Бүгін исі мұсылман баласының ұлық мейрамы – Құрбан айт. Ол – Аллаға деген сүйіспеншілік пен адамның шынайы ниетін паш ететін мереке. Бұл күндері мұсылман қауымы құрбандыққа мал сойып, көпшілік жиналған ортада үгiт-насихат, өсиет айтып, бір-біріне құрмет көрсетеді. Қасиетті мерекенің тәрбиелік мәні мен мағынасы – осында. Ұлық күнге орай ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫНАН Құрбан айттың амал-сауаптары туралы әңгімелеп беруін өтініп едік.– Ассалаумағалейкум, құрметті хазірет! Кеше Арапа күні болды, бүгін барша жамағат қасиетті Құрбан айт мерекесін атап өтіп жатыр. Осыған орай сұхбатымызды Арапа мен Құрбан айттың дініміздегі орнынан бастасақ.
– Уағалейкумассалам! Құрбан айт мерекесі құтты болсын! Арапа күні – Алла Тағала ардақтаған әрі жасалатын құлшылықтарды артық еткен күндердің бірі. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қажылық дегеніміз – Арапа. Кімде-кім Арапаға үлгерсе, қажылыққа үлгерген болады» деген. Яғни, қажылықтың негізгі шарты – Арапа күнгі Арафа жазығындағы дұға. Қажылықтың үш шарты болса, соның бірі – Арафада тұру. Арапа күні қажылыққа бармаған кісі ораза ұстап, нәпіл намаздар оқып, Алладан дұға тілесе, сауабы өте көп болады. Әсіресе, Арапа күні ораза ұстау мұстахаб амалы, сүннет болып саналады. Алайда бұл – ерікті амал. Ұстасаңыз, сауабы мол, ұстамасаңыз, күнә болып есептелмейді.
Һижри жыл санауы бойынша 1443 жылдың зұлхижжа айының басталуы 30 маусым болып бекітілді. Ал Арапа күні 8 шілдеге сәйкес келеді. 9 шілде – Құрбан айт мерекесінің бірінші күні. Зұлхижжа айының алғашқы он күнінде барынша ықыласпен ғибадат етіп, көбірек ізгі істер мен жақсы амалдар жасауға тырысу керек. Өйткені хадистерде сол уақытта орындалған игі істердің сауабы еселеніп жазылатыны айтылған. Жоғарыда айтқанымыздай, Арапа күні ораза тұту – сүннет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Арапа күні ораза ұстау арқылы Алладан өткен және келесі жылдың күнәсін кешіруді үміт етемін» деген. Демек, кімде-кім шамасы келіп Арапа күнінде ораза ұстаса, өткен және келер жылдағы кіші күнәлары кешіріледі.
Ал Құрбан айт күні айт намазынан кейін үш күн ішінде жағдайы келген мұсылманға құрбандық шалу – міндет. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Раббыңның разылығы үшін намаз оқы және құрбандық шал» («Кәусар» сүресі, 2-аят) деп бұйырған. Бағзы заманнан бері Ислам дінін ұстанып келе жатқан халқымыз Құрбан айтты ерекше дайындықпен қарсы алған. Ұлық мейрамда үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, көңілі жабырқаған жанға қуаныш сыйлау, мұқтаж адамға құрбандық етін таратып, сауап алу сынды ізгі амалдар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді.
Естеріңізде болса, пандемия кезінде біз құрбан шалудың онлайн жүйесін іске қосқан болатынбыз. Биыл «Құрбан-2022» қайырымдылық акциясы аясында халыққа оңтайлы болу үшін құрбан шалу офлайн және онлайн форматта жүзеге асады. Барша азаматты осы акцияға үлес қосуға шақырамын. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы кейбір азаматтарымызға оңтайлы болу үшін биыл да құрбан шалу рәсімін қашықтан өткізуге арналған qurban2022.kz сайтын іске қосты. Сондықтан онлайн түрде құрбан шалғысы келгендер осы сайт арқылы құрбандық малын таңдап, Құдай жолында құрбан шалуына болады.
– Өкілдік құрбандық дегенді естіп жатамыз. Осы туралы ақпарат бере кетсеңіз.
– Құрбандық малын мүмкіншілік болса, мойнына уәжіп болған адамның өзі шалғаны абзал. Және оның сауабы мол. Алайда өзге біреуге өкілдік беруіне де болады. Құрбан шалуы уәжіп кісі телефон соғу, хабарлама жіберу немесе басқа да заманауи байланыс құралдары арқылы өзінің орнына құрбан шалуы үшін басқа адамды қашықтан да өкіл ретінде тағайындай алады. Бұл қазіргі тілмен айтқанда онлайн құрбандық.
Соңғы статистика бойынша онлайн құрбан шалуға 1 040 адам тапсырыс берді. Ал құрбандық етін алуға өтініш білдірген адам саны – 1 875.
– Құрбан айттың рухани мән-мағынасы қандай? Не үшін мұсылмандар айтты асыға күтеді?
– Құрбан айт – шынайы ниет пен Аллаға деген сүйіспеншілікті паш ететін мейрам. Ұлық мерекенің тәрбиелік мәні мен мағынасы осында жатыр. Қасиетті Құранда: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің)» («Хаж» сүресі, 37-аят) делінген. Аятта айтылғандай, Құдай жолында жақсылық жасауға ниет еткен пенде бұл амалды риясыз оймен орындайды.
Адам баласы құрбандық шалу арқылы Алланың берген ризық-несібесіне шүкіршілік етеді. Құдайдың нәсіп еткен мал-дүниесінің бір бөлігін көмекке мұқтаж жандарға үлестіріп, олардың да ақысын беріп, қуанышқа бөлейді. Өйткені Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Парыз амалдан кейінгі Аллаға ұнамды іс – мұсылманның жүрегіне қуаныш сыйлау» деген. Халқымыз «Бота алғанша – бата ал» дейді. Үлкеннің, жалпы көмекке мұқтаж жандардың алғысын алып, батасына бөлену – айт кезінде орындалатын сауапты істердің бірі. Мұсылман баласының Ұлық күнде шынайы ниетпен құрбан шалып, құрбандық етін мүгедектер мен жетімдерге, көпбалалы отбасылар мен қарттарға таратып, олардың алғысын алуға тырысатыны сондықтан.
– Құрбан айтта кездесетін келеңсіз жайттың бірі – сойылған малдың сирағы, терісі, ішегі ысырап болып қалып жатады. Осыған байланысты Мүфтият жамағатпен қандай да түсіндірме жұмыстарын жүргізді ме?
– Халыққа жасаған Үндеуімде ысырапқа жол бермеу қажеттігін баса айтып өттім. Қазір біздің имамдарымыз осы мәселеге қатысты жер-жерде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Осы сәтті пайдаланып, халықты тағы да құрбан шалу кезінде ысырапқа жол бермеуге шақырамын. Өйткені қаншама отбасы көмекке мұқтаж. Біз елемей тастаған қойдың сирағы мұқтаж адамның отбасын қуанышқа бөлеуі мүмкін. Осыны ескере жүргеніміз абзал.
– Пандемия салдарынан екі жылдан бері қажылыққа рұқсат етілмегенін білеміз. Ал биылғы қажылықтың белгілі бір талаптары, ерекшеліктері бар ма?
– Екі жыл бойы көптеген әлем елдерінің мұсылмандары жұқпалы індеттің кесірінен бес парыздың бірі қажылық рәсімдерін орындай алмады. Былтыр Сауд Арабиясы Корольдігі сырт елдерден қажылар қабылдаған жоқ. Ел ішіндегі санаулы тұрғындарымен ғана қажылық маусымын өткізді. Аллаға шүкір, биыл қажылыққа рұқсат берілді. Екі жылға созылған үзілістен кейін әлем мұсылмандары зор құлшыныспен, аса ыждағатпен үлкен қажылық жасауда. Биыл Сауд Арабиясы үлкен қажылыққа 1 миллион адамның ғана қатысуына рұқсат етті. Оның 85 пайызы әлем елдерінің мұсылмандары болса, қалған 15 пайызы – сол жердің жергілікті тұрғындары.
Биыл елімізден 4 мың қажы ұлы сапарға аттанды. Әрине, пандемиядан кейін алғаш рет өткізіліп отырған соң Сауд Арабиясы арнайы талаптар қойды. Атап айтар болсақ, 65 жастан асқан үлкен кісілердің қажылыққа баруына рұқсат берілмеді. Сол секілді COVID-ке қарсы екпенің екі дозасын, сондай-ақ ревакцинация алуы, 72 сағат бұрын алынған ПЦР-тестінің нәтижесі болуы талап етілді. Елімізден барған 4 мың қажы осы талаптарды орындаған соң Сауд Арабиясына кіруге мүмкіндік алды. Бүгінде олар қасиетті мекенде тиісті құлшылығын атқарып жатыр.
– Білуімізше, қажылыққа барған 4 мың адам 14 қажылық компанияның қызметіне жүгінген. Осы компаниялардың қызметін, жалпы қажылық сапарын үйлестіріп отыру үшін Қазақстан қажылық миссиясы жұмыс істеп жатыр. Бұл компаниялар қалай таңдалды? Миссияның міндеті қандай?
– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жыл сайын қажылық науқаны қарсаңында қажылық және ұмра саласында қызмет көрсететін тәжірибелі турфирмалар арасында конкурс жариялайды. Мұндағы мақсат – адал бәсекелестікке қол жеткізу және қажыларымызға қолайлы жағдай жасау. Арнайы комиссия қажылық орындарын бөлуде әділдік қағидатын қамтамасыз ету мақсатында құрылды. Комиссия туроператорлардың құжаттарын мұқият тексереді. Биыл конкурсқа 20 компания қатысып, оның 14-і 2022 жылғы қажылықты ұйымдастыруға қабілетті деп танылды.
Қажылық миссиясы бірнеше жылдан бері отандық қажыларымызға рухани жол көрсету, сапарды ұйымдастырып-үйлестіру бағытында еңбек етіп келеді. Мұндағы мақсат – отандық қажыларға қолайлы жағдай жасап, оларға сапалы уағыз-насихат жүргізу. Биылғы миссия құрамына елімізге танымал ұстаздар мен ғалымдар, имамдар мен білікті мамандар енді. Діни басқарма жанындағы уағыз-насихат бөлімі қажылық сапары кезінде уағыз айту жұмыстарын үйлестіруде. Ал шариғат және пәтуа бөлімінің мамандары қажылық сапарына қатысты сұрақтарға жауап беріп, өзекті діни мәселелер бойынша пәтуа шығарып, көпшілікті жаңа жаңалықтармен құлағдар етіп отырады. Сонымен қатар қажылық миссиясымен барған дәрігерлеріміз де, отандастарымызға да медициналық қызмет көрсетіп, дер кезінде ем-дом жасап жүр. Ал ақпарат саласының мамандары қажылықтан тікелей репортаждар ұйымдастырып, жаңалықтарды дер кезінде жеткізіп жатыр. Нақтырақ айтқанда, биыл қажылық миссиясы 5 бағыт бойынша жұмыс істеуде. Олар – ұйымдастыру, уағыз-насихат, алғашқы дәрігерлік көмек, ақпарат және Сall center орталығы.
Сондай-ақ биыл Діни басқарма 14 қажылық компаниясына арнайы уағызшы имамдар бөлді. Қажыларға уағыз айтып, қызмет көрсетудің өзі үлкен сауап. Осы ұлық істі атқару үшін еліміздегі көптеген дін қызметкері арасынан 14 уағызшы имам таңдап алынды. Қажыларымыздың рухани қанаттанып, қасиетті мекеннен ерекше әсермен оралуына уағызшы имамдардың айтар насихатының ықпалы мол болады деп білеміз.
– Дінімізде әр құлшылықтың өз деңгейі, соған сай сауабы бар. Қажылық қандай құлшылық?
– Қажылық – бүкіл болмысыңмен, шынайы ниет-ықыласыңмен, мал-мүлкіңмен, денсаулығыңмен жасайтын ұлы құлшылық. Ислам дініндегі көптеген құлшылық түрі жамағатпен бірге орындалады. Мұсылмандар күніне бес уақыт намазды бір жерде, яғни мешітте оқуға тырысады. Алланың үйінде күніне бес рет бір-бірімен жолыққан жамағаттың бауырмалдық қасиеті беки түседі. Одан бөлек, көпшілікпен оқылатын жұма, Ораза айт, Құрбан айт, тарауық намазы мұсылман үмбетін мешітке топтастырады. Алла Тағала бұдан бөлек дүниенің төрт бұрышындағы мұсылмандарды қасиетті Қағбаға бірнеше күнге жинап, бір-бірімен бауырластырады. Өйткені бұл – Алланың хикметі. Алла Тағала барша мұсылман үмбетіне қабыл болған қажылықты нәсіп етіп, отандастырымыздың елімізге аман-есен оралып, отбасылармен қауышуын жазғай. Әмин!
– Шарапатты әңгімеңіз үшін зор рақмет!