Алматыда қаңтар оқиғасынан кейін істі болған 11 полицей тағылған айыппен келіспей, наразылық білдірді, – деп хабарлайды КТК арнасы. Уақытша ұстау изоляторының қызметкерлері «ұсталған адамды азаптап өлтірді» деген күдікке ілінген. Қайғылы оқиға күні кезекшілікте болған күзетшілер қазір арнайы прокурорларға жауап беруде. Алайда кінәсін ешқайсысы мойындап отырған жоқ. Айтуларынша, жаппай тәртіпсіздіктерден кейін абақтыға қамалғандардың көбі ауыр жарақатпен келген. Міндетіміз тек күзет болды деген олар, қамаудағыларды азаптауға қатыспағанын дәлелдегілері келеді. Түрмедегі азаптаудан өлген адамға қатысты тергеуді Медеу аудандық прокуратурасы жүргізіп жатыр. Осы істе қайғылы оқиға күні кезекшілікте болған 11 қызметкер күдікті ретінде танылған. Бірақ тағылған айыппен ешқайсысы келіспейді.
Арнат Мейраділов: «9-ы қабылданған адам, 11-і денсаулығына шағым айтып, кезекші жоғары көтереді. Жедел жәрдем шақырады. Бірақ жедел жәрдем келгенше жүріп кетіп отыр. Сол адамды бізден көріп отыр. Сендер азаптап ұрып өлтірдіңдер деп. Ал біз тергеу әрекетіне қатыспаймыз. Біз тергеуші емеспіз. Жедел уәкіл емеспіз. Біздің міндет адамдарды қабылдау және күзетуге жатады», – дейді.Оған қоса, жаппай тәртіпсіздіктер кезінде қамалғандардың дені ауыр жарақатпен келгенін айтады наразы топ. Ал куәгерлер қинағандардың нақты атын атап, түсін түстей алмауы тіптен көңілдеріне күдік ұялатқан.
Аян Елубеков: «Ұрып-соғып әкелген фотоларды тергеуге көрсетіп келеміз. Айғақтарды көрсетеміз. Бірақ бізді ешкім тыңдап жатқан жоқ. Қаңтар оқиғасында қамалған куәгерлерді танымаймыз, көрмедік деп айтып отыр. Изоляторға ешқандай арыз-шағымы жоқ», – дейді.Таяқ жегендердің қызметкерлерді танымаймыз деуіне негіз де жоқ емес. Өйткені тәртіп сақшыларының бәрі бетпердемен жүрген. Оны тергеу ісімен айналысып жатқан прокурорлар да талай рет айтты. Тек қадағалаушы органның өкілі бұл жолы жауап бергісі келмеді. Жалпы, Бас прокуратураның мәліметінше, қаңтардағы бейберекетсіздіктен кейін уақытша ұстау және тергеу изоляторына қамалған алты адам қинау мен ұрып-соғуға шыдай алмай көз жұмған. Тергеу барысында күдіктілерге күш қолданған құқық қорғау және арнайы органдардың 9 қызметкері қазір қамауда отыр. Осыған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі азаптау фактілері бойынша 170 іс тергеліп жатқанын, оның 23-і прокуратураға жолданғанын айтты.