«Жасыл» қуат көздерін көбейту көзделуде
«Жасыл» қуат көздерін көбейту көзделуде
498
оқылды
Қазақстанның электр энергетикасы тарифтерінің төмен деңгейі бұл саланы инвестициялық жағынан тартымсыз етеді. Бұл туралы «AMANAT» партиясы жанындағы Энергетика комитеті отырысында «QAZAQ GREEN» ЖЭК Қауымдастығы» ЗТБ директорлар кеңесінің төрағасы Нұрлан Қапенов айтты. Оның айтуынша, аталған саладағы тағы бір проблема – электр энергиясын өндірудің тап­шылығы. Мысалы, былтыр электр қуатын тұтыну соңғы жылдардағы көрсеткіштерден 6 есе асып түскен. Оған дәстүрлі стансалардағы құрал-жабдықтардың ескіруін қосыңыз. Осы орайда қайта қалпына келетін энергия көздерін жетілдіру маңызды болмақ. Қазақстанда жасыл энергетиканың үлесін 2025 жылы 6%-ға, 2030 жылы 15%-ға, 2050 жылы 50%-ға, 2060 жылы 80%-ға арттыру жоспарланып отыр.
«Былтыр елімізде балама қуат көзін өндіретін 134 нысан тіркелген. Оның ішінде 40 жел стансасы, 49 күн стансасы, 40 гидроэлектр стансасы, 5 биоэлектр стансасы бар. Олар барлығы 2010 МВт қуат өндірген. 2018-2021 жылдары жасыл энергия өндірісі аукцион арқылы жүзеге асты. Оған 12 мемлекеттен 196 компания қатысты. Бұл тәсіл өз тиімділігін көрсетті», – деді Нұрлан Қапенов.
Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов ұсынған дерек бойынша, 2025 жылға дейін жалпы қуаттылығы 1 100 гигаватт болатын жаңартылатын энергия көздерінің 59 жобасы пайдалануға берілуі мүмкін.
«Қуаттылығы 170 мегаватт болатын су-электр стансасы, 960 мегаватт болатын жел-электр стансасы және 277 мегаватт болатын күн-электр стансасы жобаланды. Осылайша, 2025 жылға қарай жаңартылатын энергия нысандарының жеңілдік қуаты шамамен 3 000 мегаватты құрайды немесе жалпы электр энергиясы генерациясының үлесі 6 пайызға жетеді. Бүгінде жаңартылатын энергия көздерін қолдану мақсатында жобаларды іске асыру инвесторлардың меншікті және қарыз қаражаты есебінен жүзеге асады. Яғни, бюджеттен қаржы бөлінбейді. Бұл жобаларды енгізу өңірлерде қосымша сағатына 4,5 млрд киловатт болатын жасыл энергияны өндіруге, тұрақты жұмыс орындарын құруға және шамамен 1,1 млрд доллар инвестиция тартуға мүмкіндік береді», – деді вице-министр комитет отырысында.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ