Алматы облысындағы экологиялық жағдайдың тым күрделілігі туралы айтылып та, жазылып та келеді. Алматы қаласы мен облыстағы елді мекендерді қоса алғанда шығатын мыңдаған тонна тұрмыстық қатты қалдық пен өндірістен шығатын күл-қоқыс облыс аумағындағы полигондарды толтырып тастаған. Заңсыз қоқыс үйінділері де көбейген. Үлкенді-кішілі өндіріс орындары да зиянды шығарындыларымен қоршаған ортаны бүлдіріп жатыр. Мезгіл-мезгіл көтеріліп, шешілетіндей болып қалатын тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеу мәселесі де сол бойы қалатынына елдің көзі де, құлағы да үйреніп кеткендей. Өндірістік шығарындыларды залалсыздандыру жайы тіптен сорақы. Шектен шыққандар жұрттың арыз-шағымын жүре тыңдап, құзырлы орындардың ескертуін қаперге де алмайтындай. Алматыға таяу орналасқан Қарасай ауданындағы Шалқар ауылының тұрғындары шарап шығаратын зауыттың шарапатын емес, кесапатын көріп отыр. Билік орындарынан қалай рұқсат алғанын ешкім білмейтін кәсіпкер ауылда спиртті сусындар шығаратын шағын зауыт ашып алған. Дайын өнімдерін өткізіп, пайда тауып отырған кәсіпорын қожайындары шарап әзірлеуден соңғы ақаба суды еш тазартпастан ауыл аумағындағы ойпаң жерге ағызады екен. Қазір соның салдарынан сасық иісі тұтас ауылды тұншықтырып отырған көлшік пайда болыпты. Сол маңнан жер телімін сатып алып, үйін тұрғызғандар мен енді баспана салып жатқандардың жанайқайы тиісті жерлерге жетер емес. Иісі қолқаны қабатын көлшіктің көлемі ұлғайып, құрылыс салып жатқандардың іргесіне жетіпті.
– 2017 жылы осы маңнан жер телімін сатып алып, құрылыс бастаған едік. Қазір салып жатқан үйіміз бітпей жатып құлап қала ма деп қорқамыз. Жақын жердегі ойпаңды жерде шарап зауытының қалдық суы жиналып, жасанды, сасық көлшік пайда болды. Кешкісін жел соққанда тіптен дем ала алмай қаламыз. Бәріміз аурушаң болып кеттік. Кәсіпорын басшылығы көз алдымызда болып жатқан келеңсіздікті мойындамайды. Ылғалдың молдығына байланысты құрылыс салуға болмайды деп өзімізге ақыл үйретеді. Әкімдіктегілер де ештеңе істей алмай отыр, – дейді Дамир Көшкенбаев.Оның көршілері де алғашқы кезде көктемде бақшалықтарды суаруға арналған судың артығы жиналып қалған шығар деп ойлаған. Кейіннен көлшік сасып, айналаны бүлдіре бастағанда шарап зауытының қалдық суы екеніне көзі жетіпті. Құрылыс жұмыстары басталғанда жетіп келген зауыт қожайындары алғашында үйлер түсетін аумақтың өздеріне тиесілі екенін айтқандарымен, оны дәлелдейтін құжаттар көрсетпепті. Ал баспана тұрғызып жатқандардың қолдарында заңды құжаттары бар. Қазір шарап зауытына қатысты мәселені Экология департаменті мен жер инспекциясындағы мамандар зерделеп, тексеруде. Жандосов ауылдық аумағы әкімдігіндегілер болашақта ол маңның барлығына үйлер түсетінін, түсінбестіктің түйінін тарқату жолдары қарастырылып жатқанын айтады. Алматы облыстық әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, экологтар шарап зауытына жоспардан тыс тексеру жүргізіпті. Тексеру барысында анықталғандай, «Шалқар-17» ЖШС-да қоршаған ортаға эмиссияға берілген рұқсат пен арақ-шарап өнімдері мен алкогольсіз сусындар өндіретін зауыт үшін қоршаған ортаға шекті көлемде шығарындылар шығаруға мүмкіндік беретін нормативтер жобасына жасалған мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысы бар болып шықты. Соған сай ЖШС аумағында кәріз суларына арналған орын жабдықталып, онда жиналған су кәріз жүйесіне жіберіледі. Бірақ мұнда шөлмектер жуатын орыннан шығатын шайынды сулар құйылмайды. Шөлмектер жуғаннан кейінгі ақаба су кәріз құбыры арқылы бір жерге жинақталған соң одан ары жеке тұрғын үйлер салуға арналған жер теліміне жіберіліп келген. Осы арқылы Экология кодексінің 120,121 және 216-бабының талаптары бұзылған. Анықталған заңсыздықтарға байланысты серіктестікке қатысты ҚР ӘҚБтК 1-бөлімінің 328-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалыпты. Сонымен бірге Экология департаментінің зертханалық-талдамалық бақылау бөлімінің мамандары судан сынама алып, оның химиялық құрамын анықтауға кірісіпті. Кәсіпорынға экологиялық заңнама талаптарының бұзылуын түзету жөнінде ұйғарым шығарылып, бүгінде Алматы облыстық МАЭС-қа ақаба суларды ағызуды тоқтату туралы талап-арыз дайындалып жатыр. Жақында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Алматы қаласы маңындағы бірнеше аудан әкімінің орынбасарларына сөгіс жариялады. Аппараттық кеңесте айтылғандай, үш ауданда жер телімдерінің нысаналы мақсаттарын негізсіз өзгерту деректерінің беті ашылған. Іле ауданында шаруа қожалықтарын жүргізуге арналған үш жер телімінің мақсатты тағайындамалары өнеркәсіптік нысандарға арналған деп өзгертілген. Еңбекшіқазақ ауданы мен Қонаев қаласында да осындай екі дерек анықталыпты.
«27 маусым мен 1 шілде аралығында облыс бойынша 7,5 мың гектар болатын 578 жер телімі беріліпті. Қазіргі кезде жер телімдерін беруді қолданыстағы заңнама талаптарын қатаң сақтай отырып, жүзеге асыру міндеті аса маңызды болып тұр. Жеке тұрғын үйлер салынатын жер телімдері қала құрылысы құжаттамасымен бекітілген, дайындалған алаңдардан берілуге тиісті. Соған сай бұған дейін таратылған барлық жер телімінің заңдылығына талдау жасалып, анықталған бұзушылық деректер бойынша шаралар қолданылады», – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Өткен жылы экологиялық проблемаларды кешенді шешу жөнінде өңірлік Жол картасы бекітілді. Алайда қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу мәселесі сол қалпында қалды. Алматы және Жетісу облыстарының шекарасы мен әкімшілік құрылымы бөлінгенімен, Жеті өзен аумағындағы қоршаған ортаны қорғаудағы атқарылған жұмыс пен кемшіліктерді бөле қарастыруға келмейді. Облыстық экология департаментінің ақпаратына сүйенсек, жыл сайын облыс аумағына 1 млн тоннаға жуық тұрмыстық қатты қалдық шығарылады. Соның 400 тоннасы Алматы қаласының, қалғаны аймақтағы елді мекендердің еншісінде. Облыс аумағында 313 қатты тұрмыстық қалдықтарды сақтау және көму орны, 14 қатты тұрмыстық қалдық төгілетін полигон бар. Бірқатар аудан, қалаларда қоқыс полигоны жоқ немесе барының жұмысы жолға қойылмаған. Өткен жылдары: «Облыс аумағынан қоқыс өңдейтін бірнеше кәсіпорын ашылады» деген ақпарат таралған. Алайда олар өнімді жұмыс істеп тұрған жоқ. Былтыр облыс бойынша тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу 17,6 пайыз ғана болыпты. Полигондар мен қоқыс орындарының нормативтік, санитарлық, экологиялық және құрылыс нормалары мен талаптарына сәйкес жабдықталмауы экологиялық жағдайды қиындата түскен. Экология департаменті облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы, Жер қатынастары басқармасы заңсыз үйінділер орналасқан жер телімдері мен олардың иелерін анықтау барысында 612 рұқсат етілмеген қоқыс орны мен белгіленген шекараны бұза отырып қоқыс төгілген 35 орынды анықтапты.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы