Сұлтанов қалай сүрінді?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ең алдымен Сауда министрі мен Ауыл шаруашылығы министрін қант тапшылығы үшін сынады. Қазақстанның 90 пайыз қант импортына тәуелді екенін, бұған Үкімет жол беріп отырғанын ашық айтты.«Бұрын ашылған жеті қант зауытының қазір тек төртеуі жартылай жұмыс істеп тұр. Ауыл шаруашылығы министрі қант қызылшасының үлесін 2026 жылға қарай алты есеге, 7 пайыздан 43 пайызға жеткізуді көздеп отыр. Алайда кейінгі төрт жылда қант қызылшасының алқаптары үш есе азайған. Біз 90 пайыз қант импортына тәуелдіміз. Мұнда Еуразия экономика одағы аясында қабылданған шешімге сілтесек болады, алайда қалай болғанда да бұған Үкімет жол беріп отыр. Олар Үкімет ұстанымын қорғай алмады. Сол себепті министр Бақыт Сұлтанов пен Ербол Қарашөкеевке сөгіс жариялаймын», – деді Тоқаев.Осыны ескерген Президент Үкімет дереу қант саласын дамыту жобасын жасап, қант импортына тәуелділіктен құтылуға күш салуы керегін жеткізді. Бұдан бөлек, Тоқаев халықаралық жағдай ушыққан шақта азық-түлік қауіпсіздігі мәселесіне де тоқталды.
«Әлемде азық-түлік бағасы 34 пайызға қымбаттады. Бидай – 47 пайызға, жарма 18 пайызға өсті. Қуаңшылықтың салдарынан Еуроодақ, АҚШ, Канада және өзге елдердегі астық өнімділігі азаяды деп жатыр. Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіру қарқыны баяулаған. Сары май өндірісі – 12 пайызға, өңделген сүт – 7,5 пайызға, қант – 5,6 пайызға, ірімшік 3 пайызға қысқарған. Ал импорт көлемі 22 пайызға артқан», – деді Мемлекет басшысы.Министрліктер Президентке 2023 жылы Қазақстан құс еті (қазір импорт үлесі – 40 пайыз), шұжық өнімдері (44 пайыз), балық (60 пайыз), ірімшік пен қатық (50 пайызға), қант (60 пайыз ), сүт өнімдері (4 пайыз) бойынша импорттан тәуелсіз болатынын айтқан. Алайда жағдайды көзіміз көріп отыр. Құр сөз күйінде қалған. Ескі үрдістен шыға алмай, жаңа идеяға мақұрым болғандары жасырын емес. Бәрі үйреншікті жолмен іске асады – әуелі азық-түлік бағасы қымбаттайды, ал Үкімет жауапкершілікті өңірлерге жүктеп, есеп алады, өңірлер есеп үшін ақша шашып небір құйтырқылық жасайды. Болды. Енді сөгіс алған министрлер енді қалай қимылдайтынын болжау қиын. Негізі, үшеуі де осы күнге дейін халық тарапынан сынға қалып жүрген еді. Егжей-тегжейлі тоқтайық. Сұлтанов неге сұраншақ атанды? Өйткені ол ел арасына бюджет қаржысын тиімді пайдаланушы ретінде емес, ысырапшыл менеджер ретінде танылды. Ол басқаратын Сауда және интеграция министрлігі қаржы шығындаудан көз ашпады. Қараңыз, елде пандемия болып, жұрт қашықтан жұмыс істеп жатқанда Сұлтанов басқаратын министрлік 136,6 миллион теңгеге қымбат көліктерді жалдады. Goszakup сайтында 2020 жылы 58,4 млн теңгеге 5 автокөлік, былтыр 78,1 млн теңгеге 6 автокөлік тапсырыс берген. Сол кезеңдерде жұртқа жедел жәрдем мен дәрі-дәрмек жетпей жатқанын ведомство басшысы білмеді дегенге сенбейміз. Тағы бір дәйек – министрлік құзырындағы QazExpoCongress ұлттық компаниясы ЭКСПО нысанының айналасына 48,5 миллион теңгеге гүл отырғызған. Конкурс 2020 жылдың 4-29 мамыр арасында өткен. Осы кезеңде елімізде індеттен қаза тапқандар көбейіп жатыр еді. Сұлтановтың министрлігі миллион түгіл миллиардты да аз көреді. Мәселен, Сауда және интеграция министрлігі былтыр QazExpoCongress-ке бөлінген 3 млрд теңгені азсынып, қосымша ЭКСПО нысанының жұмысы үшін деп бюджеттен 15 млрд теңге сұраған. Оның бәрін қандай қызметке жұмсамақ болды? Түсініксіз. Министр Сұлтанов биыл да бюджеттен отандық өнімдердің экспорты мен сыртқы нарықта дамуына 3 млрд теңге сұрады. Ведомство мұнымен қоймай экспорт үшін тағы 54 млрд теңге сұрады. Сондықтан біз министрді «сұраншақ» деп текке атап отырған жоқпыз. Құптар едік, егер әр тиын қандай іске не үшін жұмсалғанын егжей-тегжейлі түсіндіріп бере алса.
Қуаңшылықтан Қарашөкеев құтқара ма?
Қарашөкеев те халық сынынан ада емес. Абырой болғанда, биыл қуаңшылықтың қарқыны былтырғыдай болмады. Бірақ оны министрдің еңбегіне балаудың қажеті жоқ. Биыл қуаңшылық мүлде болмады деу де жөнсіз. Жаз басында Қызылорда, Қарағанды мен Түркістан облысында шаруалар бас көтерді. Құрғақшылық белгісі байқалған. Ал Ауыл шаруашылығы басқармалары алдын ала жемшөп сатып алуға субсидия қарастырмаған болып шықты. Наразы шаруалар әлі жетерлік. Жайылым жердің мәселесі шешілмеді. Қазір қолда бар азғантай малына өріс таба алмай жүрген ауылдағы тұрғындар жетерлік. Яғни, жер дауына нүкте қойылмады. Маусым соңында Мәжілісте қантқа қатысты дау шыққанда министр өңірлердегі қанттың бағасын білмейтін болып шыққан еді. Депутаттар Қарашөкеевке ел-жер аралап көруге кеңес берген болатын. Осыдан-ақ министрдің сырттан келетін өнімге ғана иек артып, ауыл шаруашылығында қызылша өсіруге зер салмағанын аңғаруға болады.Брекешевтің баянсыз бастамасы
Халық пен Президенттің назарына жібі түзу ісімен ілікпей, сөгіс алған үшінші министр Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев. Киіктерді қыру бастамасымен танылған шенеунік онсыз да сынның астында қалған. Геология саласы деградацияға ұшырап жатқанда бас экологтің 80 мың киікті қыруға рұқсат етпекші болғаны ерсі көрінгені рас. Киіктің әр өңірде егінге түсіп жатқанын себеп қылған ведомство басшысы қаншама наразылыққа қарамастан позициясынан қайтпағандай. Талай рет экологтер киік қырумен мәселе шешілмейтінін айтты. Шаруалар да олар да бөкендерді қырғанмен, егісіне түсетін киік азаймайтынын жеткізген болатын. Сол кезде «киік қыру жоспарының артында шаруалар емес, басқа тұлғалардың мүддесі тұрғандай» деп болжағанбыз. Қорықшылармен бірге түз тағыларының мекенін аралаған Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл да киік қырудан еш пайда жоғын баяндады.«Мәселе жөнінде мамандардың, экологтердің ақыл-кеңесін тыңдадым. Олар киіктерді атумен проблема шешілмейді деді. Себебі бұл – кешенді түрде шешуді қажет ететін түйткіл. Біріншіден, Қазақстанда су көздері тартылып қалды. Содан ауған ақбөкендер жасанды суарылатын егістіктерді жағалайды. Екіншіден, жергілікті әкімдіктер ауыл шаруашылығы жерлерін бейберекет тарата береді, бұл салада ғылыми негізделген көзқарас жоқ. Салдарынан киіктердің жайылымы да тарылып барады. Киік егінге емес, бірінші кезекте бұрын жайылған жеріне келеді. Түз тағысы адамның емес, табиғаттың заңына бағынады ғой», – деді Б.Смағұл.Шыны керек, осы уақытқа дейін мамандармен сөйлесіп, талай мәселені баспасөз бетінде жауаптыларға құлаққағыс болсын деп жария еттік. Киіктердің табиғи миграциясы бұзылды, киік табындары бір-бірімен араласа алмай қалды. Ақыры генафондтық мәселе шықты. Үлкен автобандарды салған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі де киікті көзге ілген жоқ. Жолдардың астынан жануарлар өтуге арналған экодуктер қоймады. Әуелде мәселенің алдын алмаған экология саласының жауаптылары енді қару асынуға оқталғаны әділетсіз болатын. Сондықтан Брекешевтің сәтсіз жоспарын «браконьерлерді қолдау» деп бағалаудан басқа амал жоқ. Онсыз да экология саласында мәселе жетеді. Елімізде ауа ластанып жатыр, кәсіпорындар зиянды қалдық мөлшерін азайтар емес. Экологияны оңалту бойынша «Париж» конвенциясына қол қойған елдің біріміз. Онда мемлекетке жүктелген міндеттер көп. Шамасы, Брекешев осындай мәселелер барын есінен шығарып алса керек. Енді ведомство басшысы мәселені шешуде мамандармен кеңесіп, жөнді жол тапсын деп тілейміз. Министрлердің қарқыны бұдан әрі ұзамайтын болса, алдағы уақытта ауқымды кадрлық өзгерістерді көруіміз мүмкін. Расын айтқанда, қоғам жаңашылдыққа бейім шенеуніктер келгенін қалайды. Алайда ескі жүйе бәрінің есін жиғызбай отырғандай.