Қорғайды ма десе, қорлайтын түрі бар
Әрине, әрбір адам тұтынушы екенін ұмытпаған жөн. Алайда біріншіден, «клиенттің айтқаны әрдайым дұрыс» деген қағиданы берік ұстанатын озық елдердегідей тұтынушыны пір тұту мәдениеті Қазақстанда 30 жылда қалыптаспады. Екіншіден, Тұтынушы құқығын қорғау жөніндегі жеке уәкілетті орган құрылғанымен, оның құзырет-өкілеттігінің нашарлығы кесірінен жұмысы көзбояушылыққа көбірек ұқсайды. Үшіншіден, салалық заңның солқылдақтығы әркімнің өз кәсібінде клиентін алдап соғуға бейім тұруына әкеліп соқтырды. Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқығын қорғау комитетінің салада ит тұмсығы батпас ну ормандай бытысып, қордаланған проблемаларды еңсеруге күші жетпей жатқаны байқалады. Сондықтан ол көмекке қоғамдық ұйымдарды шақырып, өз міндеттерінің бір бөлігін соларға артпақ. Негізі, әріге бармағанда, қауқарсыздығын айтпағанда, Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің өзі тұтынушылардың – қазақтілділердің құқығын аяққа таптап отыр. Мәселен, басшылығы бір жылда сан рет ауысқан ведомство ресми сайтында қазақтілінде қазақтың өзі түсінбейтін, шатпақ, былдыр-батпақ ақпараттарды беріп жүр. 8 шілдеде орналастырылған соңғы мәліметін алсақ: «Бүгін көбейіп, саны әр түрлі фирмалар, олар «гастрольдік». Республика қалаларына шақырып, тегін массаж және тұсаукесер жапон массаж жабдықтар. Сонымен қатар, презентация, әдетте, танымал жерде, мысалы, мейрамханада өткізіледі. Әр түрлі сыйлықтардың ұтыс ойынын өткізу жағымды бонус болып табылады». Бұдан қазақ тілді тұтынушы қандай құнды мәлімет алмақ? Бұл – тек «ақпарат бергенбіз» деп есеп беру үшін жасалған көзбояушылық. Осыдан кейін бұл уәкілетті орган мүддесі мен құқығы аяқасты болған тұтынушы үшін ақырып әділдік сұрайды деп күту – аңғалдық. Сауда министрлігінің дерегінше, жыл өткен сайын тұтынушылардың шағымының легі тек артып барады. Ал сол шағымдар негізінде зәбір көрсетушілердің шаңдағын қағуға тиіс комитет ынжықтық танытып, бас бұғып, жалтарма жауап-отпискамен құтылады екен.«Арыз иелеріне 2020-2023 жылдар аралығында меморгандардың тексерулеріне мораторий жарияланғаны, сондықтан мемлекеттік бақылау шараларын қолдану мүмкін еместігі туралы түсіндірмелер беріледі. Мысалы, 2021 жылдың 6 айында қабылданған 8 164 өтініштің 4 592-сіне осындай жауап берілсе, 2022 жылдың 5 айында мораторийге сілтеме жасалған түсініктемелердің үлесі 9 278 шағымның 4 996-ына жетті. Салдарынан Әкімшілік кодекстегі нормалардың құқықбұзушылықтың алдын алу тиімділігі төмендейді, билік органына деген халықтың сеніміне селкеу түседі», – деп хабарлады Сауда және интеграция министрлігі (СИМ).Ведомство Президент жариялаған мораторийдің күшін тоқтата алмайды. Оны аз десеңіз, қазір Мәжіліс депутаттары шағын және орта бизнесті дағдарыс кезеңінде қорғау үшін тексерулерге мораторийдің мерзімін ұзартуды ілгерілетіп жатыр. Сонда қайтпек керек?
Тексеру басталмаса, тентіреу жалғаса ма?
Мораторий ары қарай созылса, тұтынушыларға қиянат та өрши бермек пе? Өйткені СИМ «тұтынушылардың шағымдары негізінен шағын және микро кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты» екеніне назар аудартады: Аталған комитет 2019 жылы 5 977 өтінішті ғана қараса, 2020 жылы олардың саны 20 919-ға өсті. 2021 жылы азаматтардан 25 223 арыз келіп түсті. Тұтынушылар биліктің басқа органдарына 2019 жылы – 30 мыңға жуық, 2020 жылы – 48 876, 2021 жылдың 6 айында 26 161 өтінішпен жүгінген. Осыдан-ақ бұқараның жанайқайын аңғаруға болады. Көп адамның алдау-арбауға үнсіз төзетінін ескерсек, белсенділерінің өзі мыңдап саналатыны аңғарылады.«Меморгандардың тексеруіне мораторий күшінде тұрған кезде мемлекеттік органдар тұтынушылардың дауын шешуге қауқарсыз. Егер дау өзара бітіммен шешілмесе, тұтынушылардың өзі сотқа жүгінуі керек. Бірақ тұтынушылар сотқа жүгіне бермейді. Себебі Азаматтық процестік кодекстің 113-бабына сәйкес, талап-арыз беруші өзін қорғайтын адвокаттың, соттағы өкілінің көмегіне ақы төлеуі тиіс. Ол ақы мүліктік талаптардың қанағаттандырылған бөлігінің 10 пайызына дейін жетеді», – деп түсіндірді министрлік.Содан адамдар сотта жеңіліп, өтемақы ала алмай қалсам, босқа шығындаламын деп қорқып, аяғына дейін бармайды, «садақа» дей салады. Бұл «дәстүр» алаяқ сатушылар мен өндірушілердің арсыздануына, бассыз кетуіне ықпал етеді. СИМ тұтынушылардың құқығын қорғау мораторийге қарамастан жүргізілуі керек деп отыр. Оны қалай жасауға болады? Бұл жерде мораторий тек меморгандардың тексеруіне ғана қойылғанын қаперге салған жөн. Ал қоғамдық бақылауға тыйым жоқ. Министрлік те тұтынушылар құқығын қорғауда осы тетікті пайдалануға ниетті. [caption id="attachment_205500" align="aligncenter" width="1239"] © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption]
Қоғамдық ұйымдарға баюдың тетігі беріледі
Жалпы, Қазақстан тұтынушылар құқығын қорғау ұйымдарынан еш кенде емес. Тұтынушылардың дауын сотқа дейін реттеумен айналысатын 178 субъекті бар, оның ішінде 50-ге жуығы – қоғамдық бірлестіктер. Олардың өкілі – Қазақстан тұтынушылары лигасының төрағасы Светлана Романовская тіпті Мәжіліс депутаты да болды. Одан нәтиже шыққаны шамалы. Сарапшылар халықтың сот түгіл тұтынушы құқығын қорғау ұйымдарына жүгінбеуінің бір мәнісін атады: олар өндірген өтемақының белгілі бөлігін алып қояды. Ал соттар әдетте тұтынушыларға тек тауарды не қызметті алуға жұмсаған нақты қаражатын ғана өндіртеді. Моральдық, материалдық шығынға өтемақы алу күрделі. Содан азамат аз ғана ақшасының қомақты бөлігін ұйымға беруге мәжбүр. 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері теріс пиғылды кәсіпкерлердің тұтынушылардың құқығын бұзуды сотқа дейінгі тәртіпте жоюдан бас тартуына байланысты сотқа 565-ке жуық талап-арыз түсіріпті. Нәтижесінде, 94 млн теңгедей қаражат тұтынушыларға қайтарылды. Сауда министрлігі тұтынушылардың құқығын қорғау үшін осы ұйымдарға белсенді жүгінуін ынталандырмақ. Ол үшін қолданыстағы заңнамаға түзетулер дайындалды. Оған сәйкес, бұл ұйымдар өз сыйақысын тұтынушыдан емес, даукес, алаяқ кәсіпкерден өндіреді.«Егер сатушы, дайындаушы, орындаушы тұтынушының құқығын бұзуды өз еркімен жоюдан, оған тауардың, жұмыстың, көрсетілетін қызметтің кемшіліктерінен келтірілген залалды өтеуден бас тартса, онда тұтынушылардың қоғамдық бірлестігі, қауымдастығы тұтынушының мүддесі үшін оған қарсы сотқа талап-арыз береді. Егер сот оның талаптарын қанағаттандырса, онда сатушыға, дайындаушыға, орындаушыға тұтынушылардың қоғамдық бірлестігі не қауымдастығы пайдасына мүліктік талаптың қанағаттандырылған бөлігінің 10%-дан 50%-ға дейінгі мөлшерінде айыппұл салынады. Егер мүліктік емес талап қойылса, айыппұл мөлшері 5-тен 50 айлық есептік көрсеткішті құрайды», – делінген заң жобасында.Заңнамалық түзетулер қабылданса, тұтынушылардың құқығын қорғау саласындағы мемлекеттік реттеудің тиімділік деңгейі 2026 жылы 75,9%-ға дейін жетеді деп жоспарланған. Бұл көрсеткішті комитеттің saualnama-opros.kz сайтында тұрғындардың арасында online зерттеу жүргізу арқылы анықтап отыру көзделген. Қазақстанның тұтынушылары лигасы қауымдастығының төрағасы Светлана Романовскаяның айтуынша, жыл өткен сайын тұтынушылар құқығын қорғау мәселесі өзекті бола түседі. Оның үстіне, Жаңа Қазақстан саясатының ұстыны саналатын «еститін мемлекет» қағидаты да осыны талап етеді.
«Бұл ретте, әсіресе Қытайдан, Ресейден, басқасынан келетін контрафакт өнімдер халық денсаулығына үлкен қатер төндіреді. Соңғы 4 жылда Қазақстанға 30 миллиард теңгеге жалған өнімдер әкелінген. Және олардың ауқымы жыл сайын шамамен 10%-ға көбейіп отырады. Заңсыз әкелінген өнімдерге сұраныс халық тұрмысының төмендеуі кесірінен артып отыр. Бұл салада нақты регламенттер, стандарттар, нарықты тәртіпке келтіруге бағытталған заңды тетіктер жоқтың қасы», – дейді С.Романовская. Әрине, кезінде депутат болғанда осы мәселені заң жүзінде шеше алмағанына оның өзі де кінәлі болса керек.Қалай болғанда, егер Сауда министрлігі лигаға және сол сияқты қоғамдық ұйымдарға тұтынушылар құқығын қорғаудың жаңа тетіктерін ұстатса, онда бұлардан қосымша сұрау да болғаны жөн.