Елімізде жекеменшік мектептердің саны артып келеді. Білім беру саласын дамытуда жеке мектептің де, мемлекеттік білім беру мекемелерінің де көбейгені дұрыс. Алайда жекеменшік мектептердің барлығы бірдей сапаға қызмет атқарып отыр ма? Балалар мектеп таңдауда неге жүгінгені дұрыс? Жалпы алғанда, көбінде көпшіліктің талғамы Назарбаев зияткерлік мектептері мен БИЛ-ге ауатыны белгілі. Осы орайда біз бұл мектептердің артықшылығы мен жетістігі неде екенін білу мақсатында «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» халықаралық қоғамдық қорының вице-президенті Нұрбол Насырбекұлымен тілдестік. – Елімізде «Білім-инновация» лицейлері үздік мектептер қатарында екенін жұртшылық жақсы біледі. Үздік дейтініміз – осы мектепте білім алғысы келетін балалардың қатары артпаса, кемімей тұр. Мектептің ерекшелігі неде? – Біз өзімізді ешқашан еліміздегі өзге білім ошақтарынан бір мысқал да «ерекшеміз» деп санаған емеспіз. Керісінше, отандық білім жүйесіне тең дәрежелі үлес қосуға, әріптестік һәм достық байланыста «қоян-қолтық» бірлесе жұмыс атқаруға әзірміз. Негізінен, «Білім-Инновация» лицейлері құндылыққа негізделген мектеп болғандықтан барынша барлық мектептерге құндылықтардың қайнар көзін ашып, бірге дәріптеуге атсалысып жатырмыз. Ұлы ойшыл әл-Фараби бабамыздың «тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» дегеніндей, білім ошағында тәрбиеге басымдық береміз. Дарынды оқушыларымыз әлемдік білім бәйгесінде қара үзіп, ел абыройын асқақтатып жүр. Бұл – «Білім-Инновация» лицейінде еңбек етіп жатқан сапалы маман, сенім артқан ата-ана, озық ойлы шәкірттің еңбегі. Бастысы, «мектеп-ата-ана-оқушы» атты алтын үштікті берік ұстанамыз. Біздің мектепшілік іс-шараларымызға ата-аналар белсенді түрде қатысып, үнемі қолдау танытып отырады. Негізгі тәрбиенің үлгісі осы болса керек-ті. Сондықтан болар, лицейге түсіп, сапалы білім, саналы тәрбие алуға деген оқушының ынтасы күннен күнге артып келеді. Біз бұған бек қуаныштымыз! – Бүгінде жекеменшік мектептердің саны артқан. Бұл бір жағынан дұрыс та секілді. Өйткені сан бар жерде сапа болатыны белгілі. Дегенмен бәсекелестердің көбеюі – мектептердің күшеюін қажет ететін секілді. Бұл тұрғыда БИЛ мектептеріне қауіп жоқ па? – Біздің ұстанымымыз – Ұлы Абай айтқандай: «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан!». Яғни, қоғамға, мемлекеттің өсіп-дамуына, келешектің іргесін қалайтын ізгі ұрпақты жетілдіру. Сондықтан «илегеніміз – бір терінің пұшпағы». Елдің білім жолына тыңнан түрен салып, жаңалықпен келіп жатқан мектептер үшін қуанамыз. Бәсеке емес, достық пейілмен бірлесе жұмыс істеуге ниеттіміз. – «Назарбаев зияткерлік мектебі» мен БИЛ-ді салыстыратындар көп. Екі мектептің бір-бірінен айырмасы бар ма? – Дүниеде көп нәрсе салыстырудан тұрады ғой. Назарбаев мектебі зияткерлік бағыттағы, өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан, бағыты бар дара мектеп. 12 жылдық білім беру жүйесі бар. Біздің де өз ұстанымымыз, дара жолымыз бар. Мәселен, біздегі оқыту процесі математика, информатика және жаратылыстану пәндері ағылшын тілінде жүреді. Ал гуманитарлық бағыттағы пәндер қазақ тілінде өтеді. Билингвалды оқыту бар. Мемлекеттік тілді қолдау мақсатында: «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасы, ғылыми-танымдық қазақ тіліндегі әдебиет, мәдени іс-шара ұйымдастырылып тұрады. Оқытудың инновациялық технологиялары: жобалық оқыту (PBL) бағдарламалау және робототехника, Сингапур математикасы енгізілген. Оқытушылардың кәсіби дамуы мақсатында әсіресе жас мұғалімдерді қолдау және менторлық бар. Ұстаздардың үздіксіз дамуы –басты назарда. Ең басты өзгешелігіміз сол – түлектеріміз кейінгі толқын шәкіртке тәрбиешілік етеді. Яғни, түлектермен тығыз байланыстамыз. Бұл әзірге еліміздегі өзге мектептерде болмаған үрдіс. Түптеп келгенде, екі мектептің де мүддесі – отансүйгіш, кешегі Алаш зиялысы Әлихан Бөкейханов ту еткен «елге қызмет ететін» азаматтарды өсіріп, жылы ұядан ұшыруды көксейді. – Қарапайым мектептерде жақсы оқитын балаларды емтихан арқылы іріктеп алу БИЛ, НЗМ сияқты мектептерге артықшылық беріп тұрған жоқ па? Қоғамда «бастауышта жақсы іргетасы қаланған баланы дарындыларға арналған мектептер алып кетеді, бұл қарапайым мектептердің бәсекеге қабілетін төмендетеді» дейтін пікір кездеседі. Сіз не дейсіз? – Біз бастысы мектеп аралап, кіл мықтыларды бөле-жарып алып кеткен емеспіз. 6 сыныпты аяқтап, 7 сыныпқа қадам басқан бала өз таңдауымен емтихан тапсыру арқылы лицейге түседі. «Білім-Инновация» лицейіне түскен оқушы ер және қыз балаларға арналған дарынды оқушылардың шоғырланған білім ошағының түлегі болады. Басты мұратымыз – зейінді шәкірт тәрбиелеу. Бұл тұрғыдан алғанда, бәсекелестік емес, керісінше отандық білім беру жүйесіне бірлесе еңбек ету деп түсінген абзал. Ал кез келген ата-ана баласының орта білім алатын мектепті таңдауына құқылы деп білеміз. – Әлемнің бірнеше үздік ЖОО-на грант ұтып жатқан жасөспірімдердің есімі БАҚ-та жиі жарияланып жүр. Олардың қатарында БИЛ түлектері бар ма? – Әлбетте бар. «Білім-Инновация» лицейін және қорымызға қарасты мектептерден түлеп ұшқан сан мыңдаған шәкірттеріміз еліміздің, әлемнің алпауыт мемлекеттерінде білім алып жатыр. Тіптен бір оқушының бірнеше мемлекеттен грант ұтып алған сәттері көп. Мәселен, 2021-2022 оқу жылының өзінде грант иегерлері 1157 болса, QS World University Rankings нәтижесі бойынша үздік 100 ЖОО түскендер саны – 50. Ал пәндік және ғылыми олимпиадаларда топ жарып жүрген оқушыларымызға келетін болсақ, жалпы «Білім-Инновация» лицейлері бойынша: 16788 оқушы үздіктер қатарында, Республикалық деңгейде 4842 шәкірт биік белесті бағындырса, 4423 оқушы халықаралық білім бәйгесінде ел абыройын асқақтатты. – Орта мектептер мен жекеменшік мектептердің арасын не жалғап тұр? Болмаса, жеке мектептерді ерекшелейтін не нәрсе? – Қорға қарасты жекеменшік мектептер де дәл «Білім-Инновация» лицейлеріндегідей бір жүйені ұстанады, база ортақ. Ұстаз ортақ. Жекеменшік мектептің өзгешелігі – бастауыштан бастап жоғары сыныпқа дейін бала таңнан кешке дейін мектепте сабағын оқып, этюд деп атаймыз, үй тапсырмасын орындап, үш мезгіл (таңғы, түскі және жүрек жалғар уақыт) тамақтанып, түрлі үйірмелерге қатысып, кешке жұмыстан қайтқан ата-анасымен 18:00-де үйге оралады. Яғни, түрлі үйірмелерге сырттай қатынауға кейде жұмысбасты ата-ана үшін жайсыздық тудырып жатады. Ал жекеменшік мектептің осындай да тиімділігі бар. – Білімді ұрпақ тәрбиелеу үшін не қажет? – Бұл – өте ауқымды һәм әр ұстаз өзіне қоятын сұрақ. Қазақта «балапанды күзде санайсың» деп жатады ғой. Бүгінгі шәкірттің білімі мен тәрбиесінің жемісін ертең қоғамда тапқан орнына қарап аңғаруға болады. Біз бүгін баланың жан-жақты дамуына жіті назар аударуымыз керек. Оқушының әлеуетін аша алатын білікті маманның болуы маңызды. «Қолда өскен ботаның тайлақ аты қалмайды» дегенді де қазақ атамыз айтып кетті. Әр шәкірттің шамшырағын жаға білу жолында қажырлы еңбек ету – барша педагогтың борышы. Мақсат сол – еркін ойлы оқушы, дұрыс сауал қоя алатын шәкірт тәрбиелеу. Біз өз кезегімізде тәрбие жұмысына жүйелі тәсіл ретінде сынып жетекшілеріне арналған курстар «Қадам» оқу-әдістемелік кешенін енгіздік. Оқушының оқу дағдыларын қалыптастыру мақсатында Kitapp мобильді қосымшасы жұмыс істеп тұр. Ата-аналарды тәрбие процесіне тарту, әр оқушыға арналған даму жоспары құрылған. Оқушыға психологиялық қолдау, кәсіптік бағдар беру бойынша ұдайы жұмыс жүргізіледі. Түлектердің тәрбие процесімен байланысы нығайтылған. Осылайша, ұлттың асыл мұраты жолында адал ұрпақ тәрбиелеу арқылы білім мен тәрбие сақасының салмағы басым болады деп ойлаймыз. – Әңгімеңізге рақмет!