Жақында елорда маңында өткен әскери жаттығу кезінде кіші сержант Дархан Мәлік оққа ұшты. Әскерилердің айтуынша, «Кіші Майлан» деп аталатын оқу-жаттығу алаңында «Айбын» президенттік полкінің келісімшартпен жүрген кіші сержантына қаруласы байқаусызда оқ атқан. Алайда оқыс оқиғада көз жұмған 21 жастағы әскеридің жақындары бұл уәжге сенгісі жоқ. Себебі марқұмның қазасын жауаптылар әртүрлі жеткізген.
Жақынынан айырылып, қайғыдан қан жұтқан Мәліковтер отбасы мақтаулы деген Президент полкінде мүлтіксіз қызмет атқарып жүрген ұлдары сол түні кезекшілікке кеткенін айтып отыр. Ал ертесі таңертең 21 жастағы жігіттің қаза болғаны туралы суық хабар жетіпті. Марқұмның туысы Айзада Сейдахметованың сөзінше, қаралы хабарды жеткізген әскерилер «асханада отырғанда оқ тиіп, өзіне атылып кетті» деген. «Туысымыздың үйіне қызметінен адамдар келіп жатыр деген соң біз «кетпесін, тілдесейік, сөйлесейік, бізге не айтады екен» дедік. Асханада отырған уақытта Дарханның мылтығында оқ болмайды. Бос болады. Ойнап отырған. Ал қарсыласында оқ болады, ол байқамай қалады. Атқан уақытта бірден басына тиген», – дейді. Дегенмен туыстары ажалдың серігінен келгеніне күмән келтіреді. Себебі командирлердің жауабы сәт сайын өзгеріпті. «Маған айтқан ақпараты әртүрлі болып тұр. Таңертең «Өзінің автоматы атылып кетті» деп айтты. Бір сағат өткен соң хабарлассам «Жолдас жігіттің автоматы асхананың ішінде атылды» дейді. Енді сүйекті алып келе жатқан офицерлер «Қоқыс төгуге шыққан. Сол жерде екеуі бір-бірімен ойнаған, сонда оқ тиген» деп отыр», – дейді марқұмның әкесі.
Қауіпсіздік ережесі сақталмаған
0112 әскери бөлімі айрықша мақсаттағы күштер қолбасшысының орынбасары Ерлан Жарқынбаев бұл жазатайым оқиға екенін алға тартады. Оның айтуынша, әскерилер қарапайым ғана қауіпсіздік ережесін сақтамаған. Қазір әскери қызметкердің өліміне қатысты тергеу басталды. Әзірге бар ақпарат осы. Ал «Дарханды жазатайым атып алдым» деген серігін әскери полиция бірден тергеп жатыр. Қаруластарының айтуынша, күдіктінің өзі де марқұммен бірге әскери сапқа келген досы және осы уақытқа дейін артық мінезі де байқалмаған.
Түнгі кезегінің бітуіне жарты тәулік қалғанда өмірімен қоштасқан сержанттың артында әйелі, төрт бауыры мен ата-анасы аңырап қалды. Айдың-күннің аманында атпал азаматынан айырылған туған-туысқандары әскери бөлім басшыларының әрекетіне күдікпен қарайды. «Автоматты асханаға алып кіретіндей әскерге алғаш келіп тұрған жоқ қой», – дейді марқұмның әпкесі Раушан Акишева. Оның үстіне, оқиғаның дәл солай болғанын айғақтайтын нақты дәлел де жоқ. Себебі асхана дегені – палатка. Ал ол жерде камера орнатылмаған. 0112 әскери бөлімі айрықша мақсаттағы күштер қолбасшысының орынбасары Ерлан Жарқынбаев марқұмға автомат емес, тапаншадан оқ атылғанын айтып отыр. Автоматты әскерилер қоймаға тапсырып кетсе, тапаншаны түнгі кезекшіліктің соңына дейін өздерімен бірге алып жүреді екен.
Абайсызда ажал құшқан сержанттың туыстары оқыс оқиға болардың алдынан бір күн бұрын ғана марқұмның туыстарынан ақша сұрағанын айтады. «Осылай жылы жауып қойғысы келеді. Бірақ бізге шындық керек. Артында аңырап ата-анасы, жүкті келіншегі қалды. Екі жыл бойы қолына тапанша ұстап жүрген адамның ажалынан бір күн бұрын ақша сұрап, ертесі ойнап отырып оққа ұшты деген «ертегіге» кім сенеді?» дейді марқұмның әпкесі Айзада Сейдахметова. Кеше Айзада Сейдахметоваға қоңырау шалып, тергеу ісінің қалай өтіп жатқанын, оқыс оқиға болған жерге барғаны туралы есту үшін қоңырау шалдық. Бірақ марқұмның әпкесі полигонға туыстары да, БАҚ өкілдері сол бойы кіре алмағанын айтты. «Дәл қазір ештеңе айта алмаймыз. Бауырымызды атып алды деген қаруласының туыстары алдымыздан өтіп, кешірім сұрады. Олар да өздерінің балаларымен тілдесе алмаған. Біз секілді анық-қанығына көз жеткізе алмай отыр. Негізі, екеуі жақсы дос болған», – деп отыр.
Отан қорғайтындар оққа ұша бере ме?
Бұл әскерилер айдың-күннің аманында оққа ұшқан алғашқы оқиға емес. Бұған дейін елде осыған ұқсас бірнеше рет жазатайым жағдай тіркелген. Әскерде атылғандардың статистикасы қалай сөйлейтінін қайдам, бірақ соңғы бірер жылдағы ақпаратқа көз жүгірткеннің өзінде абайсызда о дүниеге аттанып жатқандардың көптігін байқайсың. Мәселен, екі жыл бұрын Ақмола облысы Степногорск қаласында өз қаруынан сарбаз оққа ұшқан. Ұлттық ұланның баспасөз қызметі «Марқұм өзіне қарумен оқ атқан. Оқ басына тиіп, сарбаз алған жарақатынан қайтыс болды» деген еді. Ал былтыр Жамбыл облысы Қордай ауданы Отар ауылында гвардиялық гарнизонның сарбазы жүрегіне оқ тиіп көз жұмды. Бейбіт күнде оққа ұшқан әскерилердің өлімі туралы жиі еститін болдық. Осыдан барып жауаптылардың сырғытпа жауабына күмәнмен қарайтындар көбейеді.
Өкінішке қарай, қазіргі қоғам құзырлы орындарға күдікпен қарайтын болды. Өйткені әскерден қаралы хабарды жеткізуші әскери қызметкерлер, оның ішінде командирлері мен жауапты басшылары оқиғаның қалай болғанын нақты білмейді. Бұл жағдай одан ары күмән туғызады. Онсыз да жаралы жақындарына істі тез жауып тастап, құтылғысы келіп тұрған секілді ойға алып келеді. Әскери сарапшы Ермек Сейітбатталовтың сөзінше, әскердегі оққа ұшу жағдайының жиілеуіне қару-жарақты қолданудың қауіпсіздігін сақтамау себеп. Бірақ осы салада талай жылдан бері қызмет етіп келе жатқан адамның оққа ұшуы сирек кездеседі. «Бұл оқиғада екі әскери де қару-жарақты қолдануды білген. Алайда қауіпсіздік шараларын қаперден шығарған. Бұл жерде жауапты командирдің бақылауы, нақты тәртіп орнатпауының соңы оқыс оқиғаға себеп болған секілді», – дейді Ермек Сейітбатталов.
Сенатор Нұржан Нұрсипатов та бұл айтылғанмен толық қосылады. Сөзінше, әскер өлімі болған кез келген жағдайда қауіпсіздік мәселесіне жүрдім-бардым қараған басшылар да жауапкершілікке тартылуы қажет.
«Адамнан айырылу – өте ауыр жағдай. Әскердегі әр бөлімшеде жауапты бірінші басшы болады. Ал оқу-жаттығу жүріп жатса, сол шараға жауапты адам бұйрықпен тағайындалады. Адам шығыны болғаны үшін сол жауап беруі тиіс. Себебі әскердегі қауіпсіздік жағдайы мен сарбаздардың тәртібін қадағалау – тікелей командирдің міндеті. Дегенмен қызметтік тергеудің нәтижесін білмей, кінәліні іздеу қиын. Одан кейін үнемі айтып жүрмін, әр командирдің сарбаздың ата-аналарымен мессенджерлерде ортақ чаты болуы керек. Сол жерде әрқайсысының әке-шешесімен түсіндірме жұмысын жүргізіп отырғаны жөн. Тағы бір айтарым, тергеу әділетті өтсе, Отан алдындағы борышын өтеп жүргендердің жақындарына бейбіт күнде қаралы хабарды жеткізу азаяр еді», – дейді сенатор.
«Тәртіпке бағынған құл болмайды». Бауыржан Момышұлының қанатты сөзін саптағы сарбаздар да, әскерилердің өзі де ендігі жаттап алатын уақыт болды. Әйткенмен, әскери бөлім басшыларының өздеріне де қауіпсіздікті қаперге алу үшін темірдей тәртіп жетіспей тұрған секілді көрінеді.