Сәрсенбінің сәтінде Мәдениет және спорт министрлігі Геральдикалық зерттеулер орталығының және «Тұғырыл хан – Оң хан» корпоративтік қорының бірлесіп ұйымдастыруымен Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында «Елдіктің нышаны – ерліктің белгісі» атты мемлекеттік рәміздерді ұлықтауға арналған баспасөз туры өтті. Экспедиция құрамында мемлекеттік Елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібекұлы, Геральдикалық зерттеулер орталығының директоры Асылбек Байжұмаұлы, «Тұғырыл хан – Оң хан» корпоративтік қорының төраға орынбасары Нұржан Игібаев, орталықтың басқа да мамандары мен ғалымдар, журналистер болды.
Атыңнан айналайын...
Жалпы аумағы 3,5 млн гектарды алып жатқан Қарқаралы ауданының тарихы бәзбіреулер айтып жүргендей, Ресей империясының әскери бекінісі ретінде қаланың іргесі қаланған 1824 жылы емес, кем дегенде 2-2,5 мың жылдан бері жалғасқан. Оған осы өлкені мекендеген ежелгі түркі тектес тайпалардың көне қоныстары куә. Сондай-ақ археолог Әлкей Марғұланның археологиялық қазба жұмыстары бұл жерлерде қарлық, қыпшақ, оғыз тайпалық бірлестігі темір кенін өндіргенін растады. Түгін тартсаң, майы шығатын бай өңірде темірден басқа алтын, мыс сияқты түрлі кен қоры мол. Осыған байланысты қазақтың маңдайына біткен біртуар ғалым Қаныш Сәтбаев: «Алтайдан Қарпатқа дейінгі ұлан-ғайыр өлкеде Қарқаралы топырағындай қасиетті, киелі жер жоқ» деген болатын.
Қала іргесіндегі Кент тауларының Талды қорымынан табылған «Алтын адам» жәдігері де – көне сақ, ғұн тайпаларының дәуірлеу кезеңінің белгісі. Кент, Алат, Талды қоныстары жарты әлемді жаулаған ұлы бабаларымыздың құтты мекені болғаны – тарихи айғақ. Аудан аумағында мұндай қорым саны 400-ден асады. Оның ішінде ғалымдардың аяғы жетпеген, әлі зерттелмеген таңбалы тастар мен тылсым қоныстар көп.
Сондай-ақ Қарқаралы ертеден Орталық Азия мен Қытайдан Сібірге баратын керуен жолының торабы ретінде маңызды сауда, кәсіпшілік және мәдени-ағарту орнына айналды. Қаланың солтүстігіндегі Қарасор көлінің жағасында 1848 жылдан 1930 жылға дейін Қоянды жәрмеңкесі өтіп тұрды. Жәрмеңке кезінде 1905 жылы патшалық Ресейге талап қойған атақты Қарқаралы петициясы жазылды. Мұнда талантты әншілер мен әртістер (Ә.Қашаубаев, И.Байзақов, Ж.Шанин, Қ.Қуанышбаев, М.Уәлиева ) өнер көрсетіп, Қажымұқан Мұңайтпасов белдесуге шыққан. Абайдың әкесі Құнанбай қажы қалада 1852 жылы көктөбелі күмбезді мешіт салдырған.
Арнайы экспедицияны Қарқаралы ауданының әкімі Ерлан Құсайын қарсы алып, ежелгі елдік дәстүрмен қошемет көрсетті.
– Бүгінгі кездесудің мәні мен маңызы зор,– деп сөзін бастады аудан әкімі. – Арқа өңіріндегі санаулы ғана байырғы қалалардың бірі болған Қарқаралы тек әсем табиғатымен ерекшеленбейді, ол – ұлт руханиятының да бесігі. Орталық Қазақстан бойынша ең алғашқы білім орталықтары осында ашылған. ХІХ-ХХ ғасырларда қазақ үшін тағдыршешті зор саяси оқиғалар өткен, ұлтымыздың беткеұстар игі жақсыларының, Алаш ардақтыларының ізі қалған қасиетті мекен. Олардың ішінде Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбаев, Нығмет Нұрмақовтың және тағы басқалардың есімін атай кеткен жөн.
Бұл жерде басы бұғалыққа сыймай кеткен өр Мәди, қазақ поэзиясында Абай мен Мағжаннан кейін үлкен жаңалық болып келген құбылыс, өзінше айтатын болсақ, «от бүркіп, шоқ шайнаған» дауылпаз ақын Қасым, жезтаңдай әнші Жүсіпбек Елебеков, Кеңестер Одағының батыры Мартбек Мамыраев, Нүркен Әбдіров, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров сынды тұлғалар туып-өскен. Кешегі қарадан шығып «хан» болған Құнанбайдың, бала Абайдың осы Қарқаралы көшесінде алшаң басып жүргенін көзімізге елестетуге болады, – деп Ерлан Бейсембайұлы өңірдің арғы-бергі тарихына аз-маз шолу жасады.
Аудан басшысы осыдан кейін мемлекеттік Елтаңбаның авторы, Еуразия ұлттық университетінің профессоры Жандарбек Мәлібекұлының иығына шапан жапты.
– Қасиетті тарихымызды ештеңемен салыстыруға болмайды, ол – халқымыздың баға жетпес рухани байлығы. Қазақстанның Елтаңбасын жасаған кезде мен осы балбал тастарды, таңбалы тастарды тереңірек зерттедім. Елтаңбада ежелгі тарихтың ізі де, бабалар сабақтастығы да, сондай-ақ болашақтың болмысы да түгел қамтылған. Өйткені жас ұрпақты Отанды, елді сүюге тәрбиелеуде мемлекеттік рәміздердің орны ерекше, осыны жадымызда сақтағанымыз жөн,– дейді Ж.Мәлібекұлы.