Түркістан облысындағы Шұбар ауылдық округіне қарасты үш ауылдың тұрғындарына арналған медициналық мекемелердің салынып жатқанына 3 жыл болған.
Бүгінде сақалды құрылысқа айналған нысандардың пайдалануға берілуін Сарытоғай, Жусансай және Аққойлы ауылдарының тұрғындары асыға күтіп жүр. Өкінішке қарай, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында құрылысы басталған нысандардың қабырғасы қаланып, төбесі жабылған күйі қалып кеткен. Нысандар пайдалануға берілмей жатып, тозып барады. Тіпті, кейбіреуінің шатыры қатты дауылдан ұшып кеткен.
Шатыры ұшып, қараусыз тұрған Аққойлы ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункті бүгінде жанында салынып жатқан мектептегі құрылысшылардың «жатақханасына» айналыпты. Жұмысшылар осында түнеп, ас-ауқатын ішеді.
Жетпісті алқымдаған ауыл тұрғыны Оңғар Қорғанбаев елді мекенге бір медпункттің керегін айтады.
«Құрылыстың тоқтап қалу себебін білмейміз. Тәп-тәуір салынып жатқан нысан еді. Еңкейген қариядан, еңбектеген балаға дейін ауырса 10-12 шақырым жерге шапқылайды. Мұнда жедел жәрдем шақырсақ, ол келгенше хал үстінде жатқандар бақилық болады», – дейді О.Қорғанбаев.
2019 жылы мұнда халықтың талабы ескеріліп, медпункттің құрылысы басталған екен. Үш ауылдағы медициналық нысанды салуды инвестор өз мойнына алған. Кейін ғимарат бітіп, пайдалануға берілген соң, мемлекеттік бағдарлама аясында оны толығымен мемлекет өз меншігіне алатын болған. Алайда ғимараттар тұрғызылып болған кезде мердігердің ісі сұйылып, соңында тіпті жұмыс мүлдем тоқтапты. Оны қадағалап жатқан пенде жоқ. Одан бері де ауыл әкімі бірнеше мәрте өзгерген. Сонымен, бұл мәселе де бауы табылғанымен байлауы табылмаған күйде тұр.
Ал жиі-жиі денсаулығы сыр беріп, үнемі дәрі-дәрмек қолданып жүретін Сейілкүл Әбіш медициналық мекемеде есепте тұрады екен. Бүгінде кейуананың алған дәрісі таусылған. «Жас ұлғайған соң аурудың түрі көп. Аяқ сырқырап, бел қақсайды. Қан қысымым бар, соңғы жылдары оған қант диабеті қосылды. Әрқайсысына деп 2-3 айда дәрі алып тұрамын. Енді міне, таусылып отыр. Шіліңгір шілдеде сол дәрі үшін орталыққа сабыламыз. Егер ауылда күндізгі стационар болса, басымыз ауырып, балтырымыз сыздағанда орталыққа шабылмай осында-ақ емделер едік. Өзімізден бұрын немерелеріміз сырқаттанып қалғанда не амал жасарымызды білмей қаламыз. Жедел жәрдем бір сағат дегенде келеді», – дейді Сейілкүл Әбіш.
Ауыл тұрғындарының жанайқайына жергілікті билік те, жеке инвестор үн қатпаған. Осылайша, әрқайсысында
500-ден астам тұрғыны бар ауылдағы шағын ғана медициналық пункттің өзі зар болып тұр.
Шұбар ауылы дәрігерлік амбулаториясының бас дәрігері Күләндә Мырзабай осынау медициналық мекемелер ертерек бітсе барлығына да жақсы болатынын айтады. «Аталған нысандарды кәсіпкер өз қаржысына салған. Бір жылда бітіріп береміз деген еді. 2019 жылы басталып, 2020 жылы карантин басталғанда құрылыс тоқтап қалды. Сол күйі қалып кетті. Қазір үш ауылдың медициналық қызметкерлері аядай бөлмеде отыр. Аудандағы денсаулық сақтау ісіне жауаптылардың айтуынша, құрылыс жоспарына түзету енгізіліп жатыр екен. Бұрынғы «Сабина Арыстан» фирмасының орнына қазір «ВИК» компаниясы алыпты. Енді түзету жұмыстары бітсе, құрылыс басталатын шығар деген үміттеміз», – дейді ол.
Облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының бас маманы Қайрат Оралбаев мердігердің құрылысты тоқтатып қойғаны үшін сот алдында жауап бергенін айтады. Енді аталған нысандарды салуды басқа құрылыс компаниясы жүзеге асырмақ. «Мемлекет бір тиын да ақша бермейді. Жекеменшік компания нысанды 100 пайыз аяқтағанда қаржысын құямыз. Енді басқа фирма рұқсат алу жұмыстарын жүргізіп жатыр», – дейді Қайрат Жарқынбекұлы.
Әрқайсысының құрылысы 107-124 млн теңге көлеміндегі қаржыны құрайтын құрылыс жұмыстары әзірге қашан басталып, қашан аяқталатыны белгісіз. Ал әзірге үш ауылдың тұрғындары медициналық көмек алу үшін бірнеше шақырым жерге қатынауын жалғастыра береді.