Соңғы айларда елдің әр жеріндегі кәсіпорындарда болған адам өлімі жайлы көп естідік. Шілденің басында тағы жазатайым оқиға болды. Елдегі ең ірі мұнай кеніштерінің бірі Теңізде 6 шілдеде жарылыс болып, екі жұмысшы қаза тапты. Үш адам ауруханаға түсті. Жыл сайынғы ескертулерге қарамастан компаниялар өндірістегі қауіпсіздік мәселесіне көңіл бөлер емес. Бұл жолы жұмыс беруші де, жұмысшылар да қауіпсіздікті елемейтінін аңғарғандаймыз. Екі түрлі дерек, елеусіз еңбек 2021 жылғы дерек бойынша, Қазақстанда 6,7 млн адам жұмыс істейтін 340 мыңнан астам кәсіпорын бар. Ондағы жұмыскерлердің еңбек құқықтарының сақталуын бақылауды 246 мемлекеттік еңбек инспекторы жүзеге асырады. Жұмыстары нәтижесіз емес. Инспекторлар былтыр 5 130 тексеру жүргізіп, 11 мыңға жуық заңбұзушылықты анықтапты. Жүргізілген жұмыс қорытындысы бойынша жұмыс берушілерге 3 371 ұйғарым беріліп, 278,2 млн теңге сомасында 1,3 мың айыппұл салынған. Алайда анықталған заңсыздықтан анықталмағаны көп секілді. Оған жыл сайын өндірісте қаза табатындардың саны дәлел. Мысалы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің дерегіне сенсек, 2021 жылы Қазақстанда өндірістегі жазатайым оқиғалардың кесірінен 1 465 қызметкер зардап шеккен, олардың 200-і қаза тапты. Көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда, 2,5 пайызға ғана азайған екен. Әсіресе мұндай жағдай алпауыт «АрселорМиттал» орналасқан Қарағанды облысында көп болады (238 адам зардап шекті). Одан кейін Шығыс Қазақстан (204 адам), Қостанай (122 адам), Павлодар (114 адам), Ақтөбе (107 адам) облысы мен Алматы қаласы (107 адам) тұр. Бір қызығы, жауапты ведомстволардың дерегі біркелкі емес. Ұлттық статистика бюросы мүлде басқа сандарды алға тартқан. Бюро осы жылы кәсіпорындардағы адам өлімі саны бірден 6 пайызға көтерілгенін мәлімдеді. Еңбек жағдайларына байланысты жазатайым оқиғалардан зардап шеккендер, оның ішінде соңы қайғылы оқиғамен аяқталған істер көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 4,9 пайызға өсіп, 2133 адамға жеткен. Өңірлік бөліністе мұндай оқиғалар Қарағанды облысында (537 адам), Шығыс Қазақстан облысында (320 адам) және Нұр-Сұлтан қаласында (161 адам) көп тіркелген. Міне, деректердің әртүрлі болуы күмән ұялатып, «шынында зардап шеккендер саны әлдеқайда көп болар» деген ойға қалдырады. Бірақ түйткілдің төркіні сол баяғы өндірістік қауіпсіздікке назар аудармаудан шығып отыр. Кәсіпорындардың салғырт саясаты Қазақстанда 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы қабылданған еді. Оның негізінде 2030 жылға қарай зиянды және басқа да қолайсыз еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлер санын 15 пайызға дейін төмендету, өндірістегі жазатайым оқиғалар салдарынан зардап шеккендер санын азайтып, еңбек заңнамасының сақталуын тексеру нәтижелері бойынша анықталған заңбұзушылықтардың жалпы санын 15 пайызға дейін төмендету жоспарланған. Бірақ жоспар іске аспайтын сыңайда. Себебі кәсіпорындарға жауапты компаниялар өндірістік қауіпсіздік саласына салғырт қарайды. Мәселен, таяуда мәселені зерттеген Ranking порталы шетелдік гиганттар да, отандық компаниялар да еңбек қауіпсіздігін елемейтінін жеткізді.
«Егер шетелдік корпорациялардың кәсіпорындарында қайғылы жағдайлар мезгіл сайын бола берсе, шетелдік иелер өндірістегі қауіпсіздікке ақша салуға асықпайды. Ал біздің отандық кәсіпорындардағы осындай қайғылы жағдайлар одан да көп сұрақ туғызады. Мысалы, 15 маусымға қараған түнде мұнай-газ кен орнындағы өрт кезінде Маңғыстау облысындағы ірі мұнай-газ кәсіпорны, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ еншілес компаниясы – «Өзенмұнайгаз» ұңғымаларды жөндеу компаниясының жұмысшысы қаза тапты. «ҚазМұнайГаздың» ірі акционері – «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры. Жұмысшылар еңбек шарттарына қатысты бұған дейін де талай шағымданған. Әзірге өрт себептері анықталып жатыр. Қайтыс болған азаматтың әріптестері өз нұсқаларын айтады. Олардың сөзінше, кәсіпорында қауіпсіздік шаралары баяғыдан сақталмаған, ал техникалар әбден ескірген», – деп жазды.Демек, еңбек қауіпсіздігі мәселесінде тек жұмысшыларды сөге бермей, компания басшыларына жауапкершілік жүктеген абзал. Бәлкім, мемлекет ендігі жерде жұмыс берушілерге қатысты жазаны күшейткені жөн шығар. Ал қазіргі заң жұмыс берушілерге нені міндеттейді? Қызметкер жазатайым қаза болғанда жұмыс беруші ұйымдар да заң бойынша оңай құтылатындай. «Құқық қорғау қызметi туралы» заңның 66-бабында «Қызметкер қызметтiк міндеттерін атқару кезiнде не орындалуы міндетті қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде алған жарақат салдарынан қаза тапқан жағдайда асырауындағы адамдар мен мұрагерлерiне оның соңғы атқарған лауазымы бойынша 60 айлық ақшалай бiржолғы өтемақы төленеді» делінген. Тек өтемақымен құтылады. Себебі оқыс оқиғалардан соң көбіне «жаттанды амалдар» жүзеге асатыны рас. Комиссия құрылып, оқиға болған жерге барып, қалай болғанын зерделеп, ескертуін айтып, жалпы алғанда салдарын шолып шығумен бітеді. Рас, кей кезде басшылар жауапқа тартылады, бірақ үлкен басшылар емес, жұмысты ұйымдастырып, басы-қасында жүретін «кіші басшылар». Олардың кәдімгі жұмысшылардан артықшылығы аз. Қылмыстық кодекстің 156-бабында (Еңбек қорғау қағидаларын бұзу) Абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет үшін жауапты басшылардың бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiн айырылып, бес жылға дейін бас бостандығы шектелетіні жазылған. Ал осы баптың төртінші тармағында өндірісте 2 не одан да көп адам қайтыс болатын болса, жауапты басшылардың 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылатыны көрсетілген. Дегенмен бұл бап бойынша соңғы жылдары қанша жауапты қызметкер жазаға тартылғаны жайлы деректер жоқ. Әйтеуір, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті еңбек талаптарының бұзылуы бойынша 56 тұлға қызметінен босатылып, 127 қылмыстық іс қозғалғанын жария еткен. [caption id="attachment_205317" align="alignright" width="1304"]