Қазақстанда жастардың жұмыссыздық мәселесі әлі де өзектілігін жойған жоқ. Кез келген елдің жастары модерн технологиялар қалыптасқан, жаңашылдық пен ізденіске жол ашатын жерде жұмыс істегісі келеді. Еліміздегі жастардың басым бөлігі – жалдамалы қызметкерлер. Ал өзін-өзі тұрақты, жүйелі жұмыспен қамтып отырғандар (18-29 жас) ел жастарының 23 пайызын ғана құрайды. Осыдан кейін «еңбек нарығына ілесе алмаған жастардың бойкүйездігі мен жоғары оқу орындары түлектерінің жұмыссыз қалуына не себеп?» деген сұрақ мазалайды.
Еңбек нарығы ескеріле ме?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2019 жылғы дерегіне сүйенсек, еліміздегі жұмыспен қамту мекемелерінде жұмыссыз ретінде 170 мыңнан астам адам тіркелген, соның ішінде 68 мыңға жуығы жастар. «Жастар тәжірибесі» бойынша 30,7 мың оқу бітірген түлек жұмысқа орналасқан. Мектеп бітіруші түлектер мамандық таңдауда қателесіп, соның салдарынан еңбек нарығында сұранысы жоқ саладан жұмыс таба алмай жататын кездер де бар. Мысалы, Қазақстанда тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу, сумен жабдықтау, кәріз жүйесі, қалдықтарды жинау және бөлуді бақылау, жалпы өнеркәсіп саласында жұмыс күші жетіспейтіні, аталған бағытта жастардың аз екені анықталған. Сәйкесінше, жастардың көпшілігі ақпарат пен заң саласын оқиды. Ал бұл мамандықтар қазақстандық еңбек нарығында аса қатты сұранысқа ие емес. Жастардың жұмыссыз жүруінің себебін жұмыс берушілер міндетті түрде тәжірибе талап ететінімен түсіндіреді. Жоғары оқу орнын жаңа аяқтап, қолына дипломын алған түлекте жұмыс тәжірибесі бола бермейтіні айтпаса да түсінікті. Әлеуметтанушы Баян Жүзікбайқызы еңбек нарығын есепке алмай, жұмыссыз жастардың санын көбейтіп алсақ, ел әлеуметтік-экономикалық құлдырауға ұшырайтынын айтады.– Жұмыссыздық – кешенді мәселе. Көбіне Еңбек кодексіне құқықтық өзгерістер қажет деп жатамыз. Оның негізінде колледж бен университеттерді бітірген жастарды мемлекет бірден жұмыспен қамтып, 3-5 жыл аралығында тәжірибелі маман етіп шығаруы тиіс дейміз. Дегенмен бұлай міндеттеу арқылы мәселе шешіле қоймайды. Еңбек нарығы өзгеріске, ізденіске, жаңалықтарға бейім жандарды ғана қабылдайды. Мемлекет жастарды кәсіпкерлікке баулуды қолға алып жатыр. Бірақ жастар кәсіп бастауда қаражаттың болмауын, жалға алатын ғимараттың қымбат екенін, іс жүргізуде тәжірибесі аздығын айтады. Түптеп келгенде, жастар келешек мамандығына көз жұма қарап, еңбек нарығында қай саланың сұранысқа ие боларын ескермей қателесіп отыр, – дейді әлеуметтанушы.
Жастардың бойкүйездігі
Жастар жұмыссыздығының тағы бір себебі – бойкүйездік. Жастар арасында оқыған мамандығы бойынша емес, күзетші болып жұмыс істегенді құп көретіндер де баршылық. Оған дәлел – әр мекемеге барсаңыз 30 жас шамасындағы зіңгіттей жігіттердің күзетші болып тұратыны. Жапонияда такси қызметі мен шағын мекемелер күзетіне жасы келген қарт адамдарды жұмылдырады. Ал жастар өнеркәсіп, технологиямен айналысуы тиіс. Баян Жүзікбайқызының айтуынша, жұмыссыздықтың тағы бір себебі қоғамның дәстүрлі түсініктен ажырай қоймауында. 2019 жылы Жастар ғылыми орталығы жастар арасында «Сіз үшін ең басты құндылық не?» деген тақырыпта сауалнама жүргізген. Жастардың 86 пайызы отбасы деп жауап берсе, 60 пайызы ең басты құндылықтардың бірі ретінде денсаулықты атаған. Тағы бір 31 пайызы достар (!) десе, біз айтып отырған еңбек нарығына байланысты жастардың 11,1 пайызы мансапты құндылыққа жатқызған. 10,7 пайызы ақша мен материалдық игілікті, 8,7 пайызы өзі ұнатып істейтін қызықты жұмысты құндылықтар қатарына қосқан. Яғни, біздің дәстүрлі қоғам еңбек нарығына дайын емес деп айтуымызға негіз бар деген сөз. Өз кезегінде еңбек мәдениеті өнімділік пен сапалы қызметті талап етеді. Жұмыссыздық жастардың көңіл күйіне әсер етпей қоймасы анық. Осыдан кейін жастардың экстремистік және террористік топтарға еріп кету ықтималдығы артуы мүмкін.Диплом бар, жұмыс жоқ
Еліміздегі әрбір 10 студенттің 7-і ақылы оқиды. Жоғары оқу орнын бітірген 2 000-нан астам азамат жұмыссыз жүр. Жалпы, жұмыссыздар шеруін дизайн, химия, филология, стоматология мамандығын тамамдағандар бастайды. Білім беру ордалары еңбек нарығының сұранысына қарай маман даярлауы керек-ақ. Дамыған елдердің білім беру жүйесі өндіріс саласымен тығыз байланысты. Жастар жұмыссыздығы Нұр-Сұлтан, Алматы қаласы мен Қарағанды, Түркістан облысында басымырақ. Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында басқа өңірлерден келіп, жоғары оқу орнын аяқтаған жастардың 3/2 бөлігі қалып қояды. Ол жастардың барлығы тұрақты жұмыс таба алады дегенге сену қиын. 2019 жылы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін 4 527 түлек бітірген. Университет басшылығы жастардың көбі жұмысқа орналасқанын айтады. – Былтыр оқуды аяқтап, диплом алған жастардың 80 пайызға жуығы мамандығы бойынша жұмысқа тұрды. Кей факультет жастарының жұмысқа тұру үлесі 90 пайыздан асты. Олардың қатарында филология, тарих, әлеуметтік ғылымдар факультеті бар. Біз белгілі мекеме, кәсіпорындармен келісім жүргізіп, жастардың еңбек тәжірибесін алуға, жұмыс берушілермен тығыз байланыста болғанын қадағалаймыз, – дейді университет басшылығы. Ал Астана медициналық университеті Қазақстан өңірлерін медициналық кадрлармен қамтамасыз етуде әлі де мәселелер барын жасырмады. – Былтыр оқу орны 1 000-нан астам жас маманды түлетті. Көбіне медициналық кадрларға еліміздің солтүстік аймағы мен ауылдардан сұраныс мол. 2019 жылдан бастап университет жас мамандарды кадр тапшылығын көріп отырған аймақтар мен ауылдарға 3 жылға жұмыс істеуге жіберіп отыр, – деп мәлімдеді. Шетелдік университеттер түлектерін жұмыспен қамту үшін қазақстандық жоғары оқу орындары секілді кәсіпорындармен келісімшарт жасасып, семинарлар мен бос жұмыс орындарының жәрмеңкелерін өткізеді. Айырмашылық жоғары оқу орындарының білім беру рейтингі мен абыройында болып тұр. – Дамушы ел ретінде Қазақстан арнаулы кәсіби білімі бар мамандарға мұқтаж. Сол үшін арнаулы орта кәсіби білім беретін мектептерді дамытқан жөн. Жапонияның 80 пайыздан астам халқы жоғары білімді. Егер сіз сол елге барып өмір сүретін болсаңыз, жоғары кәсіби білімді талап етеді. Барлығы елдегі еңбек нарығына байланысты болып тұр. Елімізде жоғары білім беретін университеттер көп, бірақ нағыз кәсіби мамандар аз, – дейді әлеуметтанушы Баян Смағамбет.