Басты ұстаным – келешектің іргесін қалайтын ізгі ұрпақ тәрбиелеу – Нұрбол Төлебаев
Басты ұстаным – келешектің іргесін қалайтын ізгі ұрпақ тәрбиелеу – Нұрбол Төлебаев
1,054
оқылды
Елімізде жекеменшік мектептердің саны артып келе­ді. Білім беру саласын дамытуда жеке мектептің де, мем­лекеттік білім беру мекемелерінің де көбейгені дұ­рыс. Алайда жекеменшік мектептердің барлығы бірдей сапаға қызмет атқарып отыр ма? Балалар мектеп таң­дауда неге жүгінгені дұрыс? Жалпы алғанда, көбінде көпшіліктің тал­ғамы Назарбаев зияткерлік мектептері мен БИЛ-ге ауа­тыны белгілі. Осы орайда біз бұл мек­тептердің артық­шы­лығы мен жетістігі неде екенін білу мақсатында «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» халықаралық қо­ғамдық қорының вице-президенті Нұрбол Насырбекұлымен тілдестік. – Елімізде «Білім-инновация» лицейлері үздік мектептер қатарында екенін жұртшылық жақсы біледі. Үздік дейтініміз – осы мектепте білім алғысы келетін балалардың қатары артпаса, кемімей тұр. Мектептің ерек­шелігі неде? – Біз өзімізді ешқашан еліміз­дегі өзге білім ошақтарынан бір мысқал да «ерекшеміз» деп санаған емеспіз. Керісінше, отандық білім жүйесіне тең дәрежелі үлес қосуға, әріптестік һәм достық байланыста «қоян-қол­тық» бірлесе жұмыс атқаруға әзірміз. Негізінен, «Білім-Инновация» ли­цей­лері құндылыққа негізделген мек­теп болғандықтан барынша бар­лық мектептерге құн­дылық­тар­дың қайнар көзін ашып, бірге дә­ріптеуге атсалысып жатыр­мыз. Ұлы ойшыл әл-Фараби ба­ба­мыз­дың «тәр­биесіз берілген білім – адамзат­тың қас жауы» дегеніндей, білім оша­ғында тәрбиеге басымдық бере­міз. Дарынды оқушыларымыз әлем­дік білім бәйгесінде қара үзіп, ел абыройын асқақтатып жүр. Бұл – «Білім-Инновация» лицейінде ең­бек етіп жатқан сапалы маман, сенім артқан ата-ана, озық ойлы шәкірттің еңбегі. Бастысы, «мек­теп-ата-ана-оқушы» атты алтын үштікті берік ұстанамыз. Біздің мектепшілік іс-шараларымызға ата-аналар белсен­ді түрде қатысып, үнемі қолдау та­нытып отырады. Негізгі тәрбиенің үлгісі осы болса керек-ті. Сондықтан болар, лицейге түсіп, сапалы білім, саналы тәрбие алуға деген оқушы­ның ынтасы күннен күнге артып келеді. Біз бұған бек қуаныштымыз! – Бүгінде жекеменшік мектеп­тердің саны артқан. Бұл бір жағынан дұрыс та секілді. Өйткені сан бар жер­де сапа болатыны белгілі. Деген­мен бәсекелестердің көбеюі – мек­тептердің күшеюін қажет ететін секілді. Бұл тұрғыда БИЛ мектеп­теріне қауіп жоқ па? – Біздің ұстанымымыз – Ұлы Абай айтқандай: «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан!». Яғни, қоғамға, мемлекеттің өсіп-да­муына, келешектің іргесін қалай­тын ізгі ұрпақты жетілдіру. Сон­дықтан «илегеніміз – бір терінің пұшпағы». Елдің білім жолына тың­нан түрен салып, жаңалықпен келіп жатқан мектептер үшін қуа­намыз. Бәсеке емес, достық пейіл­мен бірлесе жұмыс істеуге ниеттіміз. – «Назарбаев зияткерлік мек­тебі» мен БИЛ-ді салыстыратындар көп. Екі мектептің бір-бірінен айыр­масы бар ма? – Дүниеде көп нәрсе салысты­рудан тұрады ғой. Назарбаев мек­тебі зияткерлік бағыттағы, өзіндік қол­таңбасы қалыптасқан, бағыты бар дара мектеп. 12 жылдық білім беру жүйесі бар. Біздің де өз ұста­ны­мы­мыз, дара жолымыз бар. Мә­селен, біздегі оқыту процесі мате­матика, информатика және жара­тылыстану пәндері ағылшын ті­лін­де жүреді. Ал гуманитарлық ба­ғыт­тағы пәндер қазақ тілінде өтеді. Би­лингвалды оқыту бар. Мемле­кет­тік тілді қолдау мақсатында: «Жар­қын болашақ» қазақ тілі олим­пиадасы, ғылыми-танымдық қазақ тіліндегі әдебиет, мәдени іс-шара ұйымдастырылып тұрады. Оқытудың инновациялық техно­логиялары: жобалық оқыту (PBL) бағдарламалау және робо­тотехника, Сингапур математикасы енгізілген. Оқытушылардың кәсіби дамуы мақсатында әсіресе жас мұ­ғалім­дерді қолдау және мен­тор­лық бар. Ұстаздардың үздіксіз дамуы –басты назарда. Ең басты өзге­шелігіміз сол – түлектеріміз кейінгі толқын шәкіртке тәрбиешілік етеді. Яғни, түлектермен тығыз байла­ныстамыз. Бұл әзірге еліміздегі өзге мектеп­тер­де болмаған үрдіс. Түптеп кел­ген­де, екі мектептің де мүдде­сі – отансүйгіш, кешегі Алаш зиялысы Әлихан Бөкейханов ту еткен «елге қызмет ететін» азаматтарды өсіріп, жылы ұядан ұшыруды көксейді. – Қарапайым мектептерде жақ­сы оқитын балаларды емтихан арқылы іріктеп алу БИЛ, НЗМ сияқ­ты мек­тептерге артықшылық беріп тұрған жоқ па? Қоғамда «бастауышта жақсы іргетасы қаланған баланы дарын­дыларға арналған мектептер алып кетеді, бұл қарапайым мек­тептердің бәсекеге қабілетін тө­мендетеді» дейтін пікір кездеседі. Сіз не дейсіз? – Біз бастысы мектеп аралап, кіл мықтыларды бөле-жарып алып кет­кен емеспіз. 6 сыныпты аяқтап, 7 сыныпқа қадам басқан бала өз таң­­дауымен емтихан тапсыру ар­қылы лицейге түседі. «Білім-Инно­вация» лицейіне түскен оқушы ер және қыз балаларға арналған да­рынды оқу­шылардың шоғырланған білім оша­ғының түлегі болады. Бас­ты мұ­ратымыз – зейінді шәкірт тәр­биелеу. Бұл тұрғыдан алғанда, бә­секелестік емес, керісінше отан­дық білім беру жүйесіне бірлесе еңбек ету деп түсінген абзал. Ал кез келген ата-ана баласының орта білім алатын мек­тепті таңдауына құқылы деп білеміз. – Әлемнің бірнеше үздік ЖОО-на грант ұтып жатқан жасөспірім­дердің есімі БАҚ-та жиі жарияланып жүр. Олардың қатарында БИЛ түлектері бар ма? – Әлбетте бар. «Білім-Инно­вация» лицейін және қорымызға қарасты мектептерден түлеп ұшқан сан мыңдаған шәкірттеріміз елі­міз­дің, әлемнің алпауыт мемлекетте­рін­де білім алып жатыр. Тіптен бір оқушының бірнеше мемлекеттен грант ұтып алған сәттері көп. Мә­селен, 2021-2022 оқу жылының өзінде грант иегерлері 1157 болса, QS World University Rankings нә­тижесі бойынша үздік 100 ЖОО түскендер саны – 50. Ал пәндік және ғылыми олимпиадаларда топ жарып жүрген оқушыларымызға келетін болсақ, жалпы «Білім-Инновация» лицейлері бойынша: 16788 оқушы үздіктер қатарында, Республикалық деңгейде 4842 шә­кірт биік белесті бағындырса, 4423 оқушы халықаралық білім бәй­гесінде ел абыройын асқақтатты. – Орта мектептер мен жеке­мен­шік мектептердің арасын не жалғап тұр? Болмаса, жеке мектептерді ерек­шелейтін не нәрсе? – Қорға қарасты жекеменшік мектептер де дәл «Білім-Иннова­ция» лицейлеріндегідей бір жүйені ұстанады, база ортақ. Ұстаз ортақ. Жекеменшік мектептің өзгешелігі – бастауыштан бастап жоғары сы­ныпқа дейін бала таңнан кешке дейін мектепте сабағын оқып, этюд деп атаймыз, үй тапсырмасын орын­дап, үш мезгіл (таңғы, түскі және жүрек жалғар уақыт) тамақ­танып, түрлі үйірмелерге қатысып, кешке жұмыстан қайтқан ата-анасымен 18:00-де үйге оралады. Яғни, түрлі үйірмелерге сырттай қа­тынауға кейде жұмысбасты ата-ана үшін жайсыздық тудырып жа­тады. Ал жекеменшік мектептің осындай да тиімділігі бар. – Білімді ұрпақ тәрбиелеу үшін не қажет? – Бұл – өте ауқымды һәм әр ұстаз өзіне қоятын сұрақ. Қазақта «балапанды күзде санайсың» деп жатады ғой. Бүгінгі шәкірттің білімі мен тәрбиесінің жемісін ертең қо­ғамда тапқан орнына қарап аң­ға­руға болады. Біз бүгін баланың жан-жақты дамуына жіті назар ауда­руымыз керек. Оқушының әлеуетін аша алатын білікті маман­ның болуы маңызды. «Қолда өскен ботаның тайлақ аты қалмайды» дегенді де қазақ атамыз айтып кетті. Әр шәкірттің шамшырағын жаға білу жолында қажырлы еңбек ету – барша педагогтың борышы. Мақ­сат сол – еркін ойлы оқушы, дұрыс сауал қоя алатын шәкірт тәрбиелеу. Біз өз кезегімізде тәрбие жұмысына жүйелі тәсіл ретінде сынып жетек­шілеріне арналған курстар «Қадам» оқу-әдістемелік кешенін енгіздік. Оқушының оқу дағдыларын қалып­тастыру мақсатында Kitapp мо­биль­ді қосымшасы жұмыс істеп тұр. Ата-аналарды тәрбие процесіне тарту, әр оқушыға арналған даму жос­пары құрылған. Оқушыға пси­хологиялық қолдау, кәсіптік бағдар беру бойынша ұдайы жұмыс жүргі­зіледі. Түлектердің тәрбие проце­сі­мен байланысы нығайтылған. Осы­лайша, ұлттың асыл мұраты жо­лын­да адал ұрпақ тәрбиелеу ар­қылы бі­лім мен тәрбие сақасының сал­ма­ғы басым болады деп ой­лаймыз. – Әңгімеңізге рақмет!