Мәншүк туралы жазбаған жазушы кемде-кем
Мәншүк Мәметованың мемориалдық музейінің экскурсоводы Аяла Талғатқызының айтуынша, қаһарман қазақ қызының майдан даласындағы ерлігін жазбағандар кемде-кем. «Жарық көретін жинаққа деп 100-ге жуық мақала дайындап қойдық. Ол жерде батыр қыздың бойжеткен шағы мен соғыста көрсеткен ерлігі туралы жазылған. Соның ішінде ең алғашқы мақала 1944 жылы жазылыпты. Дәл сол жылы оған Кеңес Одағының Батыры деген атақ берілген еді», – дейді музей экскурсоводы. Одан кейін де бірнеше мақала жарық көрген. Алайда мақаланың көбінде дәлдік жоқ. Кейбір авторлар ауызекі әңгімелерді бір-біріне қосып жеткізуге тырысқан. Арасында нақты деректерсіз берілген мақалалар да бар екен. Іріктеліп алынған материалдардың арасында Хамит Чуриннің «Саратовқа сапар» деген мақаласы Мәншүктің балалық шағын сипаттайды. Мақалада Хамит Чурин, Мәншүк және анасы Әмина үшеуі Саратовқа жолаушылайтыны баяндалады. Пойыздан түсіп, ары қарай шанамен кетіп бара жатқанда мұзға соғылып, аударылып кетеді. Қатты соққыдан үшеуі үш жаққа құлайды. Ересектер есін жиып, жан-жағына қараса, арасында Мәншүк жоқ. Араларындағы ең кішісі Мәншүк болған. Шана аударылған кезде бала алысқа ұшып кетеді. Әлгілер қызды іздеп жүрсе, орнынан тұрып, үстіндегі қарын өзі қағып алыстан Мәншүк келіп тұр дейді. Балалықпен шошу дегенді білмеген шынашақтай қыздың қайсар мінезі Хамит Чуриннің өзін осылай таңғалдырған көрінеді. «Мәншүктің кішкентай кездегі естеліктері көп жазылған екен. Қаруластары жазған естеліктері де жетерлік. Соның ішінде Сұлтан Жиенбаев, Әзілхан Нұршайықовтың біраз мақаласын оқып шықтық. Бірақ көп мақалада бір ақпарат бірнеше рет қайталанған. Ол кісі туралы жазылған мақаланың көбін жазушы Әзілхан Нұршайықов жазыпты. Жазушы Мәншүкті майдан даласында 4 рет көрдім деп айтады», – дейді Аяла Талғатқызы.Кіндік қаны киелі жерге тамды
«Қазақ халқының қаһарман қызы» мақаласында Л.Рыжов бөлімшеде пулеметті аға сержант Мәметовадан артық білетін ешкім болмағанын, оның нысананы дәлдеп атуы көргендердің барлығын таңқалдырғаны айтылады. Күздің салқын таңында жаумен арпалысқан жас қыздың «Максимнен» жауған оғы фашистердің тізбегін шөптей орып, қаптаған жауды қалай жер жастандырғаны сипатталады. Ал Мәншүктің анасы Әмина Мәметованың естелігінде ержүрек қыздың елден ерекше болуын киелі жерде кіндік қаны тамғанымен байланыстырады. Қаршадай ғана болса да, алыптар туралы оқуды жақсы көрген ол кішкентай кезінен Қобыланды, Бекет, Исатай, Құртқа, Ақжүніс туралы жырларды тыңдағанды ұнатыпты. Содан да болар, анасы Әмина Мәметова айтпақшы, Мәншүк анау-мынау кісілер атқара алмайтын үлкен істерге ұмтылатын. Өйткені еліне, халқына қызмет етем деген адам білімді, бірсөзді, табанды болуы керек деген сөздерді кішкенесінен құлағына сіңіріп өсті. Аяла Талғатқызының айтуынша, Мәншүк Мәметованың 60 жылдығына орай ашылған мемориалдық музей қоры жыл сайын жаңа экспонаттармен толығып келеді. Алғашқы жылы музей бар-жоғы 300 экспонатпен ашылса, қазір олардың саны 10 мыңнан асады. «Мәншүктің өз қолымен жазған 6 хатының түпнұсқасы бізде сақтаулы. Біреуі соғысқа дейінгі, қалған бесеуі – соғыста жазған хаттары. 1943 жылдың тамыз айында әпкесіне жазған хатында: «Әпкетай, мен сендерді өте қатты сағындым. Егер тірі қалсам, міндетті түрде үйге ораламын. Алайда ашығын жазсам, менің тағдырым қыл үстінде тұр. Тірі қаламын деп айтудың өзіне қорқамын. Тек қамықпаңыздар, ештеңені ойламаңыздар. Егер өліп кетіп жатсам, Отан үшін, әкем мен сіздер үшін деп ойлаңыздар» деп жазады. Болашаққа деген арман-мақсаты туралы да көп хат жіберген. Мысалы, бір хатында ол анасына жиі жаза алмайтынын айта келіп: «Бірақ Сіздер көбірек хат жаза беріңіз, хаттарыңызды оқып, қуанып қаламын» дейді. Әпкетайына жазған тағы бір хатының бір бұрышына: «Әпкетай, мүмкіндік болса, кішкентай айна салып жібере аласыз ба?» деп жазған екен. Ал соғысқа дейінгі жазған хатын латын әліпбиінде жазған екен. 1938 жылы Семей қаласындағы анасына жазған хатында: «Анашым, Сізге сәлемдеме жібере алмадым. Сәбит Жамбылдың мерейтойына дайындықта жүр» деп жазылған. Бұл жердегі Жамбыл дегені Жамбыл Жабаев, ал Сәбит – ол Сәбит Мұқанов болса керек. Өйткені Мәншүктің туған отбасы да зиялы қауым болған көрінеді», – дейді Аяла Талғатқызы. Бүгінде әскери-патриоттық тәрбие беру мақсатында жұмыс істеп тұрған мәдениет ошағына келушілер де көп. Сондай-ақ биыл батыр қыздың 100 жылдық мерейтойына байланысты Орал қаласында ашылған әуежайға Мәншүктің аты берілді. Наурыз айында облыстық деңгейде ұйымдастырылған Мәншүк оқуларына қатысуға қызығушылық танытқандардың санында шек болмаған. Онда қатысушылар алдымен Мәншүк туралы жазған өлеңдерді жатқа оқыса, екінші бөлімде батырға арнап шығарған жыр шумақтарын мәнерлеп оқып беруден сынға түскен. Алда 2 қазанда өтетін конференцияға Мәншүктің туған-туысқандарын шақыртып, естеліктерімен бөлісуді сұратыпты.Қаршадай қызға қамшы сыйлаған
Мәншүк Мәметованың мемориалдық музейінің экскурсоводы Аяла Талғатқызы сөз арасында қаһарман қазақ қызының өмірбаяны біршама зерттелсе де, оның өмір жолы туралы тың дерек әлі де шығып жатыр. Жазушылардың өздері кейбір мәліметтер бойынша пікір таластырып та қалатын сәттер кездеседі. Мысалы, оның туған күніне қатысты әртүрлі дерек келтіріледі. Бірақ мұражай қызметкерлері Әмина Ахметованың сөзіне сүйеніп, Мәншүк 2 қазанда және Бөкей ордасында дүниеге келгенін айтып отыр. «Мәселен, анасы Әмина апаның, замандастарының және майдандастарының естеліктеріне сенсек, Мәншүк ер мінезді болған. Кішкентай, өзі нәзік болса да, бала кезінен батылдығымен ерекшеленген. Үйге жалаң қолымен жылан әкеліп, кішкентай күнінде-ақ ат жарысына қатысады. Оның ержүректігіне таңғалған ауылдың ақсақалдары мұражай қорындағы қамшыны сыйға тартыпты. «Әдетте қыздарға мұндай заттар берілмейді, бірақ сенде ер жігітке тән мінез бар екен» деп ақ батасын берген екен», – дейді музей қызметкері Аяла Талғатқызы. Ал бірде 10-12 жастағы Мәншүк мектептің жазғы лагерінде демалып жатқанда суға батып бара жатқан қыздарды құтқарып қалған. Сол сәтте өзі де жүзуді білмейтін бала Мәншүк ешбір ойланбастан ағын суға сүңгіп кетіп, өзін де, өзгелердің де өмірін аман алып қалған екен. Мәншүктің ұйымдастырушылық қабілетінен бөлек өнерге деген қызығушылығы зор болған. Кейбір кездері әуелетіп ән шырқайтын ол соғыс өртінде жүрген кезде де майдандастарының жарасын таңып, алғашқы көмек те көрсетіп, донор да болған. Ол құтқарған сарбаздардың бірі, кейіннен Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары және ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің бірнеше шақырылымының депутаты болған Сұлтан Жиенбаев еді. Бар-жоғы 21-ақ жасында ерлікпен көз жұмған қазақтан шыққан қайсар қыз жаудың 70-тен астам сарбазының көзін жойып, ерлікпен қаза тапты. 1944 жылы 1 наурызда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен жауынгерлік тапсырмаларды үлгілі орындағаны, ерлігі мен батырлығы үшін аға сержант Мәншүк Мәметоваға қайтыс болғаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.