Табысын төсеніштен тапқан
Табысын төсеніштен тапқан
630
оқылды
Бүгінде кәсіптің тың түрін дөңгелеткендер аз емес. Олардың бірі – құтыны «түтіп», мақта өндіріп жатса, енді бірі – «Eva төсеніштер» жасайды. Көлік жүргізушілері арасында кең сұранысқа ие Eva (сэвилен) материалынан жасалатын төсеніштер экологиялық таза және жағымсыз иісі болмайды. Сол себепті оны сатып алушылардың қарасы қалың. Міне, осындай кәсіп түрін Жамбыл облысы Қордай ауданының тумасы Шарапат Дауылбаев қолға алып, табысқа кенеліп отыр. Жас кәсіпкер өткен жылы «Бас­тау бизнес» жобасы аясында 584 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант жеңіп алған. Оған дейін ағасы Саламаттың қасында жүріп, авто­көлік орын­дықтарына арналған қаптар тігумен айналысады. Бір күні Eva кілемшелерге деген сұра­ныс артып жатқанын аңғарып, оны да тігіп сатуды ойлайды. Содан  «Ата­мекен» кәсіпкерлер палата­сына бизнес-жоспарын ұсынып, сәтті қорғап шығады.
– Алғашқыда кәсіпті дөңге­летіп әкету қиынға соқты. «Бас­тау биз­нес» жобасымен ұтып алған қар­жыма 10 дана Eva парағы мен тігін машинасын  сатып алдым. Содан алғашқы өнімі­міз шыққанда әлеу­меттік желі арқы­лы жарнамасын жаса­дық. Бір-бірі­нен естіп тұтыну­шылар келе бастады. Қазір шүкір, күніне кем дегенде 2-3 тапсырыс келіп түседі, – дейді Шарапат. Кәсіпкер қазір өнімдерін аудан орталығындағы «Барыс» базарына апарып сатады.  Небәрі 24 жасында кәсіптің көзін тапқан азамат: «Табысқа кене­лудің  құпиясы – тәуекел мен сапалы өнім шығару. Әрбір көлік иесі темір тұлпары үшін жақсы дүниені алғысы келеді. Біз осы үдеден шығу үшін басты орынға сапаны қоямыз. Еvа мате­риалы­нан жасалған кілемшелер көлік ішін кір мен ылғалдан жақсы қорғайды. Шаң көтермейді әрі өте жеңіл бол­ған­дықтан, жуу оңай. Шикізат Ресей мемле­кетінен  жеткізіледі. Әзірге ол жағынан қиындық туып тұрған жоқ. Жақында  авто­көлік­терге төсеніштер ғана емес, үйге де Еva кілемшелерін тігуді баста­дық. Мәселен, күні кеше Қордай ауда­нын­дағы балабақша­лар­дың бірінен тапсырыс түсіп, баспал­даққа төсей­тін Еvа төсеніштерін тігіп бердік. «Балалардың аяғы таймай, баспал­дақпен түсіп-шығу қауіпсіз бола түсті»  деп тапсырыс берушілер дән риза болып отыр», – дейді жас кә­сіпкер.
Әрине,  Шарапат Ережеп­ұлын­дай азаматтардың тірлігі көпке үлгі. Ол өз кәсібін ашамын дегендерге  мем­лекет тарапынан аз қолдау көр­сетіліп жатпағанын айтады. Тек қана ниет қажет. Кәсіпкердің сөзі орын­сыз дей алмаспыз. Себебі көршілес Қытай мемлекетінде бизнесті қол­дауға жылына бір-ақ рет мемлекеттік бағдарлама қарала­ды екен. Осы мүмкіндікті мүлт жібермеу үшін жастар жан­таласатын көрінеді. Ал бізде кәсіптің қай түрін ашамын десең де, мемлекеттік қол­дау да, жоба да жетерлік. Тек тірлік­тің тетігін тауып, тәуекелге бара білсең бол­ғаны...

Жамбыл облысы