Өндіріс өркендесе, Текелі де түрленеді
Өндіріс өркендесе,  Текелі де түрленеді
788
оқылды
Заманында Текелідегі қорғасын-мырыш комбинаты мен соның жанындағы кен байыту фабрикасында 10 мың адамға дейін жұмыс істеген. Мәскеудің тікелей қамқорлығындағы болған өндірістік кенттегі тірлік 90-жылдардағы дағдарыс тұсында тұралап қалды. Содан бергі аралықта Алматы облысының әкімі болып тағайындалған әкімнің барлығы да Текелінің өндірістік әлеуетін қайта көтеруді ойлайды. Сөйте тұра, кеншілер қаласындағы экономикалық, әлеуметтік мәселелер түбегейлі шешілді деуге болмайды. Рас, бір кездері 40 мыңнан астам тұрғыны болған шаһардағы кәсіпорын­дардың дені тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ жұмысын тоқтатқан. Өндіріс ошақтарында жұмыс істеген мамандар да екі қолға бір күрек таппаған соң тайлы-тұяғы қалмай Текеліден көшті. Шаһардағы қорғасын-мырыш комбинаты мен оның жанындағы кен байыту фаб­рика­сы, жылу-энергетикалық орталығы, ашытқы зауытының өндірістік қарқыны баяулаған соң жергілікті билік өзгеше қадамға барды. Шағын шаһар эко­номикасын әртараптандырудың түрлі жолдарын қарастырды. Облыстағы ең ірі жылыжайдың бірі осында ашылды. Оның өзі бірер жыл көкөніс өсірген соң гүлге ауысып кетті. Тау туризмін дамытуға ден қойылып, құрылыс материалдарын шы­ғару­ға талпыныс жасалды. Жеңіл өнер­кәсіпке ден қойғандар болды.  Бірақ сол әрекеттердің бәрі нақты нәтижелерге жетті деп айту қиын. Қала құраушы қорғасын-мырыш комбинатының базасында «Текелі тау-кен өңдеу кешені» құрылып, өндірістің тың бағыттарын қарастыруға қам жасалды. 2011 жылы  металлургия кешенінің құрылысы басталды. Бірнеше жыл бойы құрылыс құрастыру жұмыстары жүргізіліп, болашақ зауытты шикізатпен қамтамасыз ету жолдары қарастырылды. Кадрлар дайын­дауға көңіл бөлінді. Ақыры, 2016 жылы металлургиялық зауыт іске қосылды. Іле-шала бір кездегі кен байыту фабрикасының бойына қан жүгірді. Алайда металлургия зауытының өндірістік әлеуеті ұзаққа бармады. Бірде шикізат тапшылығы, енді бірде тағы басқа кедергілер алдын шықты да соңында бұл кәсіпорынның да есігіне қара құлып са­лы­нды. Жақында Текелі қаласының әлеумет­тік-экономикалық әлеуетімен, болашақ­тағы даму жоспарымен танысқан Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев та тау-кен өңдеу кешенінің мәселесіне тоқталды. Өңір басшысына кәсіпорын жетекші­лері зауыттың тамыз айында толық қуат­тылығымен кірісетінін айтты. Алғашында өндіріс ошағында 1000 адам, кейін екінші домна пешінің іске қосылуымен тағы 1000 адам жұмыспен қамтылмақ. Қала тұрғын­дарының 7 пайызын жұмыспен қамтушы кәсіпорын құйма және қолданбалы шойын шығаруды жоспарлаған. «Текелі тау-кен өңдеу кешені» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Сергей Сатаров кешеннің Ресейден сатып алынатын кокстың баға­сы шамадан тыс қымбаттап кетуіне бай­ланысты өткен жылдың ортасынан бастап өндірісті тоқтатыпты. «Қазір зауытты тамыздың ор­тасына таман қайта іске қосуға жан-жақ­ты дайындық жүргізіп жатырмыз. Бүгінде кәсіпорында 780 адам еңбек етеді. Олар­дың да жартысы уақытша жұмыста жоқ. Бірақ еңбекақыларының жартысы төле­не­ді. Жоспарға сай тамызда жұмысқа кіріссек, қыркүйектің ортасына таман жұмыс­шылар саны 1000-ға, ал екінші домна пешін іске қосқан соң 2000-ға жетеді», – дейді Сергей Сатаров. Сенгің-ақ келеді. Алайда мұндай әңгімені кейінгі 5-6 жылда бірнеше рет естігендіктен көңілде үміттен гөрі күдік көп. Мамандардың айтуынша, құйма шо­йын түрлі бұйымдар жасауға арналса, қолданбалы шойын болат өндірісі кезінде пайдаланылады. Текелі шойыны сапа жағынан шетелдерде шығатын өнімдерге дес бермейді. Болашақта дайын өнімдерді Өзбекстан, Беларусь, Қытай, Италия, Нидерланды, Германия елдеріне экспорт­талады. Әсіресе, ауыр техникалар, мотор­лар­дың бөліктерін, батареялар мен осыған ұқсас дүниелер өндірісі өркендеген Беларусь мемлекетінде мұндай шойынға сұраныс өте жоғары. Текелідегі іске қосы­латын екі домна пешінің әрқайсысы жы­лы­на 200 мың тонна шойын шығара ала­ды. Қазір қалаға газ тарту аяқталып қалды. Кәсіпорындар магистралды газ құбы­рына қосылатын болса, олардың өндірістік әлеуеті де еселене түспек. Бастысы, қала экологиясы жақсарады. «Электромарганец» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өнеркәсіптік-тәжірибелік нысанын да іске қосу және жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кәсіпорын жұмысқа кіріскен соң мұнда құрамының 99 пайызы темірден тұратын болат өндірісі жолға қойылады. Зауыттың бірінші кезеңінде жылына 20 мың тонна өнім шығарылмақ. Қазіргі кезде жобаның алғашқы кезеңі іске қосылды. Ендігі кезекті инвесторлар бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін ескеріп, шаһар тұрғын­дарының әлеуметтік мәселелерін шешуге көңіл бөлсе құба-құп. Жергілікті оқу орындарында кәсіпорындарға қажеттік мамандарды ісі қолға алынуы қажет-ақ. Кеншілер қаласында жұртты жұмыс­пен қамтудан бөлек мәселелер де жет­кілікті. Әсіресе, ала жаздай текеліліктердің бас ауруына айналатын ауызсумен қамту ісіне назар аударылғаны жөн. Жыл сайын «барлығын қатырамыз!» деп уәдені үйіп-төгетін әкім-қаралар бұл жолы да сол бағытынан жаңылған жоқ. Текелі қаласы­ның әкімі  мәселені артезиан құдықтарын қазу арқылы шешуге ниетті екенін жеткізді. Бүгінге дейін  «Горняцский» ша­ғын­ауданында 4 ұңғыма қазылып, олар­дың үшеуіндегі су ішуге жарамды екені расталыпты. Жерасты суын ауызсу ретінде және шаруашылыққа да пайдалануға болады. Қазір ұзындығы 16,3 шақырымнан асатын су құбыры құрылысының жобасы жасалған. Жобаның құны 1 миллиард 54 миллион теңгені құрайды. Жобалық-смета­лық құжаттамасы дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өтіп, конкурс жарияланыпты. Құрылыс жұмыстары 10 айға созылады. Бұл жобаны жүзеге асыру қала әкім Батыр Молдахметовке үлкен сын болатын түрі бар. Қаланы газдандыру жұмысы да өгіз­аяңмен жүріп жатыр.  «Әне қосылады, міне қосылады» деп газ құбырына үмітпен қараудан жалыққан  тұрғындардың көгіл­дір отынға бастапқыдағыдай құлшынысы жоқ. Мердігерлер жұмысына сенімсіздік пен қосылу құнының қымбаттығы да тұр­ғын­дырды табиғи газдан меселін қайтар­ғандай. 2018 жылы құрылысы аяқталған 31 шақырымдық магистралдық газ құбы­рына қала бойынша 51 ғана жеке үйдің қосылғанынан-ақ көп нәрсені аңғартады. Оған қоса, өндістің қала маңында кезінде кеніштерден шыққан қалдықтар төгілген қойма бар. Бүгінде бұл қойма жергілікті жердің экологиялық жағдайын ушықтыра түскен. Әсіресе, желді күндері Текелі мен Қаратал ауылының тұрғындары бастары ауырып, мұрындарынан қан кетіп, терілері қызарып, бөртіп шыға келеді. Зерттеулер өндірістік қалдық­тардың  сумен шайылу, шаңдану арқылы қала мен оның маңындағы сайжайлық-бақшалық жер телімдерінде зиянды химиялық қалдықтар көбейгенін көрсетіп отыр. Бұл мәселе де жаңадан құрылған Жетісу облысының басшылығы үшін жауапты міндеттің біріне айналғалы тұр.

Болат АБАҒАН, Жетісу облысы