Қазір ақпарат құралдары жаңа цифрлық технологияларға көшіп жатыр. Бұрынғы дәстүрлі тәсілдерден бөлек, әлеуметтік желілер мен мобильді қосымшалар арқылы жедел ақпарат тарату басымдыққа ие болды. Сондықтан ақпарат қызметкерлері жаңа технологиялардың тетіктерін де меңгеруге кірісті.
Телеарналар, газет-журналдар, сайттар жаңа әлеуметтік медиа арқылы да тұтынушысына жаңа қызметтер ұсына бастады. Көрермен және оқырманмен онлайн қатынас, кері байланыс орнату нәтижесінде тікелей сұрақ-жауап, пікір алмасу жолға қойылған. Осы жаңа мүмкіндіктерді игеру үшін цифрлық технологияларды меңгерген журналист мамандарға деген сұраныс арта түсті.
Жаңа цифрлық журналистиканың заманы туды. Бұл сала жасанды интеллектті жетілдіру арқылы ақпарат құралдарын технологиялық жағынан жоғары деңгейге көтере алады. Ол үшін журналистің жұмысы мен сапасын арттыруға цифрлы жүйе қосымша көмекке келеді. Жасанды интеллект жинақталған мол ақпаратты сараптауға, зерделеуге тез қол ұшын береді. Оны журналистік зерттеу жүргізгенде тиімді пайдалануға болады.
Келешекте әр тілшінің робот көмекшісі де пайда болуы мүмкін. Ол түсірілген видеоны монтаждауға, сапасын тексеруге, мәтінді редакциялауға, ақпараттарды іріктеуге, тіпті қосымша түсірілімдер жасауға көмектесе алады. Тілшілер бұрындары қойын дәптерді алмастыратын компьютер мен ноутбукты армандаса, келешек журналистердің жанында түсірілім кезінде робот көмекші мен робот оператор да жүруі ғажап емес. Бұның барлығы қарыштап дамып жатқан цифрлы технология арқасында жүзеге асады.
Қазірдің өзінде елімізде телестудиялық хабарларды роботтар түсіретін жүйе іске қосыла бастады. Соңғы жылдары жалған ақпараттар ағынына тосқауыл қою қиындық туғызуда. Мұндай мәліметтер әсіресе әлеуметтік желілерде жиі жарияланады. Жасанды интеллект бұл істе де көмекке келіп, ақпараттардың рас немесе жалған екендігін тексеріп бере алады. Осылайша, алдағы уақытта журналистика мен цифрлы технология тығыз қарым-қатынаста дами түспек.