Көл жағалауының маусымның соңғы күнінде аяқасты жабылып қалуы екі жыл COVID-19-дың әлегінен кейін бой жазып, «сайран саламыз» деген алматылықтардың қуанышын су сепкендей басқаны рас. Қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, судан алынған сынаманың нәтижесі күмән тудырған. «Санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг тәртібінде ағымдағы жылдың маусым айында Сайран маусымдық көлінен микробиологиялық көрсеткіштерге судың 6 сынамасы алынды, оның 3 немесе 50 пайызы ЛІТ (лактозаоң ішек таяқшалары) индексі бойынша сәйкес келмейді. ЛІТ 1000 дм3 аспайтын нормада көлдің басында 5300 дм3, ортасында 5300 дм3 және соңында 6400 дм3 табылды. Суды лактозаоң ішек таяқшаларының құрамына зерттеу нысандарындағы судың нәжісті ластану дәрежесінің негізгі көрсеткіші ретінде қолданылады. Ішек таяқшаларының суда болуы ағынды сулармен, мал қалдықтарымен және басқа да ластанудың белгісі болып табылады. Ішек таяқшаларының бұл тобы диарея (қан араласқан), гастроэнтерит (балаларда) сияқты нәжісті және ауыз қуыстары арқылы берілетін ауруларды тудыруы мүмкін. Ластану көзі анықталып, арнайы комиссия жұмысы аяқталған соң Сайранға су қайта толтырылады», – дейді Санитарлық бақылау департаментінің мамандары.Көлдің түбі таза емес Шомылу маусым кезінде су қоймасын уақытша бірнеше күнге жауып қою шарасы жылда кездесетін үйреншікті әдетке айналған. Бұл туралы қала тұрғындары бірнеше мәрте тиісті орындарға арыз-шағым айтумен келеді. Экология белсенділердің тұжырымынша, оның бірден-бір себебі көл астының түбегейлі талапқа сай тазаланбауынан көрінеді.
«Сайран көлінің жоғары жағы тіптен қорқынышты. Қала ішіндегі демалыс аймағы деп айтуға келмейді. Бейне бір қоқыс тастайтын немесе жинайтын орынға ұқсап кеткен. Мұндай жағымсыз көрініс су бетінен де аңғарылады. Көлдің кей тұстарындағы қоқыс иірімге жиналып қалған. Көлге құятын Үлкен Алматы өзенінің де кейбір тұсы батпаққа толып, қамыс өсіп кеткен. Осы суды шомылатындар байқамай жұтып қоюы мүмкін. Бұдан түрлі ауруларға ұшырауы мүмкін. Мәселені шұғыл қолға алмаса болмайды», – дейді эколог Нұргүл Хамзина.28 миллион теңге желге ұшты ма? Сайранды шын мәнісінде сайран салатын жайлы орынға айналдыру мәселесі – Алматыға келген қай әкімнің де арманына айналған. Олардың әрқайсысы өз шама-шарқынша түрлі жобаларды ұсынып та көрген. Бір қызығы, әр әкім келген сайын жоба да сан мәрте өзгеріп отырды. Бірақ шыққан нәтиже жоқ. Соңғы рет осыдан бес жыл бұрын, яғни 2017 жылы сол кездегі шаһар басшысы Бауыржан Байбек Сайранды адам танымастай өзгертеміз деп құлшынғаны бар. Тіпті, арнайы жоба да дайындап, оны көпшілік назарына ұсынғанын алматылықтар ұмыта қойған жоқ. Жобаға сәйкес, көлдің жағалауы бәрі жарықтандырылады. Абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, жасыл желектер отырғызылады. Оларды суғаратын арнайы су құбырлары орнатылады. Сондай-ақ жүргіншілер жүретін жаяу жол, веложолдар салынып, жағажай волейболына арналып алаңшалар дайындалатын болған. Экс-әкім өзі ұсынған жобаны алдымен көлдің түбін тыңғылықты тазартудан бастайтынын айтқан еді. Ол үшін жергілікті бюджеттен 28 млн теңге бөлінгенін жеткізген. Алайда одан бері бес жыл уақыт өтсе де, көл түбінің көзі ашылмағанын көпшілік көріп отыр. Сонда тек тазарту жұмыстарына деп бөлінген қаржы желге ұшқаны ма? Бұл сұрақтың жауабын тұрғындар кімнен сұрарын білмей дал. Арада аттай бес жыл өтсе де, «баяғы жартас – бір жартас» күйінде қалып отыр. Бұл күнде су қоймасы тұрғындар үшін демалыс орны емес, түрлі қауіпті аурулардың пайда болу ошағына айналуы мүмкін екенін көріп отырмыз. Досаевтың жоспары қандай? Әкім жақында Әуезов ауданы тұрғындарымен кезекті кездесуі барысында Сайран көлін абаттандыру мен түйткілді мәселелерді шешуге жеке-жеке тоқталды. Мегаполис басшысының айтуынша, биыл Сайран көлін абаттандыру, соның ішінде көлдің түбін тазарту және жағалау аймағын көгалдандыру жұмыстары жоспарланған.
«Бүгінгі таңда Сайран көлінің бөгеттеріне көпфакторлы зерттеу жүргізілді. Биыл шілде айында жобалық-сараптамалық жұмысқа қатысты мемлекеттік сараптаманың қорытындысын аламыз. Жағалау аймағын ретке келтіру бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу және мемлекеттік сараптамадан өту мәселесі қыркүйек айында аяқталады деп ойлаймын», – деді Ерболат Досаев.Сондай-ақ Алматы әкімі биыл III тоқсанда Сайран көлінің түбін тазарту және абаттандыру үшін құрылыс-монтаж жұмысына қаржы бөлу мәселесі қаралатынын жеткізді. Досаевтың жоғарыдағы мәлімдемесінен кейін қала ішіндегі бірден-бір демалыс орны болып табылатын көлдің мәселесі келесі жылға қалып тұрғаны белгілі болып тұр. Әкім-қаралары жиі ауысатын Алматы тұрғындары үшін «келесі жыл» деген сөз – үміттен гөрі күдікке көбірек жетелейтін сияқты. Шіліңгір шілде енді басталды, алда аптап ыстықтар бар. Осы кезде бір мезгіл алысқа ұзамай-ақ екікүндік демалысында жағасына барып бір сүңгіп сергіп қайтатын алматылықтар үшін Сайранның аяқасты жабылып қалуы ыңғайсыз жағдай тудырып тұрғаны рас. Қалай болғанда да, денсаулықты бәрінен жоғары қоятын тұрғындар үшін айналасы уақытша деп қоршалған көл орны айдынға айналғанға дейін «шыда жаным, шыда» деуден басқа амал жоқ сияқты...
Алматы