Мотивациялық кітаптар шынымен де жалқау адамды еңбекқорға, жігерсізді батылға айналдырып, табысы төмен жанды ауқаттылардың қатарына қоса ала ма? Қуаныш Шонбайдың «Екінші болма», Бақытжан Бұқарбайдың «Күнкөрістен кет, байлыққа жет!», Ұлдана Ерқасымның «Қоқыстан табылған миллионер қыз», Кәмшат Бекжігітованың «Ойыңды өзгертіп, өміріңді өзгерт», Назила Слямқызының «Қош бол, қиындық!», Бағлан Әбдірайымовтың «Ақ пен Қара» сынды кітаптарын біраз оқырман біледі. Кейбір оқырман оларды алып оқыса, тағы біреулер тым құрығанда атын естігені анық. Өйткені бұлар әлеуметтік желілерде танымал болған тұлғалардың еңбектері. Әрі бұл кітаптар мотивация беретін еңбектер ретінде аталып жүр. Қоғам қажеттілігінен туындаған мотивациялық кітаптар белгілі бір уақыт аралығында ғана танымал болып, кейін жоғалып кетуі бек мүмкін. Оқырман ойы да екі жақты. Бірі кітаптарды жеке тұлғаның ақша табу құралына санаса, енді бірі білімге құштар болу үшін ерекше шабыт береді деп санайды. Мейірбек БЕРДІБАЙҰЛЫ, маркетолог, кәсіпкер: – Мотивациялық кітаптар дегенде бір нәрсені жақсы түсініп алуымыз керек. Кез келген адам өмір сүру деңгейінде біреу дамиды, біреу даму үстінде болса, енді бірі кәсіп ашқысы келеді. Әр кезеңде әртүрлі әсер етеді. Кәсіпте жетістікке жеткен бірсыпыра кәсіпкерлердің 70-80 пайызы мотивациялық кітаптардың қатты әсер еткенін айтады. Алғашқы кезеңде мұндай кітаптар өте қажет, уақыт өте келе басқа кітаптармен орын алмастыруы мүмкін. Мотивациялық кітаптар шықпау керек, дұрыс емес деген көзқарастардың өзі қате пікірге жетелейді. Кітаптар алдымен аудитория таңдайтыны белгілі. Өкінішке қарай, қазіргі таңда қазақ тілінде мотивациялық кітаптар өте көп емес. Ең көп сатылған кітаптардың қатарында Қуаныш Шонбайдың «Екінші болма» кітабы тұр. Мәселен, «Екінші болма» кітабы қалаларда өткізілген семинарларда біраз адамның өміріне әсер еткеніне көзіміз жетті. Себебі тілі өте жеңіл, 100 мың данасы сатылғанының өзі бекер емес деп ойлаймын. Ал «Құпия» кітабының 30-40 мың данасы шығып, оқырманға жол тартты. «Екінші болма» кітабына қарағанда «Құпия» кітабы сәл баяулау. Өйткені ақпараттар өте күрделі болғандықтан солай болып тұр. Қазақ тілінде кітаптардың саны артқаны жөн. Өйткені жастар жаңа нәрселер жасағысы, бірдеңе өзгерткісі келеді. Әрине, басында сан көбеюі мүмкін, уақыт өте сапаға ауысады. Нарық өзі бәсекелестіктің арқасында өзіне қажеттісін таңдап алады. Шетелдік авторлардың кітаптары әлемде аударма арқылы жақсы дамып жатыр. Ал бізде аударманың өзі кенжелеп тұр. Сондықтан бұл тұста қазақ авторлары кітаптар шығаруда ұтпаса, ұтылмайтыны белгілі. Авторлардың қазақ тіліндегі одан да көп шығармаларды дүниеге әкелуіне мүмкіндік берген жөн. Жауһар ТӨЛЕГЕН, оқырман: – Отандық өнімдерге аса қатты көңілім толмайды. Себебі «Екінші болма», «Құпия», «Кәсіпкерліктің қыр-сыры», «Жетістікке жетудің 10 қағидасы» сынды кітаптардың бірсыпырасын сатып алып оқып шықтым. Өзгерген ештеңе жоқ, шетелдік кітаптардың аударма нұсқасы ғана. Ондағы әңгімелер белгілі бір уақытқа ғана әсер етіп кейін жоқ болып кетеді. Түсінгенім қазақ тілінде жарық көріп жатқан мотивациялық кітаптар авторлардың жеке бизнесі секілді. Алмагүл АЛДАБЕРГЕНОВА, Ұлттық балаларды оңалту орталығының психологы, жоғары санатты кәсіби маман: – Қазіргі таңда мотивациялық кітаптар өте көп. Дегенмен де психолог маман ретінде жастарға алаңдаушылық білдіретін тұлғалардың бірімін. Адамда мотивациялық кітапты оқиын деген құлшыныс болады. Бірақ көп жағдайда іштегі күйзелістеріне байланысты уақытша дем беріп, ойға алған ісіңізге деген құштарлығыңызды арттырып жібергендей сезіледі. Оқып болғаннан кейін іс-әрекетке құлшыныс пайда болады. Белгілі бір уақыт жеткенде мұндай кітаптар адамдарды өзін алдауға әкеледі. «Қазір оқып аламын, содан кейін бәрін жаңадан бастаймын» деп өзін-өзі алдайды. Адам кітаптың ол үшін әрекет етпейтінін түсінуі керек. Мәселен, кітапты оқу үшін оқырманның алдымен өзінің әрекеті керек қой, кітап сіз үшін бастап кетпейді. Кітаптың стимулы адамдардың алғашқы әрекет жасауына итермелеуші. Осы жағынан алып қарар болсақ, пайдалы да тұсы бар. Бірақ бастысы бастап кету емес екенін білуі керек. Кітаптарды оқып қана қоймай, өзім де іс-әрекет жасауым керек екен ғой деген кезде адамдардың шабыты күрт төмендеп кетеді. Мотивациялық кітаптарда осындай бір-екі жақты саясат жатыр. Пенде мақсат қоя білуі маңызды. Мақсат – әрекет. Сіз өзіңізге мотивация бере білуіңіз қажет. Кешегі өзіңізден бүгінгі «мен» деген тұлғаңыз биік тұруы керек. Қандай да бір кітапқа иек арту көп жағдайда қате ойға итермелеуі мүмкін. Олжас ӘБДІҚАЛЫҚ, оқырман: – Соңғы рет Джон Кехоның «Подсознание может всё» кітабын оқып шыққан едім. Нақты дәлелденген фактілермен жазылған мотивациялық кітаптар адам санасына өте жақсы әсер етеді. Шын мәнінде, кез келген адамның қалаған нәрсесін жасауға мүмкіндігі бар. Ал мұндай кітаптар – асыл қазына. Барлық нәрседе адам санасын түрлі қауіптен арылтып, қорқуды сейілтуі қажет. Қазақ «ниетің дұрыс болсын» дейді ғой. Міне, барлық мотивациялық кітаптардың мәні – осы. Ниетте, санада. Венера АСҚАРҚЫЗЫ