Биыл ҰБТ тапсырған 51 мыңға жуық талапкер шекті балдан аса алған жоқ. Бұл – барлық тест тапсырушылардың 33 пайызы. 2020 және 2021 жылдары аталмыш көрсеткіш 37 пайыздан асты. Салыстыру үшін айтайық, бұл көрсеткіш 2018 жылы – 15%, 2019 жылы 25,2% тең болды. Яғни, соңғы үш жылда талапкерлердің үштен бірі тест тапсыра алмаған. Биылғы оқу жылының жаңалығы ретінде талапкерге ыңғайлы болу мақсатында ҰБТ-ға дайындалу үшін тегін онлайн сынақ тестілеу іске қосылды. Онда талапкер тест тапсырмаларымен танысуға және таңдалған пәндер бойынша білім деңгейін тексеруге мүмкіндігі болды. Бұған қоса, Білім және ғылым министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Гүлжан Жарасованың айтуынша, 2022 жылдың түлектері үшін бірқатар білім беру орталықтарының қолдауымен тегін онлайн сабақтар жүргізілді. Оның үстіне, соңғы жылдары ұлттық бірыңғай тестілеуді бір кезеңде екі рет тапсыруға мүмкіндік берілді. Талапкерлерге мейлінше мүмкіндік жасалғанымен, межелі шектен аса алмағандардың қатары артып отыр. Неліктен? 2020 жылы наурызда басталған пандемия кезінде оқушылар онлайн білім алуға көшті. Ол уақытта еліміздің білім жүйесі балаларды онлайн оқытуға дайын болған жоқ – интернеттің қолжетімсіздігі, онлайн білім алуға мүмкіндік беретін құрал-жабдықтың жеткіліксіздігі (мәселен, көпбалалы отбасыдағы балалардың бәрінде бірдей телефон, планшет, ноутбук болмауы және т.б.), білім беретін дайын платформалардың болмауы («Балапан арнасынан сабақ өткенін білеміз), мұғалімдердің жаңа технологияларды меңгеру деңгейінің төмен болуы және тағы басқа мәселелер күн тәртібіне шықты. Сарапшылар шекті балдан аса алмаған талапкер санының артуына пандемия кезіндегі онлайн оқудың салқыны тигенін алға тартады. ЮНИСЕФ сарапшыларының айтуынша, қашықтан оқыту процесінің басты міндетіне оқушының «ынтасын сақтау/арттыру», «алған білімін бекіту» және «прогресс/жаңа білім беру» жатады. Кез келген мемлекет оқу процесінің барлық қатысушысы ақпараттық-коммуникация технологияларын жетік меңгеруі, ата-аналардың оқу барысына қызығушылығы және тағы басқа тетіктердің дұрыстығын ескере отырып, қашықтан оқыту міндеттерін дұрыс қоя алмаған жағдайда білім жүйесі ковидтен кейінгі кезеңде үлкен шығынға ұшырататын айтарлық мәселелермен бетпе-бет келуі мүмкін.
«Қашықтан оқу мен офлайн оқудың сапасын салыстыру мүмкін емес. Олқылықтар көп болды. Сол себепті елдегі эпидемиялық ахуал тұрақталған бойда, өңірлердегі мектептер мүмкіндігінше ашылып отырды. Ата-аналардың айтуынша, пандемия бастала салған уақытта оқушылар түгілі мұғалімдердің өзі сасқалақтап, қашықтан оқыту жүйесіне бейімделе алмаған. Бұл оқыту процесін тежеп, оқу барысындағы тапсырмалардың орындалу сапасын төмендетті. Тек 2020-2021 оқу жылында ұстаздар қашықтан оқыту барысын ұйымдастыруды үйреніп, оқушыларға оқу бағдарламасын меңгеру, үй тапсырмасын толыққанды орындауға қатысты талап қоя бастады. Бұл уақытта оқушыларға артылған жүктеме көбейді», – дейді әлеуметтанушы Сәуле Алиева.Сәйкесінше, қашықтан оқыту кезінде оқушының өзіне артылған жауапкершілік те көбейді. Психолог-мамандар мектептегідей қадағалау мен бақылаудың азайғанынан, оқушылардың білім алуға деген қызығушылығы төмендегенін айтады.
«Онлайн білім алуда жауапкершілік оқушыда басым болды. Мұғалімнің қадағалауы мен тәртіптің аздығынан зейіннің шоғырлануы төмендеді, смартфон арқылы білім алатын болған соң тақырыпты қабылдауы қиындады. Адам психикасы кез келген жағдайға бейімделуі үшін ұзақ уақыт керек. Оқушыларға еш дайындықсыз, бір уақытта қашықтан білім алуға дағдылануға тура келді. Бұл – балалар үшін үлкен өзгеріс болды, сондықтан олардың ұлттық тестілеуге дайындығының нәтижесіз болғанын түсінуге болады», – дейді психолог Ұлмекен Сәндібекқызы.Алайда пандемия білім сапасын айтарлықтай төмендетті дейтін пікірмен келіспейтіндер де бар. Мәселен, Joo.kz жобасының негізін қалаушы, білім саласының маманы Қанат Өксікбаев шекті межеден аспай қалған талапкерлер қатарының көбеюін ұлттық тестілеудің ашық әрі әділ өте бастауымен байланыстырады.
«Ұлттық тестілеу орталығына әділ басшылар келіп, 2019 жылдан бастап ҰБТ таза өте бастады. Тестілеу ашық әрі әділ өткен кезде оқушылардың нақты деңгейі көрінді. Яғни, бұл көрсеткіш осыдан 3-4 жыл бұрын оқушылардың білімі жоғары еді, соңғы жылдары төмендеді деген сөз емес. Бұрын көшіру, тест жауаптарын сатып алу, тестілеуге шпаргалка, ұялы телефон алып кіру және тағы басқа көптеген заң бұзушылықтарға жиі жол берілетін. Осындай «жеңілдіктердің» арқасында талапкерлер кем дегенде шекті балды жинап келді. Ал енді мұндай заңсыздықтардың жолы кесілді, толық жүйелене қоймаса да, соңғы жылдары тестілеу ашық өте бастады. Пандемияның оқушылардың білім сапасына кері әсері болды. Алайда бұл ҰБТ көрсеткішіне айтарлықтай әсер етті дей алмаймын. Бірнеше жылдан бері ҰБТ нәтижесіне мектеп жауапты емес, сондықтан талапкерлердің көбі жеке оқу орталықтарында, жеке репетиторлармен дайындалды. Оның үстіне, қазіргі балалар қолында смартфонымен туған ұрпақ, олар пандемиядағы онлайн білім алу кезінде цифрлық сауаттылық тұрғысынан қандай да бір қиындық көрді деп ойламаймын. ҰБТ-ның электронды нұсқасына қатысты соңғы жаңалықтарға бүгінгі ұрпақ оңай әрі тез икемделе алды», – деп атап өтті сарапшы.ҰБТ тапсыра алмаған талапкерлер көп жағдайда күйзеліске ұшырап жатады, елімізде суицидке барған жастарды да білеміз. Ел ішінде бұл күнді «ұлы біркүндік төңкеріс» деп тәпсірлеп кеткендер де бар. Шекті балдан аса алмағандардың қатары артқан сайын, жасөспірімдердің психологиялық-эмоционалды күйіне алаңдау да басым. Бұл орайда білім сарапшысы Қанат Өксікбаев бүгінгі балалардың ҰБТ нәтижесін айтарлықтай күйзеліспен қабылдамайтынын айтады.
«Бұрын ҰБТ нәтижесіне мектеп жауапты болған кезде, білім ордасының басшылығы, мұғалімдер тарапынан оқушыға қысым көп болатын. Тіпті, «мектептің орта балына кері әсер тигізесің, мектептің беделін түсіресің» деп, кейбір нашар оқитын балаларды тестілеуге қатыстырмай тастайтын. Оның үстіне, ол уақытта шекті балдан аса алмау, яки төмен ұпай жинау өте ұят саналатын, қоғамда сондай стереотиптер болды. Осындай психологиялық қысымның нәтижесінде оқушы күйзеліске ұшырап, тіпті суицидке барып жататын. Мұндай күйзеліс әлі де бар, бірақ азайды. Өйткені балалар да, ата-аналар да қайта тест тапсырып, кез келген уақытта қалаған ЖОО-ға тапсыра алатынын түсінді, сәйкесінше, қоғамдағы әртүрлі стереотиптер де жойыла бастады», – дейді ол.Ал психолог Ұлмекен Сәндібекқызы соңғы жылдары ҰБТ тапсыратын талапкерлерге ата-аналар тарапынан қолдау артқанын айтады.
«Бүгінде балалар барлық жағдайға үстірт қарауға бейім. Бәлкім, ата-ана тарапынан балаға қойылар талап азайған болуы мүмкін. Мұның жақсы да, жаман жағы да бар. Жақсысы – бүгінгі ұрпақ кез келген қиындықты өткінші деп қабылдай алады, мәселен, соңғы жылдары ҰБТ аяқталған соң суицид жасайтын балалар азайды. Бұрын маман иесі болу, табыс табу қиын деген түсінік болса, бүгінде әлеуметтік желілер арқылы қосымша білімін жетілдіріп, табыс тауып отырғандар бар. Өскелең ұрпақ осындай картиналарды көргендіктен аса қиналмайды. Бұған қоса, соңғы жылдары ата-ана тарапынан балаға қолдау күшейді. Өйткені ата-аналар да ҰБТ-дағы шекті балл баланың тағдырын шешпейтінін түсінді. Баланың өзіне сенімін жоғалтпауына, ішкі потенциалын көтеруге, басқа мүмкіндіктерін көрсетуге ықпал етуге бейімделе бастады», – деп атап өтті психолог.
Айдана НҰРМҰХАН