Кербұлақ ауданының, оның ішінде аудан орталығы Сарыөзек ауылының жылдар бойы шешімін күткен проблемалары жетіп артылады. Соның ішінде ауызсуға жарымай отырған ауылдардың арызын арқалағандар күні бүгінге дейін талай табалдырықты тоз- дырғанымен, өзгеріс жоқ. Осыдан 25 жыл бұрын, 1997 жылы Талдықорған облысы тарқатылып, Алматы облысына қосылған кезде басқа елді мекендерді айтпағанда аудан орталығы Сарыөзектегі ауызсу тапшылығы өзекті мәселе еді. Содан бергі ширек ғасырдан асқан кезеңде сол таз қалпынан ажырамапты. Бірде тым өзектеніп, енді бірде сәл саябырсып, жыл сайын қозғалғанымен, қайыр болмай тұр. Одан бері облыста алты әкім, ауданда алты әкім ауысты. Барлығы алғаш тағайындалғанында адамдарды әбден абыржытқан ауызсуға және көшелер мен жолдарға, бақша суаратын суға, тозығы жеткен екі қабатты үйлерге қатысты мәселелерді біртіндеп шешеміз деп уәдені үйіп-төгеді. Бірақ айтқандары сол сөз күйінде қалады, мүлде орындалмайды. Осыдан бірнеше ай бұрын ауданға келген сол кездегі облыс әкімі Қанат Бозымбаев та «реттеймін» деп еді. Бірақ ештеңеге үлгермеді. Кеткен әкімнің тапсырмасымен құрылған арнайы ведомствоаралық комиссия біраз былықтың бетін ашты. Сарыөзекті таза ауызсумен қамтамасыз етуге қарастырылған миллиондарды игеруді мойнына алған мердігердің жауапсыздығы анықталды. Дәл қазір Сарыөзектегі суға қатысты шуға мердігердің шалалығы себеп болып отырған көрінеді. Жалпы құны 1 млрд теңге болатын жобаның 50 пайыздайы ғана орындалған. 560 млн теңгесі игерілгенімен, су құбырын пайдалануға тапсыру мерзімі өтіп кеткен. Өздерін ақтамақ болған «Көлсай Строй» ЖШС өкілдерінің айтуынша, бұған есепшоттарының бұғатталуы себеп болыпты. Соның салдарынан міндеттерін орындауды қойып, жұмысшыларына айлық та төлей алмағанына біраз болыпты. Сусап отырғандар қатарында сарыөзектіктер ғана емес, Қаспан, Басши, Шаған, Қосағаш, Қайнарлы, Бостан, Онжас ауылдарының тұрғындары да бар. Жалпы, «Көлсай Строй» ЖШС шамасына қарамай облыс бойынша 9 млрд теңгеге бірнеше жобаны ұтып алып, содан бергі бір жарым жылдың ішінде сол қомақты қаржының 2 млрд теңгесін ғана игерген. Күні кеше ауданға жұмыс сапарымен келген Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев халықтың ауызсуға қатысты арызын тыңдап, жағдайды өз көзімен көргеннен кейін мердігердің жауапсыздығын қатаң сынға алды. Көтере алмайтын шоқпарды беліне байлаған серіктестікті сотқа беріп, тиісті шара қабылдауды тапсырды. Сарыөзек ауылындағы қоғам белсенділерінің хабарлауынша, елді мекенде қазір су құбырының төртінші кезегі жүргізіліп жатыр. Бір миллиард теңге бөлінген жобаның өзі «шикі» дейді белсенділер. Іс жүзінде қазына қаражаты жерге көміліп жатыр. Судың сапасы өте нашар. Халық құм мен топырақ араласқан лай суды тұтынуға мәжбүр. Төселіп қойған құбырлардың жиі жарылуы себебінен апталап су болмай қалуы да жиілеген. Тесілген құбырлардан аққан су көшелермен ағып жатқанына жарты жыл болыпты. Ал Қаспан ауылында су құбыры 2016 жылы салынған. Бірақ қосқан кезде ұңғымадан алынатын судың тұтынуға жарамсыздығы анықталыпты. Сонда жобаны жасаушылар мен жүзеге асырушылар, олардың жұмыстарын бақылауға тиістілер ұңғыма қазылғанда қайда қараған? Қазір жаңа ұңғыма қазылып, оны су құбыры желісіне қосу жұмыстары жүргізілуде. Басши ауылында да жобалау кезінде кеткен қателіктің зардабын тұрғындар тартып отыр. Ауданның басқа ауылдарындағы су құбырлары құрылысы кезінде өрескел қателіктер кеткендіктен, халық таза ауызсуға қол жеткізе алмай қиналып жүр. Сарыөзектің көркін қашырып тұрған келеңсіз көріністің бірі – апатты екі қабатты үйлер. Соңғы есептеулер бойынша елді мекенде әбден тозығы жетіп, қатты жел соқса, қисая салуға дайын тұрған осындай 38 үй бар. Жүздеген адам күн сайын шатқаяқтап тұрған баспалдақтармен шығып-түсіп, өмірін қатерге тігіп жүр. Оны айтасыз, қаусап тұрған қабырғаларға әрең ілініп тұрған төбе қашан үстімізге құлайды деген қорқыныштан түнімен көз ілмей шығатын кезі көп. Қыста үйді жылыту мүмкін емес. Өткен ғасырдың алғашқы жартысында тұрғызылған үйлердің жағдайы айтылғалы да жылдар жылжып өтіп жатыр. Мұнда тұратындарға «Нұрлы жерді» қоса алғанда, кейінгі 30 жылда ел аумағында жүзеге асырылған тұрғын үймен қамтуға қатысты көптеген бағдарламаның бірде-бірінің сәулесі түспепті. Ендігі үміт – Сарыөзекте салынады деп жоспарланған көпқабатты үйде. Инвесторлардың мейірімі түссе, әкімдердің жаны ашыса, бұл үйге кезекте тұрғандармен бірге әбден тозығы жеткен екі қабатты үйлерде тұратындарды да қоныстандыруға болатын шығар... Аудан тұрғындарын жер қатынастарындағы бұра тартулар мен әділетсіздіктер де әбден ығыр еткен. Тұрғындардың айтуынша, ірі латифундистер шабындық пен жайылымдарды, ең құнарлы деген жерді қоршап алған. Олардың кесірінен мал шаруашылығымен күн көріп отырғандар төрт түлігін жаятын жер таппайды, қысқа қажетті жемшөп дайындай алмайды. Мәселен, Бостан ауылының тұрғындары осындай әлімжеттікке байланысты «Алатау дейри» ЖШС-мен көп жылдан бері соттасып келеді. Облыстық Жер қатынастары басқармасындағылар 2020 жылы Жер кодексіне жергілікті тұрғындардың мұқтажын қанағаттандыру мақсатында мемлекеттік қажеттілік үшін жерді алуға қатысты өзгерістер енгізілгенін айтады. Соған сай ауылдық округ әкімдері тұрғындарға мал жаюға қажетті жерлерді бөліп бере алады. Қазір ауданда ірі жер телімдерін жалға алғандардың кәсіпорындар ашу мен жұмыс орындарын құру бойынша міндеттемелерді орындауларына байланысты тексерулер қолға алынған. Егер инвесторлар бағдарламада көрсетілгендерді орындамаған жағдайда жер мемлекетке қайтарылып, ауыл тұрғындарына қажеттіліктеріне қарай бөлінеді. Аудан аумағында жұмысын жүргізіп жатқанына бірнеше жыл болған Alacem цемент зауытының жүк көліктері республикалық маңызы бар «Сарыөзек – Көктал» бағытындағы күрежолды бүлдіріп тастағаны туралы былтырдан бері көтерілген мәселе де шешімін табатын болды. Кәсіпорын өз есебінен 2 млрд теңгеге жуық қаржы бөліп, бүлінген жолды жөндеуде.
Болат Абаған, Жетісу облысы