Ақпанның жетісі күні ақпарат агенттіктерінің бірі «Алимент төлемегендердің мүлкін тәркілейтін болды» деген тақырып қойып, мақала жариялады. Онда заңға түзетулер енгізу жөніндегі Мәжілістің жұмыс тобының отырысында Республикалық сот орындаушылар палатасының басқарма төрағасы Ернар Ибраевтың ұсынысы келтіріліпті. Жазбаға сенсек, ол Азаматтық процестік кодекстің кей шарттарына өзгеріс енгізуді сұраған.
Отырыста Ерлан Ибраев: «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңның принциптерінің бірі – іздестіру көлемі. Яғни, ұсақ әкімшілік айыппұл үшін заң құны миллионнан асатын мүлікті тәркілеуге тыйым салады. Екіншіден, сот орындау тәсілі мен сомалық бөлігін борышкердің мүлкінен өндіріп алудың қаншалықты заңды, қаншалықты мөлшерлес екеніне баға береді», – деді.
СОТ ОРЫНДАУШЫЛАРДЫҢ ПРОБЛЕМАСЫ
Палата төрағасының бұл сөзіне қарап сот орындаушылары өздерінің қазіргі мәртебесін көтеруге, құзыретін арттыруға тырысып жатыр деп ойлауға болады. Бір қарағанда бәрі түсінікті сияқты. Алайда бұл нақты қандай өзгеріс туралы ұсыныс екені әлі де беймәлім қалды. Сондықтан істің мән-жайын анықтау үшін сол күні Мәжілісте өткен жұмыс тобының отырысын басқарған Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы Светлана Бычкова ханымға хабарластық.
– Аталған мәселелер жеке сот орындаушыларының республикалық палатасы тарапынан проблемаларды шешуге көзқарасы ғана. Ол өз жоспарларымен бөлісті. Қазіргі уақытта мұндай ұсыныстар жұмыс тобының қарауына жазбаша түрде келіп түскен жоқ. Нақты жазбаша ұсыныстар түскен жағдайда, олар депутаттар мен азаматтық қоғаммен жан-жақты талқыланатын болады, – деді С.Бычкова.
Енді бұл нақты ұсыныс емес, сот орындаушысының пікірі екені түсінікті болды. Демек, әлі өзгеріс енеді деп кесіп айтуға ерте. Бірақ сот орындаушылары кодекстің қай баптарына, қандай өзгеріс енгізіп, қандай құзыретке ие болмағы әлі де белгісіз. Сондықтан Республикалық сот орындаушылар палатасына хабарласып, ұсыныстың мақсатын сұрадық.
Республикалық сот орындаушылар палатасының Аналитика бөлімі басшысы Ғалым Смағұлов:
– Алиментке келетін болсақ, бұл мәтіннен бөлініп алынған болуы керек. Өткен аптада Парламентте екі өзгерту туралы сөз болды. Олар – депутат Имашева мен Кесебаеваның ұсыныстары. АПК-тің 246 және 250-1-баптары туралы мәселе көтерілді. Онда сот орындаушылары атқарушы құжаттардың, оның ішінде атқарушылық жазбаның, салық бұйрығының негізінде өндіру амалдарын қолдануға құқы жоқтығы мәселе ретінде көтерілді. Бүгінгі күні өндіру тек сот бұйрығымен немесе атқару парағы арқылы жүзеге асады. Яғни, тек сот құжаттары ғана қауқарлы. Бұл жерде Жоғарғы сот бірте-бірте судьялардың жұмысын жеңілдетіп жатқанын ескеру керек. Атқару құжаттарының көптеген жаңа түрлері пайда болды. Мысалы, нотариустарға атқарушылық жазбаны жазу құқығын берді. Бірақ сот орындаушысы осы құжаттың негізінде жылжымайтын мүлікті тәркілей алмайды. Өйткені АПК-нің қолданыстағы 246-бабы бойынша бұл тек жоғарыда айтылған екі құжаттың негізінде жүзеге асады. Біз осы құжаттардың тізімін кеңейткіміз келеді. Мысалы, алименттік келісім бойынша алиментін ала алмай жүрген адамға қомақты қаражатты өндіріп беру үшін борышкердің жылжымайтын мүлкін тәркілей алмаймыз. Мәселе осы құзыретті енгізу туралы, – деді.
НОТАРИУС СОТПЕН ТЕҢ ЕМЕС
Яғни, сот орындаушылары нотариалды органдардың атқарушылық жазбасын сот құжаттарымен теңестіруді көздеп отыр. Бұл нотариустар мен сот орындаушыларының еркінсіп кетуіне жол ашпай ма? Қазірдің өзінде елеусіз қарызды желеу етіп, нотариус жағалайтын жандарды бопсалаудың құралына айналып кетпей ме? Сот жұмысын жеңілдетудің орнына жаңа істер жамап беруіміз мүмкін бе? Заңгерлердің көзқарасы қандай? Біздің сауалымызға жауап берген заңгер Әлімжан Жұбатқанов.
– Бұл даулы жағдайларды көбейтеді. Мысалы, кей адамдар сотсыз нотариусқа барып атқарушылық жазба жазғызып алды делік. Сот орындаушысының қолында жаңағы құжат бар. Ол борышкер азаматтың шотын жауып, басқа да шаралар қолдануға құқылы. Ал нотариустар мемлекеттік орган емес қой. Жеке кәсіп болған соң өз пайдасын көздейді. Сондай-ақ нотариус ескертуді бір рет қана жіберетінін назарда ұстау керек. Заң бойынша бұл хабарламаны алған адам келіспесе, он күннің ішінде қарсы шағым жазуы керек. Ол кезде азамат іссапарда болса немесе ауырып жатса ше? Ал сот шешімін қайта қарауға болады ғой. Одан бөлек, нотариусқа ескертуді екі тілде жіберу туралы ешқандай норма жоқ. Сондықтан әркім өзіне ыңғайлы тілде хабарлай береді. Көбіне орыс тілінде тарайды. Ал оны алған адам орысша түсінбесе ше? Мемлекеттік органдар болса екі тілде қызмет көрсетуге міндетті. Керек болса сот аудармашы шақырады. Сондықтан бұл өзгерісті ұсынбас бұрын жақсылап зерттеу керек. Алаяқтар мен арам пиғылды адамдар мұны өз пайдасына шебер қолданып кетуі мүмкін. Сосын жауапкершілік жағын қарастырған жөн, – дейді.
Заңгер мен Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысының ойы бір жерден шығып тұр. Мәселені жан-жақты талдап, салмақтап барып шешім шығармаса, бұл пайдасынан зияны көп заңға айналмақ. Ал мақаланың басында айтылған алимент мәселесіне келетін болсақ, Қазақстанда шамамен 200 мыңнан астам адам алимент төлейді. Оның 14 мыңы төлеуден қиналып жүрсе, 6 мыңы мүлде төлемейді екен. Бұл 20 мың толық емес отбасы қаржылық қиындық көріп отыр деген сөз. Осы проблеманың шешімі ретінде Әділет министрі Марат Бекетаев Мәжілісте борышкерлердің қарызын ата-анасына төлеуді міндеттеу туралы ұсыныс тастаған болатын. Оның бұл ұсынысты тастауына алимент төлемейтіндердің санының артуы мен Италияның тәжірибесі түрткі болған. Айтуынша, өз немересіне қамқор болу – ата мен әженің де міндеті. Сондай-ақ министр елдегі алимент төлемінің жағдайын жақсарту үшін арнайы қор ашуды ұсынып, оны 2020 жылдың бірінші тоқсанынан бастап іске қосуға болатынын айтты. Қаржыландыру көзі мен жұмыс істеу механизмдері ойластырылып жатыр.
ШЕТЕЛДЕ БОРЫШКЕРДІ ҚАЛАЙ ЖАЗАЛАЙДЫ?
Осы орайда, шетелдіктердің тәжірибесін мысалға келтіруді жөн көрдік. Германияда борышкерлердің мүлкін тәркілеу, күштеп жұмысқа тарту, түрмеге қамау жазалары қарастырылған. Канадада алименттен қашқандардың аңшылық және балық аулауға берілген лицензиясынан айырып, суреттерін интернетке жариялайды. Баласын қамтамасыз етпеген латвиялық жүргізуші куәлігінен айырылуы мүмкін. Сондай-ақ автокөлігін тіркеу мен техникалық бақылау талонын беруден бас тартады. Нидерланд пен АҚШ-та ажырасқандар жұмысқа қабілетсіз бұрынғы жұбайын да қамтамасыз етуі керек. Ал төленбеген жағдайда түрмеге тоғытылады. Франция, Италия мен Әзірбайжанда да осындай жаза түрі қарастырылған.
Серік СЕЛЕУБАЙҰЛЫ