Жерді тиімді пайдалану мәселесі бұған дейін де дүркін-дүркін қозғалып қоятын. Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «шөп қорыған иттің» кебін киген «латифундистер» көбейіп кетті деп ашық айтты. Рас, жерді жалға алып, оны игермей, босқа ұстайтындар жетіп артылады. Сондықтан бұдан былай ауыл шаруашылығы мақсатындағы алқаптарға ғарыштан мониторинг жүргізіледі. Әзірге пилоттық жоба Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақмола және Қостанай облыстарында іске қосылған. Мәселен, Қостанай өңірінде егін егіп, мал бағуға арналған 12 миллион гектар аумақ бар. Бірақ соны дұрыс игермеу немесе заңсыз иелену жайттары аз емес. Былтыр қараусыз қалған 320 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Тағы 104 мың гектардың ісі сотта қаралып жатыр. Бұл – бір аймаққа қатысты мәлімет. Ал жалпы Қазақстанның аумағы – 270 млн гектар. Оның 100 млн гектары ауыл шаруашылығына арналған. 100 млн гектардың 99 пайызы жалға берілген. Ресми дерекке сүйенсек, осыншама ұлан-ғайыр атырап 200 мыңдай субъектіге тиесілі екен. Алайда Жер реформасы жөніндегі үкіметтік комиссия мүшесі Мұхтар Тайжан бұл алқаптарды небәрі 100-ақ мың адам иеленіп отырғанына сенімді.
– Миллиондаған гектар егістік алқабын арамшөп басып, ауру көрші егістіктерге таралып жатыр. Бұл адал еңбек етіп жүрген шаруалардың жұмысына айтарлықтай кедергі келтіреді. Ауру тараған егістік жұмысы екі жылға тоқтайды. 40 млн гектардан астам жайылымның тек жартысында ғана мал бар. Міне, осындай жер иеленушілерді Президент Тоқаев «шөп қорыған» деп атады. Енді оларды не істеуге болады? Анықтау керек және жермен жұмыс істеуге ынталандыру керек немесе оны мемлекетке қайтару керек. Болды, – дейді экономист.Иә, жер – мемлекеттің меншігі. Демек, шаруалар Үкіметтің талабына бағынуға міндетті. Біздің ойымызша, Үкіметтің талабы өте орынды? Неге? Өйткені жер жұмыс істеуі керек. Ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілуі керек. Жұмыс орындары құрылуы қажет. Нәтижесінде ауыл тұрғындары нәпақасын айырып, мемлекет қазынасына түрлі салық түрінде пайда түсуге тиіс. Қазірдің өзінде ауыл шаруашылығы жерлерінің 90 пайызы цифрландырылыпты. Цифрландырудың арқасында бүкіл егістіктің, жайылымның, шабындықтың нақты контурлары жасалады. Әркім өз аумағын Qoldau бағдарламасы арқылы бақылай алады. Тіпті, ғарыштан түсірілген суретте жердің қаншалықты құнарлы, сапалы екені де анық көрінеді деседі. Ең бастысы, барлық ақпарат тегін. Осылайша, жерсеріктердің дерегіне жүгініп, қайда, қандай егін егілгенін, қанша мал бағатынын тексеруге мүмкіндік туады. Яғни, жалға берілген жердің қалай игеріліп жатқанына көз жеткізу үшін онда барудың қажеті жоқ. Мамандар кеңседен шықпай-ақ, бір батырманы баса салып, заң бұзғандарды анықтайды. Бұл жүйе бүгінде қолжетімді. Жер кодексінің 4-бабында заңның негізгі қағидаты «жерді қорғау және ұтымды пайдалану» деп қолмен қойғандай жазылған. Егер бұл қағидат сақталмаса, жер иелерін осы кодекс бойынша жауапқа тартып, жер учаскелерін мемлекетке мәжбүрлеп қайтару қарастырылған.
– Қазақстан аумағы жөнінен әлемде 9-орында тұр. Халық саны – 18 млн. Әлемдік өлшеммен қарасақ, бір ірі қаланың халқы ғана. Сөйте тұра, Қазақстанда ауыл шаруашылығымен айналысқысы келетіндер үшін бос жер жоқ. Бұл – парадокс. Мұндай қазақстандық парадокс игерілмеген жерді цифрлы мониторингпен анықтау арқылы оңай шешіледі, – дейді Мұхтар Тайжан.Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында: «Бүгінде ет өндірісін ұлғайту мәселесі аналық мал басының проблемасына тіреліп тұрған жоқ, керісінше, фермерлерге жемшөп дайындайтын жердің жетіспеуіне байланысты болып отыр» деген еді. Негізі, жер жетеді. Тек соны ұтымды пайдаланғанымыз дұрыс. Әйтпесе, агроөнеркәсіп кешенінің дамуы қиындау. Ерсайын БАҒДАТ