Елімізде байланыс пен интернет сапасына халықтың көңілі толмайтыны бұрыннан аян. Бұл мәселе соңғы кездері тіптен күрделеніп кетті. Таяуда салаға жауаптылар байланыс сапасы үшін операторларға салынатын айыппұл көлемін 10 есе өсірді. Дегенмен осы қадам операторларға қалай әсер ететіні белгісіз. Себебі олар айыппұлдан айылын жия қалады дегенге сену қиын.
Ақы артады, сапа сол баяғы
Цифрлық даму министрлігі Қазақстандағы интернет сапасының төмендігі үшін айыппұл мөлшері өскенін хабарлады. 11 шілдеде Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Құжат байланыс саласындағы тұтынушылар құқығын қорғауды күшейтпек. «Енді заңбұзушылықтар анықталған жағдайда байланыс операторлары 100 АЕК орнына 1 000 АЕК айыппұл салады, ал бір жыл ішінде қайталап заң бұзған жағдайда айыппұл сомасы 200-ден 1 500 АЕК-ке дейін өседі», – делінген хабарламада. Ведомство мәліметінше, былтыр байланыс сапасының нашарлығына қатысты шағымдар саны 10 есе өскен. 2021 жылдың қорытындысы бойынша министрлік 562 тексеру жүргізіпті, салыстыру үшін айтсақ, 2020 жылы 51 тексеру, ал 2019 жылы 93 тексеру ғана жүргізілген екен. Демек, байланыс операторларының сапаны қолға алатын сыңайы жоқ. 2018 жылдан бастап елімізде байланыс операторларына қатысты үлкен дау шықты. Өйткені сол жылы ұялы байланыс операторлары бағаны бірден 4,3 пайызға көтерген еді. Ал 2019 жылы Activ, Kcell, Beeline операторлары «айды аспанға шығарып» жаңа тарифтік жоспарлар енгізді. Ұялы байланыс қызметі жаңа тарифтік жоспарларды толық бір айға емес, 28 (4 апта) күнге қосатын болды. Нәтижесінде, абонент 1 жылдың ішінде тарифтік жоспарды 12 рет емес, 13 мәрте қосуға мәжбүр болады. Яғни, әр абонент бір айлық төлем үшін ақша аударғанымен, тарифті тек 28 күн пайдаланады. Сөйтіп, операторлар ай сайын екі күн ұтып, тұтынушы бір жылда 24 күнге ұтылды. Өз кезегінде бұл әрекет ұялы байланыс операторлары үшін жылына шамамен 38-55 млрд теңге көлемінде қосымша пайда әкелген. 28 күндік тарифтік жоспарлар халық үшін қолайсыз көрінбеуі мүмкін, дегенмен ұялы байланыс қызметін ұсынушылар тарапына табыстың көзі болды. Бұл кезде Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитеті операторларды негізсіз тергеп-тексеруге хақы жоқ екенін айтып ақталған болатын. Кейін ұялы байланыс операторлары 28 күндік тариф жоспарларын ақырындап жоя бастады. Дегенмен байланыс және интернет сапасы да, тарифті қымбаттата беру әдісі де сол күйі қалды. Мәселен, былтыр елімізде ұялы байланыс операторлары бағаны тағы 1 пайызға қымбаттатады. ТМД елдерінің ішінде мобильді интернетке ең көп ақша жұмсайтын халықтың бірі – қазақстандықтар. Бірақ сұраныстың көптігі тарифтік пакеттер бағасының қымбаттауына себеп болмаса керек еді. Ал интернет сапасы оңалудың орнына жылдан-жылға нашарлап барады. Неге?Санкцияның салқыны тиген сала
Ортақ экономикалық кеңістіктегі көршіміз Ресейге салынған санкциялардың зияны біздегі салаға да тиді. Соның бірі һәм бастысы – интернет. Биыл наурызда еліміздегі IT қауымдастық өкілдері бас қосып, үлкен даулы мәселені көтерді. Мамандардың қазіргі жағдайға көңілі толып отырған жоқ, про- блема жетерлік. Себебі Қазақстандағы байланыс операторлары осы уақытқа дейін интернет трафигін Ресейден алып келді. Енді санкциялардың кесірінен интернеттің сапасы төмендеді. Оның үстіне, бізде интернет арқылы жұмыс істейтін жобалар ресейлік серверлерге қосылған. Олар сөзсіз бағаны қымбаттатады. Қажет технологиялар доллар не еуромен сатылады. Яғни, қазақстандық операторлардың шығыны қоса еселенбек. Бұл түйткілді ауқымды жобалармен айналысатын IT маман Әлібек Байсейіт те нақты айтты. – Интернет сапасына, құнына қатысты мәселе туындайды деп алаңдауға әуелден негіз бар болды. Біздегілер трафиктің басым бөлігін көрші Ресейден алатыны шындық. Мәселен, мен IT маман ретінде үлкен жобалармен жұмыс істегенде ресейлік серверлерге қосыламын. Жалға алу есебінде әр ай сайын ақы төлеймін. Көктемде санкциялар көбейгеннен кейін маған хабарлама келді. Серверлерге қосылу құны 1,5 есуі мүмкін екені айтылған. Солай болды да. Интернет сапасы да аздап төмендеді. Елімізде ресейлік серверлер арқылы жұмыс істейтін жоба көп. Оларға да қиын соқты. Мұның бәрі айналып келіп экономикаға әсер етеді. Тауарлардың құны да қымбаттап жатқанын көріп отырмыз, – деді маман. Саладағылар биліктегілердің трафикті сатып алудың шұғыл басқа жолын іздестіру қажет екенін айтып жүргеніне бірнеше ай өтті. Демек, ресейлік трафиктен бас тартып, өзге елдерге жүгінген абзал. Алайда салаға жауапты ведомство өкілдері проблемаға мүлде алаңдамайтын сияқты. Осы жайт сөз болғанда «Барлығын қарап отырмыз. Қазақстанда интернетпен мәселе туындамауы керегін түсіндік. Еліміз тек Ресейден емес, басқа елдерден де трафик алады. Яғни, елде интернет өшпейді. Уайымдаудың қажеті жоқ», – деп сытылған еді Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек. Айтып ауыз жиғанша болған жоқ. Жылдам интернетті қажет ететін IT мамандарының жағдайын елемеген күннің өзінде, қазір сіз бен біздей қарапайым тұтынушылар қолданатын интернеттің сапасы да төмендегенін сезіп жүрміз. Жақында жауапты ведомство Ресейден елімізде IT мамандар ағылып келіп жатқанын «дамудың даңғыл жолындай» етіп көрсетіп, жария қылды. Бірақ тағы бір мәселе бар еді – осы жағдайлардан кейін шетелге кетуге ұмтылатын жастар артуы мүмкін. Себебі жалақысын АҚШ долларымен алғысы келетін IT маман көп. Онсыз да ел аумағын толықтай байланыс пен интернетке жарыта алмай отырғанда трафиктің қымбаттауы мен сапасының нашарлауы жығылғанға жұдырық болды. Расы сол, санаулы ұялы операторлары монополия орнатып алған. Аз болған соң үлкен аумақты интернетпен қамтуға шамасы жетпейді. IT мамандар дабыл қағады, ведомство жалтарма жауаппен сытылады. Кез келген саланы өзге елдің нарығына байлап беруге болмайтынын білсек керек еді. Қорыта айтқанда, айыппұлдың 10 есе өскені мәселенің шешілгенін аңғартпайды. Тұтынушылардың арқасында миллиардтап табыс тапқан байланыс операторларына айыппұлдың көлемі мүлде елейтіндей мәселе болмасы анық. Сондықтан баға мен сапаға қайта айналып келіп ұрына беретін түріміз бар.