Қазақстанда бұрын-соңды болмаған жаңа мемлекеттік орган мен жоғары лауазым пайда болады. Бұл құзырлы орган төл Туын иеленбек. Оның бұйрығын мүлтіксіз орындау, қалтқысыз бағыну тексеруге іліккен барлық нысан – тек мемлекеттік органдар ғана емес, сондай-ақ ұлттық компаниялар, қорлар, басқа да квазимемлекеттік сектор субъектілері үшін міндетті болады. Түңлігін жаңадан түретін алпауыт ұйымның басшысы – «жоғарғы аудитор» деп аталады.
Туы мен «шоқпары» бар құзырлы орган
Жаңа ведомствоны құру туралы тапсырманы ел Президенті биылғы 16 наурыздағы Жолдауында берген болатын. Артынша саяси реформа аясында қолға алынған бұл өзгеріс 5 маусымда қабылданған жаңа Ата заңда көрініс тапты. Атап айтқанда, Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы мен мүшелеріне кез келген саяси партияларға, кәсіптік одақтарға мүше болуына, партияны қолдап сөйлеуіне тыйым салынады. Осы арқылы олардың барлық тараптан тәуелсіздігі қамтамасыз етіледі. Жоғары аудиторлық палатаның төрағасын және 2 мүшесін бес жыл мерзімге Қазақстан Президентінің өзі тағайындайды. Бұдан бөлек, Мәжіліс пен Сенаттың әрқайсысы осы органның 3 мүшесін (жалпы – алтауын) 5 жылға тағайындайды. Дегенмен Төменгі палатаның конституциялық рөлінің артуына орай Жоғары аудиторлық палата (ЖАП) төрағасының есебін жылына екі рет Мәжіліс қана тыңдайды. Жаңа мемлекеттік орган қазіргі Есеп комитетінің орнына құрылатын болады. Тиісінше, комитет жойылады. Аудиторлық палата биыл толыққанды құрылуы тиіс. Бұл ретте Есеп комитеті «Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасы туралы ережені бекiту туралы» Президент Жарлығының жобасын әзірлеп шықты. Ол Есеп комитетіне қатысты нормативтік-құқықтық актілердің күшін жояды. Сондай-ақ Аудиторлық палатаның қызметін реттейді, құзырет-функцияларын бекітеді. Бұл ұйым елдегі сыртқы мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылаудың жоғары органына айналады. Оның өз Туы, мемлекеттік тілдегі мөрлері мен мөртаңбалары, логотипі, материалдық-техникалық базасы болады. Өз саласында мемлекет атынан сөйлеп, оның атынан азаматтық-құқықтық қатынастар бекіту құқығына ие. Оның міндеттері – халықтың тұрмыс сапасының қарқынды өсуін және елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ұлттық ресурстардың, яғни қаржылық, табиғи, өндірістік, кадрлық, ақпараттық ресурстардың тиімді және заңды басқарылуын талдау, бағалау және тексеру болады. Басқаша айтқанда, мемлекеттің мол ресурсының босқа рәсуә, талан-тараж болмай, ұтымды, оңтайлы, орынды жұмсалуын қадағалауға жауапты басты орган – осы. Өкілеттіктері салмақты: барлық мемлекеттік органға, квазимемлекеттік секторға тексеріспен бара алады. Олардың басшыларын өзіне шақыртып, ел қаржысын қаншалықты мақсатты жұмсап жатқаны туралы есеп-ақпаратын тыңдай алады. Құпия құжаттармен жұмыс істеуге құқылы. Аудит-ревизия барысында анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді жою үшін пәрменді шаралар қабылдауға құзырлы. Әрбір мемлекет пен квазимемлекеттік сектор субъектісінің қанша активі барын, қанша көлемде бюджет қаражатын, кредиттер, гранттар алғанын, қанша қарыз тартқанын, олардың бәрін қалай пайдаланып отырғанын білуі, бағалауы және бақылауы тиіс. Аудиторлық палата өзіне берілген өкілеттіктер шегінде Қазақстанның экономикалық қауіпсіздігінің тәуекелдерін, қауіп-қатерлерін анықтап, талдап, шаралар қабылдауы, Президентті құлағдар етуі шарт. Өз кезегінде ел басшылығы қандай да бір министрдің, әкімнің не басқасының атқарып отырған лауазымына лайықтылығын бағалағанда Жоғарғы аудитордың ақпаратына жүгінуі мүмкін: осы орган мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының, яғни атқарушы билік пен квазимемлекеттік сектор ұйымдарының қызметін бағалайды. Аудиторлық палата тексеру барысында жаба тоқылған жауырын, тырнақ астындағы кірін байқап қалса, барлық мемлекеттік орган, ұйым мен лауазымды адамдардың орындауына міндетті болатын «бұзушылықтарды жою туралы» шешім шығарады. Соған жол берген лауазымды адамдарды жазалау туралы нұсқама шығару құзыры бар. Мұның сыртында Аудиторлық палата өз бетінше әкімшілік іс жүргізуді қозғай алады. Әкімшілік жаза қолданады. Тіпті, мемлекеттік органды, ұлттық компанияны, тұлғаларын сотқа беруге құзыры бар.Қорғансыз ревизордың күні
Аудиторлық палатаның ережесінде құрылтайшылық құжатында бұрыннан бері сөз болып келе жатқан күрмеулі мәселе – аудиторларды қорғау жағы қарастырылмаған екен. Лупа астына алып, мұқият тексеруді кімнің суқаны сүйсін, ревизорларды көбіне жақтырмайды. Олар психологиялық, тіпті физикалық қысымға ұшырайды, оларға доқ көрсетіледі, жемқорлыққа иліктіруге талпыныстар жасалуы мүмкін. Демек, аудитор табанының бүрі бар қайсар, көлеңкелі, сұр схемаларды, шым-шытырық айла-шарғыны тап басып танитын білікті, алтын көрсе, жолдан таймас адал, парасатты маман болғаны маңызды. Қаржыгер Ерасыл Марат 90-жылдары таныс аудиторының бастан кешкен оқиғасын әңгімеледі: мемлекеттік ревизор біраз күн тексерістен соң жергілікті биліктің қаптаған былығын ашады. Жергілікті шенеуніктер оған бұзушылықтарға көз жұма қараса, қомақты қаржыны қалтасына басатынын емексіткен. Бірақ тексеруші принципшіл маман болып шыққан. Ол астанаға бет алғанда, соңынан белгісіз біреулер қуғын ұйымдастырады, апатқа ұшыратады. Қолындағы құжат салынған сөмкесін тартып алып кетеді. Алайда тәжірибелі маман осындайдан сезіктеніп, тексерістің қорытынды құжаттарын өзімен алып жүрмей, алдын ала өзге қаладан поштамен орталыққа жіберіп қойған екен. Ал дамыған елдерде аудиторларды мемлекет қуатты қорғайды, мұндай органдардың тіпті жеке қарулы жасағы да бар. Сол арқылы шикілігі шыққан шенеунікті өз бетінше тұтқындап, оның үстінен іс қозғайды. Мысалы, АҚШ-та аудитор ФТБ қызметкерлерімен бірге келіп, бүкіл ғимаратты сырттан қоршап, бұғаттап тастата алады. Францияның Есеп сотына шектеусіз бақылау өкілеттіліктері берілген. Бұл соттың тәуелсіздігі Франция Конституциясында кепілдендірілген. Қазақстанда әзірге мұның бірде бірі жоқ. Аудиторлар көбіне қорғансыз.Үлгілі елдерден ұлағат алсақ
Есеп комитетінің ескіргеніне, заманнан артта қалғанына, пәрменділігінің төмендігіне мамандар бұрыннан назар аудартып келеді. Бұл тұрғыдан алғанда Президенттің Жоғары аудиторлық палатаны құру туралы шешімі өзекті, маңызды болып есептеледі. Заң ғылымдарының докторы Бинұр Тайторина ғылыми талдауында мемлекеттік қаржылық бақылау саласында қордаланған, жыл сайын бірінің үстіне бірі жамалған мәселелерді атады. Салық және бюджет заңнамасын бұзу фактілерінің артында талан-тараж болған миллиард теңге жатыр. Аудиторлар мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың бюджетке аудармау үшін табысын жасырып қалатынын, салықтарды, бюджетке төленуі міндетті төлемдерді уақытында жолдамайтынын, ел қаржысын нысаналы мақсатына пайдаланбайтынын, тиімділік, ұтымдылық қағидаттары сақталмайтынын жыл сайын анықтайды. Оның байламынша, мемлекеттік қаржылық бақылау жүйесі экономикалық, бюджеттік реформалардың ізінен қуалап жүрмей, керісінше, жаңғыру, жетілдіру процестерінен оза жүруі шарт. Мұның үлгісі, тәжірибесі, халықаралық стандарттары бар. Аудиторлық палата жүргізетін тексерістер мен сараптамалар елдегі іскерлік ахуалды бүлдіруге емес, оны жақсартуға септесуі, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруы керек. Жаңа орган қызметінің күрделілігі де осында. Әйтпесе, тексерулерден жүрегі шайлығып қалған шенеуніктер мен ұлттық компания менеджерлері жасампаздық пен бастамашылдық танытпайтын, жоғарғы жақ құптамаса, өз бетінше алға аттап баспайтын болады. Бұл үшін мемлекет қаражатын жұмсаудың қандай нәтиже, елге не пайда әкелгенін бағалауға, шығыстардың орындылығын салмақтауға, әлеуетті резервтерді табуға құрылған, озық елдерде енгізілген «тиімділік аудитіне» баса ден қойған жөн. Әзірге қаржы, бюджет, салық салаларындағы тиімсіз мемлекеттік бақылау, шетсіз-шексіз реформалау, тоқтаусыз әкімшілік-шаруашылық қайта құрылымдау миллиардтардың із-түзсіз жоғалуына, елдің алапат шығынға отыруына соқтырады. Егер әрбір теңге үнеммен, орнымен, оңтайлы жұмсалса, ел қарыштап дамып кеткен болар еді. Мәселен, 2016-2019 жылдардағы «Денсаулық» бағдарламасына 1 трлн 969,7 млрд жұмсалды. Аудиторлар оны шығындауда процедуралар бұзылғанын, тиімсіз жоспарлауды, бюджет қаржысын ұтымсыз пайдалану фактілерін әшкереледі. Салдарынан, Қазақстан артынша елді жайлаған пандемияға дайын болмады. Жүздеген миллиард теңге қосымша қаржы шашты. 2017-2021 жылдары 1 трлн 317,7 млрд теңге арна тартқан «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасынан аудиторлар жеке тұрғын үйлерді іске қосу көрсеткіштері орындалмағанын анықтады. 2016-2019 жылдарға арналған Білім және ғылым мемлекеттік бағдарламасына 1 трлн 423,4 млрд теңге шығын етілген. Білім саласы пандемияда қашықтан білім беруге мүлдем әзір болмады. 2015-2019 жылдарды қамтыған «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасына 2,8 трлн теңге бағытталды: аудиторлар бюджет қаражаты тиімсіз жоспарланған, миллиардтаған қаржылық бұзушылықтарға жол берілген деп отыр. Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамыту мембағдарламасына 2017-2021 жылдары 2 трлн 374,2 млрд теңге шығындалды. Егін және мал шаруашылығы құлдырауда, бидай, ұн экспортына шектеу енгізілді, халқымыз қант, ұн, сұйық май сияқты базалық, ең қажетті тауарлармен жете қамтылмағаны жаһанға паш етілді. Пандемиямен күреске 6 триллион теңгедей жұмсалғаны хабарланды. Есеп комитеті 2020 жылы – 570 миллиард, 2021 жылы – 413 миллиард теңгенің бұзушылығын тапты. Кім жазаланды? Белгісіз. Жоғары аудиторлық палата жөнсіздіктерді анықтаумен шектелмей, шектен шыққанның табанына тас қойса, бұзушылық қайталанбайтындай етсе, бюджеттің ұтымды жұмсалуына қол жеткізсе, реформаның бекер болмағаны. Әйтпесе, тек маңдайша ғана өзгерген болып шығады.