай, Рымғали Нұрғали, Нұрғожа Ораз, Фариза Оңғарсынова, Ақселеу Сейдімбек, Қойшығара Салғараұлы, Мырзатай Жолдасбеков, Мырзатай Серғалиев, Алдан Смайыл, Хангелді Әбжан секілді азамат­тардан жинақтады. Диқан Қамзабек, Ербол Тілеш, Серік Негимов сияқты ғалымдардан тұратын жұмыс тобы құрылды. Сол кісілердің алдында астана көшелеріне кімдердің атын беруге лайық деген мәселе қозғалды. Қазақтың басынан өткен тарихты он үш дәуірге бөлсек, сол он үш дәуірдегі тұлғалардың атын шет-шетімен беру керек десті. Әуелі бұрынғы астаналарымыздың атын сол жағалаудағы көшелерге беру туралы шешім қабылданды. Жоғарыда айтылған қаншама кісінің сараптауынан өтіп, көшелерге көне шаһарлардың атауы берілген болатын. Fading.TSE компаниясының биылғы наурыз айында жүргізген зерттеуінде астанадағы 3 мыңға жуық көшенің небәрі 2 пайызы әйелдердің құрметіне қойылғанын анықтады. Бұл фактіні қалай түсіндіруге болады? Шынымен, есіміне көше беруге тұрарлық қазақ әйелдері аз ба бізде? – «Ұлттық атасы – тарих, анасы – тіл» дейді. Өкінішке қарай, астананың басшылығында өзінің тарихын, тілін жете білмейтін кісі көп болды. Бұл да үлкен кедергі болды. Әсіресе, депутаттық корпустың ішінде сауатын Әліппемен емес, Букварьмен ашқандар біршама еді. Біз елордадағы бір шағын ауданға беретін аналардың есімін тізіп бергенімізде арасында сол аналарды танымай­тын­дар болып еді. Әйел есімімен аталатын көшелердің аздығы – көше беруге тұрарлық аналардың жоқтығынан емес, тарихтағы ер-азаматтармен бірге ерлік жасап, ізін қалдырған аналарды біздің биліктегілердің танымайтынының кесірінен деп ойлаймын. Мысалы, кезінде бір көшеге Мөде қағанның есімін бергіміз келгенде «ө» деген әріп жоқ деп атын бергізбей қойған депутаттар болды және олар әлі де бар. – Қазір Нұр-Сұлтандағы көшелер түгелімен қазақшаланды ма? – Ұлты орыс болғанымен, осы өңірге еңбегі сіңген азаматтардың аты сақталып қалды. Мысалы, Петров деген азамат – осы Целиноградтан соғысқа кеткен Кеңес Одағының батыры. Александр Княгинның атын өзіміз бердік, өйткені 1989 жылы 22 қыркүйекте Тіл туралы заңды қабылдағанда Парламентте «бұл – қазақтардың жері, сондықтан бұл елде бір ғана мемлекеттік тіл болуы керек» деп сөйлегені үшін алып бергенбіз. – Мектептер мен балабақшаларды қазақша­ландыруда қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? Бүгінде елордадағы орта білім беретін мекемелердің жартысынан көбі араластілді. Бұл құбылыстың бетін бері қарату үшін бізге қандай амалдар жасау керек? – Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өттік. Тәуелсіздік жайлы өткенге көз жүгіртіп ой қоз­ғағанда, ең алдымен мемлекеттің тірегі, халықтың мұрасы, ұлтты тұтастыратын ұлы құндылығы – оның тілі айрықша жоғары тұратыны белгілі. Білім басқармасы Тіл басқармасымен бірігіп, ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуі керек. Бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде балалардың қазақ мектебінде оқығаны өздері үшін пайдалы екенін насихаттауы қажет. Астанада тұрып орыс тілін білмей қалу қаупі жоқ, өйткені әлеуметтік желі, мультфильмдер арқылы балалар онсыз да орысша үйреніп жатыр. Бұ­рынғыдай «қазақ мектебінің сапасы нашар» деген сыңаржақ пікірдің дұрыс емесін «Алтын белгі», республикалық, халықаралық олимпиа­далардың нәтижесімен-ақ дәлелдеп беруге болады. Кезінде Иманғали Тасмағамбетов әкім болып тұрғанында 14 түрлі көрсеткіш бойынша елордадағы ең үздік 10 мектепті анықтаған болатын. Сол 10 мектептің 9-ы қазақтілді мектеп болып шыққан. – Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ