Петропавл қаласында «Нұрлы жер» коммуналдық-тұрғын үй шаруашылығын дамыту бағдарламасы бойынша жөнделе бастаған үйлердің шатырындағы жұмыс аяқсыз қалды. Төбесінен су ағып, пәтерін сыз басқан тұрғындар қайда шағымданарын білмей дал.
«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыс орталығындағы бірнеше үйдің төбесін жөндеуге былтырғы жылдың соңында конкурс жарияланған екен. Петропавл қаласының қақ ортасында орналасқан екі үйдің төбесін жөндеу көкшетаулық «Нұрсейітов» жеке кәсіпкерлігіне бұйырыпты. Жөндеу жұмыстарына олар қаңтар айында кіріскен. 20 сәуірге дейін төбелерді жөндеп бітіруі тиіс болатын. Бірақ мерзім сақталмай, 20 шілдеге дейін ұзартылған. Енді бұл мерзім де таяп қалды, төбе әлі жөнделіп бітер емес.
Көктем шығысымен қар еріген кезде, жаздың жауынды-шашынды күндерінде төбесінен су сорғалаған тұрғындар әбден қажыған. Бұған дейін де төбеден су аққанымен, дәл қазіргідей шелектеп сауламайтын дейді олар. «Бұрын су аққан жерлерге шелек, шара қойып, суды жинап алатынбыз. Қазір қабырғалардың бойымен де, төбенің жалпы аумағымен де, балконға да сіңіп алған су кетіп жатыр. Үйімізді сыз басып, әбден ығыр қылды. Қайда барып шағымданарымызды білмейміз», – дейді Кәрім Сүтішев көшесіндегі 18-үйдің тұрғыны Ольга Ганушевич.
Оның пәтері 5, яғни соңғы қабатта орналасқан. Салынғанынан бері 40 жылдай уақыт өткен 105 пәтерлі үйдің соңғы қабатындағы пәтерлердің барлығы дерлік бұған дейін төбелерінен су аққандықтан, жөндеу басталғанда қатты қуаныпты. Бірақ көп кешікпей, қуаныштары су сепкендей басылды.
Тұрғындардың айтуынша, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі «Нұрлы жер» бағдарламасының операторы қалалық тұрғын үй қызметіне, ал оператор мердігерге сілтейтін көрінеді.
«Бұл – шешілмейтін мәселе, өйткені оны шешуге ешкім де құлықсыз. Кімге шағымданарымызды білмейміз», – дейді тұрғын Андрей Подлобко.
«ҚАРЖЫ УАҚЫТЫЛЫ БӨЛІНБЕГЕН»
Қазір жұмыс тоқтап тұр. Мердігер Асылбек Нұрсейітов түсіндіргеніндей, жұмыстардың кешеуілдеуіне белгіленген қаржының уақытылы бөлінбеуі себеп болған.
«Біздің де кінәміз бар. Жөндеу жұмыстарын қаңтарда емес, одан да ертерек бастау керек еді. Адами фактор қолбайлау болды. Авторлық қадағалау, техникалық қадағалау бар. Жасаған жұмыстарымыздың сапасын бір айдан артық тексерді. Олардың тарапынан жасалған ескертулер болды. Одан соң бақылау өлшемі жасалды. Өлшемді өзіміз жасаймыз деп 2 апта жүрді. Түрлі форманы, журналдарды, актілерді толтыру керек. Оларға да қойылатын талап пен мерзім бар. Соның бәрі қолды бөгеді. Ақша талап етіп бір айдан артық жүрдім. Енді ақша түсті. Құрылыс материалдарына Қарағандыдан тапсырыс бердік. Себебі жобаға енгізілген профлист Петропавлда жоқ. Жұмысты аяқтаймыз», – деп уәде берді мердігер Асылбек Нұрсейітов.
«AMANAT» партиясы облыстық филиалы партиялық бақылау жөніндегі инспекторы Рүстем Әлібеков: «Өздеріңіз құжаттарды уақытылы әрі дұрыс толтырмадыңыздар. Енді келіп бақылаушы органдарды кінәлау орынсыз», – деді.
«Нұрлы жер» бағдарламасының операторы – «Қалалық тұрғын үй қызметі» ЖШС директоры Болат Қажымұратовтың айтуынша, 105 пәтерлі бесқабатты үйдің төбесін құрылыс-құрастыру жұмыстарына 73 миллион теңге қарастырылған. Бірақ қаржыаралық қаржыландыру қағидаты бойынша, яғни атқарылған жұмыс көлеміне қарай бөлінеді.
«Келісімшарт жасалған кезде барлық соманың 30 пайызы бірден төленеді. Осы күнге дейін 53 миллион теңге төленді. Бұл сомаға акт жасалып, жұмыс қабылданды. Қалғаны – 20 миллион теңге шамасында. Сәйкесінше, қалған жұмыс көлемі де онша көп емес: суағарлар, кіреберіс, жертөледегі жөндеу жұмыстары бар. Аралық жұмыстардың актісін қабылдау шаруасына біздің қатысымыз жоқ. Біз бұл жұмысқа араласпаймыз. Төрт тарап, яғни тапсырыс беруші, мердігер, техникалық қадағалау және авторлық қадағалау актіге қол қойған соң ғана біз қаржыны аударамыз. Әрине, ұзаққа созылғаны рас», – дейді директор Болат Қажымұратов.
«ЖҰМЫС САПАСЫ МӘЗ ЕМЕС»
Тұрғындар болса, жұмыс сапасыз жасалған, техникалық қадағалау сол себепті оны қабылдамаған деген пікірде. «Тұрғындар наразы. Техникалық қадағалау мердігердің сапасыз жұмысы үшін кінәні ертең өз мойнына ала алмайды. Сондықтан қол қоймайды. Ақша төленгеннен кейін кеш болады. Дүкеннен сапасыз нан алып жеп қойсақ та, келесі күні барып ақшасын талап ете алмаймыз ғой. Бұл жерде де солай», – дейді үй тұрғыны Андрей Подлобко.
«Техникалық қадағалау о баста қайда болды? Мен өз пәтерімнің төбесін үш рет жөндедім. Су ақпайтын. Құрылысшылар өз ағаштарын орнату үшін ойықтар жасады. Енді су ағып жатыр. Барлық пәтердегі жағдай осындай. Жаңбыр жауғанға дейін оны жедел жабу керек еді. Ертең құрылысшылар кеткен соң қабырғаның сылағы мен кірпіші түсе бастайды. Суағарлар жасадық дейді, бірақ онымен су ақпайды. Балкондарды сыз басты», – дейді жарыса сөйлеген тұрғындар Али Искендиров пен Мұхтар Аяғанов. Шынымен де, бесінші қабаттан бірінші қабатқа дейін балкондардың сыз екені көзге ұрып тұр.
Мұны мердігер алдымен төбе, содан кейін ғана суағарлар жөнделеді әрі форсмажор болуы мүмкін деп түсіндірді.
Тұрғындар құрылыс материалдары жаңбырдың астында қараусыз жатқанын, 2-3 құрылысшыдан басқа адам жұмыс істемегенін айтады. Ырғалып-жырғалып сағат ондар шамасында жұмысқа келіп жүрген олардың өзі бір айдан бері жоқ. Мердігер мұны жоққа шығарып әлек. Оған сенсек, 15-20 адам жұмыс істеген. Олардың барлығы – көкшетаулықтар, Петропавлда пәтер жалдап тұрады екен.
Осы үйге қызмет көрсететін «Полет» тұтынушы кооперативінің төрайымы Елена Кустова 20 шілдеге дейін жұмыс аяқталмаса, келісімшартқа сәйкес айыппұл санкцияларын қолданатынын айтты. Яғни, кешеуілдетілген әр күн үшін мердігер компания тұрғындарға аяқталмаған жұмыс сомасынан 0,1 пайыз өсімпұл төлейді.
«Ал сапасыз орындалған жұмыстарын қайтадан жасасын. Бәрін жөндегенше қабылдау актісіне қол қоймаймыз. Себебі ертең мен жауап беремін. Ақшаны қайдан алса да бізге бәрібір, бізге тек сапалы жөнделген төбе керек. Жарты жыл бойы жанартаудың үстінде отырған сияқтымыз. Мамыр айында төбеде шалшық су пайда болғанда мердігерге қанша хабарлассақ та, шырпы басын сындырған жоқ. Жарты жыл бойы бір төбені жөндеу ақылға сыйымсыз», – деді кооператив төрайымы Елена Михайловна.
Төбені жөндеуге бөлінген қаржыны кейін тұрғындар 15 жыл бойы өздері бөліп төлейді. Төлемақы мөлшері әр пәтердің аумағына байланысты – әр шаршы метріне 70 теңгеден.
МЕРДІГЕРГЕ СЕНІМ ЖОҚ
Қазақстан Конституциясы көшесінің бойындағы 5-үйдің төбесіне қатысты қиындық тіпті шаш етектен. Бұл үйдің төбесіне 80 миллион теңге қарастырылған. Мұндағы тұрғындардың басым бөлігі о бастан жөндеу жұмыстарына қарсы болыпты. Болат Қанатұлының айтуынша, олар мердігерге түрлі жолмен бөгет жасап, төбеге шығармаған, тіпті полиция қызметкерлерін шақыруға тура келіпті. Кейін хаттамаға жалған қол қойылды деген дау ушықты.
«Содан кейін осы үйге қызмет көрсететін «Евродом» басқарушы компаниясы қайтадан жиналыс өткізіп, тұрғындардың қолын жинап, қайтадан хаттама ұсынды. Оған сәйкес тұрғындардың 2/3 бөлігі қарсы емес екені белгілі болды. Содан кейін ғана мердігер жұмысқа кірісті. Кейін белгілі болғанындай, бұл үйдің қабырғасында жарықшақ бар екен. Төбені ары қарай жөндеу үшін алдымен сол ақаулықты жою керек. Ол үшін үйдің сыртынан да, пәтердің ішінен де қабырғаны нығайту керек деген техникалық қорытынды бар. Оған пәтер иелері рұқсат бермей отыр. Онсыз шатырды жөндеуге тыйым салынған. Осындай қиындық туындап тұр», – деп түсіндірді Болат Қажымұратов.
Тұрғындардың айтуынша, төрт айда тәмамдалуы тиіс жұмысты кешеуілдетіп жатқан мердігерге сенім жоқ. Олар пәтердің ішінен жөндеу жұмыстарына рұқсат берсе, оның айлап-жылдап бітпейтініне сенімді. Тіпті, бәрін жайратып тастап, жоқ болып кете ме деген қауіп те жоқ емес.
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміндегілер тұрғындар сотқа жүгіне алады деп отыр.
Тұрғындармен кездескен «AMANAT» партиясынан сайланған Петропавл қалалық мәслихатының депутаттары Лаура Қайыржанова мен Рашбиль Евдаев, партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Ольга Свинухова мен партиялық бақылау жөніндегі инспекторы Рүстем Әлібеков жұмыс кестесін жасап, оны қатаң қадағалау керек деген ұсыныс айтты әрі бұл нысанды бақылауға алатын болды.
Петропавл қаласы бойынша биыл 16 үйдің төбесі жөнделуі тиіс. Бірақ «Нұрлы жер» бағдарламасынан зәрезап болған басқа тұрғындар енді жөндеу жұмыстарына келісе қояр ма екен?