Қатонқарағайға тоғыз жыл бұрын жол түскен. Ол кезде Дидағаң, Дидахмет Әшімханұлының тірі кезі. Қаламгерге ілесіп, Орағаңның жетпіс жылдығына барған едік. Алматыдан Талдықорған арқылы Өскемен жақты бетке алып, ұзақ жүргенбіз. Ағаның жанына ілескен жолсеріктері – Лиза тәте (Дидағаның жары), журналист Жадыра Нармаханова («Ұлан» газетінің бас редакторы) және мен («Түркістан» газетінің тілшісі). Дүбірлетіп той тойлап, қаламгерлердің Орағаң туралы жылы естеліктері мен лебіздерін естіп, әсем Қатонға сүйсініп қайтқанбыз.
Алтай десе, Оралхан, Алтай десе, Қалихан Ысқақ, Алтай десе, Дидахмет Әшімхан ойға оралады. Одан бөлек, Өр Алтай Әлібек Асқаровтың шығармаларында жанға жайлы, шуақты болып көрінеді. Алтайдың әсемдігін көзбен көру бір басқа да, шығармалары арқылы тану бір басқа.
Қатонды білмейтін жұрт Қалихан Ысқақ пен Оралхан Бөкейдің, Дидахмет Әшімхан мен Әлібек Асқаровтың шығармалары арқылы оқып, көзбен көргендей сүйсініп жатады. Ақын Қонысбек Әбілдің тілімен айтқанда, Оралхан шығармаларында сұсты, ішінде жыртқыш аңдар жортқан секілді қорқынышты көрінетін Алтай Дидағаң мен Әлібек ағаның еңбектерінде жүрекке жылы, көңілге жағымды әсер қалдырады.
Рас, Оралхан Бөкейді көзбен көрген жоқпыз. Есесіне шығармаларына тәнті болдық. «Мұзтау», «Атаукере», «Қайдасың, қасқа құлыным?», «Біздің жақта қыс ұзақ», «Ұйқым келмейді» дейтін кітаптары ауылдағы үйдің кітап сөресінде тізіліп тұратын. Ең алғаш қолыма «Ұйқым келмейдіні» алып едім. Оны да әпкем Алматыдан әкелген. Содан бері оның шығармалары менің ең қимас, құнды дүниелерімнің біріне айналды. Кейін оған Қалихан Ысқақ пен Дидағаның жинақтары қосылды. Әлібек Асқаровтың «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді» атты еңбегі де сол қатардан көрінген.
Алтай туралы аңыз көп
Қатон әсем табиғатымен, көрікті келбетімен, буырқанған Бұқтырмасымен, күркіреген Күркіремесімен елді тәнті етеді. Бұл жолғы сапар Дидаға мен Қалихан ағаның мәңгілік мекеніне тағзым етуден басталды. «Сүйегімізді туған жерге қойыңдар» деген екеуінің де аманаты орындалды. Орағаңның 70 жылдығынан кейін араға жыл салып, Қалихан аға жарық дүниемен қоштасса, тура бір жылдан соң Дидаға да ағасының соңынан кете барған...
Бірі Бейімбетті құрметтейтін, бірі Жүсіпбек Аймауытовты үлгі тұтқан екі алыптың сүйегін елге қойды. Бірі Қатонда, енді бірі Топқайыңда мәңгілік демін алып жатыр. Дидағаңның ұлы Дәулет өзі бізді бастап алып жүрді. Бата жасап, құран бағыштадық. Одан кейін Қатондағы әдемі ескерткішіне тағзым еттік. Былтыр ғана тұрғызылған мүсіннің авторы – Ринат Әбенов. Ағаның түр-тұлғасын айнытпай келтіріпті. Өзі де биік адамның мүсіні де биік орын теуіпті. Жақсы ағамның бейнесі Алтай тауының етегінде қасқайып елге қарап отыр.
Дидаға бізге ұстаз, ақылшы аға бола білді. «Түркістан» газетіне алғаш имене басып кіргенімізде жарқылдап, аңқылдаған жарқын мінезімен қарсы алған еді. Сол қалыбынан айныған жоқ. «Тас моншасын» есіне алып, «Сары самаурынының» шәйін қайнатып, кіл бала шәкірттер қаламгердің жанына үйіріле кеткенбіз. Ол да бізге ақыл-кеңесін айтудан жалыққан емес, біз де үйренуден қашпадық. «Жас» деп бетімізден қақпады, қиналған тұсымызда сөзбен демеді, қателескен сәтімізде қатемізді жөндеді. Дидахмет мектебі бізді көп нәрсеге үйретті, әлі де жол сілтеп келеді.
Қаламгердің балалық шағы Науада өткен. «Тас моншасы» да сонда қалған деседі. Қазір ағайын-туғаны Қатонды жайлап отыр. Ұлы Дәулет те елге жиі барады. Әкесінің кіндігі байланған туған мекені балаға да ыстық. Ұққанымыз – атамекен бәрінен қымбат екен. Осындайда ойға еріксіз Дидағаның «Жер аңсаған сарыатаны» оралады. Хикаятта: «Ұшы-қиырсыз сары дала. Сары даланың бір ұшында – сары бел. Сары белдің бауыры – сағым ба, әлде шалқар көл. Шартабақ күн төбеде. Шалқыған ыстық жер-көкте. Табанын тасқа тілдіріп, жанарын жасқа жудырып, маңдайын жел күңсітіп, таңдайын шөл қаңсытып, сар желіп келеді Сары атан. Таусылмайды сары дала, жеткізбейді сары бел. Сары белдің ар жағы – бота күнгі мекені» деп суреттелмейтін бе еді. Сол сарыатанды елден кеткен азаматтар, Сары белді – туған жер деп алсақ, мұнда атамекеніне асыққан жандардың сағынышы мен сазы жатқан жоқ па? Өмірдің өзі сағыныштан тұрады екен. Әсем Алатаудың баурайында тұрса да, жазушының Алтайға деген сағынышы басылған емес. Ол оның әр шығармасынан сезіліп, байқалып тұратын.
Дидаға бізді Бейімбетке ғашық етті. «Бейімбеттей жазушы қайда?! Сен оның әлгі «Айт күндері» деген әңгімесін оқыдың ба? Оқышы, төгіліп тұр ғой, төгіліп. Өзің жақсы көретін Оралхан ағаң «Шұғаның белгісін» жатқа айтатын еді. Әй, «Шұғаның белгісін» мен де жатқа білем» дейтін еді үнемі. Дидағаң айтқан шығарманы білсек, бірігіп талдап кететін едік. Ол кісі үнемі жас журналистерді жанына ертіп жүрді. Түрлі экспедиция ұйымдастырып отыратын. Әдебиет туралы талқылайтын. Бірге жүрген әріптестері туралы қызыға әңгіме шертетін.
Айтқандай, әңгіме Алтайдан басталып еді ғой. Бұрын Дидағаң Алтай туралы әңгіме айтқанда, бояуын қалыңдатып, әзіл-қалжыңын қоса үйіріп, әдемі сыр шертетін. Сондай бір тұста әңгіменің ұшы Қатонқарағайдың шығу тегіне тірелетін еді. Қалихан ағасы (өзі айтқандай) Қатонның тарихын Қатын сөзінен бастаса, Дидағаң Алтай туралы әдемі аңызға бұратын.
Әлқиса, аңызға сенсек, ертеде осы қарағайлы өлкеде жалғыз қызы бар жесір әйел өмір сүріпті. Ол аң аулап, жеміс-жидек теріп күн кешеді екен. Осындай бір тірлік кешіп жүрген күннің бірінде кішкентай қызы қатты ауырып, жесір әйел аңға шыға алмай, тамақ таба алмай, қатты қиналса керек. Ашқұрсақ шаршаған әйел қызының ұйықтаған сәтін күтіп, аң аулауға аттанады. Жаралы қоянды ұстаймын деп, қуа-қуа үйінен тым алысқа ұзап кетеді. Сөйтіп жүріп боранды күні адасып қалады. Ал үйінде ауырып жатқан қызы да көз жұмады. Әйел де сол кеткеннен оралмайды. Ауыл адамдары іздеп жүріп, бес күннен кейін орман арасынан табады. Тізерлеп отырған әйелдің жансыз мүрдесі ғана қалыпты. Содан бастап бұл қарағайлы орман Қатынқарағай аталып кетсе керек. Кейін келе Қатынқарағай аты қалып, Қатонқарағайға айналған деседі.
Кім біледі, Қалихан ағам да осы Қатын сөзіне бұрып алатыны да сондықтан шығар. Кейбіреулер қотан деген сөзге де келеді деп жүр. Қалай десек те, қайың-қарағайы көп ну орманды алқаптың аты да, заты да ғаламат екені ақиқат.
Шыңғыстайдағы тұңғыш мектеп
«Ат аяғы жеткен жердің бәрі атамекен». Қалихан аға осылай дейді. Ата-бабамыз қоныстанған, қатпар-қатпар тарихты қойнауына жасырып жатқан бұл мекеннің тасы да ғажап, тауы да ғажап. Көрсең көз тоймайды. Тарбағатай жайлауының биігіне көтерілсеңіз, етегіне қарап, басыңыз айналады. Көкпеңбек аспан, ну қарағай, көз жетпейтін шыңырау. Тарбағатайдың етегінде бір шоғыр қарайса, ол Оралхан туған ауыл – Шыңғыстай. Ел оны Әбдікерім болыстың ордасы деп те санайды. Бүгінгі Шыңғыстай, кешегі – Шәңгіштай. Қалихан Ысқақ өзінің «Келмес күндер елесі» атты кітабының бірінші бөлімінде Әбдікерім болыс туралы арнайы тоқталған.
«Тарбағатай, Шабанбай,
Айырылдым елден баға алмай.
Сағынып мұнда жатырмыз,
Маңайыңа бара алмай».
Әбдікерімнің елге жазған соңғы хатынан. Әбдікерім ақындықтан да құралақан емес-ті. Болыстығынан серілігін бұрын өткізген кісі. Құлқы бар құлды да қой соңына салмаған. Бірақ менің көкейімде Әбдікерімнің ақын қызы Бағиланың ұзатылардағы зары тұрды:
«Мұзбелдің мұзартынан
шаң тұрмаған,
Қолыма сұңқар қонған
саңқылдаған.
Сол сұңқарым қапыда
ұшып кетіп,
Әпеке, мен болдым
қаз қаңқылдаған...
Бағиланың сұңқары – Сұлтанмахмұт Торайғыров еді. Әпекесі – Әбдікерім» деп жазады.
Әбдікерім болыстың тағдыры да ауыр болған. Әлихан Бөкейхандай ұлт тұлғасына баяндамашы болған, совет дәуірінде үш рет түрмеге қамалып, ақыры туған жерінен топырақ бұйырмай, мүрдесі жат жерде қалған. Бізге серік болған аудандық мәслихат хатшысы Дүйсен Бралинов Әбдікерім болыстың мектеп-мұражайына арнайы алып барды. Бұл оқиғаның бәрін сол жерде тыңдадық. Әбдікерім Шыңғыстайда алғаш қазақ мектебін салдырған адам. Сұлтанмахмұт сол мектепте сабақ берген. Болыс оны Шыңғыстайға алып келіп, боз биенің сүтіне шомылдырып, қара биенің тосабымен емдесе керек. Сұлтанмахмұт осында жүріп, болыстың қызы Бағилаға ғашық болады. Амал нешік, екеуінің тағдырына қосылу жазбаған.
Бұрынырақ келгенімізде бұл жерде ескі мектептің қаңқасы ғана қалған еді. Қазір сол орынға көркем мұражай тұрғызылған. Бұл – Әбдікерім мектебінің ескерткіш музейі. Көненің көзіндей болып, қайта түлеген. Мектеп-мұражайдың ішінде қаламгерлердің құнды мұраларымен қатар, ескі мектептен қалған қасірет қабырғасы да бар. Ол қабырғадағы ескі жазулар да өшпеген. Зұлмат жылдарында бұл мектеп «НКВД»-нің түрмесіне айналыпты. Сол зорлық түрмеден қалған белгі – осы қасірет қабырғасы. Онда түрме тұтқындары төте және кирилл қарпінде жазу жазып қалдырған. Бұл түрмеде болыстың ұлы Шабдан да қамалған.
Қатонқарағай «қартайып» барады
Шыңғыстайға барсаңыз, Оралханның кейіпкерлері алдыңнан шығады. Оның ауыл хикаяларына арқау болған жанның бәрі – осы жердің тұрғындары. Алтай, Тарбағатай, Бұқтырма, Күркіреме, ауыл арасын кесіп жатқан шағын өзен-көлдер... бәрі-бәрі қаламгердің шығармаларына өзек болған. Ауыл адамдарының қарапайым болмысы, табиғи қалпы, жайдары мінезі, өмір салты, кескін-келбеті, тіршілігі... Барлығы да кездеседі. Тұп-тура сенің ауылыңның тұрғындары секілді.
Өзі де бұл туралы: «Менің повесть, әңгімелерімнің сюжеттері туған жер, жастық шағымда болған естеліктерге толы. Менің жерлестерім қазақтар – сом мінезді, шыншыл және ашық жүректі адамдар. Олар сиқырлағандай ата-бабасы туған кеңістікте өмір сүреді. Менің туған жерге адал жерлестерім – өр мінезді, еңбекқор, ержүрек және шыншыл адамдар. Әйтеуір, не жазсам да өз заманымды, сол заманда маңдай терін төгіп жүрген қарапайым еңбек адамдарын тілге тиек етуге тырысамын. Ал кейіпкерлерім – ауыл адамдары: қойшылар, жылқышылар, бұғы өсірушілер, диқандар, орманшылар, ересектер мен жастар. Олар бітім-болмысы кіршіксіз, пәк ниетті жандар», – дейді.
Расында да солай: «Тортай мінер аз боз ат», «Апамның астауы», «Көк тайынша», «200 грам энергия», «Тоқадан қалған тұяқ», «Иғаң», «Құмар қол бұлғапты»... Бәрінің де кейіпкерлері – ауылдағы ағайын, жақын-жұрағат, туыс-туған, құрбы-құрдас. Тұп-тура қазақ тірлігінің қайталанбас суреттерін бедерлеп түсіргендей. Әңгімелердің өміршеңдігі де сонда.
Сол Шыңғыстай, сол Қатон бүгінде «қартайып» барады.
Бұл – аудандық Iшкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Олжас Шәріпбековтің ең үлкен уайымы. «Жастарға «ауылда қалыңдар» деп тағы айта алмаймыз. Өздеріңіз білесіздер, біздің жақта қыс ұзақ. Оны Орағаң да өз шығармасына арқау етті. Мұнда газ тарту өте қиын. Ауыл тұрғындары көмір жағады. Ирелеңдеп жатқан тау жолдарымен көмір тасу да оңай емес. Құлап жатқан ағашты да, шіріген талды да рұқсатсыз жаға алмайсың. Өйткені бұл аймақ Қатонқарағай ұлттық паркіне қарайды. Орманның бәрі заңмен қорғалған. Ұзақ қыста үйді жылыту да оңай емес. Сол үшін де жастар қалаға ағылып кетіп жатыр. Елде қалғандардың көпшілігі – егде кісілер. Туған топыраққа ие болып отырған да солар», – дейді.
Бізді орналастырған мектеп-интернатта кімдер оқиды деген сауал туған. Сөйтсек, маңайдағы ауылдардың көбінде мектеп болмаған соң, оқушылар орталыққа қатынайтын көрінеді. Қазір Қатонқарағай ауданында 36 мектеп бар. Оның ішінде 26-сы орта мектеп, 8 мектеп негізгі орта мектеп, екеуі – бастауыш мектеп. Оқушы саны – 3107 ғана. Бізді көлігімен ары-бері тасып жүрген Жасұлан деген жігіт те осы өңірдің тумасы. Дұрысырақ айтқанда, Мұқырда туған. Ал ол: «сол Мұқырда қазір мектеп жоқ», – дейді. Ауыл балалары Қатонға келіп, интернатта оқып жатыр. Мұқыр демекші, осы бір ауыл бізге Әлібек Асқаровтың «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді» атты хикаятынан жақсы таныс. Онда да сол Мұқырдың мұңы айтылатын. «Алдымен жүз үйлі «Төртінші бригада» тарап кетті. Жүз үйден жеті-ақ үй қалды. «Раздельное» дейтін совхоздың орталығы Мұқыр еді. Мұқырға да тықыр таянды...» деп келетін шығарма есіңізде шығар.
Жасұланның да айтып отырғаны – осы Мұқыр. Мектепсіз қалған ауыл. Мектеп болса да, оқитын оқушысы жоқ. Қайран, Мұқыр дейсің сосын. Ауыл тұрмақ, ауданның өзінде оқушы азайып жатқанда, ауылдағы мектепті қалай толтырсын!
Көк тұңғиық көзіңді суырады
Мұнда Қатонқарағай ұлттық паркі бар. Оның құрылғанына 20 жылдай болды. Көлемі 643 гектардан асады. Бұл орманда не жоқ дейсің, жанға қажеттінің бәрі бар. Сан түрлі ағаштар мен өсімдіктерге, жануарлар мен құстар әлеміне бай. Бір ғана өсімдіктердің 40-тан астам түрі «Қызыл кітапқа» енген деседі. Дәрілік шөптер де мол. Қатонқарағайға саяхаттап келгендердің көбі осы шөптен жасалған дәріні алуға құштар. Түрлі жидектер мен саңырауқұлақтар да мол. Қайда аяқ бассаңыз да, алдыңыздан табиғи жидектер молынан кездеседі. Теріп ал да, жей беріңіз. Құлпынай, қарақат, тошала, мойыл, таңқурай, бүлдірген және тағы басқа жидектер тау етегінде толып жатыр. Жергілікті тұрғындардың көбі осыны теріп алып, тосап қайнатады. Айтқандай, Қатонда қарағайдың түр-түрі бар. Балқарағай жаңғағын да осы жақтан көресіз. Оның дәні бөлек енді. Өзге аймақтарда қарағай кездесетін шығар, бірақ жаңғағын шаға алмайсыз. Қарағай шайыры да туристерді жиі қызықтырады. Қатон маралымен де атағы шыққан. Одан бөлек, аю, арқар, қасқыр, түлкі, қоян, тиін және басқа да жануарлар кездеседі.
Бұқтырма, Рахман, Марал, Қаракөл – елдің мақтанышы. Оның ішінде «Рахман қайнары» бұлақтары жиі аталады. Бұл жолы шипажайға баруға жол түскен жоқ. Уақыт тығыз әрі жол ұзақтығы да себеп болды. Оның үстіне, бұған дейін «Рахман қайнары» Балушкиннің игілігінде болған. Кешелі-бері Балушкиннің мүлкі тәркіленетіні туралы ақпарат БАҚ беттерінде тарап жатыр. Ең алдымен, «Рахман қайнары» мемлекет меншігіне қайтарылар болса, елдегі ағайынның да бір уайымы азаяр еді.
Тоғыз жыл бұрын барғанымызда демалыс орындары аз еді. Қазір көптеп салынып жатыр. Ел ішкі туризмге де бет бұра бастады деген сөз. Жергілікті жұрт тау туризмін де дамытуды қолға алған. Жыл сайын Қатонқарағайға келіп, демалушылар саны өсіп келеді. Бұл бір жағынан аймақтың инфоқұрылымының дамуына да септігін тигізбек. Қазақстандықтардан бөлек, алыс-жақын шетелдерден де демалуға келіп жатқандар көп. Қымызын ішіп, таудың саф ауасымен тыныстап, асау Бұқтырманың жағасында демалып, ем алып қайтатындар саны артып келеді.
Осыдан бірнеше жыл бұрын археолог-ғалым, профессор Зейнолла Самашев бастаған топ, қазба жұмыстарын жүргізіп, Берелден «Алтын адамды» тапқан еді. Мұнда әлі де зерттелмеген, қазылмаған құнды жәдігерлер бар. «Патшалар алаңына» айналған қорымда бүгінде ашық аспан астындағы музей ашылған. Ол музейдегі дүниелерді сөзбен айту мүмкін емес, көзбен көру керек...
P.S. «Алтайдың етегінен аспанға қарасаң, көк тұңғиық көзіңді суырады. Алтайдың асуынан етекке қарасаң, боз мұнар көз жамыратады». Бұл – Орағаң, Қалихан аға, Дидаға, Әлібек Асқаров туған Төр Алтай, арысын айтса, Отыкен туралы суреттеме. Отыкенді Қалихан аға «таусылмайтын шексіз байлық, кен байлық» деп береді. «Жер жәннаты – Жетісу» ғана емес, жердің жәннат кіндігі – Қатон секілді. Белгілі ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбай: «Қазақстанда ең бірінші күн осында, яғни шығысқа, дәлірек айтқанда, Қатонқарағайдағы Бүркітті тауына түседі» деген еді. Бүркіттіден басталған күніміз де сөнбесін, байлығымыз да таусылмасын!
Нұр-Сұлтан – Қатонқарағай – Нұр-Сұлтан