«Мұның ел теннисіне берері көп. Осыдан бес жыл бұрын федерация Еленаны қанатына алып, сенді. Рыбакина ел атынан ойнап бастағаннан-ақ рейтингте біраз ілгеріледі. 2020 жылдан бастап барынша жетістікке жете бастады. Содан бері оның жанкүйері көп. Әсіресе, Рыбакинаның кішкентай жанкүйерлері оны үлгі тұтады, жеңісінен мотивация алады. Мәселен, былтыр елге келгенде қаншама балаға шеберлік сағатын өткізді. Сондағы балалар қазір корттан шықпай, теннис ойнап жүр. Оған қоса, Елена 11 шілде елге келгесін тағы да балалармен жүздесуді жоспарлап жүр. Уимблдоннан алған сыйақысының бір бөлігін қайырымдылыққа жұмсайтыны тағы бар. Бір сөзбен айтқанда, Рыбакинаны таныған әлем Қазақстанды таниды. Ал Қазақстанды танығасын басқа да теннисшілерге назар аударады», – дейді теннис сарапшысы Ерік Ильясов.Дегенмен теннистің қымбат спорт түрі екенін есте ұстаған жөн. Сондықтан елімізде демеуші тарту, жастарға инвестиция салу жағына әлі де көңіл бөлген абзал. Баса айта кетерлігі, кез келген спортты дамыту жолында ақпараттық қолдаудың маңызы зор. Мәселен, еліміздегі спорт арнасы – Qazsport теннис турнирін көрсетпеді. Еленаның финалға өткенін әлеуметтік желі мен БАҚ өкілдері жарыса жазғаны рас. Осы ретте ауыл баласының да Уимблдон аурасын сезініп, матч тамашалағысы келді, білем. Ел іші мен әлем не дейді? Еленаның Уимблдон турнирі басталмай тұрып, Instagram-да 90 мың оқырманы болса, қазір жазылушылар саны 202 мыңға көбейді. Мұның өзі сан мыңдаған жанкүйердің оған сеніп, барынша қолдағанын білдірсе керек. Журналист Есенгүл Кәпқызының жазғанындай, ағылшын басылымдары Рыбакинаның жеңісі Қазақстанды әлемдік теннис картасына шығарғанын нұсқаған. Daily mail, The Guardian, BBC спорт сияқты басылымдар оның шығу тегін, карьерасын барынша таныстырып, жанкүйер сұрағына жауап табуға тырысқан. Әсіресе, отандық біраз жанкүйер әлеуметтік желіде BBC-дегі Елена туралы жазбаны бөлісіп, сүйінші сұрады. Расымен, бұл әлемдік спорт аренасындағы Қазақстанның беделін биіктетті. Айтпақшы, келер жылы Уимблдонда жеңімпазға тарту етілетін күміс табақта «Елена Рыбакина, Қазақстан» деп жазылады. Бірақ Ресей басылымдары тарапынан «біздің өнім, біздің жеңіс» дейтіндер де табылды. Әсіресе, Ресей теннис федерациясының президенті Шәміл Тарпищевтің «біздің өнім» дегені қазақ қоғамында резонанс тудырды. Көп өтпей еліміздегі теннис федерациясының вице-президенті Юрий Польский Тарпищевке ұтымды жауап берді.
«Біз жеке тұлға туралы әңгіме қозғап жатырмыз. Сондықтан «өнім» сөзін пайдалану артық болар. Не дегенмен бұл зауытта таңбаланатын зат емес. Елена Рыбакинамен бапкерлер мен федерация президентінің өзі жеке жұмыс істеді. Айта кетерлігі, Рыбакинаның өзі көп жұмыс істеді, еңбектенді. Әрине, теннисші ретінде қалыптасуына жеткіншек шақтағы ортаның бәсекеге қабілетті болуы да әсер еткенін жасырмаймыз. Бірақ осы бір тұста РТФ-ның қатысы аз», – дейді Юрий Польский.Оған қоса, журналист Ксения Собчак та отандастарын сабырға шақырып, жеңіс Еленанікі, оның ішінде Қазақстандікі екенін баса атап өткен. Сонымен, 23 жастағы Елена Рыбакина (әлемнің 23-ракеткасы) 2011 жылдан бері чемпион атанған ең жас теннисші атанды. Осыған дейін Серена Уильямс, Симона Халеп, Онс Жаберді жеңді. Одан да жарқын жеңістері алда. Бастысы, қоржында кез келген теннисшіге бұйырмайтын Уимблдон бар. Елімізде оның артынан еріп, ізін жалғар жастар бар. BBC-дің жазғанындай, бір күні Еленаның корттағы қатты қуанған сәтін көрерміз. Өзі айтпақшы, жалғыз қалғанда тоқтамай жылайтын болар. Әзірге ол да, теннис әлемі де таңданысын жасыра алмай тұр...
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ