Ақпан айы келсе, Голливудқа елеңдейтініміз анық. Елеңдейтін де жөніміз бар: киногер қауым көз тіккен «Оскардың» да дүбірі сезіле бастайды. Осы жолы оңтүстіккореялық «Паразиттер» фильмінің бағы жанды. Төрт бірдей «Оскарды» қанжығасына байлаған бұл фильмнің артықшылығы неде? Рас, бүгінде әлеуметтік тақырып – өзекті. Ең әуелі фильм атауына тоқталсақ, биология тілінде «паразиттер» – белгілі бір организмнің екінші бір организмді тіршілік ортасы ретінде пайдаланып, сонда өсіп дамуы, қоректенуі. «Паразиттер» фильміндегі басты кейіпкерлер де өлместің қамы үшін өзге адамның рөліне еніп, айласын асырмақ болады. Пицца қорабын сатып, нәпақасын тауып жүрген отбасы: әкесі, анасы, ұлы мен қызы. Ұлдың жақын досы өзінің бай отбасындағы қызметін алмастыра тұруға өтініш жасайды. Ол оқытушы болып еңбек ететін. Жігіт не істейді? Оқыған, білімді жігіттің құжатын қолдан жасайды. Өзі өзгенің «образына» енген жігіт қарындасын, әкесі мен анасын тарта бастайды. Бір сәтте барлығы да қызметке ие болады. Ең қызығы, әуелі фильм комедия сияқты еді, кейін драмаға айналды, соңы трагедияға ұласты. Бір фильмде бірнеше жанрды кездестіруге болады. Қулық, сұмдық, алаяқтық... – ақыр аяғы «өмір сүру» факторы. Мұндағы паразит кім? Неге бұл фильм соншалықты көрермен сұранысына ие болды? «Оскарға» лайық өзге фильм болмады ма? Азия фильмдері алдыңғы планға шыға бастады. Бұл да дұрыс шығар. Дегенмен төрт бірдей жүлденің «Паразиттерге» берілуінен саяси астар іздегеніміз қалай?
Үздіктердің үздігі
Кинотанушы Нәзира Рахманқызы: «Егер бұл фильм төрт бірдей жүлдені алып жатса, оған себеп бар секілді» дейді. «Оскарға» түскен фильмдердің осалы жоқ. Соған қарамастан, таңдау «Паразиттерге» түсіп тұр. Соңғы 20-30 жылда Азия фильмдері жоғары деңгейге көтерілді. Ким Ки Дук деген кәріс режиссерінің фильмдері де үздіктердің қатарында көрініп келеді. Куросава, Одзу, т.б. айтпаған күннің өзінде, бүгінгі жапон киносы да еш осал емес. Мәселен, өткен жылғы «Дүкен ұрылары» деген фильмін алайық. Сондықтан «Паразиттер» фильмі «Үздік фильм» болып жатса, оған таңғалуға болмайды. Бұл «Үздік халықаралық фильм» деген номинацияны да қатар алып отыр. «Үздік сценарий» мен «Үздік режиссер» номинациясына осы фильм лайықты деп танылды» дейді киносыншы. Сонда биылғы үміткерлердің арасында бұл номинацияларға ие боларлық фильмдер болмағаны ма? Бұған киносыншының өз дәлелі бар. «Биыл қатысқан фильмдердің арасында «Отбасы хикаясы» мен «Бір күні... Голливудта» деген жақсы көркем туындылар бар. Олардың ешқайсысы да «Паразиттерден» кем емес. Бұлардың әрқайсысы да «сен тұр, мен атайын» дейтіндей-ақ фильмдер. Мәселен, «Отбасы хикаясы» – отбасы туралы жақсы дүниелердің бірі. «Үздік фильм» номинациясына лайық фильмдердің бірі осы болар деген ой туып еді. «Джокердің» де көтерген жүгі жеңіл емес. Нағыз әлеуметтік мәселеге көңіл аудартып отыр. Рас, «Джокерді» ойнаған актер «Үздік актер» атанғанын да құп көрдік. Нағыз лайықты жүлде өз иесін тауып жатса, қуанасың. Ал «Паразиттердің» төрт бірдей жүлдені алуы, шынында да, таңғаларлық жағдай. Өйткені «Оскар» тарихында ағылшын тілінде түсірілмеген фильм жүлде алған емес. Бұл – бірінші рет тарихта болып отырған оқиға. «Үздік халықаралық фильм» жүлдесін алып жүрген шығар, бірақ «Үздік фильм» номинациясына ие болған емес. Демек, «Оскар» жүлдесі біртіндеп-біртіндеп Азия мемлекеттері түсірген фильмдерге көңіл бұрып келеді деген сөз» дейді.«Паразиттердің» үздік атануынан саясат іздейтіндер көп. Неге? «Кез келген кинофестивальдің өз саясаты болады. Канн фестивалінде бір жынысты адамдардың қарым-қатынасы туралы фильмге Гран-при беріп жіберді. Осыған байланысты түрлі пікірлер айтылғанын да білеміз. Әрине, «Паразиттер» фильмінің де «Оскар» алуынан саясат іздеген пікірлер кездеседі. Астарында саясат бар ма, жоқ па, бірақ фильм, шынында да, жақсы түсірілген. Бүгінгі күнгі өзекті деген тақырыпты қозғап отыр. Әлеуметтік мәселе, екі бірдей таптың арақатынасының алшақтығы, бай мен кедейдің айырмасы – әлемде бар тенденция. Былай қарасаңыз, күнделікті өмірде бар нәрсе секілді. Алайда мұндағы «паразиттер» кім? Ақшасы бар, бақуатты отбасы ма? Әлде жертөледе өмір сүріп жатқан жандар ма? Фильмнен осындай бір нәзік иірімдерді байқайсыз. Режиссердің айтуынша, фильмдегі бақуатты отбасы да, кедей отбасы да «паразиттер», тіпті кез келген адам «паразит» болуы мүмкін. Тіпті, олар өмір сүріп жатқан қоғамның өзі де «паразит» болуы ғажап емес. Режиссер «мынау жақсы кейіпкер» не болмаса «мынау жаман кейіпкер» деген ой таңбайды» дейді кинотанушы.Аталған фильмнің жанры да таңдай қағарлықтай. Драма, комедия, тіпті трагедия деуге де негіз бар. Бір фильмде мұнша нәрсенің тоғысуы мүмкін бе? «Әлеуметтік драма, комедия, трагедия, сатира – бір фильмнің өн бойында астасып, бір-бірімен қабысып, үйлесіп жатыр. Бірнеше жанрдың бір жерде ғажап үйлесуі фильм тақырыбының нәзік иірімдерін сезінуге мүмкіндік берген. Режиссер екі түрлі әлеуметтік тап өкілдерін – кедей және бай отбасыларын бір кеңістікте кездестіріп, тәжірибе жүргізгендей көрінеді. Ал «тәжірибеден» көргеніміз – жаңағы екі түрлі кеңістіктің (бай мен кедей) бір кеңістікке айналуы еш мүмкін емес. Байқасаңыз, екі отбасы өзара бір-бірімен еш үйлесе алмаса да, әр отбасының ішкі өз татулығы, бауырмалдығы бар. Әсіресе, жертөледегі жұпыны өмірден әбден мезі болған отбасының «иығындағы жұпыны шапанын» шешіп, күннің көзі көбірек түсетін, бақуатты әлемнің «шапанына» ауыстыру үшін түрлі-түрлі амал-қулыққа баруының өзінде түйсік (подсознание) деңгейіндегі бірін-бірі құптау, қолдау, өзара әрекет ету бар. Тіпті, өзгелерді алдап, түрлі қулыққа баруға арланбайды. Өйткені бұл – олар үшін «күн көзін» көрудің жалғыз жолы. Яғни, әлеуметтік теңсіздік жайлаған «паразит» қоғамдағы «паразит» отбасының бейнесі ғой. Бірақ жақсы өмірдің «дәмін татқысы» келген отбасының кәдуілгі адами тілегінің соңы қанды оқиғамен аяқталады. Сол баяғы «кім кінәлі?» деген мәңгілік сұрақ тағы да туындайды... Бірақ фильмнен әлеуметтік теңсіздік туралы көп шығармалардағыдай «анау кінәлі, мынау кінәлі» деген нақты жауапты таппайсыз. Ол фильмдердегі ауқатты отбасының дәстүрлі «жағымсыз», «қатігез» бейнесі мұнда кездеспейді. Демек, фильм әлеуметтік теңсіздіктен гөрі, адам баласының жақсы өмір сүруге деген ынта-тілегі туралы болуы да мүмкін. Бірақ олар неге жеңіледі әлде жертөле әу бастан маңдайына жазылған тағдыры ма? Шынында да, бұған кім кінәлі? Фильм, меніңше, осындай сұрақтарды қоюымен қызықты секілді», – дейді Нәзира Рахманқызы.
Осындай әлеуметтік тенденция жүріп жатыр
Ал киносыншы Баубек Нөгербектің ойынша, «бұл тарихта болмаған жағдай». Бұған дейін азиялық фильмдердің ішінде «Ең үздік халықаралық фильм» номинациясына ие болғандары бар. Бірақ төрт бірдей жүлде алған фильм жоқ. «Ұлттық ерекшелігі, көркемдік деңгейі жоғары болған себепті де Азия фильмі үздік деп танылып отыр. Бірнеше жанрдың тоғысуы да бұл фильмнің үздік атануына себеп болған секілді. Ал тақырыптың дағдарысқа ұшырауы – бұл әлемдік фильмдерден де көрініс тауып жатыр. Жалпы, кино өнері айна секілді. Шындыққа, шынайылыққа ең жақын өнердің бірі фотоөнерін алар болсақ, ол бір сәттік сезімді бейнелеуі мүмкін. Онда қозғалыс, дыбыс, дауыс жоқ. Кино – бүкіл өнерді бойына сіңіріп алған. Көп материалды кино өнері көбіне өмірден алады. Мәселен, соғыстан кейінгі адамдардың психологиясын неміс кинематографиясы жақсы берді. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Италияда неореализм пайда болды. Ол да бір қызық ағым болды. Өйткені нео – жаңа, реализм – шындық деген мағынаны білдіреді. Бұлар жаңаша шынайы дүниені жасағысы келді. Өйткені оған дейін пропагандалық фильмдер ғана болатын. «Біз керемет ұлтпыз» деген мағыналық фильмдерді көрсетті. Сол секілді жаңашыл дүниелер кино өндірісіне де дендеп келеді. Қазір әлемде әлеуметтік мәселелер ушығып тұр. Кино саласында да бұл тақырып негізгі планға шықты. Мұндай тақырыпты беру, тіпті Чаплиннен басталған десек те болады. Кино өнерінде кішкентай адамдардың «өмір» үшін күресі бұған дейін де болған, бұдан кейін де бола береді» дейді. Бұл әлемдік кинематографияда бар құбылыс делік. Ал қазақ киносы ше? Бұдан шеттеп қалмады ма? «1980 жылдардың аяғында, яғни қайта құру заманы басталған тұста «Қиян», «Ине», «Балкон» секілді фильмдер түсірілді. Әділхан Ержановтың фильмдерінде де әлеуметтік сарын басым. Осындай бір әлеуметтік тенденция, үрдіс жүріп жатыр десек, қателеспейміз», – дейді Баубек Нөгербек.P.S.
Әр көрермен өзі ұнатқан фильмін «үздіктер» қатарынан көргісі келетіні ақиқат. Дегенмен соңғы кездері әлемдік киноөндірісте «дағдарыс» бар секілді. Бірін-бірі қайталау басым. Жанр тапшылығы байқалады. Ал Пон Чжун Хоның «Паразиттері» осы олқылықтың орнын толтырды ма, жоқ па, оған көрермен баға бере жатар. Бір нәрсе анық – киноиндустрияда Азия фильмдер дүбірі басталған секілді.