Өткен аптада кісі қолынан қаза тапқан Синдзо Абэ – Жапонияның екі рет премьер-министрі болып, ел үкіметін өзгелерден ең ұзағырақ басқарған тұлға. Осы орынтақта отырғанда ол АҚШ президенті Дональд Трамппен достық қарым-қатынас орнатып, Куриль мәселесі бойынша РФ президенті Владимир Путинмен 27 рет кездескен. Халықаралық саясатта өзінің батыл шешімдерімен ерекшеленген 67 жастағы Абэ «қаршыға» ретінде танылған. Тіпті, премьерліктен кеткеннен кейін де оның саясаттағы ықпалы кеміген жоқ. Ұзақ жол алғашқы қадамнан басталады Синдзо Абэнің шыққан тегі де осал емес-ті: әкесі сыртқы істер министрі, немере атасы премьер-министр болған. Яғни, бұл әулет Жапонияның саяси элитасы санатына жатады. Ол 1993 жылы алғаш рет Парламент депутаты болып сайланды, 2005 жылы министрлер кабинетінің бас хатшысы болып тағайындалды. 2006 жылы 52 жасында Абэ жапон тарихында ең жас премьер-министр атанды. Алайда оның әкімшілігін қым-қуыт оқиғалар мен көлденең кесапаттар күтіп тұрған еді. Әсіресе, қаржылық алаяқтық жасады деген күдікке іліккен ауыл шаруашылығы министрінің өз-өзіне қол салуы, зейнетақы жүйесін компьютерлендіру кезінде миллиондаған жапондықтың деректерінің жоғалуы жаңа үкіметбасына оңай тимеді. Осы келеңсіздіктердің салдарынан консервативтік ұлтшыл көзқарастағы Абэ басқарған Жапонияның Либеральды-демократиялық партиясы (ЛДП) 2007 жылы шілдеде парламенттің жоғарғы палатасы сайлауында оңбай жеңілді. Ал қыркүйекте Абэ денсаулығының сыр бергенін алға тартып, орынтағын өз ырқымен босатып берді. Әйтсе де, 2012 жылы күтпеген жерден премьерлікке қайтып келді. Содан осы қызметіне 2014 және 2017 жылдары екі рет қатарынан сайланып, табандатқан сегіз жыл бойы үкіметтің екі тізгін, бір шылбырын қолында ұстады. Абэнің үшінші мерзімге сайлануына мүмкіндік беру және партия ішіндегі ықпалына селкеу түсірмеу үшін ЛДП саясатына өзгерістер енгізді. Абэ екінші рет премьер-министр қызметіне кіріскенде Жапония экономикасы тоқырауға ұшырап, тұралап жатқан-ды. Кәнігі саясаткер өндіріске жан бітіріп, қарқынды дамуға қол жеткізу үшін батыл шараларды қолға алды. Оның өте үлкен көлемде ақшалай ынталандыру саясаты айтарлықтай нәтижеге жетеледі. 2011 жылы Жапонияның шығыс бөлігін ел тарихында бұрын-соңды болмаған ең жойқын зілзала дүр сілкіндірді. «Жұт жеті ағайынды» демекші, нәубеттің соңын ала келген цунами «Фукусима-1» атом электр стансасындағы ядролық апатқа ұласты. Соның салдарынан 20 мың адам қаза тапты. 2020 жылы денсаулығына байланысты ол өз еркімен өкілеттігін тоқтатты. Абэні көп жылдан бері созылмалы ойық жаралы колит мазалап жүрген болатын. «Қаршыға» тектес алғыр еді! Халықаралық саясатқа және елдің қорғанысына қатысты мәселелерге келгенде Абэ қайтпас қайсар мінезімен ерекшеленді. Ол әлемдік сахнада «қаршыға» көзқарасымен танылды. Көп жыл бойы Жапонияның пацифизм принциптеріне негізделген конституциясын өзгертуге күш салды. Соғыстан кейін 1947 жылы америкалықтар жазып берген бұл конституцияда Жапонияның толыққанды әскер ұстауына тыйым салынған, елде тек өзін-өзі қорғау күші ғана болатын. Консерваторлар мұны жапондықтардың Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қорлық жағдайда тізе бүгуін еске түсіру деп санайды. Абэнің ұлтшыл көзқарасы Қытаймен және Оңтүстік Кореямен арадағы дипломатиялық қатынастарда талай рет ілік тудыруға себеп болған. Атап айтқанда, ол көрші мемлекеттер жапон милитаризмінің символы санайтын Ясукуни шіркеуіне 2013 жылдан бастап жиі барды. Мұнда Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан, сондай-ақ әскери қылмыскер ретінде өлім жазасына кесілген жапон сарбаздарын еске алу шаралары өткізіліп тұрған. Жапонияның өзінде де солшыл демократиялық фракция өкілдері Абэнің бұл қылығын жапон әскерлерінің көрші елдерге жасаған қылмыстарын ақтау деп бағалап, наразылық білдірген. Осыған байланысты тіпті қоғам белсенділерінің Абэге қарсы шыққан кездері болған. Ол 2015 жылы ұжымдық өзін-өзі қорғау туралы заңның қабылдауына қол жеткізді. Көрші мемлекеттердің және елдің өзінің ішінде қарсылық көп болғанына қарамастан, ел парламенті заңның осы түзетуін қабылдады. Қабылданған заң негізінде Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Жапонияның өзін-өзі қорғау күші бірінші рет ел мүддесі үшін немесе серіктес мемлекеттерге көмек ретінде басқа мемлекеттер аумағында соғыс қимылдарына қатыса алатын болды. Бірақ саясаткер конституцияны өзгертудегі өзінің түпкілікті мақсатына жете алған жоқ. Онда халықаралық жанжалдарды шешудің бір тәсілі ретінде Жапонияның соғыс жүргізу құқын да қолдану мүмкіндігі қарастырылған еді. Сондай-ақ Ресей өзінің Куриль архипелагының ажырамас бөлшегі санаған Хоккайдо префектурасының солтүстігіндегі төрт арал – «Солтүстік аумақтарды» Жапонияға қайтара алмады. Ресеймен тіресіп, АҚШ-пен емен-жарқын араласты Курильдің аталған төрт аралының тәуелділігі – Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан бері дау-дамайға себепші болып келе жатқан күрделі мәселе. Абэ үкімет басшысы болған кездері осы кикілжіңді шешу үшін Путинмен 27 рет кездескен. Тіпті, 2019 жылғы Кремльдегі бас қосудан кейін Абэ мен Путин 1956 жылғы декларация негізінде екі ел арасында бейбіт келісімді талқылауға әзір екенін мәлімдеген. Декларацияда Ресейдің даулы төрт аралдың екеуін Жапонияға беру мүмкіндігі қарастырылған. Бұл кездесуден кейін де бірнеше рет екіжақты келіссөздер жүргізілді, бірақ, қалай болғанда да мәселе сөзден іске көшпей қалды. Абэ тіпті істің оң шешілуі үшін 2020 жылы Мәскеудегі Жеңіс шеруіне де бармақшы болып оқталды. Бірақ коронавирус пандемиясы оның бұл жоспарының күл-талқанын шығарды. Сол кездері Абэ БАҚ-тың біріне берген сұхбатында Курильдің оңтүстік аралдарын Жапонияға беру жайы оңтайлы шешілуге аз қалғанын айтып, үміттендіріп қойған еді. Бірақ Ресейдің өз ішіндегі қоғамдық қарсылықтар Путиннің қолын байлап отырғанын қынжыла жеткізді. Ал Ресей – Украина соғысына қатысты мәлімдемесінде ол барша әлемді Украинаны қорғауға шақырды. «Бұл – әлемдік тыныштықты қорғаудың бірден-бір жолы», – деп түйіндеді Абэ. Сондай-ақ саясаткер Қытайға қарсы позиция ұстанған. Ол 1937-1945 жылдар аралығындағы жапон-қытай соғысында қытайларды жаппай қырып-жою оқиғасы болғанын ешқашан мойындамаған. Оның Тайваньға қатысты ұстанымы да нық, ол АҚШ-ты Тайбэйді барынша қорғауға шақырды. 2016 жылы Дональд Трамп АҚШ президенті болып сайланғанда Синдзо Абэ онымен әлемдік көшбасшылардың ішінде ең бірінші болып кездескен. Екеуара жақсы қарым-қатынас орнауының арқасында Жапония сауда тарифтерінің қымбаттауынан аман қалды, бұл кезде Америка президенті Қытайға сауда соғысын жариялағанын білесіздер. «Алмақтың салмағы бар» демекші, алайда Токиоға оның қарымтасы ретінде ел ішінде орналасқан АҚШ базаларын қаржыландыруды ұлғайтуға тура келді. Абэномиканың ерекшелігі неде? Оның экономиканы құлдыраудан құтқарған батыл стратегиясы «Абэномика» деген атауға ие болды. Қысқа мерзімді кезең үшін теріс пайыздық мөлшерлеме белгілеу саясаты тұтынушылар мен компанияларды арзан несие алуға және оны көп көлемде жұмсауға итермеледі. Бұл үкіметке инфрақұрылымға мол қаржы салуға және салықтық жеңілдіктер жасауға мүмкіндік берді. Абэ экономикасы, сондай-ақ әйелдерді жұмыспен қамтуға, бос орындарға мигранттарды шақыруға да елеулі ықпал етті. Алайда бұл жетістік ұзаққа созылмады, төтеннен келген коронавирус індеті экономикаға ауыр соққы болып тиіп, саясаткердің беделіне нұқсан келтірді. Тіпті, кейбір қарсыластары оның ішкі туризмді дамытамын деген бастамасы ел арасында инфекцияның жедел таралуына әсер етті деп те айыптады. Саясаткер халықаралық деңгейде Транстынықмұхит әріптестігі идеясы – 11 ел арасындағы аса ауқымды сауда келісімінің белсенді жақтаушысы болды. Сарапшылар 2017 жылы келісімнен АҚШ шығып кеткенде де оның сақталып қалуы нақ Абэнің қолдауының арқасы деген пікір айтады. 2020 жылы Абэ өз еркімен премьер-министр қызметінен кеткеннен кейін оның партиясының фракциялары арасында текетірес басталды. О баста үкіметті аздаған уақыт Ёсихидэ Суга басқарды, оны қазіргі премьер Фумио Кисида алмастырды. Қалай болғанда да, Абэнің екеуімен де қатынасы жақсы еді әрі оларға ықпалы үлкен болды.
ТҮЙІН: Синдзо Абэ 8 шілде күні Нара қаласында Жапонияның жоғарғы палатасына үміткер ретінде сайлауға түскен партияласын қолдау митингісіне қатысты. Мінберде сөз сөйлеп тұрғанда қылмыскер оның ту сыртынан екі рет оқ атып, жаралады. Дәрігерлер саясаткердің өмірі үшін 4 сағат бойы арпалысқанымен, сол күні жергілікті уақыт бойынша кешкі сағат 17.30-да Синдзо Абэнің жүрегі соғуын тоқтатты. Күдікті ретінде Жапонияның өзін-өзі қорғау теңіз күштерінің бұрынғы сарбазы, 41 жастағы Тэцуя Ямагами қамауға алынды. Қайғылы қазадан кейін Жапония министрлер кабинетінің шешімімен Синдзо Абэ мемлекеттік ең жоғары атақ – «шынжырлы Хризантема» орденімен марапатталатын болды. Айта кетейік, Жапонияда «шынжырлы Хризантема» ордені өте сирек беріледі. Ел тарихында оған осы күнге дейін тек 14 тұлға ғана ие болған. Кеше Токио орталығындағы Дзодзёдзи будда шіркеуінде саясаткермен қоштасу рәсімі өтті. Қаралы шараға жиналған халықта есеп жоқ, осыдан-ақ оның көптің көзайымына айналған ерен тұлға екенін біле беріңіз. Марқұмның денесі бүгін өзінің туған қаласы Симоносекиде жер қойнына беріледі.