«Жұрт үйде отырып коронавирусты үш-төрт антибиотик пен дәрумендердің, иммуносупрессорлардың күшімен «емдеуді» жалғастыра беретін болса, нағыз сұмдықтың басталарын ұқтық. Халықтық медицинаның да небір амалдары WhatsApp чаттарда кеңінен тарады. Вакцина шыққанда кейбір дәрігерлер тіпті екпенің бірінші компонентін алып, содан кейін жүкті екенін білген әйелдерге аборт жасауды ұсынғанын да естідік. Адамдарды осындай қараңғылықтан құтқару керек болды», – дейді Ақмарал Тұрсынова.Екпенің маңызын елемеудің «құны» Әдетте вакцина арқылы бетін қайтаруға болатын аурулар соғыс кезінде қайта оянады. Мысалы, Конгода азаматтық соғыс өрті лаулап тұрған шақта маймыл шешегі тарады. Украинадағы әскери қақтығыстың кесірінен бүгінде бұл елде полиомелитке шалдығу фактілері жиіледі. Medsupportkz заңгері мұндай құбылысты халықтың соғыс жағдайында медициналық мекемелерге аяғы жетпей, екпе ала алмағанымен байланыстырады.
«Өкініштісі, Қазақстанда ешқандай соғыс болмаса да, 2019 жылы біз әлем бойынша қызылшаның эпицентріне айналдық. Бұл кезде 13 мыңнан астам адам қызылшамен ауырды, олардың 70 пайызы балалар еді, 19-ы көз жұмды. Науқастанған балалардың 30 пайызы – медициналық қарсы көрсеткіштеріне (медотвод) байланысты екпе алмағандар. Бірақ мұндай көрсеткіштер көбіне біліксіз дәрігерлер тарапынан тағайындалады. Ал 20 пайызы ата-аналардың екпеден бас тартуына байланысты ауруға шалдыққан», – дейді ол.Қызылшаның қауіптілігі сонда – бұл айлакер вирус біздің иммундық жүйемізге бұрыннан таныс болған инфекциялардың бәрін бірнеше айға ұмыттырып жібереді. Сондықтан балалар көбіне қызылшадан емес, басқа инфекциялардан қатты зардап шегеді. Сәбиге қызылшадан соң барлық алдыңғы екпелерді қайта салғызу қажеттілігі туындайды. Дәрігерлерге «тіс» керек
«Адамдар өздігінен тексерілмейді. Жасы келген кісілер түгелдей жыл сайын қант диабетіне тест тапсырмайды. Жастар скринингтен өтпейді. Оны тек Алматы немесе елордада тұратын жандар ғана жасауы мүмкін. Бірақ ол – Қазақстанның көрсеткіші емес. Қазақстанның көрсеткіші бұл екі қаламен емес, шалғайда жатқан ауылдармен өлшенеді. Кейбір ауылдарда әлі таза ауызсу жоқ кезде біз медициналық сауаттылық туралы әңгіме қозғай да алмаймыз», – дейді заңгер.Халықтың медициналық сауатсыздығы кесірінен балалар да зардап шегеді. Бізде баласына вакцина салдырмай немесе госпитализациялауға қарсы шығатын, осылайша жеке немесе діни сенімдерімен олардың денсаулығына қауіп төндіретін ата-аналарға мемлекет немесе дәрігерлер еш шара қолдана алмайды.
«Дәрігердің айтқан кеңестеріне дұрыс құлақ аспай, бірақ соңында баласына әлдене болса, дәрігерлерді айыптайды, тіпті сотқа да береді. Біздегі дәрігерлер тісі жоқ ит сияқты. Ондай жауапсыз ата-аналарға қарсы дәрігер ештеңе істей алмайды. Дәрігерлерге тіс керек», – дейді Ақмарал Тұрсынова.Швеция бізге нені дәлелдеді? Сарапшылардың болжамынша, коронавирус күзде қайта күшеюі мүмкін.
«Одан бізді ұжымдық иммунитет құтқара алады. Егер біз уақытылы екпе салдырып, ревакцинациядан да өтіп, өзімізді қорғауға күш салсақ, ауруханада бір апаның орнын алмаймыз. Вирусты жасы келген және созылмалы аурулары бар кісілер тез жұқтырады», – дейді заңгер.Неліктен «екпе салдырғанша вируспен ауырып шыққаным жақсы» деген логика дұрыс емес? Оны осы позицияны ұстанған Швецияның мысалында анық көруге болады. Өзге еуропалық елдер адамдардың топтасып жиналуын шектеп, бетпердемен жүруді міндеттеп, қатаң тыйымдар енгізген уақытта бұл ел халықтың ауырып шығып, табиғи түрде иммунитет қалыптастыруын дұрыс деп санаған болатын. Алайда 2020 жылы 67 елдегі өлім көрсеткішін зерттеген италиялық ғалымдар Солтүстік Еуропадағы мемлекеттердің ішінде шектен тыс өлім көрсеткіші Швецияға тиесілі екенін анықтады.
«Біздің елде 400 мыңнан аса адам қант диабетімен, 800 мыңнан астам адам өкпенің созылмалы обструктивті ауруымен ауырады. «Вакцина салдырмай, одан да ауырып шығайық» деген қате түсінік қаншама адамға қауіпті екенін осыдан-ақ есептей беріңіз», – дейді Medsupportkz волонтері.Антиваксерлердің артында кім тұр? Ал антиваксерлермен қалай күрескен жөн? Ақмарал Тұрсынова бұл қозғалыстың артында фармацевтикалық қол тұрғанын айтады.
«20 мың теңге тұратын вакцина бюджеттегі 1 млн теңгені үнемдейді. Мәселен, сіз коронавирусқа шалдығып, ауруханада өкпені жасанды желдету аппаратын қолданатын болсаңыз, мемлекет сізге күніне 120 мың, ал 10 күнде 1 млн 200 мың теңге жұмсайды. Ал ӨЖЖ аппараттарын сатумен айналысатын фармацевтикалық компанияларға өз тауарларын өткізу керек», – дейді Ақмарал Тұрсынова.«Вакцина аутизмді тудырады» деген фейктің де таралуына Эндрю Уейфилд есімді дәрігердің 1998 жылғы жалған зерттеуі әсер еткен. Бірақ екпе мен аутизмнің арасында еш байланыс жоқ екенін кейін бірнеше ауқымды зерттеу дәлелдеген. Мәселен, Данияда 3 млн сәбиді екі топқа бөліп, 10 жыл бойы зерттегенде вакцина алған сәбилер мен вакцина алмаған сәбилер арасындағы аутизмге шалдығу көрсеткіші бірдей болған. Кейінірек Нидерланд, Финляндияда жасалған зерттеулер де осыған ұқсас нәтижені берген.
«Кейбір біліксіз дәрігерлер вакцинаны кінәлай салуы мүмкін. Өйткені әйелге «Сіз жүктілікті жоспарладыңыз ба? Жүкті болардан бұрын кемінде үш ай бойы фолий қышқылын іштіңіз бе? Жүкті кезіңізде уақытылы скринингтерден өттіңіз бе?» деп сұрағаннан гөрі екпені кінәлай салу оңайырақ», – дейді волонтер.Нобель иегеріне де нанбаңыз «Вакцинаның сыналып, салдары толықтай анықталуына ондаған жыл керек, сол себепті COVID-19-ға қарсы екпенің қауіпсіздігіне әлі онша сеніңкіремеймін» дейтін жандар да бар. Олардың мұндай қорқынышы орынды шығар. Өйткені шынымен де бұрын басқа ауруларға қарсы вакциналардың тиімділігі ұзақ жылдар бойы зерттелетін-ді.
«Бірақ ғалымдардың 1950 жылдардан бастап вакцина туралы егжей-тегжейлі жүргізіп келе жатқан зерттеулері уақыт өте келе тиімді жолды тезірек таңдауға мүмкіндік берді. Бұрын адамзатқа бір вакцина жасауға 50-60 жыл уақыт кетсе, ендігі уақытта ғалымдар қандай жолдың ең дұрыс екенін біледі. Қазір вакцина жасаудың инактивтендірілген, векторлық және басқа да технологиялары бар. Ғалымдар қабықтың ішінде тұрған вирусты ғана өзгерте салады, яғни оған көп уақыт керек емес», – дейді Ақмарал Тұрсынова.Бұдан өзге, волонтер медициналық ақпаратты алуда сыни ойлау қабілетінің аса қажет екенін айтты.
«Суық тигенде С дәруменін ішу керек» деген жалған тұжырымды фармацевтикалық компаниядан ақша алған, Нобель сыйлығын иеленген химик айтқан. Оның жалғандығын кейін зерттеулерде талай рет дәлелденді. Мінеки, тіпті алдыңызда Нобель сыйлығы иегерінің аты жазылып тұрса да, ақпаратты бірнеше қайтара, басқа дереккөздермен тексеру керек. Әлеуметтік желілерде әртүрлі ауруға қатысты небір фейк ақпарат таралады. Ондайда ақпаратты ерінбей тым болмаса Google Translate арқылы аударып, басқа жерлерде шықты ма, жоқ па – соны тексеріп алыңыз. Әлгі ақпарат бір-біріне қатысы жоқ сенімді БАҚ-тарда жарияланғанда ғана сенуге болады», – деп қорытындылады сөзін Ақмарал Тұрсынова.
Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ