Қарағанды облысына соңғы 15 жылда жаумаған қар жауды. Қар тазалау жұмыстарына аймақ бюджетінен 8 млрд 300 млн теңге бөлінгеніне қарамастан кеншілер шаһары қар құрсауында қалды. Облыста ауа райының қолайсыздығына байланысты 13 елдімекен электр энергиясынсыз қалып, барлық бағыттар бойынша қозғалыс жабылды.
Осы мәселелер облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның кезекті отырысында талқыланды. ТЖД ақпараты бойынша, 17-29 қаңтар аралығында облыс бойынша жауын-шашын нормадан екі есе артық жауған.
– Ауа райының нашарлауы Балқаш, Приозерск қалалары мен Шет, Ақтоғай және Жаңаарқа аудандарының оңтүстік шекараларынан басқа облыстың барлық аумағында байқалды. 105 құтқару операциясы жүргізілді. 954 адам құтқарылды, 229 бірлік техника жұмылдырылды. Адамдар жылыту бекеттеріне орналастырылып, тамақпен қамтамасыз етілді. Қар басқан елдімекендерден емдеу мекемелеріне 21 адам жеткізілді, оның ішінде 6-ы жүкті әйел, – деп хабарлады облыстық ТЖД бастығы Ибрагим Күлшімбаев.
Республикалық жолдарда 820 машина, оның ішінде 188 жеңіл, 601 жүк көлігі және 31 автобус қар астында қалды. Теміржол вокзалы мен әуежай штаттық режимде жұмыс істеді. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек республикалық жолдардағы жағдайға байланысты «Қазақавтожол» мекемесінің басшылығына сын айтты.
– Мердігердің жұмысы әлсіз болды. Қысқы уақытта жолдарды қадағалауға дайындық деңгейі төмен болды. Қалалар мен аудандарда жақын күндері барлық қоғамдық орындарда, мектептер, ауруханалар, балабақшалар маңайынан қар тазалап, тасып шығарыңыздар. Жинау үшін қауіпсіз орындарды анықтау керек. Әкімдер, қар тазалау жағдайы бойынша әр елді мекенде жеке жауап беретін болады, – деді аймақ басшысы.
Шенеуніктердің есебі бойынша, қолайсыз ауа райы жылумен қамтамасыз ету жүйесіне әсер етпеген. Облыста барлық 8 станса штаттық режимде жұмыс істеді. Облыстың 13 елді мекені жарықсыз қалды. Олардың кейбірінде электр қуаты қалпына келтірілді.
Қарағанды – «Сарыарқа» әуежайы автожолында ТЖД қызметкерлері 72 адамды құтқарды. Жолдың тазартылған учаскесіне 23 жеңіл және 2 жүк көлігі шығарылды.
Сонымен қатар жедел ауруханаға жатқызуды қажет ететін адамдарды медициналық мекемелерге тасымалдау бойынша жұмыстар жүргізілді. Ақтоғай ауданында Нарманбет ауылынан Балқаш қалалық ауруханасына жолда жедел жәрдем көлігінде босанған әйел жеткізілді. Түнде тағы бір жаңа туған сәбиді құтқарушылар Ақтау кентінен Теміртау ауруханасына алып келді. Нұра ауданында Көбетей ауылынан да орталық аудандық ауруханаға жүкті әйел жеткізілді. Ал Бұқар жырау ауданының Самарқанд ауылында толғағы жеткен әйел үшін құтқарушылар 29 қаңтар күні 04.20-да Теміртаудан жедел жәрдем бригадасын жеткізді. Қарағандыда Көгілдір тоғандар шағынауданында шақырту алған жедел медициналық жәрдем көлігі сүйретіліп шығарылды.
Жолдарды жабу бекеттерінде жүрген жүргізушілер мен жолаушылар үшін жылыту бекеттерінде тамақтандыру ұйымдастырылды, жанармай құюға көмек көрсетілді.
Қарағанды облысында жауған қалың қар көктемде су тасқыны қаупін ұлғайтуда. Су тасқынынан алдын ала сақтану үшін дайындықты қазір бастау туралы шешім қабылданды. Аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек әкімдерге және барлық жауапты органдарға тапсырма берді. Қарағанды облысында су тасқынының белсенді кезеңі наурыздың бірінші онкүндігінде басталады.
– Су тасқынының өтуі көбінесе ауа райы жағдайына ғана емес, су объектілерінің дайындық дәрежесіне, мемлекеттік басқару органдарының үйлесімді жұмысына, азаматтық қорғау жүйесінің күштері мен құралдарының және материалдық құралдар резервтерінің болуына, сондай-ақ халықтың дайындығына байланысты болады. Тасқынның белсенді кезеңі басталғанға дейін барлығын тағы бір мәрте пысықтау үшін кеңейтілген құрамда комиссияның тағы бір отырысын өткіземіз, – деп қорытындылады Жеңіс Қасымбек.
«Қалың жауған қардың соңы су тасқынына ұласпауы ерекше бақылауда болсын» деп тапсырма берді аймақ басшысы.
Ләззат ҚОЖАХМЕТҚарағанды облысы