Қор мен қойманың пайдасы шамалы
Қор мен қойманың пайдасы шамалы
484
оқылды
Солтүстік Қазақстан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын реттеу үшін тұрақтандыру қорын қаржыландыру көлемі 1,7 есеге арттырылды. Сатып алынатын өнім көлемі де 10 мың тоннадан 15 мың тоннаға дейін ұлғайтылды. Дегенмен солтүстік­қазақстан­дықтардың үйдегі көңілін базардағы нарық бұзып отыр. Әрі жеміс-жидек пісіп, тосап қайнатар тұста қанттың қат дүниеге айнал­ғаны халықты қинап тұр. Теріскейде күнде таңертең дүкенге қарай ағылғандардың қарасы қалың. Бәрінің іздегені – қант. Петропавл тұрғыны Айнагүл Мәжитова дәл қазір шекердің жоқтығы қыстың қамын жаз ойлауға кедергі болып отырғанын айтады. «Жеміс-жидек жинап, тосап, шырын қайнатар едік. Шайға да қант салып ішеміз. Оған қоса, қазір немерелер демалысқа келіп жатқандықтан, күнде тәтті-дәмді пісіргім келеді. Бірақ қанттың жоқтығы қинап тұр. Жұрт оны алу үшін таңғы 6-дан кезекке тұрады. Себебі қант тез таусылады. Ерте келмегендер құр қалады», – дейді. Тапшылықтан тарығып отырған көпшіліктің айтары осы. Дүкенге бас сұққан екі адамның бірі құмшекердің жоқтығын сөз етеді. Әкімдікке хабарласып, шағымданғандар да жетерлік. Тауардың бұл түрі дүкенге түссе, оны сол сәтте сатып алуға тырысатындар бар. Кейбір дүкен­дерде қант бағасы 900 теңгеге дейін жетті. Соған қарамастан, жергілікті билік мәселе жоқтығын алға тартып, халықты дүрлікпеуге шақырады. Солтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Данияр Исаевтың айтуынша, тұрақтандыру қорының сауда нүктелерінде қанттың келісі 350 теңгеден сатылып жатыр. Әрі супер­маркеттерге де тұрақтандыру қоры­нан арзан қант жеткізілетін көрінеді. Бірақ оның қай кезде сатылатынын халық білмейді. Болған күннің өзінде бір адамға бір келіден артық берілмейтіні тағы бар. «Осы айда облыстық тұрақтандыру қорын қалыптастырумен айналысатын «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік ком­паниясы Көксудағы қант зауытынан 3 ва­гон, яғни 204 тонна, Тараздағы қант зауытынан 12 вагон 816 тонна қант сатып алу туралы келісімшарт жасасты. Бірақ енді оның әр келісі 450 теңгеден болмақ. Алғашқы легі осы айда жеткізіледі деп күтіп отырмыз. Сондай-ақ «Радуга» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тұрғындарды қамтамасыз ету мақсатында «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ұлттық компаниясы арқылы 136 тонна құмшекер сатып алды. Оның бағасы – 500 теңге. Дегенмен бұл біздің облысқа жет­пейді. Сондықтан біз Беларусьтан қант алмақ­шымыз. Оның бағасы 560 теңгеге шы­ғып отыр. Орташа статистикалық баға­ның өзгеруі коммерциялық бағаның өсуі­мен, кезеңдік сұраныстың артуымен және өндіруші зауыттың сатып алу бағасының қымбаттатуымен байланысты. Мәселен, Көксу зауыты бағаны 430 теңгеден 450 теңгеге дейін көтерді», – дейді Данияр Исаев.

Бағаны өсіргендер жазаланады

Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, бұдан былай бағаны тым аспандатып жіберген алыпсатарларға қатысты әкімшілік жаза қолданылмақ. Жуырда екі тексерістің нәтижесінде екі көтерме компания рұқсат етілген сауда үстемесін асырып жібергені анықталған. Алда болатын тексерістер қазір прокуратура органдарында тіркеуден өтіп жатыр. Тұрғындар тарапынан шағым көбейген­діктен, осындай шараларды қолға алуға мәжбүр болған жергілікті билік мони­торингтік топтар сауда сөрелерін күн сайын тексеретінін алға тартады. Айта кету керек, былтыр солтүстік­қазақстандықтар 1 жылда 12 вагон қант тұтынған еді. Биыл сұраныс көп. Сон­дықтан құмшекердің шекті бағасы бел­гіленбеді. «Қанттың шекті бағасы жоқ. Себебі шекті баға өткен жылдың статистикалық бағасынан қалыптасады. Бірақ биыл сатып алу бағасы әлдеқайда жоғары болған­дықтан, оны орнату орынсыз саналады. Мәселен, қазірдің өзінде қанттың сатып алу бағасы белгіленген шекті бағадан жоғары», – деді Данияр Исаев. Естеріңізге сала кетейік, қант тапшы­лығы мәселесі ел Президентінің де назары­нан тыс қалмаған болатын. Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген оты­рысын­да бұл нарық 90 пайызға импортқа тәуелді екенін сынға алып, мәселені шешу жолдарын қарастыруды тапсырған болатын. Тамыз айының соңында Ресей қант экспортына салынған тыйымды алып тастамақ. Сондықтан қыркүйек айында елімізде Ресей құмшекері де жеткізілуі мүмкін. Әзірге солтүстікқазақстандық шен­ді халықты бекерге әуре-сарсаңға түспеуге шақырады.

Қымбатшылық бойынша – үшінші орында

Тағы бір мәселе – тұрақтандыру қорында ерте пісетін көкөністерді сақтау қиын. Сақтау шарттары мен қоймадағы ауа температурасы оны көптеп сатып алуға мүмкіндік бермейді. Қазірдің өзінде Жамбыл облысынан 66 тонна ерте пісетін пияз сатылып алыныпты. Оны оңтүстік өңірлерден тағы сатып алу үшін келіссөз жүргізіліп жатқан көрінеді. Кезеңдік сұраныс пен көкөніс бағасының қымбат­тауына байланысты Ақмола облысынан картопты тікелей жеткізу ұйымдас­тырылған. Тұрақтандыру қорының сауда нүктелерінде картоптың әр келісінің бағасы 120 теңгеден сатылады Бірақ жергілікті билік азық-түлік бағасының аспандап кеткенін жоққа шығармайды. «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы өңірлік даму жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысында осы мәселе қаралды. Кеңесте аталған басқарма басшысының орын­басары Данияр Исаев жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы­ның индексі 115,6 пайызды құрағанын айтты. Республика бойынша бұл көрсеткіш – 117,6 пайыз. Яғни, баға өсімі жағынан Солтүстік Қазақстан облысы – үшінші орында. Ал еңбекақы көлемі бойынша – соңғы орындардың бірінде. Басқарма басшысының орынбасары келтірген деректер бойынша жыл басынан бері пияз 190,4 пайызға, қант 160,5 пайызға, картоп 149 пайызға қымбаттаған. Осыған орай, тұрақтандыру қорына азық-түлік сатып алу көлемі 10 мың тоннадан 15 мың тоннаға дейін ұлғайтылыпты. Жауапты сала өкілі: «Бүгінгі күні тұрақтандыру қорында 1-сұрыпты 1377 тонна ұн, 106,5 тонна макарон өнімдері, 183 мың литр күнбағыс майы, 216 тонна күріш, 115 тонна қарақұмық жармасы, 306 тонна қант, 75 тонна тұз, 56 тонна тауық еті, 2,5 тонна картоп, 7 тонна қырыққабат – барлығы 2 444 тонна өнім бар», – деп сендірді. Сондай-ақ халықты арзандатылған нанмен қамтамасыз ету мақсатында жергілікті ұн тарту кәсіпорындары «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ұлттық компаниясының желісі бойынша тоннасына 90 мың теңгеден 8,4 мың тонна бидай сатып алыпты. Өңірлік даму мәселелері жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары Жеңіс Асанов баға өздігінен өспейтініне тоқталды. «Бүгінде барлық әлеуметтік маңызы бар тауарлар бойынша бағаның қымбат­тағанын көріп отырмыз. Өткен жылы және жыл басынан бері жұмыртқа, сүт, өсімдік майы, жарма, ет, ұн, көкөністер мен жемістердің бағасы шарықтап кеткенін байқадық. Оның себептері бар. Баға көбінесе бәсекелестіктің, шикізаттың, өткізу нарығының болмауына байланысты өседі. Бірақ халыққа мұны жай түсіндіріп қана отыруға болмайды. Менің ойымша, бұл тұрғыда ақпараттық жұмыс жеткіліксіз. Бұл аз дәрежеде шикізаттың жетіспеу­шілігімен және ауыл шаруашылығы тауарларын өңдеудің ойдағыдай дамы­мауымен байланысты», – деді Жеңіс Мұхтарұлы. Кеңес мүшелері облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына азық-түлік бағасына мониторинг жүргізген кезде тауар құнын шарықтатып жіберген және ымыраласқан саудагерлерге бірден шара қолдануды ұсынды. Сондай-ақ сауда нүктелерінің қайсысына қай уақытта қант жеткізілетіні туралы халықты хабардар етуге кеңес берді.