Тілеповтер отбасы Арал халқына ұлағатты ұстаздар шыққан берекелі әулет ретінде жақсы таныс. Саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған ұстаздар отбасына көпшіліктің құрметі шексіз. Отбасының тірегі, бар ғұмырын ұстаздық еңбекке арнаған Мұханбетжан Тілепов ағамыздың өмір жолы өзгеше өрнекке толы. Оның бала кезінен білімге, еңбекке деген ынта-жігері бүгінде ұлық мамандықтың ұшар шыңынан шығарып, еселі еңбегінің зейнетіне бөлеп отыр. Ол 1947 жылы Арал ауданына қарасты Құланды ауыл советінде дүниеге келген. Марқұм әкесі жұмыс бабымен Қазалы ауданындағы Энгельс колхозына қоныс аударып, 1957 жылы сол жердегі жеті жылдық мектепте алғаш білім нәрімен сусындаған. Ауылдық мектепте төрт жыл білім алған соң Арал қаласына қайта көшіп келіп, аудан орталығындағы №86 орта мектебінде оқуын жалғастырады. Мектеп қабырғасынан түлеп ұшқасын 1967 жылы Павлодар индустриалды институтына оқуға түсіп, артынша Шымкент қаласындағы педагогикалық институтында тарих мамандығы бойынша білімін жетілдіреді. Өмір талабына сәйкес алдымен Моңғолияда, артынша Семейде әскери бөлімшеде азаматтық борышын да өтеген. Ең алғаш еңбек жолын комсомолдың жолдамасымен Арал ауданына қарасты Қасқақұлан елді мекеніндегі он жылдық мектепте әскери жетекші болып бастаған. Одан кейін Арал қаласындағы №99 мектепте, артынша 1986 жылы жаңадан ашылған №62 орта мектепте тарих пәні бойынша ұстаздық еңбек жолын жалғастырады. Білім шамшырағын жаққан білікті ұстаз қарымы мен қабілетінің арқасында 1990 жылы аталмыш мектептің оқу ісі жөніндегі орынбасары лауазымына дейін көтеріліп, осы білім ошағынан құрметті еңбек демалысына шыққан. Ұстаздар әулетінің отанасы Набат Құрманбаева көп жыл бастауыш мектепте тәлім берген. Алдымен Қызылорда қаласында Мәншүк Мәметова атындағы училищені тәмамдап, содан кейін Шымкенттегі Әуезов атындағы педагогикалық институтында білімін шыңдаған. Шаңырақ көтерген қос ұстаз отбасында төрт ұл тәрбиелеп өсірді. Отбасында әке жолын қуып, ұстаздық мамандығын таңдаған ұл-келіндері де бүгінде өздері еңбек еткен білім ұясында білімді шәкірт тәрбиелеп отырған ұлағатты ұстаздар.
«Білім саласы қызығынан қиындығы басым сала екені белгілі. Соған қарамастан ұлдарымыз бен келіндеріміз ұстаздық жолды таңдап, абыройлы еңбек етіп жүр. Үлкен ұлым Дәулет педагогика мамандығын игерген. Бүгінде басқа салада еңбек етіп келеді. Екінші ұлым Ғалым Ақтөбе қаласындағы педагогикалық институтында білімін шыңдап, технология мамандығын меңгерді. Бүгінде аталмыш мектеп-лицейде өз мамандығы бойынша оқушыларды білім нәрімен сусындатып жүр. Ал қалған екі ұлым мұғалімдік жолды таңдамаса да, өздері қалаған саласында жемісті еңбек етіп келеді», – деді бізбен әңгімесінде ұлағатты ұстаз, ардақты әке Мұханбетжан Тілепов.«Келін ененің топырағынан жаралады» деп әсте бекерге айтпаса керек. Тілеповтер отбасының келіндері де педагогика саласын таңдап, мектепте ұстаздық еңбек етіп келеді. Атап айтсақ, үлкен келіні Айымкүл Әбілтаева Ж.Әбдірашов атындағы білім ұясында бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етсе, екінші келіні Нұргүл Құрмашова оқушыларға информатика пәнінен сабақ береді. Ал үшінші келіні де мұғалім мамандығын тәмамдағанымен, газдандыру мекемесінде табысты еңбек етіп жүр. Төрт балаға тәлімді тәрбие беріп, құтты ұяларына қондырған Мұханбетжан аға мен Набат апаның білім саласында қол жеткізген жетістіктері ұшан-теңіз. Көпжылдық еселі еңбегі еленіп, Білім министрінің, облыстық аудандық білім бөлімінің алғысхаттарымен марапатталған. Ұстаздар ұстаханасына айналған шаңырақтан береке мен бірліктің, татымды тірліктің ұшқыны себелейді. Бар ғұмырын өскелең ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұстаздар отбасынан осыны аңғардық.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ, Қызылорда облысы