Құрбан айт – ғибраты мол мереке
Құрбан айт – ғибраты мол мереке
384
оқылды
Бүгін исі мұсылман баласының ұлық мейрамы – Құрбан айт. Ол – Аллаға деген сүйіспеншілік пен адамның шынайы ниетін паш ететін мереке. Бұл күндері мұсылман қауымы құрбандыққа мал сойып, көпшілік жиналған ортада үгiт-насихат, өсиет айтып, бір-біріне құр­мет көрсетеді. Қасиетті мерекенің тәрбиелік мәні мен мағынасы – осында. Ұлық күнге орай ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫНАН Құрбан айттың амал-сауаптары туралы әңгі­ме­леп беруін өтініп едік. – Ассалаумағалейкум, құрметті хазі­рет! Кеше Арапа күні болды, бүгін барша жамағат қасиетті Құрбан айт мерекесін атап өтіп жатыр. Осыған орай сұхба­ты­мызды Арапа мен Құрбан айттың дініміздегі орнынан бастасақ. – Уағалейкумассалам! Құрбан айт мерекесі құтты болсын! Арапа күні – Алла Тағала ардақтаған әрі жасалатын құлшылықтарды артық еткен күндердің бірі. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қажылық дегеніміз – Арапа. Кімде-кім Арапаға үлгерсе, қажылыққа үлгерген бо­лады» деген. Яғни, қажылықтың негіз­гі шарты – Арапа күнгі Арафа жа­зығын­дағы дұға. Қажылықтың үш шар­ты болса, соның бірі – Арафада тұру. Арапа күні қажылыққа бармаған кісі ораза ұстап, нәпіл намаздар оқып, Алладан дұға ті­лесе, сауабы өте көп болады. Әсіресе, Ара­па күні ораза ұстау мұстахаб амалы, сүн­нет болып саналады. Алайда бұл – ерік­ті амал. Ұстасаңыз, сауабы мол, ұста­масаңыз, күнә болып есептелмейді. Һижри жыл санауы бойынша 1443 жылдың зұлхижжа айының басталуы 30 маусым болып бекітілді. Ал Арапа күні 8 шілдеге сәйкес келеді. 9 шілде – Құрбан айт мерекесінің бірінші күні. Зұлхижжа айының алғашқы он күнінде барынша ықыласпен ғибадат етіп, көбірек ізгі істер мен жақсы амалдар жасауға тырысу ке­рек. Өйткені хадистерде сол уақытта орын­далған игі істердің сауабы еселеніп жа­зылатыны айтылған. Жоғарыда айт­қа­нымыздай, Арапа күні ораза тұту – сүннет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Арапа күні ораза ұстау арқылы Алладан өткен және келесі жылдың күнәсін кеші­руді үміт етемін» деген. Демек, кімде-кім шамасы келіп Арапа күнінде ораза ұс­таса, өткен және келер жылдағы кіші күнәлары кешіріледі. Ал Құрбан айт күні айт намазынан кейін үш күн ішінде жағдайы келген мұ­сылманға құрбандық шалу – міндет. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Раббыңның разылығы үшін намаз оқы және құрбан­дық шал» («Кәусар» сүресі, 2-аят) деп бұйырған. Бағзы заманнан бері Ислам дінін ұстанып келе жатқан халқымыз Құрбан айтты ерекше дайындықпен қарсы алған. Ұлық мейрамда үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, көңілі жабыр­қаған жанға қуаныш сыйлау, мұқтаж адамға құрбандық етін таратып, сауап алу сынды ізгі амалдар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Естеріңізде болса, пандемия кезінде біз құрбан шалудың онлайн жүйесін іске қосқан болатынбыз. Биыл «Құрбан-2022» қайырымдылық акциясы аясында ха­лық­қа оңтайлы болу үшін құрбан шалу офлайн және онлайн форматта жүзеге асады. Барша азаматты осы акцияға үлес қосуға шақырамын. Қазақстан мұсыл­ман­дары діни басқармасы кейбір азамат­тарымызға оңтайлы болу үшін биыл да құрбан шалу рәсімін қашықтан өткізуге арналған qurban2022.kz сайтын іске қосты. Сондықтан онлайн түрде құрбан шалғысы келгендер осы сайт арқылы құр­бандық малын таңдап, Құдай жолын­да құрбан шалуына болады. – Өкілдік құрбандық дегенді естіп жатамыз. Осы туралы ақпарат бере кетсеңіз. – Құрбандық малын мүмкіншілік болса, мойнына уәжіп болған адамның өзі шалғаны абзал. Және оның сауабы мол. Алайда өзге біреуге өкілдік беруіне де болады. Құрбан шалуы уәжіп кісі телефон соғу, хабарлама жіберу немесе басқа да заманауи байланыс құралдары арқылы өзінің орнына құрбан шалуы үшін басқа адамды қашықтан да өкіл ретінде тағайындай алады. Бұл қазіргі тілмен айтқанда онлайн құрбандық. Соңғы статистика бойынша онлайн құрбан шалуға 1 040 адам тапсырыс берді. Ал құрбандық етін алуға өтініш білдірген адам саны – 1 875. – Құрбан айттың рухани мән-мағына­сы қандай? Не үшін мұсылмандар айтты асыға күтеді? – Құрбан айт – шынайы ниет пен Аллаға деген сүйіспеншілікті паш ететін мейрам. Ұлық мерекенің тәрбиелік мәні мен мағынасы осында жатыр. Қасиетті Құранда: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің)» («Хаж» сүресі, 37-аят) делінген. Аятта айтылғандай, Құдай жолында жақсылық жасауға ниет еткен пенде бұл амалды риясыз оймен орындайды. Адам баласы құрбандық шалу арқылы Алланың берген ризық-несібесіне шүкір­шілік етеді. Құдайдың нәсіп еткен мал-дүниесінің бір бөлігін көмекке мұқтаж жандарға үлестіріп, олардың да ақысын беріп, қуанышқа бөлейді. Өйткені Пай­ғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Парыз амалдан кейінгі Аллаға ұнамды іс – мұсылманның жүрегіне қуаныш сыйлау» деген. Халқымыз «Бота алғанша – бата ал» дейді. Үлкеннің, жалпы көмекке мұқ­таж жандардың алғысын алып, батасына бөлену – айт кезінде орындалатын са­уапты істердің бірі. Мұсылман баласының Ұлық күнде шынайы ниетпен құрбан шалып, құрбандық етін мүгедектер мен жетімдерге, көпбалалы отбасылар мен қарттарға таратып, олардың алғысын алуға тырысатыны сондықтан. – Құрбан айтта кездесетін келеңсіз жайттың бірі – сойылған малдың сирағы, терісі, ішегі ысырап болып қалып жатады. Осыған байланысты Мүфтият жамағат­пен қандай да түсіндірме жұмыстарын жүргізді ме? – Халыққа жасаған Үндеуімде ысы­р­апқа жол бермеу қажеттігін баса айтып өттім. Қазір біздің имамдарымыз осы мәселеге қатысты жер-жерде түсіндіру жұ­мыстарын жүргізуде. Осы сәтті пайда­ланып, халықты тағы да құрбан шалу ке­зінде ысырапқа жол бермеуге шақыра­мын. Өйткені қаншама отбасы көмекке мұқтаж. Біз елемей тастаған қойдың си­рағы мұқтаж адамның отбасын қуа­ныш­қа бөлеуі мүмкін. Осыны ескере жүр­геніміз абзал. – Пандемия салдарынан екі жылдан бері қажылыққа рұқсат етілмегенін білеміз. Ал биылғы қажылықтың белгілі бір талаптары, ерекшеліктері бар ма? – Екі жыл бойы көптеген әлем елдерінің мұсылмандары жұқпалы ін­деттің кесірінен бес парыздың бірі қа­жылық рәсімдерін орындай ал­мады. Былтыр Сауд Арабиясы Корольдігі сырт елдерден қажылар қабылдаған жоқ. Ел ішіндегі санаулы тұрғын­да­рымен ғана қажылық маусымын өткізді. Аллаға шүкір, биыл қажылыққа рұқсат берілді. Екі жылға созылған үзілістен кейін әлем мұсылмандары зор құл­шы­ныспен, аса ыждағатпен үлкен қажылық жасауда. Биыл Сауд Арабиясы үлкен қа­жылық­қа 1 миллион адамның ғана қа­­тысуына рұқ­сат етті. Оның 85 пайызы әлем елде­рінің мұсылмандары болса, қал­ған 15 па­йызы – сол жердің жергі­лік­ті тұрғын­дары. Биыл елімізден 4 мың қажы ұлы сапарға аттанды. Әрине, пандемия­дан кейін алғаш рет өткізіліп отырған соң Сауд Арабиясы арнайы талаптар қойды. Атап айтар болсақ, 65 жастан асқан үлкен кісілердің қажылыққа баруына рұқсат берілмеді. Сол секілді COVID-ке қарсы екпенің екі дозасын, сондай-ақ ревак­цинация алуы, 72 сағат бұрын алынған ПЦР-тестінің нәтижесі болуы талап етілді. Елімізден барған 4 мың қажы осы талаптарды орындаған соң Сауд Ара­биясына кіруге мүмкіндік алды. Бүгінде олар қасиетті мекенде тиісті құлшылығын атқарып жатыр. – Білуімізше, қажылыққа барған 4 мың адам 14 қажылық компанияның қызметіне жүгінген. Осы компаниялардың қызметін, жалпы қажылық сапарын үйлестіріп отыру үшін Қазақстан қажылық миссиясы жұ­мыс істеп жатыр. Бұл компаниялар қалай таңдалды? Миссияның міндеті қандай? – Қазақстан мұсылмандары діни бас­қармасы жыл сайын қажылық науқаны қарсаңында қажылық және ұмра сала­сында қызмет көрсететін тәжірибелі тур­фирмалар арасында конкурс жария­лайды. Мұндағы мақсат – адал бәсеке­лес­тікке қол жеткізу және қажыларымызға қолайлы жағдай жасау. Арнайы комиссия қажылық орындарын бөлуде әділдік қағидатын қамтамасыз ету мақсатында құрылды. Комиссия туроператорлардың құжаттарын мұқият тексереді. Биыл конкурсқа 20 компания қатысып, оның 14-і 2022 жылғы қажылықты ұйымдас­тыруға қабілетті деп танылды. Қажылық миссиясы бірнеше жылдан бері отандық қажыларымызға рухани жол көрсету, сапарды ұйымдастырып-үйлестіру бағытында еңбек етіп келеді. Мұндағы мақсат – отандық қажыларға қолайлы жағдай жасап, оларға сапалы уағыз-насихат жүргізу. Биылғы миссия құрамына елімізге танымал ұстаздар мен ғалымдар, имамдар мен білікті мамандар енді. Діни басқарма жанындағы уағыз-насихат бөлімі қажылық сапары кезінде уағыз айту жұмыстарын үйлестіруде. Ал шариғат және пәтуа бөлімінің мамандары қажылық сапарына қатысты сұрақтарға жауап беріп, өзекті діни мәселелер бо­йынша пәтуа шығарып, көпшілікті жаңа жаңалықтармен құлағдар етіп отырады. Сонымен қатар қажылық миссиясымен барған дәрігерлеріміз де, отандас­та­ры­мызға да медициналық қызмет көрсетіп, дер кезінде ем-дом жасап жүр. Ал ақпарат саласының мамандары қажылықтан тікелей репортаждар ұйымдастырып, жаңалықтарды дер кезінде жеткізіп жатыр. Нақтырақ айтқанда, биыл қажы­лық миссиясы 5 бағыт бойынша жұмыс істеуде. Олар – ұйымдастыру, уағыз-насихат, алғашқы дәрігерлік көмек, ақпарат және Сall center орталығы. Сондай-ақ биыл Діни басқарма 14 қажылық компаниясына арнайы уағыз­шы имамдар бөлді. Қажыларға уағыз ай­тып, қызмет көрсетудің өзі үлкен са­уап. Осы ұлық істі атқару үшін еліміздегі көптеген дін қызметкері арасынан 14 уа­ғызшы имам таңдап алынды. Қажы­ларымыздың рухани қанаттанып, қасиет­ті мекеннен ерекше әсермен оралуына уа­ғызшы имамдардың айтар насиха­ты­ның ықпалы мол болады деп білеміз. – Дінімізде әр құлшылықтың өз дең­гейі, соған сай сауабы бар. Қажылық қандай құлшылық? – Қажылық – бүкіл болмысыңмен, шынайы ниет-ықыласыңмен, мал-мүл­кіңмен, денсаулығыңмен жасайтын ұлы құлшылық. Ислам дініндегі көптеген құл­шылық түрі жамағатпен бірге орын­далады. Мұсылмандар күніне бес уақыт намазды бір жерде, яғни мешітте оқуға тырысады. Алланың үйінде күніне бес рет бір-бірімен жолыққан жамағаттың бауырмалдық қасиеті беки түседі. Одан бөлек, көпшілікпен оқылатын жұма, Ораза айт, Құрбан айт, тарауық намазы мұсылман үмбетін мешітке топтастырады. Алла Тағала бұдан бөлек дүниенің төрт бұрышындағы мұсылмандарды қасиетті Қағбаға бірнеше күнге жинап, бір-бірімен бауырластырады. Өйткені бұл – Алланың хикметі. Алла Тағала барша мұсылман үмбетіне қабыл болған қа­жы­лықты нәсіп етіп, отандастырымыздың елімізге аман-есен оралып, отбасылармен қауышуын жазғай. Әмин! – Шарапатты әңгімеңіз үшін зор рақмет!