Спорт журналисі буын ауруларын отасыз емдейді
Спорт журналисі буын ауруларын отасыз емдейді
2,990
оқылды
Адам жаратылысы жұмбақ. Кейде айтса адам сенгісіз, ерекше қасиетті жандар туралы естіп жатамыз. Бірі болашақты болжап жатса, енді екіншісі бойындағы тылсым күш арқылы адамды дертінен айықтырып жатады. Міне, сондай жанның бірі – Жамбыл облысы Жуалы ауданының тумасы Марат Ахметов. Марат Мекемтасұлының бойынан бұл ерекше қасиет бала кезінен ояна бастаған екен. – Емшілік бабадан балаға қан арқылы берілетін қасиет. Ал сүйекке түскен күш күндердің бір күнінде көрініс береді екен. Мектепте 6-7-сыныптарда оқып жүргенімде алақаным қатты ысып, бойы теректей ұзын адамдардың сұлбасын көре бастадым. Содан алда не оқиға болатыны көз алдыма келе бастады. Жоғары оқу орнына түсіп, Алматы қаласына арман арқалап барғанымда бойымдағы күшім күшейе түсті. Бұрын болашақты бұлыңғыр көрсем, енді алда болатын жағдайларды анық болжай алдым. Бір күні анаммен телефон арқылы сөйлесіп тұрғанымда нағашы әжемнің ауырып жатқанын айтты. Бойымдағы қасиетімді білетін анам әжемнің алдында не күтіп тұрғанын сұрады. Өзіме қиын соқса да  әжемнің бауырында әртүрлі үш жара барын, бір ғана айлық өмірі қалғанын жеткіздім. Сол күні әжемді ауруханаға апарса дәрігерлер бауырында үш жара барын растаған. Ол кісі тұп-тура бір ай өткенде бақилық болды, – дейді Марат Ахметов. Жалпы,  кейіпкеріміздің емшілікпен айналысып жүргеніне 20 жылдан асқан. Алайда бұрын қарбаласқан тірліктен қолы тигенде ғана адам қараса, қазір бұған жан-тәнімен бет бұрып отыр. Өткен жылы бір көршімнің жүрісі ауырлап жүргенін байқап қалдым. Содан көлікке бірге отырған кезімізде тізесін қатты-қатты басып бердім. Менің бірсәттік емімнен кейін көршім көліктен еш қиналмай түсіп, бұған таңғалды. Бір айлық емнен кейін рентгенге апарып түсіріп едік, сүйектерінің арасы ашылғанын байқадық. Осыдан кейін алақанымның энергиясымен талай адамды емдеп,  алғысын алдым. Негізі, қоғамда буын ауруының зардабын тартып жүрген адам көп. Олардың дені дертіне ота арқылы ем іздейді. Бірақ отаның құнын екінің-бірінің қалтасы көтермеуі мүмкін. Сондықтан халықтық медицина арқылы, алақанның жылуымен де артроз, артрит, кок сартроз, грыжа секілді ауруларды емдеуге болады, – дейді М.Ахметов. Сенсеңіздер де, сенбесеңіздер де Марат Мекемтасұлы осы таңға дейін 500 адамға ем-дом жасаған. Тіпті,  бір жолы алдына асқазанында жеті миллиметр жарасы бар науқас келгенде оның да дертіне дауа дарытқан. Дәрігерлер ауыр диагноз қойғанымен, Марат емші науқастың ішіне алақанын  қою арқылы ем жасай бастайды. Арада 21 күннен кейін науқас қайта тексеруден өткенде жеті миллиметр жарадан нүктедей ғана орын қалғанын дәрігерлер көріп таңғалыпты. Марат Ахметовтің анасы да елге танымал емші болған. Арқасы ұстаған сәтте оны жеті еркек жіппен байлап ұстай алмаған көрінеді. Міне, осындай күш баласының бойына дарып отыр. Ал кейіпкеріміздің өзі жақында Алматыға көшіп, сонда емшілікпен айналысуды ойлап жүр. Және Марат халық медицинасы арқылы ем көрсетуге мемлекет арнайы орталықтар ашып берсе деген ұсынысы да бар. – Әрине адамға ең бірінші ем Алладан. Алайда адам баласына қай медицинаның көмегіне жүгінуге ерік беру керек. Дәстүрлі медицина емін таба алмаған тұста халық медицинасы көмекке келсе жаман ба? Бірақ қазір белі ауырып, балтыры сыздаған адамдарға бірден қымбат дәрі-дәрмекке жүгініп, аяғына қайта тұрғызып жатады. Бұл уақытша ғана нәрсе. Ертең ол ауру тағы асқынып кетуі мүмкін. Сондықтан халық медицинасына да мүмкіндік беріп, дертті кезең-кезеңімене емдесе, ол адамның аурудан құлан-таза айығып кетуіне мүмкіндік бар. Егер дәстүрлі және халықтық медицина өкілдері үшін Үкімет синтезделген орталықтар ашып берсе, тізе қосып жұмыс істеп, біріміздің орнымызды біріміз толтырар едік. Әрі мұндай орталықтар алаяқ емшілердің де жолын кесер еді, – дейді М.Ахметов. Кейіпкеріміздің ұсынысы орынсыз дей алмассыз. Өйткені мұндай орталықтар ашылса, ел медицинасы үшін үлкен серпін болары хақ. Марат Мекемтасұлын қазірдің өзінде Атырау, Ақтау сияқты қалалардан аттай қалап алдырып жүр. Соған қарап емшінің емі көпке дарығанын аңғару қиын емес. Сондай-ақ халық медицинасына елдің өзі көп сенім арта бастағанын көрсетіп тұрған секілді. Айтпақшы, кейіпкеріміз Марат Ахметов те қолына қалам ұстағандардың қатарында. Еңбек жолын 2005 жылы облыстық «Ақ жол» газетінен бастап, 2008 жылы «Жамбыл – Спорт» атты жекеменшік басылым ашқан азамат. Алайда 2020 жылдан бастап тілшілік тіршілікті халық медицинасына алмастырған. Ежелгі Мысыр жазбаларында халықтық медицина туралы көп айтылатын ғалымдар дәлелдеп берді. Онда, әсіресе заманауи құрылғыларсыз-ақ отаның сан түрі жасалғанын ертедегі жазбалар айғақтап тұр. Кім білсін, бәлкім ежелгі Мысыр медицинасының құпиясы бүгінгі халықтық медицинада жатқан шығар? Ол үшін Марат Ахметовтей емшілерге мүмкіндік беріп, бойындағы қасиетін толықтай ашуға жағдай жасау қажет-ақ.