Осыдан бір ай бұрын, 24 маусымда Томирис Байсафаның өліміне кінәлі деп танылған Мұртазәлі Меджидовқа қатысты сот шешімі шықты, ол 13 жылға бас бостандығынан айырылды. Айта кетейік, 2018 жылы 13 сәуірде Томирис Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты ғимаратының 4-қабатынан құлап кетеді, үш апта жансақтау бөлімінде жатып, ақыры жан тәсілім етті. Бұл іс басында «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу», кейін «Өлтіру» бабымен қаралды. Араға екі жыл салып, 2020 жылы 28 шілдеде Дағыстанның экс-премьерінің ұлы Мұртазәлі Меджидов ұсталды. Тергеп-тексеру ісінің нәтижесінде ол қызды ұрып-соғып, кейін терезеден итеріп жібергені анықталды. Былтыр алқабилер Меджидовты кінәсіз деп таныған болатын, Мәскеу қалалық соты бұл істі қайта қарау туралы шешті. Биыл 2 қаңтарда Мәскеудің Никулин соты Томирис Байсафаның өліміне қатысты істі қайта қарайтыны белгілі болған еді, алайда Измайлов сотының алқабилері бірауыздан Меджидовты кінәлі деп таныды. Хош. Төрт жылдан астам уақыт өтті, 16 том іс қаралды, қанша өтініш-арыз, аппеляциялық шағым жазылды, түбі әділдік орнады – кінәлі адам жазасын алды. Еліміздегі БАҚ бұл жаңалықты жарыса жазды, төрт жыл бойы табандылық танытқан Томиристің анасының ерлігін айтып, соттағы жеңісімен құттықтап та жатты. Алайда бұл жеңіс пе? Томиристің анасы Жанна Ахметова жергілікті онлайн-басылымдардың біріне берген сұхбатында: «Бұл мен үшін ешқандай жеңіс емес. Қызымды бұл өмірге қайтара алмайтыным хақ. Бірақ кінәлі адам жазасын алуы тиіс еді. Мен кешірейін, кешірмейін, жеке тұлғаға қатысты қылмыс жасалды, ол жазасыз қалмауы керек. Біз, әрбір ата-ана балаларды қызғыштай қорғап қана қоймай, оларға қорғануды, қауіпті жерден қашуды, өз қауіпсіздігін қамтамасыз етуді үйретуіміз керек» деді. Расында, елімізде қаншама қыздың жас өмірі қорғануды білмегенінен қыршынынан қиылуда. Көзі ашық, көкірегі ояу қыздарымыз өз-өзін қорғауда неге қауқарсыз? Мәселені сараптап көрейік.
Ата-анасын аяған қыз
Менің есімім – Аяулым, 23 жастамын. Нұр-Сұлтанда оқып, білім алдым, қазір осында бір мекемеде есепші болып қызмет істеймін. Бір ай бұрын әлеуметтік желілердің бірінде өзім қатарлы жігітпен таныстым. Бастапқыда желі арқылы хат алмасып жүрдік, танысып-білістік. Араға екі-үш апта уақыт салып, алғашқы кездесуге барып та үлгердім, жақсы жігіт көрінді. Екінші кездесуге досымен келді, кеш батып бара жатқан уақыт еді, екеуі көлікке еркімнен тыс салып, алып қашты. Ақмола облысындағы бір ауылға апарып, сондағы әпкесінің үйіне түсірді. Табалдырықты аттаған бойда өмірім көз алдымнан өтті. Жол бойы сыртқа қашуға қанша ұмтылғаныммен, ер адамға күшім жетпеді. Биік дарбазамен қоршалған жер үй екен, ол жерден қашып шығатын мүмкіндік болмады. Сол үйде екі-үш сағаттай әлгі жігіттің ата-анасын күттік. Жол бойы жылап келгенім бар, қарсыласқаным бар, әбден шаршадым. Абырой болғанда, ата-анасы келіп, еркімнен тыс келгенімді көрген соң, үйіме қайтарды. Арыз жазбауымды өтінді. Анасы баласының бұған дейін де бір қызды еркінен тыс алып қашқанын, оны күштеп қалдырғанын, соңында баласы бір ай тұрып ажырасып кеткенін айтып, жылап та қалды. Мені күштеп қалдырғысы келмей тұрғанының себебі де сол екен. Еріксіз келген келінмен бақыты баянды болмайтынына өткен жолы көзі жеткен. Сөйтіп, таңның атқанын күтіп, такси шақыртып, мені үйіме салып жіберді. Жол бойы жылап келдім, үйіме жеткен соң сырқаттанып та қалдым. Қазір психологқа барып жүрмін. Ата-анам Қостанайда тұратындықтан, оларға бұл оқиға туралы тіс жармадым. Үйде бірге тұратын әпкем арыз жазуға үгіттеген еді, қанша жерден оқталсам да, батпадым. Ата-анасының көз жасын көрдім, қарт кісілерге берген уәдемді бұза алмадым.«Арыз жазуға қорқамын»
Менің есімім – Мәдина, 26 жастамын. Қазіргі Түркістан облысы Ордабасы ауданының тумасын. 2014 жылы Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетіне оқуға түстім. Бір топта 24 студент оқыдық, оның үшеуі – қыз, қалғаны түгел ұл болды. Өзім еркекшоралау болдым да, көбіне ер балалармен жақсы тіл табысатынмын. 2-курстан бастап қаланың тұрмыс-тіршілігіне, университеттің жүйесіне бой үйренді, топтағы студенттермен жақын таныстық, содан қыдырыс басталды. Шәкіртақы түскен бойда клубқа барамыз, ақшамыз таусыла бастағанда пәтер жалдаймыз, әйтеуір амалын тауып думандатып жүрдік. 3-курс аяқталуға жақындағанда сондай отырыстардың бірін қаланың сыртындағы коттедж үйде ұйымдастырдық. Көктем мезгілі болатын. Келесі күні ауылға жол жүруім керек еді, пойызға билет алып қойғанымды айтып, отырыстан ерте қайтуға қамдандым. Қалаға жүретін екі курстасым мені ала кететін болды. Біреуі қызып алған. Жол бойы маған «неге жігітің жоқ?», «жігітпен құшақтасып көрдің бе?» дегендей сұрақтар қойып, әзілдеп келе жатқандай болды. Мен де аса мән бермедім. Дала тас қараңғы, қай тұста келе жатқанымыз да беймәлім, әйтеуір үлкен жолдың бойы. Бір уақытта көліктің бір жері бұзылды деп тоқтап, екеуі тысқа шықты. Көліктің алдында ұзақ күбірлесіп тұрды. Содан қайтадан көлікке мініп, жолдан бір дос баланың үйіне барып, көліктің свечасын ауыстыру керегін айтты. Жолдан түсіп қалып, әрі қарай қарай такси ұстап кетпек болған едім, «ұрлап кетсе қайтесің?» деп, өздерімен алып кетті. Сөйтіп, бір жұпыны времянка сияқты жер үйге келіп тоқтадық. Екеуінің сұры өзгере бастады, жаңағы қызып алған танысым тіпті құтырған. «Көлік жөнделгенше, үйде отыра тұрайық» дегеніне көнбеген едім, көліктен күштеп шығара бастады. Сол сәтте бойымды қорқыныш басып, бір жамандық боларын сездім. Ауланы басыма көтеріп, айқайлай бастағаным сол еді, үйдің ішінен қолына пышақ ұстаған еңгезердей бір ер адам шықты. Біткен жерім осы шығар деп ойладым. Әрі қарай не болғанын бүге-шүгесіне дейін айта алмаймын. Бірақ, сол түні таңға дейін көрмегенді көрдім. Өздері де ішті, маған да ішкізді. Ішімдікке дәрі қосып жатқандарын да көрдім. Арасында есімнен танып, ұйықтап тұрған кезім де болды. Оянсам, таң атқан екен. Бойымды жинай алатын емеспін, өне-бойым сыздап, қалшылдап барамын. Менімен көлікте келген курстасымның бірі ояу екен. Менің тұрып жатқанымды көріп, қасындағы екеуін оятты. Өзара күбірлесіп болған соң, мені жатақханаға жеткізіп салатындарын айтты. Әлгі үйде болған еркек пышағын көкірегіме тіреп, егер арыз жазатын болсам, мені және жалғыз шешем мен 11-сыныпта оқитын інімді өлтіріп барып, түрмеге отыратынын ескертті. Бұған дейін бір қыздың ағасын өлтіріп, жеті жыл сотталып шыққанын, түрмеге отырудан қорықпайтынын да қаперіме ілді. Содан көлікке отырып, жатақханаға жеттік. Әлгі екеуі жол бойы егер әлдекімге тіс жарсам, менің ішкіш, бұзылған қыз екенімді бүкіл университетке жаятынын айтып, қайта-қайта қорқытумен болды. Телефоныма інім мен анамның байланыс нөмірлерін жіберіп, қалт кетсем, оларға қауіп төндіретіндерін айтып жүрді. Сол күні анама хабарласып, университетте тәжірибе жұмысына байланысты мәселе туындап қалғанын, ауылға кейінірек қайтатынымды айттым. Екі аптадай ес жиып, сосын ауылға қайттым. Үш-төрт күннен кейін әлгі екеуі артымнан іздеп, ауылға келіпті. Ол жерде де қорқытып жүрді. «Анаң мен ініңді көрдік, оларға өлім тілемесең, тыныш жүр» деген мазмұндағы хаттар алып жүрдім. Төртінші курсқа келгенімде де артымнан қалмады. Күні-түні түрлі хаттар жазып, қысым көрсетіп жүрді. Ол уақытта 21 жаста болдым. Арыз жазбақ түгілі, жан баласына айтуға қорықтым әрі ұялдым. Ел-жұрт не дейді? Бір адамға айтсам, бұл әңгіме жайылып кетпей ме? Университет бітірген соң да әлгі екеуі қыр соңымнан қалмай, арагідік үйімнің алдынан ұстап алып, арыз жазатын болсаң, сазайыңды береміз деп жүрді. Арада бес жыл өтті. Шынымды айтсам, әлі де арыз жазуға қорқамын. Бұл оқиға туралы кейінірек бір құрбыма айттым. Ол да бұл жағдайды ұмытуға кеңес берді. Сонымен бәрі құпия күйінде қалды.«Қыздарымның әкесін түрмеге қимадым»
Менің есімім – Райгүл, 27 жастамын. Жолдасыммен бір отау астында 9 жыл өмір сүрдік. Бастапқы жылдары тату-тәтті едік. Екінші қызым дүниеге келген соң, үйге ішіп келетінді шығарды. Одан кейін ара-тұра қол көтеру басталды. Нақты себебін айтпайтын, әр нәрсені сылтауратып, ұрыс шығарады, үйдегі мүлікті сындырады. Бір-екі рет төркініме кетіп те қалдым, кешірім сұрап, қайта әкетіп жүрді. Содан соң үшінші балама жүкті болдым. Күйеуім ерекше қуанды, ішуін доғарып, асты-үстіме түсті. Кезекті медициналық тексерістен құрсағымдағы сәбидің қыз екенін білдік. Сол күні күйеуім жұмыстан тағы ішіп келді, сылтау таппай, сүлгінің дымқыл екеніне тиісіп, жанжал шығарды. Көгала етіп мені, екі қызымды ұрды. Шырқыраған екі қызымның дауысын көршім естіген екен, көмекке келіп, араша түсті. Сол күні қыздарымның киім-кешегін жинап, төркініме кетіп қалдым. Маған қол көтергені былай тұрсын, еліктей екі қызғалдағыма қол көтергеніне ызам келді. Әкем-шешемнің ауылына жете бергенде ішім тырысып, есімнен танып қалыппын. Такси жүргізушісі жақын маңдағы ауруханаға жеткізген. Құрсақтағы сәбиім шетінеп кетті. Содан ем-дом қабылдап, ауруханадан шықтым. Күйеуіммен ажырасуға шешім қабылдап, арыз жаздым. Бірақ, құқыққорғау органдарына арыз жаза алмадым. Қыздарымның әкесін түрмеге тоғытып жіберсем, ертең олардың бетіне қалай қараймын? Әкем де қаматпа деді. Қазір қыздарымды алып, аудан орталығына көшіп кеттім. Күйеуім кешірім сұрады, ара-тұра хабарласып тұрады.Құқыққорғау органдарына сенім жоқ
Сарапшылар қыздардың мұншалықты қорғансыз, өзін-өзі қорғауға қауқарсыз болуының себебін әртүрлі түсіндіреді. Заңгер Айман Омарова бұл жағдайды бірінші кезекте қыздардың құқықтық тұрғыда сауатты болмауымен байланыстырады. «Оның үстіне, жалған арыз үшін қылмыстық жауапкершілік бар. Мәселен, жәбірленуші қыз арыз жазды делік, құқыққорғау органдары сапасыз тергеу жасайды, дәлел айғақтарды уақытылы жинамайды және тағы басқа да себептермен істі жігіттің пайдасына шешуі мүмкін. Виктимизация (қылмыскердің жәбірленушіге айналып кетуі) – кейінгі кездері белең алған үрдіс. Ал қылмыс дәлелденбесе, қыздың өзі «Жала жабу» бабымен жауапқа тартылуы ықтимал. Мұндай жағдайлар көп кездеседі. БҰҰ зорлау, қорлау фактісі туралы арыз жазған әйелдерді ешқандай жауапқа тартудың қажеті жоқтығын айтып келеді. Алайда, мұнымен келіспейтін еліміздегі құқыққорғау органдары егер жалған арыз үшін қылмыстық жауапкершілік болмаса, әйелдер бұл «жеңілдікті» асыра пайдаланып, екі ердің бірін түрмеге тоғыта беретінін алға тартады. Ал біздің қыздар қылмыс дәленбей қала ма деп қорқады. Тергеп-тексеру ісінің таза, әділ һәм адал өтетініне сенбейді. Әрине, кейбір мінезді қыздарымыз табандылық танытып, өзін, құқығын қорғау жолында соңына дейін күресіп жатады. Бірақ басым бөлігі үнсіз қалады. Өйткені бұл қылмысты дәлелдеу, өзін-өзі қорғау жолы қиын», – дейді заңгер. Психолог мамандар жәбірленуші қыздар көбіне қылмысты жасыруға өздері «мүдделі» болатынын айтады. Мұның себебі – қоғамда «өзің кінәлісің» деген түсініксіз таптаурын бар. Қыздың қысқа көйлек кигені, достарының ортасында ішімдік ішкені, темекі шеккені, сабақты нашар оқығаны, тіпті, ұл тумағаны және тағысын тағылары оның жәбірленуші болуына жеткілікті себеп сияқты. Біздің қоғам қыздың өзін кінәлауға бейім тұрады. Сондықтан қыздар қандай да бір қылмыстың құрбаны болса да, оны жария қылуға қымсынады. Өйткені өзі ұятқа қалуы мүмкін, болашағына таңба болуы ықтимал және т.б. Осы орайда, жақында Шымкентте бір бойжеткенге пышақ ала жүгірген жігіттің әрекеті бейнебақылауға түсіп қалған еді. Қалалық полиция департаменті арыз жазған қыздың өзін қысқа шорты кигені үшін кінәлағаны еріксіз еске оралады. Мұндай мысалдар көп. Түйін. Томирис Байсафаның оқиғасынан екі нәрсе түйдік: бірі – сауатты болмасаң, соңына дейін күреспесең, сот шешімі қылмыскердің пайдасына шешілуі мүмкін, ал күресу – біздің құқыққорғау жағдайында нағыз ерлік. Екіншісі – адамгершілік, иман, кешірім былай тұрсын, жеке тұлғаға қатысты жасалған қылмыс жазасыз қалмауы керек