Жеңіске мастанбай, жаттығуға кірістім – Мақсат Исағабылов
Жеңіске мастанбай, жаттығуға кірістім – Мақсат Исағабылов
946
оқылды
Биыл кіл мықтылар бақ сынайтын «Қазақстан барысы» додасында толағай тұлғалы Мақсат Исағабылов алтын белбеу мен тайтұяқты қанжығасына байлап, Сыр өңірінің мерейін асырды. Бұл көптен бері қазақ күресіндегі байрақты бәсекедегі жеңіске шөліркеген жергілікті жұртшылыққа теңдесі жоқ сый болды. Осы орайда алыптар сайысында топ жарған оғланмен сұхбаттасып, алдағы жоспарларымен бөліскен едік. – Соңғы жылдары балуандар арасын­дағы басты бәсеке алаңына айналып үлгерген «Қазақстан барысы» турнирінде топ жару екінің бірінің қолынан келе қоймайды. Бұл жеңісіңізді ұзақ жылғы дайындық пен тынымсыз еңбектің нәти­жесі дей аласыз ба? – Негізі «Қазақстан барысы» додасы 2011 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Сол кезден бастап «Қазақстан барысы» атанып, осы алтын тайтұяқты ұстап тұрсам деген арман, мақсатым болды. Әрине, мұндай жетістікке жету оңай болған жоқ. Сол арманыма қол жеткізу үшін осы уақытқа дейін тынбай еңбек еттім. Көп тер төктім. Қаншама қиын кезеңдерден өттім. Аллаға шүкір, еселі еңбегіміз текке кетпеді. Негізі адам алға қандай да бір мақсат қойып, сол жолға барын салса, алын­байтын қамал жоқ екен. Соған тағы бір мәрте көзіміз жетті. Сонда да болса «Қазақстан барысы» оңай емес. Осы орайда Қызылорда облысы әкімдігінің, облыстық мәдениет және спорт басқар­масының да қолдауын айта кеткен абзал. Мен үшін алаңдап, әр­дайым дұға тілеп отырған ата-анамның, маған сенім білдірген халқымның қол­дауы да жігерлендірді. – Дәл осы байрақты бәсекенің ең алғашқы жеңімпазы Ұлан Рысқұлдан кейін Сыр өңірінен «Қазақстан барысы» шыққан жоқ. Бұл да балуан ретінде жауап­кер­шілігіңізді еселей түскен шы­ғар... – «Қазақстан барысы» атану бір басқа да, оны абыроймен алып жүру мүлдем бөлек әңгіме. Қазақша күрестегі ең биік шыңды бағындырсақ та еркінсуге болмайды. Керісінше, бұрынғыдан да жоғары қарқынмен жаттығуға кірісіп кеттік.Келер жылы да осы чемпиондық атақты сақтап, тағы бір алтын тайтұяқ пен белбеуді қанжы­ғаға байлау ойда бар. Бір сөзбен айт­қанда жауапкершілік еселене түсті. Қазақстан барысы – «Қазақстан барысына» дейін қан­дай турнирлерде үздік атандыңыз? – Бұған дейін көптеген дүбірлі додаларда бағымды сынадым. Оның ішінде 2019 жылы «Әлем барысы» абсолюттік әлем чемпионатында күміс жүлдегер атандым. Азия чемпионы атандым. Республикалық «Үздіктердің үздігі» атты 8 балуанның арасындағы турнирдің жеңімпазы болдым. Сол сияқты самбодан халықаралық дәреже­дегі спорт шеберімін. – Шынында бұл жолғы жеңісіңіздің жөні бөлек. Осы додадағы сіз үшін ең мықты қарсылас кім болды? Кіммен бел­десу қиын болды? – Биылғы «Қазақстан барысына» еліміздің әр аймағынан 5000 үміткерден іріктеліп, әр облыстан 2 балуаннан 36 балуан ақтық айқасқа жолдама алды. Осы 36 балуанның әрбірі «сен тұр, мен атайын» дейтін шетінен мықты жігіттер. Оның бірі мықты, екіншісі әлсіз деп айтуға келмейді. 36 балуанның арасында Әлем, Азия чемпионаттарында және осы «Қазақстан барысында» топ жарған балуандар бар. Мәселен, Мұхит Тұр­сын­ов «Қазақстан барысы» жобасының 2014 жылғы жеңімпазы болса, Ерасыл Қажыбаев осы турнирде екі рет күміс жүлде алған. Ақтық сын үшін белдескен қарсыласым Ғалымжан Қырықбай да былтырғы додада күміс жүлдегер атан­ған. Финалда жолымыз түйіскен Нұр­дәу­лет Жарылғапов та әлсіз қарсылас емес. Былтыр «Белбеу» күресінен әлем чемпионы атанып, «Қазақстан бары­сында» қола жүлдеге иелік еткен. – Мықты спортшының жетістігі тыным­сыз еңбек пен талапшыл жаттық­тырушыға байланысты. «Қазақстан ба­ры­сын» баптаған бапкерлеріңіз туралы білгіміз келеді... – Мұнда мені бала күнімнен баптап, бүгінге дейін қазақша күрестің қыр-сырын үйретіп жүрген Болатбек Кенеевтің есімін асқан құрметпен атап өткім келеді. Өзім туып-өскен Қармақ­шы ауданы Жосалы кентіндегі қай баланы алсаңыз да бір бүйрегі қазақша күреске бұрып тұрады. Олардың дені Әділбек Серікбаевтай ағайдың тәлімін көргендер. Мен де сол кісіден күрестің әліппесін үйрендім деп айта аламын. Қызылорданың күрес мектебін жоғары деңгейге жеткізуге күш салған Садық Мұстафаев та бапкер ретінде қалып­тасуыма еңбек сіңірді. жеңіс Спортшының жетістігі тынымсыз жаттығу мен білікті бапкерден бөлек ата-анасына, жанкүйерлеріне де бай­ланысты екенін айтқым келеді. Осы турнирдегі әр белдесуімде қызыл­орда­лықтардың қолдауын сезіндім. Сон­дықтан да бұл менің ғана емес, тұтас Сыр еліне, тілеулес жандардың барша­сына ортақ жеңіс деп білемін. – Алдағы жоспарыңызбен бөлісе кетсеңіз? Екі дүркін, үш дүркін «Қазақ­стан барысы» атанып, жанкүйерлеріңізді қуантқыңыз келмей ме? – Әрине. Қазіргі таңда алтын белбеу мен тайтұяқты Сыр жұртшылығына екі-үш мәрте тарту үшін дайындыққа қайта кірістім. Сондай-ақ «Әлем бары­сының» алтын белбеуін де тағынып, жанкүйерлерімді тағы бір қуантсам деймін. – Әңгімеңізге рақмет! Жеңісті сәт­теріңіз көп болсын!

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ, Қызылорда облысы