Үш ұрпаққа жалғасқан дәрігерлер әулеті Әлемдік пандемия денсаулықпен қатар дәрігерлердің де қадірін ұғындырғаны белгілі. Адам жанына араша түсетін жандарға қай кезде де құрмет ерек. Ал атадан балаға жалғасып келе жатқан дәрігерлер әулетінің ел үшін етіп жатқан еңбегі сөзсіз ерлік. Міне, сондай отбасының бірі – Әбдуәлиевтер әулеті. «Әке көрген оқ жонар» дейді қазақ даналығы. Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Аса ауылының тұрғыны Нұргелді Әбдуәлиевті бүгінде ел ақ халатты абзал жан ретінде құрметтейді. Нұргелдінің әкесі Уәли Әбдуәлиев те өз дәуірінде талайдың дертіне дауа тапқан дәрігер болған. Адамның жанына араша түскен азаматтың ерлігін бүгінде ауылдағы ағайын аңыз қылып айтады. Әбдуәлі ақсақал 1942 жылы қан майданға аттанып, содан оралмаған екен. Әкеден жастайынан айырылған Уәли 1945 жылы өзі де оқ пен оттың ортасына аттанып, ұрысқа араласады. Алайда көп ұзамай соғыс аяқталып, Уәли елге аман-есен оралады. Соғыстан кейін Уәли Алматы медициналық институтына оқуға түсіп, оны үздік тәмамдап шығады. Қолына дипломын алған жас маман үлкен қалада қалмай, туған топырағы Жетітөбе ауылына оралып, ел үшін еңбек етеді. Міне, осындай әкенің жолын бүгінде Нұргелді жалғауда. Нұргелді Уәлиұлы 1965 жылы Жамбыл ауданы Аса ауылында дүние келген. Үрзада ананың аялы алақанында тербеліп өскен болашақ дәрігер 1972 жылы аталған ауылдағы «30 жылдық» атындағы мектепке оқуға түседі. Оқуда озат бала 1982 жылы мектепті үздік бітіріп, 1984 жылға дейін туған жерінде совхозда жұмыс істейді. Арманшыл жас 1984 жылы әкесі білім алған Алматы медициналық институтына оқуға түсу үшін Алатау бөктеріне аттанады. Оқуда жүрген шағында әскерге шақырылып, Отан алдындағы борышын өтеп, 1992 жылы білім алуын қайта жалғастырып, институтты үздік тәмамдап шығады. «Туған жерге туыңды тік» деген бабалар ұстанымын бойтұмар еткен Нұргелді Асаға оралып, аудан орталығындағы емхананың көз дәрігері болып жұмысқа тұрады. Адам жанының айнасы саналатын көз дәрігері болу, әрине үлкен жауапкершілікті жүктейді. Алайда Нұргелді Уәлиұлы өз ісінің нағыз шебері екенін дәлелдеп, бірінші дәрежелі көз маманы атанады.
– Нұргелді Әбдуәлиевке келіп көрінген күннен бастап сөнген үмітім қайта жанғандай болды. Ол қолынан келгенше көмегін аямады. Уақытылы ем-домын жасап, Тараз қаласындағы облыстық көз емдеу орталығының дәрігерлеріне апарып таныстырды. Сол аурухана дәрігерлері екі көзіме ота жасап, жарық сәулемен қайта қауышуыма мүмкіндік сыйлады. Осындай жаны жайсаң азаматтарға алғыстан басқа айтарым жоқ, – дейді мұңнан арылған Аса ауылының тұрғыны Мұстафа Әліпшев.«Алғыс арқалаған алысқа барады» дейді дана қазақ. Еңбек жолында сенімді әріптес, қызметте тыңғылықты болуының арқасында 2007-2010 жылдары бас дәрігердің орынбасары болып жұмысты абыроймен атқарса, 2011-2019 жылдар аралығында дәрігер сараптама коммуникациясының төрағасы болып қызмет істейді. Нұргелді әсіресе, «әке көріп оқ жонып» жолын қуған перзенттерімен ерекше мақтанады.
– Біз отбасымызда төртеу болдық. Алдымда Мәкирам, Камила, Жанна есімді үш әпкем бар. Үлкен әпкем Мәкирам осы өзіміздің Жамбыл аудандық емханада дәрігер болса, екінші әпкем Камила Алматы қалалық ауруханада физиотералды дәрігер. Ал Жанна Тараз қалалық №2 ауруханада бөлім меңгерушісі. Құдай қосқан қосағым Мая екеуміз бір институтта оқыдық, ол да дәрігер. Аллаға шүкір, 4 балам бар. Үлкен қызым Айдана апасының жолын қуып, экономист мамандығын бітіргенімен, мен жұмыс істейтін ауруханада еңбек етеді. Екінші қызым Айдананың күйеуі Абзал да медицина саласының маманы. Бір жағынан өзімнің шәкіртім. Облыстық ауруханада көз дәрігері ретінде көпке көмегі тиіп жүр. Одан кейінгі қызым Салтанат, ұлым Нұрболат, келінім Айжан да дәрігер. Бір қызығы, бәріміз де әкеміз білім алған Алматы медициналық оқу орнын тәмамдаппыз. Осылайша, үлкен дәрігерлер әулетіне айналып отырмыз, – дейді Нұргелді Уәлиұлы.Ақ халатты абзал жандардың еткен еңбек, төккен тері ескерусіз қалған емес. Өткен жылы Денсаулық сақтау министрлігі тарапынын денсаулық сақтау саласындағы жемісті еңбегі мен еліміздің денсаулық сақтау саласының дамуына қосқан үлесі үшін Алғысхатпен марапатталды. Ал облыс пен аудан деңгейіндегі марапаттары өз алдына бір төбе. Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Әбдуәліден тамыр тартқан ұл-қыз, немере-шөбереге дейін ақ халат киіп, абыройлы жұмыс істеп жатқаны қандай мақтауға да лайық. Біз Әбдуәлиевтер әулетінен әлі талай дәрігер шығатынына бек сенімдіміз.
Жамбыл облысы