Біраздан бері карантиндік шектеулер алынып, қалыпты өмірге оралғанымызбен коронавирус соңғы уақытта қайтадан күшейіп, жұртты әбігерге сала бастағандай. Жамбылдықтар да коронавирустық инфекцияның қайта қарқын алғанын алғашқылардың бірі болып, байқап үлгерді. Тек соңғы тәуліктің өзінде өңірде 40 адам КВИ жұқтырған. Расында, Әулиеатада эпидахуал ушыға бастағанды. Олай дейтініміз, бүгінде дене қызуы көтеріліп, төсек тартып жатып қалған туыс, бауыр, әріптестер туралы жиі еститін болдық. Бұл жағдай жамбылдықтарды да алаңдатып отыр. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері өңірде коронавирустық инфекцияны 27 011 адам жұқтырған. 100 мың тұрғынға шаққанда аурушаңдық көрсеткіші 2346,7-ні құраған. Ал пневмонияның 8661 жағдайы тіркелген. Өңірдегі 66 төсек-орындық инфекциялық стационарда 31, реанимацияда 3 науқас ем қабылдап жатыр екен. Жоғарыдағы мәліметке сенсек, індеттің жаңа толқыны Жамбылға да жеткенін байқауға болады. Індеттен сақтанудың бірден-бір жолы екпе алу екені белгілі. Денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, аймақта екпе салу ісі қайтадан қарқын ала бастаған. 2021 жылдың 1 ақпанынан бастап облысқа 375 340 доза QazCovid-in – отандық вакцинасы, 843 мың 590 доза Спутник V, 60 мың доза Hayat-Vak, 34 мың доза Corona Vac, 303 мың доза VeroСell Синофарм, 10 000 мың Спутник Лайт, 333 450 доза Pfizer жеткізілген. Өңірдің 638 398 тұрғыны вакцинаның 1-компонентін, ал 632 595 адам 2-компонентін алған. Ревакцинациядан 403 957 адам өтті. 113 079 жасөспірім мен 4 351 жүкті әйел, 15 148 бала емізетін ана Pfizer вакцинасын салдырды. Тараз қаласының тұрғыны Айымкүл Бектұрованың айтуынша, осы жолғы індеттің белгілері тым басқа.
– Бірнеше айдың бедерінде мамыражай тіршілігімізге қайта оралған едік, енді дерт қайта дендеп отыр. Жуырда өзім де, немерелерім де ауырып тұрды. Бір байқағаным, бұрын кесел жұқтырғандар әлсіздікті, иіс пен дәм сезбей қалғанын айтқан болса, қазіргі індетте дәм сезбей қалғаныңмен иіс сезесің. Сосын дене температураң бір көтерілсе, артынша қайта түсіп кетеді. Аяқ-қолыңды қақсататын суық бойыңнан жүріп өтеді. Тағы бір таңғалғаным, бұл жолғы ауруда мүлде жөтелмейсің. Оның орнына танауың бітіп, су аға береді екен. Әйтеуір, түрлі ем жасап, сауығып шықтық. Алайда арқаны кеңге салуға болмайды. Сондықтан барынша сақ жүргендеріңіз абзал, – дейді зейнеткер.Тағы бір ойға қалдырары бұрындары індет қарттар мен балаларға жиі жұқса, қазір орта жастағылар көптеп ауырып жатыр. Бұл да халықтың санасын сан саққа жүгіртіп отыр.
– Бір байқағаным, туыстарымның да, таныстарымның да арасында жасы 30-50 арасындағы адамдар көптеп ауырып жатыр. Денсаулық сақтау басқармасы жариялап жатқан статистиканы күнделікті көріп отырмыз. Алайда олар үйінде ауырып жатқан адамдарды есепке ала алмайды. Оған мүмкіндік те жоқ. Шынын айтсақ, қазір екінің бірінің үйінде бір адам ауырып жатыр. Ол тұмау ма, әлде КВИ ме оны да білмейсің. Ал ауруханаға барып анықтатуға тұрғындар қорқады. Себебі жатқызып қойып, ауруды одан сайын ушықтырады деген көзқарас басым. Тұмау сияқты қолдан келген емін өздері жасайды. Қазір ұжымдық иммунитет қалыптасқан сияқты. Себебі 1-2 апта жатып ауырғандар аяққа тұрып кетіп жатыр. Бірақ бұл індетті түбегейлі жеңдік деген сөз емес. Сондықтан барынша сақ жүрейік, – дейді көпбалалы ана Сая Ахатова.Тұрғындардың сақтық шараларын сақтауға шақыру орынсыз дей алмассың. Себебі елімізде өткен тәулікте 1104 адамда коронавирус індеті ПТР тесті арқылы расталғаны белгілі болды. Демек, қазірден сақтық шараларын күшейтпесек, коронавирустық инфекцияны жұқтыру қаупі артады. Сарапшылар да бұл індеттің үшінші-төртінші және бесінші толқынға жалғаса беретінін алға тартады. Бір сөзбен айтқанда, саулықтың сақтықта екенін естен шығармағанымыз жөн.
Жамбыл облысы