«Қазыбек би ауданын абаттандыруға байланысты тұрғындардың айтқан арыз-шағымы әділетті. Бірнеше рет Қазыбек би ауданының әкімі Эльдар Дүйсетаев пен осы салаға жетекшілік ететін орынбасары Мақсұт Қожановқа гүл егуді жеделдетіп, тиісті күтім жасауды тапсырдым. Алайда олардың тікелей міндеттемесіне қарамастан, тапсырма орындалмады. Біржылдық және көпжылдық гүлдер толығымен отырғызылмаған, күтім жасалмаған. Ауданды күтіп ұстау, оның ішінде абаттандыру жұмыстары аудан әкімінің тікелей құзырында. Сондықтан өз міндеттерін орындамағаны үшін аудан әкімі мен оның орынбасарына сөгіс жарияладым. Сонымен қатар гүлді кеш жеткізгені үшін мердігер – директор Дархан Телемісов өкілдік ететін «Жан дос» мүгедектер қоғамдық бірлестігін де жазалаймыз. Мұндай «қызметтерге» ақы төленбейді», – деді Ермағанбет Бөлекпаев.Қала әкімі сонымен қатар қолданыстағы мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың мүгедектер ұйымдарына белгілі бір артықшылықтар беретінін, бұл абаттандыруға да қатысты екенін айтты. Қарағандылық «Жан дос» мүгедектер қоғамы өз қорғауында нысандарға кіре отырып, ең алдымен суаруды ұйымдастыру сияқты техникалық мәселелерді шешуге кіріскенін, топырақты зерттеп, содан кейін ғана жұмыс істей бастағанын айтты. Тал да жатыр қуарып Қарағандыда қыруар қаржы бөлініп, қаланың әр жеріне егілген көшеттер қурап қалды. Бүршік жармай, бүрісіп қалған ағашты көрген тұрғындар наразы болып жатыр. Тал-терекке не болды, оны сақтап қалуға бола ма? Қарағанды орталығындағы мына жас талшықтар қазір қаланың көркін кетіріп тұр. Себебі көшеттер жапырақ жайып, жайқалмақ түгілі екпей жатып, қурап қалды. Айта кету керек, Қарағанды қаласы бойынша егілуі тиіс 1 500-ге жуық жасыл желек вокзал маңындағы аллеяға отырғызылған екен. Ал талдар қураған, морт сынып жатыр. Бұл қаланың оңтүстік–шығыс ауданында көгалдандыру жұмысы ауқымды жүргізілген болатын. Атап айтқанда, 1 200-ден астам терек, 120-ға жуық шырша мен тағы сонша қарағай сап түзеп тұруы тиіс еді. Алайда олай болмады. Билік те, халық та таң. Мадияр Жағалбайлы, Қазыбек би ауданы әкімдігі абаттандыру бөлімінің басшысы:
«Тексеру барысында 100-ден астам бүршік атпаған ағашты анықтадық. Оны біз әлі де бақылауда ұстаймыз. Айдың соңына қарай бүршік атпаса, оларды басқасына ауыстырамыз. Көшетті алмастыру көгалдандыру жұмыстарын жүргізу бойынша тендерді ұтқан мердігер есебінен жүргізіледі», – дейді.Айтпақшы, дәл осы мердігерлердің қаржыны қалтаға басып, көгалдандыру жұмыстарын қалай болса солай, салғырт жүргізетініне экологтер да наразы.
Дмитрий Калмыков, «Экомузей» ҚБ директоры: «Өкінішке қарай, бізге егілген ағаштың нәтижесі емес, әйтеуір егіліпті деген сөз болса болды. Себебі жыл сайын егіледі де, бірер жыл өтпей жатып, солып қалады. Қаладағы тал-теректің барлығы әкімдікке тиесілі, бірақ оған ешкім қарамайды. Жауапкершілік жоқ, соның салдарын біз көріп отырмыз. Егер қарапайым адамдар белсенді болып жанашырлық танытпаса, бұл жұмыстар осылай жалғаса береді» деген жанайқайын жеткізді.Атап өткен жөн, биыл қаланың 5 учаскесінде 1 500-ге жуық түрлі жасыл-желек егуге бағытталған тендерді бір ғана мердігер ұтып алған. Қаржының жалпы сомасы 44 миллион теңгеден асады. Иә, бұл Қарағанды қаласындағы ғана жағдай. Айта берсек, облыстағы біршама қала мен аудандарды да қосуға болады. Миллиондаған қаржы бөлініп егілген гүл мен тал қуарып жатса, оның кімге керегі бар? Мүмкін, жасанды гүл мен тал отырғызармыз...
Қарағанды облысы