Белгілі спорт журналисі Руслан Меделбек отандасымызды қиын кездесу күтіп тұрғанын айтты. «Меніңше, Рыбакинаға өте қиын матч болады. Мойындауымыз керек, бәрібір ойын фавориті – Халеп. Румын теннисшісі бұл Уимблдонға физикалық, психологиялық жағынан өте мықты дайындалып келген, бабында. Халеп – осы кездесуде ғана емес, бүкіл турнирдің фавориті. Бұдан бөлек, Халептің Гранд слам жарысында тәжірибесі мол. Гранд слам жарысын екі рет жеңген, бұл да өте маңызды фактор. Рыбакина жеңіледі, Халеп жеңеді деп айтпаймын, әйелдер теннисінде қазір нақты лидер жоқ, кез келген теннисші жеңіске жетуі мүмкін. Рыбакина доп асырудан мықты, сол мықтылығын пайдаланса, болмайтын қателер жібермесе, Халеппен тартысуға және жеңіске жетуге мүмкіндігі бар. Бәрін корттағы ойын көрсетеді», – дейді ол.Спорт сарапшысы Айдос Рымқұл да Рыбакинаға Халеппен кездесу өте қиын боларын атап өтті. Ойын үш сетке жетіп, сәті түссе Рыбакинаның да жұлдызы жану мүмкін екенін алға тартты.
«Халеппен кездесу өте қиын болады. Себебі бұған дейін үш рет екеуі хард төсеніште кездескен. Екі рет Халеп басым түскен. Тағы бір кездесуде есеп 5-4 болып тұрғанда жарақатына байланысты Халеп ойыннан бас тартқан. Симона да, Елена да қазір бабында. Екеуінің ойыны үш сетке де барып қалуы мүмкін. Әзірге 60-40 пайыз Симона жеңеді дер едім. Себебі «Үлкен дулыға» турнирлерінде бұрын жеңіске жетіп жүрген әлемнің экс бірінші ракеткасы. Ал біздің қыз бұл кезеңге алғаш рет шығып отыр. Бірақ не нәрсенің де басталатын кезі болады. Рыбакинаның финалға шығып, кубокты басынан асыратын кезі келген шығар», – дейді ол.Аталған сарапшыдан Рыбакинаның жауапты кездесулерде өзін жоғалтып алуының себебін сұрап көрдік. Сарапшының айтуынша, үш сет ойнау психологиялық тұрғыдан Рыбакинаға қашан да қиын.
«Теннисте әр спортшының өз бапкері болады. Рыбакинаның бапкері – Стефано Вуков, хорват маманы. Өзі кезінде ерлер арасында аса үлкен жетістікке жетпеген. Олимпиададан кейін де айтқанмын, тренерін ауыстырса, жақсы деңгейге шығып қалуы мүмкін. Алайда Рыбакинаға осы маманмен жұмыс істеген ыңғайлы болар. Оған психологпен көп жұмыс істеу керек. Теннис деген өте нәзік ойын. Бір рет психологиялық тұрғыдан сынып кетсең, қайта ойынға оралу қиын», – дейді Айдос Рымқұл.Расымен, спортта жеңімпаздарға ерекше қошемет көрсетеді. Жанкүйерлер жарқын сәттерді ұзақ еске сақтайды. Бірақ жеңімпаздың да сүрініп, жаңа есімге жол беретінін де ұмытпаған жөн. Бәлкім, 7 шілде күнгі Уимблдон орталық алаңында өтетін кездесу теннис әлемінде жаңа есімнің жолын ашар. Осы тұста Токио Олимпиадасында журналистер куә болған ерекше сәтті жазғымыз келіп тұр. Руслан Меделбектің айтуынша, Токио төрінде кезекті ойыннан кейін Рыбакина «мен алдымен өзімнің елімнің тілшілеріне сұхбат берем, одан кейін шетелдік тілшілерге барамын, күте тұрсын» деген екен. Карьерасына қолдау көрсетіп, қанатының астына алған елге құрметі жан толқытары анық. Ендігі кезекте Уимблдонда Қазақстан теннисшісінің аты қалсын дейміз. Бет қатталып жатқанда: Елена Рыбакина Симона Халепті жеңіп, финалға жолдама алды.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ