Түркістан облысы Ордабасы ауданы Аққойлы ауылында орналасқан Ишан Базар мешіті – ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында салынған тарихи ескерткіш. Оның «Аққойлы мешіт-медресесі» деген де атауы бар. Оған себеп те жоқ емес. Аққойлы руының молдасы Мәдіқара Егембердіұлының бастамасымен қалың ел қолдау білдіріп, қаржы жинайды. Оған Сайрамнан қыш күйдіретін ұста мен Бұқарадан төрт шебер алдыртып, мешіт құрылысын бастайды.
Ишан базары өңір тұрғындары көп жиналатын сауда орталығы болған. Ал Аққойлы мешіті Ишан базарының дәл жанынан тұрғызылған, сол себепті мешіттің іші-сырты адамнан босамаған. Ишан базарына алыс-жақын елдерден саудагерлер келіп кететіндіктен, Аққойлы мешіт-медресесінің де аты ұзаққа кетіп, Орталық Азия мұсылмандарына белгілі болады. Мұнда оңтүстік өлкесінен ғана емес, Қазақстанның түкпір-түкпірінен, тіпті Қырғыз Республикасының Ош өңірінен де шәкірттер келіп, оқып білім алады. Медреседен көптеген қари шыққан. Сондай-ақ Аққойлы ғимараты мешіт қызметін де қоса атқарып, күнделікті бес уақыт намаз бен жұма намаз және Арыс өңірі халқының Ораза айт пен Құрбан айт намазы оқылатын рухани орталығына айналады.
Қиын замандарда да қирамаған
Міне, бүгінде мемлекет қорғауындағы тарих және сәулет ескерткіші сырттан қарағанда мешіт ортасындағы биік күмбезі мен қос қанатындағы екі қатарлы кіші күмбездері ерекше көз тартады. Мешіт кіреберісіндегі үлкен залдан және кіші 13 бөлмеден тұрады. Өкінішке қарай, көпшіліктің зиярат орнына айналған қасиетті орын қазір құлаудың алдында тұр.
«Республикалық маңызы бар ескерткіш 100 тарихи нысанның қатарына кірген. Мұнда 30-ға жуық қари-шәкірт тәрбиеленген. Бүгінде мұнда олардың ұрпақтары келіп зиярат жасап тұрады. Нысанның биіктігі – 18, ені – 20 метр, ал үлкен күмбездің диаметрі – 9,5 метр жобасында. Жеке кәсіпкер жөндеу жұмыстарын жүргізгеннен кейін бұл нысан 2006-2014 жылдары еш жерде тіркелмей ауада тұрды. Ауданға барсақ, мұны ұстап тұруға шамамыз келмейді дейтін, облысқа барсақ, олар қабылдамады. 2014 жылы сол кездегі Ордабасы ауданының әкімі Самат Сапарбаевтың қолдауымен құжаттары реттеліп, облысқа аударылған. Қазір тарихи-мәдени сәулеттік ескерткіш сектор ғимараты аудан орталығындағы Қажымұқан атындағы облыстық спорт музейі қарауында. Мұнда 6 адам жұмыс істеп отырмыз. Алайда 2006 жылдан бері қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген жоқ. Салдарынан оң жақ қанаты жарылып, төбеден су ағып тұр. Кіші күмбездерін амалдап жөндеп келе жатырмыз, ал үлкеніне шамамыз келмейді», – дейді сектор меңгерушісі.Бүтін ошақтың өзі қараусыз қалған 4 күмбездегі ескі қыш пен жаңа қыштың арасы бір-бірімен қабыспай жарылып жатыр. Мұндағы қызметкерлер қара қағаз төсеп, Сауранның құмы мен ақ цементті араластырып, жылына екі мәрте 13 күмбезді сылап-сипағанымен жауыннан сақтау мүмкін болмай отырғанын өкінішпен жеткізді. Облысқа, министрлікке де бірнеше мәрте хат жолдапты. Жыл сайын келесі жылы деген желеумен нақты ресми жауап келмеген.
«Тарихи ескерткіштерімізді түгендей алмай жатқанда киелі орынның жойылып бара жатқаны жанымызға батады», – дейді ауыл тұрғындары. Ауыл қариясы Исақ Садуардин ақсақал: «Мешітіміздің 80 пайызы қирап қалғанда Өзбекәлі Жәнібековтің қолдауымен қайта тұрғызылған еді. Өкінішке қарай, 16 жылдан бері жөндеу көрмеген тарихи ескерткіш опырылудың алдында тұр. Теңдесі жоқ ескерткішті жойып алсақ, қайта қалпына келтіре алмаймыз. Басшыларға айтылып-ақ жатыр, ешқандай жауап жоқ. Мұндай жәдігерлер ауылдың ғана емес, еліміздің мақтанышы болуы тиіс», – дейді қария.Мешіт-медресе жанынан жақында осы мешіттің қышын күйдірген бүтін ошақ табылыпты. Көнекөз қариялардың айтуы бойынша, мешіт салар кезде қыш күйдірген 3 ошақ болған екен. Оның екеуі 1970-80 жылдары салынған асфальттың астында қалған. Ал табылған біреуінің аумағы қоршалып, төбесіне бастырма салыныпты. Әзірге ресми түрде зерттеліп, нақты қай жылдары болғаны анықталмаған. Бірақ мұнда келіп кеткен археологтар елімізде әл күнге дейін мұндай бүтін ошақтың табылмағанын, барының өзі сынықтар мен қалдықтары екенін айтқан. Негізінен, Ишан Базар мешітінде ауыл-аймақтан табылған тарихи жәдігерлер көп. Шойын қазан, қолжазбалар, тиындар мен киімдер, керамикалық және күміс заттар, арба сынды ата-бабаларымыз қолданған дүниелер сақталған. Алайда олардың көбісі әлі зерттелмеген күйі тұр.
Түркістан облысы