Бұл – бүгінгі күннің ең басты мәселесі. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовті де осы мәселе толғандыратын секілді. Ол мектептер тарапынан көркем әдебиетке сұраныс жоқ екенін айтып қалды. «Біз балалардың оқуға, кітапқа, әдебиетке деген махаббатын оятқымыз келеді. Бірақ оқу орындары мен мектептер көркем әдеби кітаптарды алғысы да келмейді. Керек десеңіз, қазір тиісті әдеби кітаптардың қоры да қалмай барады. Сол себепті бұл мәселені де назарға алайық», – дейді министр.
Соңғы жылдары ауыл мектептерінде кітапхана сиреп барады. Өйткені кітап оқитын оқушы жоқ. Сұраныс болмаған соң кітапхананың да қызығы болмай қалады. Ал балалардың кітап оқуға қызығушылығын смартфон алмастырған. Қазір телефонға телмірген заман болып тұр.
«Бізде оқулықтарға тапсырыс беру жағынан проблема бар. Мектеп оқулық көлемі бойынша бір сұраныс, ал білім басқармасы немесе бөлімі екінші көлем бойынша сұраныс жолдайды. Себеп түсініксіз. Бәлкім, бұл бағытта Шолпан Қаринова арнайы мониторинг тобымен мәселені бақылауға алу керек болар. Тәуекел көп», – деді Асхат Аймағамбетов Білім және ғылым министрлігінің аппараттық отырысында.
Мектепте оқулық жетіспеушілігі де – жыл сайын қайталанатын проблеманың бірі. «Жыл сайын бізде оқулықтарды жеткізу (мектептерге) бойынша проблема туындайды. Сол себепті осы жылдың 31 наурызына дейін мемлекеттік сатып алу жұмысын аяқтауды тапсырамын. Әдеттегідей, шілде немесе тамыз айларына дейін күтудің қажеті жоқ. Олай етсек, жыл сайын осы проблемамен бетпе-бет келе береміз. Бұл жұмысты 31 наурызға дейін атқаруға ештеңе кедергі келтіріп тұрған жоқ», – деді министр.
М.НҰРЛАН