Бүгінде әлем бойынша жастар арасында ең кең таралған жыныстық жолмен берілетін ауру – адам папилломавирусы (HPV). Оның емі жоқ. Бұл вирусты жұқтыратындардың 75 пайызы – 15 пен 25 жас аралығындағы қыз-жігіттер. Ол әсіресе әйелдер үшін көбірек қорқынышты. Өйткені иммунитет әлсіз болып, инфекция ағзада бірнеше жыл бойы тұрақтап қалған жағдайда ол жатыр мойны ісігіне әкеп соқтырады. Папилломавирус жайында толығырақ біз Darmed гинекология орталығының дәрігері Қалампыр Телтаевадан сұрап-білдік. – Адам папилломавирусы (HPV) – қандай ауру? Ол көбіне қалай жұғады және оған кімдер жиі шалдығады? – Адам папилломавирусы – бүкіл әлемде кең таралған вирустар тобының жалпы атауы. Қазіргі таңда HPV-нің 190-нан астам түрі белгілі, олардың кем дегенде 14-і (олар: 16, 18, 31, 33, 35, 39, 45, 51, 52, 56, 58, 59, 66, 68) онкогендік болып саналады, яғни әйелдерде қатерлі ісік тудыруы мүмкін. Біз қазір осы вирус түрлері жайында айтпақпыз. Ал 16, 18, 31, 33, 56, 66 немесе 70-штамдарын жұқтырған ер адамдарда жыныс мүшелерінің қатерлі ісігіне шалдығу қаупі жоғары. HPV негізінен жыныстық жолмен беріледі. Әдетте адамдар жыныстық өмірі басталғаннан кейін көп ұзамай осы вирусты жұқтырады. Сондықтан оған жастар бейім келеді. Бұл вирустың тез таралатын себебі – мүшеқап одан 100 пайыз қорғай алмайды. Жер бетіндегі адамдардың шамамен 90 пайызы ерте ме, кеш пе, өмірінің бір кезеңінде бұл вирусты жұқтырады, бірақ қуанышқа орай, көбіне екі жылдың ішінде ағза бұл вирустан құтылады. HPV-тің емі жоқ, бірақ егер иммунитетіңіз мықты болса, вируспен өзі-ақ күреседі. – Ал күресе алмаса ше? – Вирустың біз бағана жоғарыда айтқан штамдары әйелдің ағзасында көбірек бөгеліп қалса, жатыр мойны ісігін туғызуы мүмкін. HPV мен жатыр мойны ісігі арасында байланыс бары ғылымда әбден дәлелденген: жатыр мойны ісігіне шалдыққан әйелдердің 99,7 пайызынан HPV табылады. Ал оның ішіндегі 70 пайызын вирустың 16 және 18-типтері туғызады. Қатерлі ісікке дейін бірнеше кезең болуы тиіс, олар емдеуге келеді. CIN 1, 2, 3 деп кодталған мұндай кезеңдер дисплазия деп аталады. Оны әдетте цитологиялық тест кезінде анықтайды. Мұндай жағдайда әйелге кольпоскопия, биопсия және динамикалық бақылау тағайындалады. – Қазақстанда жатыр мойны ісігі қаншалықты кең таралған? – Елімізде 15 жыл ішінде жатыр мойны обырымен сырқаттану 22 пайызға өсті. Жыл сайын орташа есеппен 1700 әйелге осы диагноз қойылады, ал 600-дей әйел қайтыс болады. Негізі, жатыр мойны ісігі – вакцина арқылы сақтануға болатын жалғыз онкологиялық ауру. – Қазақстанда HPV-ге қарсы вакцина бар ма? – Өкінішке қарай, біздің елдің кейбір өңірлерінде HPV-ге қарсы вакциналау 2013 жылы басталғанымен, антиваксерлік қозғалыстың себебінен толығымен тоқтап қалды. Бәлкім болашақта бұл екпе ұлттық вакцинация күнтізбесіне енгізілетін болар. Мәселе Денсаулық сақтау министрлігінде талқыланып жатыр. Әзірге бұл вакцинаны шетелде жеке сатып алуға болады. Он жылдан астам уақыттан бері дүниежүзінің дамыған елдерінде (тіпті көршілес Рсеей мен Өзбекстанда да) қыздарға HPV-ге қарсы вакцина егілуде. Нәтижесі тамаша: қазір Аустралияда жатыр мойны ісігі жоқ. – Вакцинация келгенше, бұл аурудан қалай сақтануға болады? – Қазақстанда жатыр мойны обырынан болатын өлім-жітімді азайту мақсатында 2008 жылдан бастап цитологиялық скрининг – жатыр мойны жағындысын жасушалық деңгейде зерттеу жүргізіледі. Сондықтан жыныстық өмірі басталған қыздар жыл сайын гинекологқа көрініп, HPV-ге анализ бен онкоцитологияға жағынды тапсырып тұруы керек. Бұл скрининг тегін.
Дайындаған Б.МАРАТҚЫЗЫ