Ескерткіш орнату мәселесіне келгенде дау-дамайдың алаңына айналатын Жамбыл жақтан тағы да жік шықты. Бұл жолы билік пен бұқараның пікірі биыл 90 жылдығы тойланатын Шерхан Мұртазаның ескерткішін қояр орынға байланысты қақ жарылған. Рас, облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің бастамасымен құрылған арнайы комиссия мүшелерінің дені Халық жазушысының тас мүсінін Халықаралық Тараз инновациялық институтының студенттер үйі алдына орнату туралы шешім шығарып қойды. Алайда бұл шешім талас-тартыстың соңғы нүктесін қоюдың орнына отқа май құя түскендей. Жамбылдықтардың Шерхан Мұртазаның ескерткішін жатақхананың ауласына қоюға қарсы болуы бекер емес. Тараз қаласының орталық даңғылдарының бірінде орналасқан бұл жатақхана ғимараты кезінде танымал «Тараз» қонақүйіне тиесілі болған. Кеңес заманындағы қатардағы қонақүйге танымал деп мағына үстеуіміздің тағы бір себебі бұл орынның тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы тарихымен байланысты. Балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен заманда «Тараз» қонақүйі нағыз жын-ойнақтың ордасына айналып шыға келді. Соңғы жылдарға дейін желік қуған желөкпелерге «құшағын» ашқан бұл ғимараттың «тылсым» тарихынан жергілікті тұрғындар хабардар. Сондықтан олар иесі ауысып, кешегі қонақүйден бүгінгі студенттік жатақханаға айналған орынға жылы шырай таныта қоймайды. Осыдан барып бұл маңға халқын қадірлеген, халқы қадірлеген Шерхан Мұртазадай жерлесінің ескерткішін қоюға үзілді-кесілді қарсы болатындарды түсінуге болады. Әлқисса, Халық жазушысына ескерткіш қою мәселесі сөз бола бастағаннан облыстың жаңа әкімі Нұржан Нұржігітов оны орнататын орынды анықтауда жұртшылықтың пікіріне құлақ түреміз деп қуантқан. Бұл жаңалық құлағына жеткендердің көбі «Шерхан Мұртазаның ескерткіші қаланың ең көрікті жерінде қасқайып тұруы керек» деп түрлі нұсқаны ұсынды. Олардың жалпы саны 14-ке бір-ақ жетіпті. Кейіннен арнайы комиссияның қарауына осындағы 4 орын ұсынылды. Зиялы қауым өкілдерінен құралған комиссияның 20 мүшесінің 15-і ескерткішті жоғарыда аталған студенттер үйінің алдында орнатуды дұрыс деп тапқан. Қалған үшеуі Халық жазушысының тас мүсінін «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешеніндегі Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының алдына қоюды құптапты. Алайда комиссия төрағасы, «Көне Тараз» қоғамдық қорының президенті Мұратбек Азимов дауыс беруден қалыс қалған. Комиссия төрағасы алғашында Шерхан Мұртазаның ескерткішін Тараз қаласындағы 12-шағынауданның маңына орнатылғанын қалаған екен. Алайда дәл осы жобамен айналыса бастағаннан ол ойынан айнығандай. – Шыны керек, мен әу баста Шерағаның ескерткіші оның өзі 12-шағынаудан маңындағы «Сарайшық» саябағына қойылғанын қалағам. Сөйтсем, ол орынның ауқымы еңселі ескерткіш орнатуға тым тар болып шықты. Былайша айтқанда Шерхан Мұртазадай азаматтың ерен тұлғасын, болмыс-бітімін айшықтайтын ескерткіш қоюға лайықты емес. Ескерткіш орнатылар орынның аумағы маңызды. Ал Жамбыл даңғылындағы студенттер үйі бұл тұрғыдан барлық талапқа сай келеді. Институт ректоры дәл осы жерде болашақта студенттік қалашық бой көтеретінін айтты. Ескерткішті орнату жобасымен айналыса жүріп комиссия шешімі ең ұтымды шешім болғанына көзім жетті, – дейді Мұратбек Қоқанұлы. Шерхан Мұртазаның ескерткішін орнататын орынды, сәулеттік эскизді анықтау бойынша құрылған комиссия төрағасының айтары осы. Десе де, бұл жергілікті тұрғындарды былай қойғанда комиссияның өзге мүшелері де осы пікірмен келіседі дегенді білдірмейді. Мәселен, комиссия мүшесі, журналист Көсемәлі Сәттібайұлы қай тұрғыдан алып қарағанда да Халық жазушысының ескерткішін студенттік жатақхананың алдына қою дұрыс еместігін айтады. – Қалай десек те Шерағаңдай дара тұлғаның, халық перзентінің ескерткішін жекеменшік оқу орнының жатақханасының алдына орнату ешқандайда да қисынға келмейді. Ал бұл оқу орнындағы маман даярлау, білім беру сапасы – өз алдына бөлек әңгіме. Оның үстіне, институт былтырдан бері атауындағы «гуманитарлық» деген анықтауышын алып тастап, негізінен ауыл шаруашылығы саласының мамандарын даярлауға бет бұрды. Мәселен, осы ескерткіш Алматыдағы аграрлық университеттің алдына қойылса көзге қораш көрінер еді. Қолына қалам ұстаған азаматтар «журналистика мен әдебиетті қатар алып жүрген қара нарымыздың ескерткішін қайда қойған, құдай-ау», – деп налиды ғой. Оған қоса, бұл маңда оқу орнының тағы бір корпусының құрылысы жүріп жатыр. Қарсы алдындағы Жамбыл даңғылымен ерсілі-қарсылы ағылған көлік үнінен құлақ тұнады. Ал жатақхананың артқы жағында қонақүй мен наркологиялық аурухана тұр, – дейді Көсемәлі Сәттібайұлы. Негізінен, Шерхан Мұртазаның ескерткішін Халықаралық Тараз инновациялық институтының жатақханасының алдына орнатуды қолдайтындардың көбі өз пікірлерін осы оқу орнында Шерхантану орталығының болуымен байланыстырады. Солай дегенмен бұл ескерткіштің неге сол орталық орналасқан оқу корпусына немесе бас ғимараттың алдына қойылмағаны түсініксіз. Журналистика ардагері Елен Әлімжан да Шерхан Мұртазаның ескерткішін студентттік жатақхана алдына орнату үшін оқу орнына Халық жазушысының аты берілуі керек деген пікірде. – Мәселен, Тараздағы Мұхамед Хайдар Дулатидің ескерткіші бабамыздың атын иеленген Тараз өңірлік университетінің бас ғимараты алдында тұр. Мұнда қисын бар. Сондықтан ескерткішті студенттік жатақхананың алдында орнатудан бұрын оқу орнына Шерхан Мұртазаның атын беру мәселесіне назар аудару керек деп ойлаймын. Тым құрыса әлгі студенттер үйін Шерхан Мұртаза атындағы Жастар орталығы деп атайық. Сонда ғана ескерткішті сол маңға орнату қазіргідей талас тудырмас еді, – дейді ол. Жамбылдық зиялылардың енді бір шоғыры Шерхан Мұртазаның тас мүсінін «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешеніне қойылғанын құп көреді. Жамбыл облысының 80 жылдығы қарсаңында пайдалануға берілген бұл кешен Тараз қаласының көрікті орындарының біріне айналды деуге негіз бар. Орналасуы, сәулеттік келбеті, арғы-бергі тарихы да жекеменшік институттың студенттер үйі ауласына қарағанда әлдеқайда тартымдылау. Бұл орайда кезінде Шерхан Мұртазаның тәлім-тәрбиесін көрген журналист Көсемәлі Сәттібайұлының пікірімен келісуге болатындай. Ол да Халық жазушысының ескерткіші «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде менмұндалап тұрғанын құп көреді. – Меніңше, Шерағаның ескерткішінің орны – Шерхантану орталығындағы әп-әдемі тыныш сквер-аллея-көше. Бұл маңнан кісі қарасы үзілмейді. Қала тұрғыны да, қонағың да, турисің де таңғы, кешкі мезгілдерде осы кешенді аралап жүреді. Соңғы жылдары Тараз қаласындағы барлық мәдени, рухани іс-шараларды, концерттерді осы маңда ұйымдастыру дәстүрі қалыптасты. Әрі кешенде Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы орналасқан. Келіп танысқысы, білгісі келетіндер үшін Халық жазушының қатысты құнды деректер сол орталықта қаттаулы тұр. Ең бастысы, дәл қазір Тараздың биігі де, төрі де, көне Тараз бен ескі Әулиетата қаласының бұрынғы орны да – осы маң, – дейді Көсемәлі Сәттібайұлы. Дегенмен, өкініштісі, Шерхан Мұртазаның ескерткішін Тараздың ең көрікті жерінен көргісі келетіндер мен оны студенттік жатақхана ауласына орнатуды қалайтындардың арасындағы таластың «жеңімпазы» белгілі. Сонда да болса әлі де ә дегеннен «Шерхан Мұртазаның ескерткіші халық қалаған орынға орнатылады» деген облыс әкімінің оң шешім шығарарына сенгіміз келеді. Шынында, бұл облыстағы ескерткіш орнату, орнын ауыстыру төңірегінде жиі дау-дамай туындайды. Әріге бармай-ақ Жамбыл Жабаевтың бұрынғы орталық базардың іргесіндегі ескерткішін облыстық әкімдіктің ауласына көшірудің өзінде болған «жыр» жұрт жадында. Талас-тартыстың өзегі болған Тараздағы сондай ескерткіштің бірін қазақ журналистикасы мен әдебиетінің қара нары «Бір кем дүниесінде» түйреп өткен екен. Әңгіме бір кездері Жамбыл облыстық драма театрының маңына орнатылып, кейін «Ерлік» мемориалды кешеніне көшірілген Бауыржан Момышұлының ескерткіші хақында. Сәулетшілердің батырдың қылышын оң қол жағына тағып, оны солақай етіп көрсеткендері Шерхан Мұртазаның шамына тисе керек, «Әттең бір кем дүние» деп басын шайқапты, жарықтық. Сөйткен Шерхан Мұртаза өз ескерткішінің студенттік жатақхана ауласына орнатыларын білмей кетті. Әйтпесе, осы істің басы-қасында жүргендердің әрекетіне қарап тағы да бір мәрте «Бір кем дүние» деп басын шайқар ма еді, кім білсін?