Тарату орталығы тұрақтылық кепілі ме?

Тарату орталығы тұрақтылық кепілі ме?

Мемлекет осыдан екі жыл бұрын Ұлттық тауар өткізу жүйесі арқылы халықты азық-түлікпен қамтамасыз етудің және бағаны бақылаудың жаңа кезеңіне көшетінін мәлімдеген. Осы жүйе негізінде жер-жерде көтерме-тарату орталықтары желісін салу қолға алынды. Алайда жақында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент оған қатысты жоспарлар мен ресми мәлімдемелердің дені жүзеге аспай, қағаз жүзінде ғана қалғанын сынады. Сондай-ақ Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановқа сөгіс жариялады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, қазір ин­фля­цияның шарықтап кетуі ең күрделі мәселе болып отыр. Баға­ның өсуіне азық-түлік инфляциясы әсер етті. Оның деңгейі 19,2 па­йыз­ға жетті. Жалпы, азық-түлік бірден 80 пайызға қымбаттады. Мемлекеттің бағаны тұрақтан­дыруға бағытталған шаралары тиім­сіз болып шықты. Үкімет ин­фляцияны ескі әдіс-тәсілмен тоқ­татқысы келеді. Оның өзінде бюд­жеттен қосымша қаражат бө­ліп, бағаны жасанды түрде ғана реттеп отыр. Яғни, қымбатшы­лық­тың себебімен емес, салда­ры­мен күрес жүріп жатыр. Шын мә­нінде, керісінше болуы керек. «Мемлекеттік-жекеменшік кә­сіпкерлік схемасы бойынша ірі кәсіпкерлермен бірлесе көтерме-тарату орталықтарын салу жос­па­ры орындалған жоқ. Үкімет оның атқарылуын ұзаққа созып жіберді, енді қазан айында осы бағытта қан­дай жұмыстар істелгені жө­нінде есеп беруді тапсырамын. Бұл іске қызығушылық танытқан ин­весторларды тартыңдар»,–деді Мемлекет басшысы.

Азық-түлік қауіпсіздігі алаңдатады

Азық-түлік қауіпсіздігі мемле­кет аумағында тағам өнімдерінің жеткілікті болуымен емес, ха­лықтың әлеуметтік осал бөлігінің соны сатып алуға жағдайы жетуі­мен өлшенеді. Өйткені қазір әлем­дік нарықтар ашық, Қазақстан БСҰ мен ЕАЭО-қа мүше, кез кел­ген тауарды дүниенің кез келген түкпірінен тасымалдай алады. Сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мемлекеттің ауыл шаруашылығына беретін субсидиясы есебінен импорт ал­мастыруды үсті-үстіне ұлғайта бе­рудің де қажеті шамалы. Пре­мьер-Министр Әлихан Смайылов ол үшін ішкі нарықты отандық тауармен қанықтырудың және отандық өндірушілерге қолайлы жағдай жасаудың маңыздылығы зор екенін айтады. «Ұлттық тауар өткізуші жүйе аясында 24 көтерме-тарату орта­лығы (КТО) желісін құру жоспар­ланған. Оның құрылуы азық-түлік тіз­бе­гінің үзілмеуін, бағаның тұрақ­тылығын, сауда инфрақұ­ры­лымын дамытуды және экспорттық арна­ларды қалыптастыру сияқты ке­шенді мәселелерді шешуге ықпал етеді. Жалпы, 4 кезеңнен тұратын жобаның құны 237,5 млрд теңге»,– деді Үкімет басшысы. Ұлттық тауар өткізуші жүйе (ҰТӨЖ) жеке инвестордың қар­жы­лық бастамасы негізінде мем­лекеттік-жекеменшік әріптестік принципінде құрылады. Жобаға қа­тысушы инвесторлардың қата­рында «Ұлттық сауда-тарату желі­сі» ЖШС, Continental Logistics ЖШС және Continental Logistics Shymkent ЖШС және тағы бас­қа­лары бар. Оның алғашқы кезеңінде 7 нысанды іске қосу қарастырылған: төрт КТО – Павлодар облысының Ақсу және Мичурино қалаларын­да – картоп пен сәбіз, Алматы облысының Қапшағай қаласында және Жамбыл облысының Шу қа­лаларында пияз сақтауға ар­нал­ған. Сондай-ақ үш көтерме тарату орталығы – Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жер­гілікті бөлшек сауда орындарына, интернет дүкендерге және көтерме сатып алушыларға өнім жеткізіп береді. Жеке әріптестер екі көтер­ме-тарату орталығын жетілдіруді және бес көтерме-тарату орталы­ғы­ның жобалық-сметалық құжа­тын әзірлеуді міндетіне алды. Был­тыр Нұр-Сұлтан және Шым­кент қалаларындағы екі көтерме-тарату орталық толықтай жаңғыр­тудан өтіп, сәтті пайдалануға берілді. Өткен жылдың қыркүйек айын­да 17 осындай орталық салы­натын жер учас­келері таңдалып алынды. Екінші кезеңде олардың құрылысы жүргізіліп жатыр. Ол үшін жеке әріптестермен бірге маркетингтік талдау жасалды. Ал барлық көтер­ме-тарату орталық­тарын толық­тай қолданысқа беру 2024 жылға жоспарланған. «Ұлттық тауар өткізуші жүйе кластерлерді, фермерлерді, сатып алушыларды, көлікпен тасымал­дау­шыларды, өнім өткізушілерді және тұтынушыларды біріктіретін тұтқалы инфрақұрылымға айна­луы тиіс. Ал оның инфрақұры­лы­мының 2,1 млн тоннадан астам тауарды қабылдауға, сақтауға және қайта тиеуге қуаты жетеді. Сондай-ақ жаңадан 5 мың адамдық жұмыс орны ашылады»,– дейді Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов.

Көшелі іске де кедергі көп

«Қазақстанның көтерме-тарату орталықтары одағы» заң­ды тұлғалар бірлестігі басқарма төрағасы Ерболат Шарафиев ин­вестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін басымдылық берілетін қызмет түрлері санатына көтерме-тарату орталықтарын да қосу керек деп санайды. «Бұған дейін салынып қойған көтерме-тарату орталығымен жа­салған инвестициялық шарттарды қайта рәсімдеу мүмкіндігін қарас­тыру қажет. Мемлекет осы орта­лықтарда ашылған жұмыс орын­дарының өзінен ғана бюджетке 815 млн теңге табыс таба алады. Бұл Үкі­меттің орта­лықты­ корпо­ра­тивтік табыс салы­ғынан, мүлік­тік және жер салық­тарынан босату арқылы берген 533 млн теңге салық жеңілдіктерін ар­тығымен жауып кетеді»,– дейді ол. Сондай-ақ сарапшы Қытай­мен, Өзбекстанмен және Тәжік­станмен арадағы шекарада «жасыл дәліз» қалыптастыру тұрғындарды сол елдерден келетін арзан көкө­ніспен және жеміс-жидекпен қам­тамасыз етуге жол ашатынын жет­кізді. Ал жүктердің шекарадан же­дел өтуі мен мерзімдік және ма­териалдық шығындарын азайту үшін кедендік бақылау бойынша автоматтандырылған тәуекел про­филін алып тастау керек екенін атап өтті. Бұл қадам әлеуметтік ма­ңызды тауар бағаларының қым­баттамауына да септігін тигізеді. Өйткені тауарды кедендік ре­сімдеу кезінде КТО-да тасымал­данатын тауар түгелдей түсіріліп, жеке-жеке есеп­теп-өлшеуді мін­деттейтін тә­уекелдерді басқару жүйесінің машақатына тап болады. Соның салдарынан қайта түсіріп-тиеу кезінде тауардың бүлінуі, суыққа немесе ыстыққа ұрынуы, тартым­дылық сипатын жоғалтуы, тіпті жарамсыз болып қалуы әбден ықтимал. Мұның бәрі қосымша шы­ғын және ол тасымалдаушының иығына түседі. Ал енді шекарадан өтетін өнімді сырттай сканерлей салатын болса, компания мұндай бейнеттерден, ең бастысы қосым­ша шығындардан құтылып, уа­қыттан ұтар еді. Одан бөлек, көтерме-тарату орталығы құрылысын салу және олардың әрімен қарай сәтті жұмыс істеп кетуін қамтамасыз ету үшін министрліктер мен жергілікті жер­лердегі атқарушы билік оған бөгет болатын әкімшілік кедергілер мен бюрократтық шырғалаңдарды жоюуы тиіс. Сонымен қатар құ­зырлы органдар ауылшаруашылық тауарын өндірушілер мен көтерме-тарату орталығының өзара тиімді байланысу механизмін қалыптас­тыруы қажет. Өйткені мемлекеттік органдардың бұл бағытта өзара әрекеттесуі әлі тиісінше деңгейге жете алмай отыр. «Мәселен, Алматы облысының Панфилов ауданында КТО жеміс-көкөніс таситын компанияларға өз көлік­терімен ҚХР шекарасын кесіп өту­ге және ол жақтан жүк тиелген тіркемені алып келуге тыйым са­лынған. Сол себепті олар көліктері хаттамаға енген уақытша сақтау қоймаларының қызметін пайда­лануға мәжбүр. Ал қоймалар бір тартқыш техника үшін 3 500 доллар сұрайды, бұл сома айналып кел­ген­де өнімнің түпкілікті құны­на әсер етеді»,– деп Ерболат Ша­ра­­фиев қынжылыс білдірді. Сондай-ақ қазір Шекара­ара­лық хабтарды дамытудың бірыңғай стратегиясы негізінде 5 шекара­ара­лық сауда орталықтарын құру немесе жетілдіру қарастырылған. Соның негізінде Өзбекстанмен арадағы шекарада «Орталық Азия» СЭЫХО (сауда-экономикалық ын­тымақтастық жөніндегі халық­аралық орталық) құрылысы жүріп жатыр. Алдағы күндері мұндай орталықтар Ресеймен, Қытаймен, Қырғыз Республикасымен және Иранмен аралықта пайда болады. Кейін бұл хабтар көтерме-тарату орталығымен жалғасып, сыртқы және ішкі нарықтағы сауда ағын­дарының негізгі өзегіне айналуы тиіс. Сондай-ақ Үкімет жоспары бойынша, 2026 жылға дейін стан­дартты емес сауда нысандарының бәрі жөнделіп, тиісінше қалыпқа сай болуы керек. Қазір ел ішіндегі 500-ден астам әмбебап сауда орны­ның 103-і модернизациялауды кү­тіп тұр. 2023 жылдың соңына дейін Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында 37 сауда нысанын жаңғырту жоспарланып отыр. Басқа өңірлердегі қалған 66 нысанды 2025 жылдың соңына дейін жөнделіп-жаңғыртылатын болады. Қорыта айтқанда, Үкіметтің ұлттық тауар өткізу жүйесі аясында көтерме-тарату орталықтары же­лісі арқылы халықты арзан әрі сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етемін деген жоспарының жемісін нақ сол кездері көретін боламыз.